non mortem, somni fratrem
кейде,
Қабылдың қолымдағы мөрі,
тілімдегі жыланның уы -
адастырады ақиқатқа қарай
апарады да құлыптайды санамды сауалдарға,
сауалдарға қамайды алаулаған,
өрттей құсып тамағымнан,
Қабылдың мөрі Қорқыттың көрінен де жақын жүріп,
тұрады күліп,
тұрады күл ғып жүйені,
үй, мектеп,
ғылыммен келген күйені,
маңдайымдағы, ерінімдегі
Яһуда келіп сүйеді,
отыз жасымды санап берсем де алдында,
сатып ала алмаған бақыттың,
суретте қалды сүйегі.
Азаннан бұрын ырғағын сезсем дабылдың,
Қорқыттың көрінен жақын,
Өзіңе өзіңнен жақын,
оң жақта -
жүрегі соғар Қабылдың
жүрегі соғар Қабылдың…
***
Үш жүз жыл бұрын маған алғаш ғашық болған жігіт,
Бүгін аялдамада алқызыл гүлдерімен жүр күтіп,
Сиқырланған көздері,
Танымайды ол мені…
Жүз жыл бұрын жасырынып жүргенмен,
Ұстап берген жыр мені,
Қарғалардың қарқылымен суарған,
Көк аспан мен алтын сары гүлдердің,
Арасында жасырынып жүргенмін…
Үш жүз жыл бұрын,
әлде бес жүз,
алты жүз,
Жылан кейпі дуалаған пері қыз,
Ортамыздан айырылмай келеді:
Оның тәтті өлеңі,
Ал менікі у еді…
Енді міне аялдама аясында Мәжнүндер,
Таппай келеді Ләйлісін.
жасырынбақ ойынына қанбаған,
Жүз жыл сүрген қайғысын –
Бұл маңда махаббаттан басқа түгел, бәрі бар,
Махаббаттан өзгесі де жоқ бірақ,
Суретшінің қаламында жолы тар,
Тапқандаймын топырақ:
Қарғалардың қарқылымен суарған,
Көк аспан мен алтын сары гүлдердің,
Арасында жасырынып жүргенмін,
Сен көрмейсің, ақымақ…
***
Айта алмай,
Қайта алмай үйге көп жүрдім,
Түні бойы қысқан жөтел де –
Қарғысындай сол күннің…
Аяқтан өткен суықты сезбегенмен,
Қабағыңнан тосылдым...
Ескерткіштер қатар-қатар қарайды:
«Қыс түскенде қара басқа не қайғы?!»
Қаладағы қар қызының әні де –
Қанаты жоқ құс әнінен аумайды.
Күз бен қыстың ерегіскен ортасы –
Бұл көшелер – адасқандар картасы.
Айта алмаған сезімдерден қайта алмай,
Ертегінің ғайып болды жалғасы;
Қарашықта бақыт құсын көргенде –
Қарашаның қарқылдайды қарғасы…
Офелияның өлімі
Жарқыл-жарқыл сұйық алтын өзенге,
Сұлу келді гүлмен шашы өрілген.
Күннен көркем, айдан аппақ көргенге
Ақ көйлектен ақ маржандар төгілген.
Сия сауыт, қылқалам мен ноталар,
Әлі мың жыл сені іздеп келеді,
Мәңгі өмір арман еткен адамдар,
Мәңгі өлім – махаббаттың мекені.
Жағасында үміт оты жерленген,
Ағысында ақ өлеңнің барасың.
Кісендеулі сағынышың тербелген,
Өзен – сенің көз жасың…
Раушан гүлге орап көңіл-жараны,
Жерге симай, суға сені көмген бе?
Сүймегендер өмір сүріп барады,
Өлім сұлу сүйгенге…
***
Жылан-түн оралып мойынға,
Білемін, тұншықтың, Ақеркем,
Бізді кеп құлатар ой мұңға,
Сеземін, шаршадың, Ақеркем…
Күн шықса, шапаққа ілінген,
Көзіміз көрмейді көктемді,
Көп сөзден көңілі кірленген
Жауынмен жуасың өкпеңді…
Бәрі де түзелер таңертең,
Көз жасын әлдилеп жұбаттық,
Сен сенген болашақ, Ақеркем,
Секундпен өлшенген сынақ-ты…
Он екі сағатта он екі ай өтті,
Ақшамда жазылған ақ өлең
Ғұмырға айналған сияқты,
Ол да бір жұбаныш, Ақеркем…
Қарашы, мамырлап таң атты,
Аз қалды,
шыдашы,
Ақеркем…
***
айнаның алдында бүлдіршін,
күн шықса күлімдеп,
кеш батса жылайды -
мөлдіреп аққан көз жасы,
тамшылап кеудеме құлайды.
айнаның ішінде кішкене,
кекілді қара көз арайлы,
жұмысқа кетерде есіктен,
соңымнан ұзақ қарайды…
қараңғы бөлмеге қайтқанша,
шыныдай суық қалада,
көзімді мұзға айналған,
жібітіп тағы жылайды.
жүзіне жүзім түскенше,
төгілген шашын тарайды,
аңызға асық көңілі,
бүгінде жасып қарайды.
өзіңді жұбатқым келеді,
өзімді жеңіп қайтадан,
үмітсіз қараған гүл өңі,
көңілсіз күндерден байқалған…
бесікте тербеген жыр оны,
құшағы қырауға айналған,
тұрлаусыз қала тұрғыны -
таппаған бағытын картадан,
жұтылып кетер ме бір күні
көрмесе оны айнадан?!
көрмесем сені айнадан…
***
Do-minus
Алғашқы үн.
күн мен түн тұтылған уақыт арасы.
Жер картасына сызылған –
Адамзаттың жарасы,
Re-rum
– Хауаның нәзік үнімен,
Үзіліп тыныштық ауасы…
Mi-raculum
Өлімнен басталды,
Барлық өмірдің жалғасы.
Fa-milias рlanetarium
Айналады содан басымда,
Аспиринмен тұншықтырылған,
Біздің заманымызға дейінгі
диуаналардың санасы.
Sol-is!
Жалғыз күн біледі,
Тік қарағанды көр ететін күн,
Түк көрмейтін, тік көрмейтін,
Эдиптің екі жарасы
Екі йығында ақынның
La-ctea via түннен білген панасын,
Сегізінші нотамен жалғайды ол
Si-derae – өзіңмен Оның арасын…
Асан Ақерке (Ақжауын) – жас ақын, әдебиеттанушы. 2013 жылы «Ақзер», 2022 жылы «Айша бибі» атты жыр жинақтары мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген. Өлеңдері, аудармалары, әдеби-танымдық мақалалары республикалық, халықаралық баспаларда жарияланып келеді. 2024 жылы «Ұлы дала» әдеби байқауында «Әдеби сын» аталымының жеңімпазы атанды. Қазігі таңда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасының аға оқытушы қызметін атқарады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.