Ақ өлең дегеніміз не? Әдебиетшілер ақ өлең не верлибр деп белгілі бір өлшеммен жазылса да, ұйқасы болмайтын өлеңді айтады. Жалпы ақындар арасында ақ өлеңді қоданатындар сирек. Бұл ақ өлеңнің бәсі төмен дегенді білдірмесе керек. Себебі, ұлттық фольклорда ақ өлең кеңінен қолданылған. Қазақ әдебиетінде ақ өлеңді сонау Орхон-Енисей жазуларынан таратамыз. Мәселен, ежелгі грек поэзиясының бәрінде дерлік ұйқас болмаған екен. Бұл бәлкім, сөйлеу мәнері жетілген сайын ұйқаспен өлең шығаруда сәнге айналғанның белгісі шығар. Әзірге ақ өлең тек сәтсіз аударманың кесірінен солай аталып кеткен делінеді. Бірақ ол фольклорда бар болса, поэзияның тұрақты түрі болғаны. Мәселен, В.Тредиаковский өз заманында «қара өлеңді баланың шатпағы, сөздің мәйегі ақ өлеңде» деп есептеген екен. Ол орыс әдебиетінде ұйқассыз өлең жазған алғашқы ақындардың бірі болды. Әлем әдебиетінде ақ өлеңді драматургия саласынан көп байқауға болады. Шекспирдің, Пушкиннің, Толстойдың шығармаларында ақ өлең баршылық. Пушкиннен кейін орыс әдебиетінде ақ өлең таңсық дүние болып саналмайтын болды. Қазақ драматургиясында ақ өлеңді М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев дамытқан.
Жалпы лирикада да ақ өлең қолданылады. Ақ өлеңде ұйқас мүлде жоқ емес, бірақ ол жаттанды тармақ, шумақтарға бөліне бермейді, өзіне сай еркіндігі бар. Қазақ поэзиясы ақ өлеңнен гөрі қара өлеңге бейім келетіні рас. Бірақ ақ өлең жазатын ақындар бар. Ақ өлеңнің мысалдарын Ырысбек Дәбей, Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңдерінен байқауға болады. Ақ өлеңмен жазылған шығармалар да өзіндік әуезін сақтай отырып, өзіне тән ырғаққа сүйенеді. Сондықтан алғаш оқыған оқырманына ерекше әсер етуі әбден мүмкін. Көбіне ақ өлеңмен жазу қалыпты ережеден бас тартудың белгісі сияқты. Ақындар ұйқас өлеңнен саналы түрде тартынады. Өйткені, ақ өлең жалпы алғанда пәлсапалық ойды қаузайтынымен ерекше. Кейде ақын ақ өлеңмен жан дүниесіндегі аласапыран күйді беруге тырысады. Ақ өлеңді жиі қолданатын ақынның бірі Файзулла Төлтай.
«Біз кеше
қырық кездей созылып жауға шапқан кезімізде
басқан жерін ошақтай ойған
жылқы мінезді халық болатынбыз;
күнбатыста көз іліп,
күншығыста оянған жылқы мінезді халық;
құйрығын шорт түйіп ап,
тұяғы тиген көк тасты саз балшық секілді илеген жылқылар –
көптен бері шойдырма дертіне ұшырағанымен
басқа жерді жерсінбей көкірегімізде әлі күнге дейін үйездеп жүр;
қызығы, біз қазір сол жылқылардың ажалына біткне қара шыбындармыз.
Иә!
Көкірегінде қазанаттар кісінеген қара шыбындар...» -
деген өлеңі туралы өзбек ақыны Мұхаммад Солиқ өз пікірін білдірген екен. «Бұл Файзулла Төлтайдың «Абсурдстан» деген өлеңі. Өлеңнің алғашқы жолынан бастап-ақ түркі халықтарының батырлық дастандарына сілтеме жасайды. Тіпті «Батыста көз іліп, Шығыста оянған жылқы мінезді халық едік» деп, кешегі алып түркі жұртының мықтылығын көрсетуге талпынады. Ал бүгінге келгенде: «Көкірегінде қазанаттар кісінеген қара шыбындар...» - деп түйеді. Яғни, бүгінгі өз тарихымызға лайық емес екенімізді, «жылқы мінезді» бабаларымыздың «ажалына біткен қара шыбындарына» айналғанымызды баса айтады. Мұнымен қоса, Файзулланың өлеңдерінде ерекше назар аударатын тағы бір дүние бар. Ол – адам рухының қатпар-қатпар тереңіне бойлауға тырысуы. Бұл үшін ол белгілі бір стереотиптерге қалыптасқан символдардың құрылымын өз қалауынша еркін құбылтады».
Расында «Қос есікті түстер» атты жыр жинағын оқып отырсаңыз, ақынның адам санасы жете бермейтін қитұрқы тақырыптарды өлеңмен саралайтынын байқайсыз. Ол ешкім жазбаған, ешкім жазбайтын адам болмысындағы төңкерісті еркін сипаттайды. Бір қарағанға сорақы көрінсе, екінші жағынан адам болмысының бес күн жалғандағы қысқа ғұмырда мың құбылатынын еске түсіреді. Ауыр тақырыптағы өлеңдері бастапқыда миға салмақ салса, ақырында шындықпен бетпе бет қалдырады.
«Қолыңдағы бір уыс көз жасыңды қай қасіретіңнің түбіне шашып жібереріңді білмей,
өзің еккен ағаштың діңінен табытыңды ойып отырған уақыт,
көздеріңнің алдына әлдебір түннің қараңғыдан қорқып жылағаны келеді.
Бейне бір қала маңындағы өзеннің жағасында өскен ағаштың көлеңкесі сынды
денеңді қоршаған тамырларға ұқсас қараңғыға қамалып түн жылап тұрады үнсіз.
Сол сәтте кіл жаратылысты құрсауына алған мына бір уақыттың өзі де қап-қара қанатты табыт екенін сезесің,
алтын суымен жазылған кітаптың алғашқы парағы секілді табыт» -
деген өлеңіндегі ойдың түбіне түсу жаттанды ережемен ғана шектелген стереотипі миға өте қиын тиетіні рас. Ойда еркіндік болмаса, бүкіл ғұмыр мәні жоқ, мағынасы жоқ сызылған шеңбер аясында өтетінін айтады. Ғалам ұсынатын кереметтің бәрін тек өзіңе көр қазуға жұмсайтыныңды сездіретіндей. Өлең өте күрделі. Бірақ бұл өлеңнен естіліктің сарыны еседі.
Жуырда Алматыда «Tauel[di]siz» деген шығармашылық бірлестіктің «Hïkaya» атты поэтикалық қойылымына куә болған едік. Сол кеште Файзулла Төлтайдың «Көкпеңбек қабырғалар» өлеңі оқылып, соған сай перформанс көрсетілді. Өлең Қаңтар оқиғасына арнап жазылған.
«Көкпеңбек қабырғалар – көк туды есімізге салады;
Ақорда төрінде ілініп тұрғанын емес, алаңда желбірегенін
есімізге салады көкпеңбек қабырғалар.
Біз бейне сол туды жамылып
Алаңда көз жұмған адамның мәйіті басында
айналып жүрген әруақтар секілдіміз –
Дәлізден «Тоқ…», «Тоқ…» етіп,
Аяқкиім даусы жақындап келеді» -
дейді. Өлеңді оқыған актер көрерменін жылатты. Жақсы орындау болды. Жалпы өлеңнің мәні зор. Қаңтарда қырылған қыршындар рухына бағышталған. Жастардың көк ту үшін алаңға барып, абақтыдан бір-ақ шыққаны аянышты суреттелген. Алаңда ажал құшқандарды жоқтаған өлең. Ой салатын, ойландыратын өлең. Ақынның азаматтық позициясын айқын көрсететін салмақты дүние.
«Екі жүзде – бір ғұмыр...
Бізді қайда жетелеп апарады бұл дүбір?!
Білмейді олар!
Білмейді –
бейуақытта құлазып,
қай құдайға құл болып жүргендігін мына жұрт.
Мен жеңілдім
Адастым.
Бөзге оранып,
Жыр өлді...
кеткім келіп артыңнан аңқам кеуіп жүр енді.
Өмір ғой, - деп арқамнан қағатұғын көп пе айлаң?!
Бәрібір де біздікі – жеңімпазы жоқ майдан!
Тәңірім-ау,
Тәңірім...» -
деген өлең жолдары рухани құлазудан туса керек. Бір жағынан жалқы адамның ішкі жанталасын көрсетсе, екінші жағынан құлдырап бара жатқан ұлттық құндылықты жоқтап жатқандай. Файзулла Төлтайдың бұл өлеңінен де пәлсапалық астар көруге болады. Бүгінгі әдетке айналып бара жатқан дарақылық, айлакерлік, жағымпаздықтан шаршаған жанның күйзелісі. Немесе өз тамырынан үзіліп, ділінен айырылған, дәстүрінен жаңылған, еліктеуіш ұлттың езгідегі күйреуік рухы. Өлеңнен үміті өшкен жанкешті бейбақтың ақырғы сөзін естігендей боласыз. Аянышты. Бірақ замана көші тоқтаусыз. Ол артқа қарамайды. Тек алға жүреді. Біз болашаққа не апара жатырмыз?
«Ар» деген өлеңінде суицидтік мотив сезіледі, ал «Өмірлік синестезияда» түсінбейтін, әлде түсінсең де қабылдай алмайтын, бүлініп кеткен әлемнің бүлдіргісін сөз ететіндей. «Ескі бір сурет» деген өлеңінде әкеге деген сағыныш бар. Бәлкім, ешқашан көрмеген әкеге деген көкіректе үздіксіз сайрап тұратын мәңгі ескірмейтін сағыныш?! «Олеандр гүлін» оқығанда, неге екенін «Парацельстің раушангүлі» еске түсе берді. «Көрсетсең сенем, - дейтін пендеге, - сенсең көресің» дейтін ғаламның жауабындай. Материалды әлемдегі иллюзияның каузалды әлемге жетелейтінін айшықтағандай. «Sovegna vos» деген өлеңі қол жетпеген махаббатын жоқтау, әр күнәнің өз жазасы барын ескертіп тұрғандай.
Файзулланың махаббат лирикасы да ерекше. Ол жүрегін мекен еткен махаббатын алыстан сағынады. Арада шекара бар. Бәлкім, бұл ойдағы шектеу ғана. Сүйіктісіне арнап, «Көкқұшағы», «Saudade», «Жол қарау» деген сағынышқа толы ғашықтық хаттарын жазған.
«Saudade» өлеңіндегі:
«Кім ойлаған,
өткеніміз асығып
болашағымыз кешігіп қалған осы бір күзде
сағынамын деп сені...» -
деген шумағы қандай көркем. Ешкімде болмаған, қайталанбас сағыныш сазы. Сезімді ұқсас десек те, әр жүректің өз сағынышы болуы ғажап емес пе?
«Жол қарау» деген өлеңінде жан күйзелтетін сағынышы және бар.
«Жалын күн тараған жылқыдай
жағалау тастарын тұяғымен езген толқындарға құштар
біз жақтың қытық қысқан күлегеш келіншектеріндей өзен мен көлі;
оларға бұғазда бас қосқан ғашықтар жайлы айтыңдаршы, құстар,
махаббатымыз жайлы шырқаңдаршы, теңіздің желі:
мен болсам ол жанның жолын қос құрлық құшағында жүрейін тосып;
сағынышымның көзінде қан ойнап тұрғанын естісе егер,
әр басқан ізімізді күнә деп санайтын әлемнен қашып
армандарымыздың соңынан мені іздеп келер.
Бірақ ол келем дегенше күллі әлем өзгеріп кетер» -
дейді ақынның сағынышы. Құдды өмірі сүю мен сағынудан ғана тұратын дәруіштей. Бұл сағыныштың да астары тереңде, бәлкім, оқырман оған бойламайтын да шығар. Оқырман бойлағанша, ақын жүрегі есейіп кетер, сағынышы да тарамдалып, тереңдеп кетер. Ақ өлеңмен де әдемі сезімнің қаймағын бұзбай сипаттауға болады екен. Ең маңыздысы да сол емес пе?!
Файзулла Төлтай шығармашылығындағы оқырман ретінде өзіме қатты әсер еткен өлеңі «Ессіздік». Шын сүю мен шын күю бар. Алғашқы махаббаттың ең әсерлі сәттері мен қайғысы қат-қабат сипатталады.
«Сен кеткелі:
жұлдыз – өлең;
түн – өлең.
іңір – өлең.
шарасыздан өтуде күнім әрең.
Бәлкім, бізді:
– Қосылса, бақытты боп
кетеді, - деп қорқады бүкіл әлем.
Иманымдай сенуші ем, жүрегіммен
жыр егілген,
жаныммен,
жігеріммен,
...біз ақымақ екенбіз –
адалдықты,
ізгілікті іздеген, мына өмірден.
Жоқ!
Бар амалы.
Бәріне келістім мен:
бұлдыр дүние біз үшін теріс мүлдем.
Қаһарына ұшырап Хақ Тәңірдің,
кетейікші қуылып жер үстінен.
Мүмкін, сонда жанымды өбесің кеп
Қалуымыз шарт емес ел есінде
...Сен қасымда қала гөр,
қалсаң егер,
маған тозақ-
жұмақ қой, сенесің бе?
Ғашықтардай алғашқы,
дүрмекті біз, игере алмай қойдық қой.
Құрметті қыз –
...тек екеуміз мәңгі бір болу үшін,
қандай күнә жасауға міндеттіміз?!» -
саф сезімнің ақыры. Мәңгі жырлауға лайық махаббат қой. Осы бір өлеңмен-ақ мыңдаған оқырман жүрегін мекендеген ақын бақытты шығар?!... Файзулла Төлтай аз жазғанмен, саз жазады. Пәлсапасы да, махаббаты да парасатты. Дүние жаралғалы бергі ақиқатты тануда әр өлеңімен өз жолын салып келеді. Ешкімге елітпеген, ешкімге ұқсамайтын ақ өлеңнің даңғыл жолын жаңғыртып жатыр. Шығармашылығы үдей түсуде. Өмірдің «тар жол, тайғақ кешуінде» адамдар арасында жиі кездесетін жармақ болмыстың ішкі күйі мен сыртқы бетпердесін шешуді қалыпты санаған ақынның ақ өлеңдерінен өзіне тән шындық пен ізденісті танисыз. Көп құбылатын, бірақ еш ескірмейтін шындықтың жолын көресіз. Ақынның ақ өлеңдерінің біріне қуансаңыз, біріне уанасыз, бірінен теріс айналасыз. Бұл да қалыпты жайт болса керек. Шындыққа тура қарау кімге оңай болсын?
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.