Белгілі қаламгер, терең ғалым, сегіз қырлы, бір сырлы Ақселеу Сейдімбекпен сырттай сұхбаттасудың сәті түсті. Әдеби сұхбат жазушының «Ойтолғақ» күнделіктер кітабында жазылған әр жылдағы субъективті пікірінен алынды.
Әдебиетке қатысты көзқарас ешқашан ескірмейтінін ескерсек, сұхбаттың бұл формасы да бізге артық етпейді деп ойлаймын...
– Соңғы кездері әдебиетте үнсіздік орнады деп жиі айтып жүрміз. Әдебиеттің проблемасын айтуға, жазуға құлықсызбыз. Қала берді әдебиетті сүйсініп, тұшынып оқуға да белсенділігіміз төмендеп кеткен сияқты. Сондай бір кері әсерін беретін көңіл-күйде жүріп, Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлуы» мен Лев Толстойдың «Әзәзілін» қайталап оқығанда, көркем шығармаға деген құлшыныс, сергек көзқарас өзге қырынан пайда болды. Мүлгіп бара жатқан адамды қамшымен осып өтетіндей құдыреті бар классикалық шығармалардың ескірмей, жыл өткен сайын жаңара түсетіні сол екен ғой? Оның үстіне, Л.Толстойдың кейіпкерлері бүгінгі заманмен тікелей байланысты. Уақытты кері айналдыру һәм уысында ұстап тұру шын суреткердің қолынан келетіндей көрінеді?
Осы бір әдетке еріксіз таңғаламын. Көркем дүние жазарда Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін бір оқып шығу әдетіме айналған. Онсыз қолым жүрмей, ойым тұсалып, кібіртіктей беремін.
М. Әуезовтің осы әңгімесін оқып отырғанда менің құлағыма кейіпкерлерінің дауысы естілгендей болады.
Автордың өзі ойламаған идеялардың, ойлардың, тұжырымдардың шығармасында көрініс табатын кездері болады. Мұның мысалы әлем әдебиетінде көптеп кездеседі. Бір ғана мысалды көлденең тартып көруге болады. Мәселен, Лев Толстой. Ол өзінің бүкіл бітім-болмысы, саналы әрекеті бойынша «орыс революциясының айнасы» болмаса керек еді. Алайда Толстой орыс революциясының болмай қоймайтынын көркемдік жолмен көрсетіп берді ғой.
Бұл сияқты құбылыстың себебі хас өнердің табиғатымен, сол хас өнерді дүниеге әкелген тұлғаның суреткерлік құдіретімен тамырлас. Өнер – өмірдегі ең мәнді, типті құбылыстардың көркемдік жолмен игерілуі. Олай болса, нағыз суреткер өзі бейнелеп отырған адамның, ортаның, қоғамның, дәуірдің шынайы болмысын шығармасына арқау етеді. Нағыз суреткердің суреткерлік құдіреті уақыт шындығынан ешқашан ауытқымайды. Толстой да солай, ол өзінің толстойлық идеясын мың жерден ту еткенімен, оның реалистік тегеуріні орыс өмірінің, өзі өмір сүрген кезеңнің тамыршысы болды.
Адамзат тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да соққан Л.Н.Толстой «жамандықпен жағаласпау керек» деген тоқтамға келді. Оның ойынша, адамзат атаулының келешегі адамға лайық бітімде болу үшін «Құдай» қажет. Адам баласының тойымсыз ындынына тосқауыл болатын бір ғана құдірет бар. Ол – өресі, ақылы жетпес Құдайдың құдіретін мойындауы. Яғни, адамның пенделік әлсіздігін Толстой ұсынған «Құдай» ғана шектей алады. Және де Толстойдың «Құдайы» кез келген прогреспен оп-оңай мәмілеге келіп, тіл табысып кетеді.
Болмайды екен, кодекстегі моральды жатқа білетін баукеспелерден қоғам ешқашан да арылмақ емес.
– Қоғамның ащы шындығын айтып, кез келген ортамен мәмілеге келу үшін сөз бостандығы, оның ішінде ой азаттығы керек қой. Жұрттың бәрі «айтарын абайламай айтып кеткен» Абай емес, Махамбет емес...
Адам баласын пікір білдіру азаттығынан айыру арқылы да мәңгүрт етуге болады. Алдын ала кесіп-пішілген үлгі бойынша ойлау, белгілі бір шекараға дейін ғана ой айтуға ерікті болу — адамның адамдық қасиетін білдірер еркінің шектелуі деген сөз. Адамзат өз ой-қиялының құдіреті арқылы қазіргідей күйге жетті. Өзге тіршілік иелерінің ішінде адамның ғана ой-еркінің азаттығы жақсылыққа жеткізеді. Сөз азаттығы, ой азаттығы шектелген қоғамның адамдары қысқа тіршілікте адамға лайықты ғұмыр кешудің орнына, адамның рөлін ойнап жүрген тобырға айналады. Олардың өмір сүру тәсілі аутотренинг ұстанымына (принципіне) ұқсас: «көзіңді жұмып, бар ынтаңмен маған жақсы, маған жайлы деп қайталасаң, рахат күйге бөленесің» дегендей...
– Әдеби ортада ондай мысалдар көп болған ғой. Әдебиетті табыс көзі үшін жеке мүддеге құл еткен қаламгерлерге кешіріммен қарауға бола ма? Адамзат тарихында небір талантты жазушылар сондай сәтсіз қадамға барған екен...
Голландияның XVII ғасырда өмір сүрген философы Бенедикт Спинозаға Франция королі: «Бір еңбегіңді маған арнасаң, қарымтасына өмірлік пенсия тағайындаймын», - деп сөз салса керек. Сонда Спиноза: «Мен өз шығармаларымды тек қана шындыққа арнаймын», - деп жауап беріпті. Сөйте тұра, күнкөріс үшін өзінің шыны қырнайтын жұмысын қажеттілік деп санаған. Ал шындыққа бағыштаған уақытын ұйықтап, демалатын кездері мен үй-ішінің жұмысынан жырымдап пайдаланады екен.
Погодин, Каплер, Фадеев, т.б. жазушылар өздерінің негізгі шығармаларын тапсырмамен, заказбен жазыпты... Ой, бейбақтар-ай...
– Дегенмен қаламгерлердің айбарынан, сөздің киесі мен жүйесінен сескенген яки тылсым күшті сезінген билеушілер мен билік те аз болған жоқ қой...
Н.М. Карамзин өмір сүрген заманда өлең шығарушылардан гөрі орта дәулетті ақсүйекті әлдеқайда мәртебелі санаған. Тіптен Пушкин өмір сүрген кездің өзінде ақсүйек-аристократтар әдебиетшіге менменси қараған.
Ал Бұқар, Сүйінбай сияқты далалық ақындары Абылай, Тезек сияқты өз заманының хан-төрелері аттан қолтықтап түсіріп, төрінен орын берген.
Мұның сыры сол елдердің сауаттылығында немесе сауатсыздығында, мәдениеттілігінде немесе мәдениетсіздігінде емес. Тұтас бір халықтың мәдени-рухани қалпына байланысты болса керек, салт-дәстүрдің даралығына қатысты болса керек. Мәдениеттілік келісімшарттарға қол қоя білумен өлшенбейді. Кісімшіл сөзді қағазға жазып, кісәпір мінез танытатын «мәдениеттің» ізі тарихта қан жоса болып жатыр.
– Әлемдік әдебиеттің өзі ежелден батыстық, шығыстық үлгі деп бәсекеге түсіп, бірінен бірі өтіп жатады. «Қазақтың бас ақыны» саналатын Абай Құнанбайұлы Шығыстың шайырларын үлгі тұтып, ізінен басқандарға жөн сілтеді. Атақты Фирдоуси, Хавиздардың қалыптастырған ақындық мектебін біздің хакім Абай жаңа деңгейге көтерді. Шығыс дүниесінің ақындық мектептері бүгінгі таңда қай деңгейде дамып жатыр?
Қазір бір ғана Тегеранда (Иран) қырықтан астам ақындық мектеп бар екен. Олар Хафиздің, Фирдаусидің, Саадидің немесе Баба Тахирдің мектебі деп тізіле береді. Ондағы ақындардың бар арманы өздері пір тұтқан ұстаздарының деңгейіне жету ғана. Өздерінше ізденіп, жаңа форма, тың мазмұн табу қаперлеріне де кірмейтіндей көрінеді.
Парсы тіліндегі поэзияда дәстүрге еліктеп-солықтаудың толып жатқан көріністері бар. Мәселен, Фирдаусидің «Шахнамасына» еліктеп моңғол шапқыншылығының тарихын жазғанда да бар. Сондай-ақ, Хавиздің еліктеушілері қаншама десеңізші! Бір ғажабы, осынау ондаған, жүздеген еліктеушілер ішінде ұлы ұстаздан тәлім ала отырып, оның ізін баспағандар ғана, өз жолын, өзіндік үнін тапқандар ғана халық жадында қалыпты.
Ұлы Бедиль айтыпты: «Менен кейін ақын болмақ емес», - деп. Тым астамшылықпен айтылған пікір. Алайда Бедиль орта ғасырлық өлшемнің түсіне де кірмеген шаруа жасады. Ол өз шығармаларына әр түрлі халықтардың дүниетанымын, ұғым-түсінігін арқау ете отырып, өзін бүкіл адамзат атаулының перзентімін деп жариялады. Бедильді парсы тілінде жазатын Үндістан ақыны Мұхаммед Икбал әрі қарай дамытты. Бір ғажабы, XX ғасырдың кәміл талғамына иек сүйей отырып дамытты.
...Біраз кезеңдер бойы орыс поэзиясындағы шығыстық сарын, әуен, мотив таза еліктеу немесе қайталау түрінде болды. Шығыс өлеңінің поэтикалық қасиетін сақтағысы келген ақын А. Феттей-ақ болар. Хафизді ямбомен аударса, оның өзі жаттығу деңгейінен аспады. В. Брюсов та осы деңгейден аса алмады.
Ал бүгін Шығыс катрені мен қос шумақ бәйіті орыс поэзиясына әдемі орныққанын байқауға болады. Бұл орайда орыс поэзиясы белгілі дәрежеде Н.Тихонов, И. Сельвинский, А. Тарковский, С. Липкин, А. Кочетов сияқты орыс совет ақындарына қарыздар. Олар Шығыс поэзиясындағы поэтикалық, формалық, әуен-ырғақтық, тіптен ұйқастық қасиеттерді игеру арқылы орыс поэзиясына әсем өрнек қосты.
Шығыстан шапағат...
– Осының бәрін сұрыптап, ақ-қарасын ажырату арқылы оқырманның талғамын өсіретін әдебиет сыншыларын дайындауға күш жұмсау керек шығар. Өзіңіз айтқан орыс әдебиетінің сыны бізге қарағанда көш ілгері ғой...
Л.Н. Толстой әдебиет сыны десе кірпідей жиырылады екен. Әдебиет сынын «жарық дүниеде жалықтырар бір нәрсе бар болса, соның ең жалықтырғышы» деп отырса керек. Сөйте тұра Л.Н. Толстой сыншы, өнер теоретигі ретінде де жазбалар қалдырған.
Орыс халқының әдеби сыны, өнер туралы толғамдары қынаптан суырылған қылыштай жарқылдаған кезі В.Г. Белискийдің «Бізде әдебиет жоқ...» дейтін сөзінен бастау алғаны белгілі. Әрине, бұл – тілге тиек қана боларлық нышанды (символды), бейнелі сөз. Ол тұстағы орыс сынының дүр ете қалуына ең алдымен халықтың рухани толысуы себепші болса керек. Сол рухани толысудан пайда болатын ұғым, түсінік, талғам, талап, қажеттілік дегендер Белинскийді, Чернышевскийді, Писаревті дүниеге әкелді. Былайша айтқанда, ұлттық сана – мәдениеттің тұлғалануының, өзін-өзі тануының нәтижесі. Мұндай жағдайлар әр халықтың тағдырында тарихи-әлеуметтік жайларға байланысты әр кезеңде әр түрлі деңгейде пісіп-жетіледі.
Ұлттық сананың көктей солуы да мүмкін. Мұндай бақытсыздықтың жалғыз ғана себепшісі бар. Ол – ертерек дамыған, әлеуметтік-экономикалық үстемдігі бар бөгде елдің екінші бір әлеуметтік-экономикалық қауқары әл-жуаздау елді билеп-төстеп, басып жаншып тастауы арқылы болатын бақытсыздық. Ондай бақытсыздыққа ұшыраған халықты жөргекте жатып дүние салған нәрестемен теңеуге болады.
В.Г. Белинскийдің өнер болмысын ең алдымен ұлт өмірінің қайнаған тіршілігімен тамырлас деуі тегін емес. Сондықтан да белгілі бір шығарманы тілге тиек ете отырып, бүгінгі өмір туралы толғау сын мұраты. Ал шығарма татымсыздығы, оның өмір туралы ой айтуға түрткі бола алмайтындығы өз алдына бөлек әңгіме. Мәселе – өмірді шынайы көркемдік жолмен көрсеткен хас өнер ғана ойлы пікірге ұшқын бере алатындығында.
Әдеби сынға қатысты тағы бір мәнді мәселе, кез келген сыншы көркем шығармадан көрінер асыл мен жасыққа өзі шыққан рухани биікте тұрып баға береді. Кей жағдайда құмырсқа үшін көлбақа алып болып көрінуі мүмкін. Немесе пілдің көзіне құмырсқаның шалынбауы да кәдік. Бұл сыншының интелектісі деген мәселені зерделетеді.
Ақыр аяғында сыншының рөлі деген мәселені күн тәртібіне қоюға болар. Бұл тұрғыдан келгенде сын – әдебиет пен оқырман арсындағы дәнекер. Сыншыға қойылар қатал талап осы міндеттен туындайды.
Сыншы еңбегі – ерекше еңбек. Нағыз сыншының аналитикалық пафосы – құдірет. Оның құдіреттілігі суреткер дарыны соққан шырғалаңға (лабиринтке) жол бастап кіріп, суректердің құпиясын алдыңа жайып сала білуінде.
Сыншы – оқырман қауымның пікірін жеткізер өкілі де сияқты. Сондықтан да сыншының биік мұраты – өзі түсінгенді өзгеге жеткізу. Сол арқылы өмірді түсінуге, адам тіршілігінің мәнін түсінуге, қоғамдық ахуалды саралауға өзіндік үлес қосу.
Сыншы – сүйсінуші ғана емес, әділ сарапшы да болуы керек. Сондықтан да сыншы қара қылды қақ жарып отырса жарасады. Сыншының азаматтық парызы кәсіпшілдік өре арқылы өтірік атаулымен белдесе күресуі керек.
Сыншы өнерді тану жолында сол өнер туындысымен тәжікелесетін секілді. Сол тіресіп-тәжікелесу арқылы шындық дүниеге келеді. Нығыз жазушы сыншыға бас иер болса, ол сыншы, сөз жоқ, дарын иесі.
Сыншы пікірі арзанқол шымшымадан тұрмауы керек, фактілерді жіпке тізіп жылтыраса да ұтылады. Ең бастысы – сыншы лебізінен өнертанудың, өміртанудың тыпыр еткізбес тегеуріні сезіліп тұруы керек.
– Сіздің әдебиеттегі сүйікті жазушыңыз Л. Толстой екені сөз арасында білінеді. Ал, Толстойдың үлгі тұтар қаламгері кім болды екен?
Лев Толстойдың жақсы көретін жазушыларының бірі Энтони Троллоп болған. Ағылшынның осы бір еңбекқор жазушысы өз өмірінде 47 роман жазған. Ағылшын әдебиетінің білгірі К.И. Чуковскийдің айтуынша, Э. Троллоп белгіленген уақыттан жарты сағат бұрын романын бітірсе, сол жарты сағатты зая жібермеу үшін іле келесі романын бастап кетеді екен.
Л.Н Толстой 1865 жылдың 29 қыркүйегінде Троллопты оқыған соң былай деп жазады: «Троллопты оқыдым, жақсы екен. Роман жазушының поэзиясы болады: 1) уақиғаны қиюластыра білу – менің казактарым, болашақта; 2) тарихи уақиғалар арқауына құралған парасат-бітім көріністері – Одиссея, Илиада, 1805 жыл; 3) жағдайдың сұлулығы мен шаттығы – Пиквик – Жазира жала және 4) адамдардың мінез бітімі – Гамлет – болашақтағы өз дүниелерім; Аполлон Григорьев – берекесіздік, Чичерин – кеңкелес, Сухотин – жолы болмас бейбақ, Николенька – жалқау және Строганов – адал ақымақ».
Сол жылдың 2 қазанында Л.Н. Толстой Троллоп туралы тағы да былай деп жазады: «Троллоп өзінің шеберлігімен есімді шығарды. Жұбаныш етерім, ол өзінше, мен өзімше. Өзіндегі барды білу – дәлірек айтқанда, менікі еместі білу, міне, өнердің көкесі. Мен дәл пианист сияқты жұмыс істеуім керек».
– Қазақтың мәйекті тілін Сіз сияқты білетіндер некен-саяқ деп жатады. Шығармашылығыңыздағы тілдік қолданысқа сын-пікір айтқандар болды ма?
«Жалын» альманахының алтыншы санында менің «Ақиық» атты кітабыма Қабдеш Жұмаділов лебіз білдіріпті, Қабдештің пікірінен шын қуаныш, шыншыл тілек аңғардым.
Сонымен бірге кейбір пікірлермен келісе алмадым.
«Өзі көп айтуды ұнататын «уаз кешу» деген тіркесті Ақселеу «ләззат алу» деген ыңғайда қолданады екен. Ал бұл тіркестің әдеби тілдегі мағынасы – «безіну, тәрк ету» болс керек-ті», - дейді Қабдеш.
Осы жерде «уаз кешудің» қандай мағына беретінін анықтау үшін Мұхтар Әуезовке жүгінуге болады.
–«Сәулешім! Не дейсің? – деп еді, Тоғжан Абайдың қолын іркіп тоқтатты.
–Тағдыр бізді қоспады. Тым құрыса осы жолы сау келсең... уаз кешкен болар ем».
Бұл – «Абай жолы» романындағы Абай мен Тоғжанның соңғы рет кездесетін тұсы. Меніңше, Қабдештің өзі «уаз кешу» дегенді «баз кешу» деген ұғымның орнына қолданатын болу керек. Баз кешу – дүниені тәрк ету.
Сол сияқты, Қабдештің «балапан өргізді», «үшінші рет қар басты», қос қанатты хайуан» деген сөз тіркестерінен қателік көріп тосырқай қарауы да бүркіт ұстап, саятшылық құрған ортаны тосырқап қалғанын аңғартады.
Тілдегі сөздердің аса нәзік емеурін-сыры, мән-мағынасы біреуден естігенмен бойға сіңбейді. Әр сөзді дүниеге әкелетін ортада болсаң ғана сол сөз өзінің көрік-келбетімен көкейіңе қонбақ.
– Замандастарыңыздың шығармасын қалт жібермей оқып отыратын шығарсыз. Соңғы оқыған көркем дүниелердің бағасын беріп, артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып өтсеңіз...
Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» атты романын оқып шықтым.
Орташа туынды. «Тазының өлімі» мен «Қара қыз» секілді туындылар берген қаламгердің көтерілер сатысы мұнан гөрі биік болар деп болжаушы едім. Олай болмады. Құбатөбел ғана шығарма болып шыққан.
Оқиға желісі көркем шығарманың сүйегі сияқты ғой. Маған романның оқиғасы сұйықтау болып көрінді. Автордың көкейге түйген идеясын биікке көтерер, өмір шындығының шалғайынан ұстатар тартыс аздау. Бүгінгі зиялылар (интеллигенция), бүгінгі ғалымдар тіршілігі екінші планда, емеуріндік деңгейде сөз болады да, қазіргі кез келген жастың басында болатын сүйіспеншілік көріністері романның негізгі арқауына айналған. Едіге – басты кейіпкер. Оқушыға әр қырымен көрініп, өзіндік болмыс-бітімімен танылады. Алайда басқа кейіпкерлердің басым көпшілігі Едіге бейнесін толықтыруға қызмет ету үшін алынғандай әсер қалдырады. Романның басы мен аяғында қадым заманның тарихи оқиғаларын баяндап кететін тараулар бар. Бұл да шығарма жинақылығына нұсқан келтіріп тұрған сияқты.
Алайда бір ақиқатқа көңіл жұбатуға болады. Ол – Мұхтар Мағауиннің шын мәнінде суреткер екендігі...
Дулат Исабековтің «Тағдырдың кейбір кездері» атты шығын әңгімесін оқыдым. Адам болмысын сын тезіне салып, оның ең шыңына жеткен шегін көрсету – Дулаттың қаламгерлік ерекшелігі. Бұл жолы да солай.
Тракторы аунап, жараланып ауруханаға түскен Жәдігер жазылып шығады. Үйіне келеді. Қуанған бала-шағасы мойнына асылады. Осы кезде іштегі тігілген ішегі сөгіліп, Жәдігер дүние салады...
Дулат – тым қатал. Сол қаталдық нағыз қнер тілінде көрініс тапқанда көркемдіктің қайырымын көресің. Автор қиянат атаулыға қарсылығын осылай көрсетеді. Әңгімедегі Жәдігер небір қиындық-кедергіні өмірден көрді, көрді де, өліп тынды. Бәрі бітті...
Алайда осы әңгімені оқыған біз жер басып жүрміз ғой. Жай жүргеміз жоқ, дүние жалғанның ащы шындығына қыжылдап, қынжылып жүрміз. Міне, авторға да керегі осы. Ол бізді қынжылтып-қажылдата алса – нысанаға оғының тигені. Өйткені өмірдегі келеңсіздікке қынжыла білген адам сол келеңсіздік-кедергімен күресе де біледі. Мұндай күйге түсірген өнерде мұнан артық мәртебелі мұрат болмаса керек.
Тәкен Әлімқұловтың жазғандарын ыждағатпен оқып жүремін. Өнер адамдары туралы соңғы жылдары жазғандары сәтті-ақ. Былайша айтқанда, Тәкен өзіндік құлақкүйін тапқандай. Бұл – жалпы қазақтың әдеби өміріндегі соны леп. Өнер адамдарының өмірін көркем әңгіме, новелла түрінде жазу ерекше пайдалы. Өнер болмысы, өнерлі адамдар өмірі үлгілі, ұлағатты сәттерге толы. Көркем новелла, әңгімелер – рухани мәдениетті насихаттаудың ұрымтал, көпшіл түрі. Бұл орайда, әдетте, ғылыми еңбектер мен қара мақалалар көркем дүниемен өрелесе алмайды. Ал Тәкен көтерілген биіктер сүйсінтеді. Алдымен шұрайлы тіл, сонсоң өнер адамының өмірінен ең бір мәнді сәттерді екшей білетіні, бай сезіммен беріле жазатыны мойындатады.
Оралхан Бөкеевтің «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген екі әңгімесін оқыдым. Бірі – «Көк тайынша», екіншісі «Маңдайдан бағың шайқалса» деп аталады.
Меніңше, Оралханды қаламгер ретінде өмірге ең етене жақындататын шығармалары – осы «Ауыл хикаялары». Мұнда ол романтикалық шартты оқиға желілерінен арылып, көз көрген өмір шындығына біржолата бет бұрады. «Ауыл хикаялары» көбінесе бір сәттік, бірқақпайлық тапқыр детальдарға құрылғанымен, Оралханның суреткерлік тегеуріні сол шағын ғана детальдің айналасында тұтас бір әлеуметтік ортаны елестете алады. Дәстүрлі моральдық-этикалық қарым-қатынас мейлінше шынайылығымен, Оралхан ашқан әлем сияқты, жанға жайлы, жүрекке жылы сезім ағыстарына бөлейді. «Ауыл хикаялары» цикліне енге әңгімелердің бәрінде де субъектінің тағдыр-талайы елестейді.
Бәлкім, бұл тақырып, осы цикл Оралханның өмір бойы жазатын кітабы болар. Лайым, солай болсын деп тілеймін.
– Осындайда «Шыңырау» сияқты туындыны дүниеге әкелген суреткер Әбіш Кекілбаев досыңыз туралы сөз қозғамасақ, кемшілік сияқты?
Осы уақытқа дейін мен білетін жазушы-суреткер атаулы дүние дидарына жер басып тұрып, горизонтальды бағытпен қарап келді. Сол қарасында көңіл көзіне, ой жанарына шалынғанды өнер туындысына айналдырады. Ал біздің Әбіш Кекілбаев болса, тұңғыш рет дүние дидарына көкке көтеріліп алып, жер бетіне вертикаль бағытта назар тіккендей. Оның шығармаларындағы Мұнара вертикаль бағытпен көкке бой созып барады. Шыңырауы да сол бағытпен жеті қат жер қойнауынан үңгиді. Керек десең, Абыл күйші адам баласы көріп-білмеген сұмдық шеңгеліне түсіп, тігінен (вертикаль) көміледі ғой.
Осы мысалдарды кездейсоқ көріністер жиынтығы деуге болар ма екен? Меніңше, кездейсоқтық емес. Мұның себеп-салдарын Әбіштің суреткерлік, ойшылдық тың толғам-тәсілдерінен іздеу керек. Оның ойлы да қанатты шабытын бүгінгі космосқа көтерілген адам санасының жаңаша ойлау, жаңаша түсіну жағдайларымен сабақтастыру керек шығар. XX ғасырға дейін еңбектеп, қаз басып қана келген адамзат әулеті осы кезеңде жерден кіндігін үзіп, көкке көтерілді. Осынау тарихи жаңалықтың нәтижесі адамдардың ой –сана ауқымына әлеуметтік-психологиялық жаңа сапа дарытты. Әбіштің дүние дидарына жоғарыдан төмен қарауында да осындай тарихи-әлеуметтік психологиялық ықпал болу керек.
– Өзіңізден кейінгі ақындардың аяқ-алысы қалай? Мұқағали, Жұмекен, Кеңшіліктердің орнын басатын жастар өсіп келе ме?
Есенғали Раушанов. Тәңірім осы бір жас ақынның жігерін жасытпаса екен. Санасын сергектігінен айырмаса екен. Есенғалидың көкірегінен төгілген жырлар маған көненің көзіндей, бір кездегі ұлы поэзиямыздың жалғасындай болып көрінеді. Ол өлеңді құрамайды, өлең – оның жүрек сезімінің айғағы. Табиғи дарыны мен халық болмысын түсінгіштігі Есенғалидың өлеңдеріне тамаша қасиет дарытқан. Сезім-түйсігі жүйрік ата-бабалары тұтынған поэтикалық қаруды тұтынуды шебер меңгерген. Құнарлы топырақтың үлгі-өнегесін санасына берік орнықтырған. Мұның бәріне қоса бүгінгі өмірге бейтарап қарай алмайтын сергектігі бар.
Шіркін, енді осы қасиеттердің бәріне қоса мына шытырман дүние сырын танитындай тарихи-сараптамалық (аналитикалық) зердесін шындай түссе ғой. Мына опасыз жалғанды алақанында ойнатып отыратын ақын болу үшін бірыңғай эмпирика мүлде жеткіліксіз...
– Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.