Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақынын ардақтаған Көкше елі......

29.05.2024 1241

Ақынын ардақтаған Көкше елі... 6+

Ақынын ардақтаған Көкше елі... - adebiportal.kz

«Ақынын ардақтаған ел – бақытты» деген тұжырым бар. Біз де ақынын ардақтаған елдің ілкімді ісіне куә болған едік. Осы жөнінде кеңінен тарқатып жазбақпыз.

Мәриям ана Хакімжанова бастаған жаңа заман ақын қыздарының көшінде Марфуға Бектемірова есімі де ел-жұртқа кеңінен таныс. 1958 жылы Көкшетау биігінің күңгей тұсындағы ну орманды Прогресс (Ескі Макинка) ауылында дүниеге келіп, Көрнекті ауылында өсіп бой жетіп, қазіргі Бурабай ауданы орталығы Щучье (Шортан) қаласындағы №9 мектеп-интернатта білім алып, ару Алматыдағы ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика  факультетін бітірген соң өмірінің соңында дейін журналистік, мемлекеттік қызмет атқарған ақын, сазгер Марфуға Бектемірова мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шығармашылықпен айналысыпты. 

Тәтті ұйқысын тербетіп ұйқыдағы төренің,

Туласам да толқын боп тағдырыма көнемін.

Ақын болған әйелмін, сәби сүйген анамын,

Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Бөбегімді әлдилеп бесігіне бөледім,

Ақ қағазға төгілер түнде жазған өлеңім.

«Өмір» атты өзенмен жүзіп келе жатырмын,

Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім, -

деп ақынның өзі жазғанындай, отбасы тіршілігі мен сан салалы қызмет, уақытпен өлшенбейтін қоғамдық жұмыстардың қат-қабат шаруасымен айналыса жүріп өлең жазуға да уақыт табады.

Елдің жүгін көтерген ақындардың,

Ауыр болар иықта жүгі бірақ.

Ақынмын деп айтуға хақым да бар,

Жаратқанға тұрса егер жырым ұнап.

Мендей болар бірақ та бақытты адам,

Өлең, жырды сыйлады уақыт маған.

Ғасырдың тереңіне қазынаммен,

Сүңгуір қайықтай боп батып барам, - 

деп жыр-қазынасымен ұлт руханиятына олжа салған ақын елу бес жасында, 2013 жылы пәниден бақиға озады. Ақынның соңында жары, ақын, журналист Есенгелді аға мен ұрпақтары, қара орман қалың елі, жырлары мен әндері қалды. 

Менсінбес те біреулер кім еді деп,

Мақтанамын өз халқым біледі деп.

Қайда жүрсем туған жер, лүпілдеген,

Ойла мені «Көкшенің жүрегі» деп…

 Осылайша туған өлкесін, сұлу Көкшесін өлердей сүйіп, өмір бойы жырлап өткен ақынын елі ешқашан ұмытқан емес. Соның бір айғағындай, Щучье қаласындағы өзі оқыған №9 мектеп орналасқан Емельян Пугачев көшесі Марфуға Бектемірова есімімен аталатын болып шешім шығуы. Бұл – ақынның отбасы мен жергілікті, облыстық мәслихаттар мен әкімшіліктердің өзара түсіністікпен жұмыс істеуінің нәтижесі болса керек.

17 мамыр күні Щучинск қаласындағы Жоғарғы педагогикалық колледжінің акт залында ақын Марфуға Бектемірова атындағы көшенің ашылуына арналған салтанатты іс-шара өткен болатын.  Колледждің фойесінде Марфуға Бектемірова шығармашылығы бойынша көрме ұйымдастырылған екен.

Салтанатты іс-шараға Астанадан, Көкшетаудан арнайы келген қонақтар, Бурабай ауданы мен Щучинск қаласы әкімдігі өкілдері, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, студенттер мен оқушылар, БАҚ өкілдері, ақынның ауылдастар мен туыстары, қатысты. 

Марфуға ақынның  өмірі мен шығармашылық жолы туралы толық мағлұмат берерліктей бейнеролик ұсынылды.

Есімде Пугачев көшесі,

Интернат үйі біз тұрған.

Мезгілдің өтіп нешесі,

Көктемде көше – гүл тұнған, -

деп ақын өзі жырлаған кешегі Пугачев көшесі, 78 үй мекенжайында орналасқан мектеп-интернаттың, бүгінгі №9 мектеп-гимназиясының директоры Көшекова Бибігүл Қуанышқызы бастаған ұжымның ұстаздары мен оқушылары бүгінгі іс-шараның негізгі жүгін арқалаған екен. Салтанатты іс-шараның тізгінін ұстаған ұстаздар Шопанбек Шыңғыс пен Арайна Мұқашеваның кіріспе таныстыруынан кейін ресми бастау сөз Щучинск қаласының әкімі Асқар Мұхамежданов мырзаға берілді: «Құрметті қонақтар, Бурабай ауданының тұрғындары! Бурабайлықтардың көпшілігінің жадында мәңгі сақтаулы,  сыйлы да құрметті адамдарының бірі, мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірова көшесінің ашылуына жиналған барша қауым, қош келдіңіздер! 

Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесінің негізі – Отанға деген сүйіспеншілікке, адалдыққа, өз жерлестерінің жетістіктерін мақтан ете білуге, қоғам мен мемлекетке лайықты қызмет етуге дайын болуға негізделген. Сол себепті де қаламыздағы бір көшенің Марфуға Бектемірова есімімен аталуы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын куәсі. Көкшетаудың дарынды ақын қызы, сазгер, кәсіби журналист, жан-жақты тұлға болған Марфуға Бектемірова есімі бурабайлықтардың есінде мәңгі сақталатынына сенім зор. Бүгінгі беріліп отырған көше атауы осының айқын куәсі. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ораз Қауғабай өз сөзінде Марфуға ақынның шығармашылығына зор баға беріп, бурабайлықтарды бүгінгі қуанышты күнмен құттықтады.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова өз сөзінде бүгінгі іс-шара біздің жерлестерге, өскелең ұрпақ үшін, олардың патриоттық сезімін оятуға аса қажетті іс-шара екендігін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.

«Аманат» партиясы Ақмола облыстық төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова: «Расында да атам қазақ «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған ғой. Себебі жақсы адамның өнері, өлеңі әрқашан есте қалады. Бүгінгі іс-шара үшін әкімшілікке, жарына деген сүйіспеншілік, құрметтің үлгісіндей болған Есенгелді ағаға, мектеп ұжымына үлкен алғысымды айтамын. Қазақ әлемге талантты тұлғаларымен, өнерімен, мәдениетімен танымал бола берсін!» - деген тілегін білдіріп, ақын Марфуға Бектемірованың «Туған жерге» өлеңін оқып берді.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов салтанатты іс-шарада кеңінен толғады: «Құрметті жиналған қауым! Бүгінгі салтанатты іс-шара құтты болсын! Ақын Марфуға Бектемірова апамызды мен оқушы кезінен білуші едім.  Марфуға апай осы №9 мектеп интернатта бізден үш сынып жоғары оқыған еді. 

Туған жері Еңбекшілдер ауданы болғанымен, өскен ауылы Көрнекті ғой. Қазақтың әйгілі сатиригі Көпен Әмірбек – Көрнектіге күйеубала. Көптеген зиялылар, қоғам қайраткерлері туып шыққан қасиетті топырақ. Марфуға апай мектепті жақсы бітіріп, Алматыдағы бұрынғы Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқыды. Ол заманда Қазақстанда Алматы мен Қарағандыда ғана екі университет бар болатын. Өзгесі – кілең пединститут еді. Ал журналистика факультеті дегеніңіз республикада жалғыз ғана еді. Оған іштей түгілі сырттай түсудің өзі үлкен арман, жетістік болатын. «Пәленшенің баласы Алматыда журналистикада немесе консерваторияда оқып жатыр» десе, ауылдың қарапайым балалары соған таң қалып, керемет қызығатынбыз. Қызығатынбыз да: «Біз де Алматыға барып, сондай мәртебелі оқу орнында оқысақ қой» деп армандайтынбыз. Мұның соншалықты бір асқақ арман болмай қалғаны қазір ғой. Мына Көкшетаудың өзінде бірнеше жоғары оқу орны бар. Сондықтан да заманында осындай беделді оқу орнын бітіріп, үлкен мектептен өткен Марфуға қайдан осал болсын.

Бурабай өңірінің тарихын бәріміз білеміз: хандардың, билердің, кеңесшілерді, қоғам қайраткерлерін айтпағанда, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған әйгілі әдебиеттанушы ғалым, Мәдениет аулының тумасы Есмағамбет Ысмайылов, белгілі ақын, Нұрмияш Көбенов, Саттар Сейтхазин қатарлы ағалардың жолын жалғастырушы осы Марфуға апамыз болды. 

Жоғарыда айтқанымдай, қазіргі №9 мектеп-гимназиясы ол кезде қазақ мектеп-интернаты болатын. Мен – алпыс бірдің, Марфуға – елу сегіздің төліміз. Мен алтыншы сыныпта оқығанда, Марфуға тоғызыншы сыныпта оқитын еді. Жетінші сыныпта Марфуға бізге вожатый болып келді. Сынып сағатын өткізеді. Марфуғаның белсенділігіне, біліміне сол кезде таң қалатынбыз. Біз оқитын білім ордасы – Щучьедегі жалғыз қазақ мектебі болды. Ауылдарда қазақ мектебі жоқ, орыс немесе аралас мектептер болды. Қарағай, Кіндікқарағай, Жамбыл, Көрнекті, Мезгілсор, Шиелі, Құмкесек т.б. ауылдарда үш жылдық қазақ мектептері болды. Солардың бәрінің баласы орта білім алу үшін осы мектеп-интернатқа келетін. Біздің кезімізде мұнда жеті жүздей бала оқитын. Сол кездегі Пугачев көшесі, 78 үй, қазіргі Марфуға Бектемірова көшесінің 78-үйі. Сол кезде Шортан дейміз, Щучье дегенге тіліміз келмейтін, осы қалада бірде-бір қазақ атаулы көше болған жоқ. Тіпті Абайдың, Мұхтар Әуезовтің атында да көше болған жоқ. Мектептің жанындағы көшелердің атауы әлі күнге дейін есімде: мектептің қасында Едомского, Разина, Комсомольская, Коммунистическая, Советская, Маркса, осылай кете беретін. 

Бұл қаланың негізі – кезінде, 1968 жылы ашылған казак станицасы ғой. Бекініс болып салынып, жергілікті атығай-қарауыл руларын қыстау-жайлауларынан ығыстырып, аударып жіберіп станица орнап, кейін халқы бес мыңға толғанда қала мәртебесін алған. Мектептен он қадам сыртқа шықсақ, басқа ұлттың балалары ұрып кететін. Сондай бір заман болды. Қазіргі қаланың келбетіне қарап таңғалып отырмын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қанай би атындағы көше ашылған болатын. Қала әкімінен сұрасам, алпыс пайыз қазақ ұлты екен. Келесі жылы амандық болса төртінші ұлттық құрылтай Көкшетауда өтейін деп жатыр. Ол да үлкен мәртебе болады деп санаймын. Сондықтан қаланың идеологиялық, рухани мазмұнының жаңарып, ұлттық нақышы ұлғайып жатқанына, өз басым қатты риза болып отырмын. 

Тағы бір айт кетерлік жағдай: біз осы №9 мектепте оқып жүргенде Таңсық Жұрынова деген ұстаз апайымыз болды. Ол кісі Қарағай аулының, Молдахметовтер әулетінің келіні, Қазақстан оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, күллі Қазақстанға аты әйгілі әдіскер ұстаз болды. Осы №9 мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болған Таңсық Жұрынқызы кейіннен облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде сабақ берді. Міне, Марфуғаның шығармашылық талантын ашқан – сол Таңсық Жұрынқызы апамыз еді. Өте мықты әдебиетші болды. Әлі есімде, бір күні Таңсық Жұрынқызы ұстазымыздың: «Тоғызыншы «А» сыныбына туған өлке туралы шығарма жаздырған едім. Сондағы таңғалғаным: Марфуға Бектемірова бес-алты беттік шығарманы бастан-аяқ өлеңмен жазып шығыпты! Өлеңмен жазылған мұндай шығарманы бірінші рет көріп тұрмын!» - деп таңданысын жасырмай, бізге үлгі еткені әлі жадымда тұр. Марфуға талантына деген біздің құрметіміз  осыдан кейін арта түскен еді. Таңсық Жұрынқызының есімін еске алу да дұрыс болмақ. Игілікті істер жалғасын таба берсін, ақын атындағы көшенің ашылу салтанаты құтты болсын!»

«Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, ардагер педагог Құралай Ілиясова, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Марфуға Бектемірованың қайын апасы Баян Сәбитовалар де бүгінгі игі іс-шараға тілектестіктерін білдіріп, құтты болсын айтты.

Танымал айтыскер ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек: «...Абайдың сөзімен айтқанда: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», - дегендей, Марфуға апамыздың өлмейтін сөзі қалды, сондықтан да атын жаңғыртып жатыр. Жарына, оның рухани мұраларына деген адалдығын сақтап, насихаттап келе жатқан Есенгелді ағама ел риза. Қазіргі мораторий заманында көшенің атын беру оңай емес. 

Осыған қол жеткізіп отырған бүгінгі нәтиже – ел азаматтарының, әкімшіліктің жүйелі жұмысының, Есенгелді ағамыздың табандылығының арқасы деп білеміз. Марфуға апамыз поэзиясының түп қазығы – туған жер, Көкшетау. Көкшетауды жанындай сүйгендігі мөлдір жырларынан көрініп тұрады. Стелла қою, т.б. шаруалар атқарылуы керек деген пікірлер дұрыс-ақ, дегенмен жыл сайын «Марфуға Бектемірова оқуларын» өткізу дәстүрге айналдырылса, ол өзінің жемісін берер еді. Қазір өлең шығарушы бар, өлең оқушы жоқ заман ғой. Мен Марфуға Бектемірованың өзінің бір өлеңін оқып бергім келіп тұр», - дей келе ақынның өлеңін оқыды:

Келемін, аралап Көкшені,

Тәнімді сипаса көк шөбі,

Жас көңіл ләззатты көкседі.

Жап-жасыл шалғынға малынып,

Келемін, аралап Көкшені.

О, Көкше, туған жер – мекенім,

Білмеймін, қандай дерт екенін.

Сағынсам көзіме жас келіп,

Көрінсе елжіреп кетемін.

Жап жасыл жапырақ жамылған,

Аттанған, ауылдан, ауылдан,

Қорған боп тұратын алыстан,

Айналдым көгілдір тауымнан...

Көкшетауда ақын қыз көп емес. Ақын қыздарымыздың басы осы деп айтуға болады, бұл кісіні. Алдағы кезеңде облыста өтетін мүшәйраларда қыздарға берілетін Марфуға Бектеміров атындағы дәстүрлі жүлде тағайындап қою керек деп білемін. Біз ол кісінің атын осылай көтере береміз. Шығармашылық адамдарының есімін иеленген көшелеріміз көп болсын!» - деген тілекпен сөзін аяқтады.

Болашақ деген сендерсіңдер, қарағым,

Гүл секілді көркісіңдер даланың.

Қолдарыңа көк туды әкеп тапсырдық, 

Құлатсаңдар сен бересің жауабын.

Қуаныштан кеудемізде жыр ұшқан,

Қазақ енді көк аспанмен туысқан.

Маңдайыңа бақыт қонды ешқашан,

Сол бақытты шығармаңдар уыстан, - 

деп ақынның өзі жырлағанындай, ел ертеңін жарқын етер жас ұрпақтар, болашақ зерттеушілер сөз алды. 

Республикалық шығармашылық, ғылыми жобалардың жүлдегері Мадина Естаева (жетекшісі Динара Бейсенбаева) және Мадияр Кабдуллиндер (жетекшісі Сапарбекова Балдықыз) өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды.

Ақынның жұбайы, ақын, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Есенгелді Сүйінов сөз алып, жиналған көпшілік қауымға өз алғысын білдірді: «Мамырдың тамылжыған ерекше шуақты күнінде қазақтың аяулы ақын қызы Марфуға Бектемірованың есімі берілген көшенің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. 

Бұл бір есте қалар, келер ұрпақ айтылып жүрер күн болмақ. Жарым Марфуға Бектемірова осы Бурабай баурайында туып өсті. Көкшетау, Бурабайдың орманды әсем таулары мен айнадай жарқыраған көлдері бар сұлу өлкесінде туған адамның ақын болмауы мүмкін емес те сияқты. Кезінде «Арқаның кербез, сұлу Көкшетауы» деп Сәкен Сейфуллин жырлаған, қазақтың аяулы ақыны, жерлесіміз Еркеш Ибраһимдер, Көкшенің нар тұлғасы, бәріміздің шығармашылық, журналистік жолымызға жөн сілтеп тәрбиелеген Төлеген Қажыбай ағамыз тамсана жырлаған бұл өлкені солардың ізін ала, өкшесін баса шыққан талантты ақын Марфуға Бектемірова да туған жерге деген перзенттік махаббатын өлеңімен арнап өтті.

Бұл көшенің Марфуға есіміне берілуінің бір ғажап сәйкестіктері бар. Марфуға кезінде осы өзінің есімі беріліп жатқан Емельян Пугачев көшесінің бойындағы №9-мектеп-интернатта оқыды. Бұл мектеп маған сонысымен ыстық, жақын көрінеді. 

Тербелген терек көшеде,

Күн сайын маған тіл қатты.

Теректер үнсіз өссе де,

Көздегі жасты құрғатты.

Домбыра алып қолыма,

Күндегі күйді толғаймын.

Алыста қалған анамды,

Жүдеймін, іштей ойлаймын, -

деп интернаттағы бал балалықтың базарлы күндерін, алтын ұяға деген сағынышқа толы оқушылық өмірді бастан кешірген Марфуға өзінің туған жері Көкшетауды, отанын сүйіп өтті.

Марфуға қазіргі күні жұртшылыққа кеңінен таралып айтылып жүрген «Аққуым менің қайдасың?» әнінің сөзін осы №9 мектепте оқып жүрген кезінде, он төрт жасында жазған екен. «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан мәтінді белгілі композитор Әнуар Бекжанов оқып ұнатқан соң ән шығарған тарихы бар. Қазақ эстрадасының жұлдызы Ералхан Әбішев осы әннің, осы ән Ералхан Әбішевтің жұлдызын жақты деуге болатын шығар. Осы жақсы ән қазір қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Біз әдетте ақындар мен жазушыларды жиырма, отыз кітап шығарды деп айтып жатамыз. Мәселе кітаптың шыққан санымен өлшенбейді, оның сапасымен өлшенеді ғой. Меніңше Марфуға да өзінің аз да болса саз өлеңдерімен, «Аққуым менің қайдасың» әнінің мәтіні сияқты туындыларымен туған халқының жадында сақталып қалды деп білемін.

Құдай қосқан жары ретінде менің бүкіл өмірім онымен байланысты. Марфуға туралы көп әңгімелеуге болады. Қазақтың осындай дарынды, қайсар қызын кездестіріп отбасы құрғаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. Марфуға ортамыздан кеткелі он жылдан астам уақыт өтсе де ешқашан көңілден кеткен емес. Менің ғұмырымның мәні – Марфуға есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатын орындау деп білдім. Осы жолда біраз шаруалар тындырылды да. Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов мырзаның қолдауымен біз тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл – Марфуғаның көзі тірісінде алған үлкен атақтары болмаса да, оның талант, дарынының лайықты бағалануы деп білемін. Өмірден өткенде, қазанамаларда «қазақтың талантты ақын қызы», «казахская Анна Ахматова» т.б. бағалаулар беріліп жазылып жатты. Марфуғаның бұл сөздерді көзі тірісінде ести алмай кеткені өкінішті, естісе шабыттанып, шаттанып қуанған болар еді-ау!

Марфуға есімін көшеге беру мәселесі бойынша біраз жұмыс істеуге тура келді. Бұған түсіністікпен қараған Ақмола облысының бұрынғы басшысы Ермек Маржықбаев пен қазіргі әкімі Марат Ахметжанов мырзаларға, әсіресе Әміренова Алтынай Байқадамқызына отбасы, туған-туысқандарымыздың, әдебиетімізді сүйетін жалпы халықтың атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл кісілер бізге көп көмек көрсетті. Облыстық ономастикалық комиссиясы қарап бекітіп, Бурабай аудандық мәслихаттың қаулысымен, Бурабай ауданы әкімінің шешімімен Марфуғаның аты осы көшеге берілді. Бұл түпкілікті шешім осылай жүзеге асырылды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс әрі қуаныш екені сөзсіз. Бірер жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен Марфуғаның таңдамалы шығармаларының қос томдығы жарыққа шыққан болатын. Бұдан соң Астана қаласында «Конгресс-Холлда», Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясымен бірлесе алдыңғы жылы «Аққуым менің қайдасың?» атты шығармашылық кеш өткен болатын. 

Мұның бәрі – айтуға ғана оңай. Қазір кез келген адамның сөзі тыңдала бермейтін заман. Әдебиет, поэзияға деген сыйластығы үшін көптеген лауазымды басшыларға рақметімді айтамын. Орталық кітапханада екі рет еске алу кеші өтті. Сондай-ақ ақын Серік Жетпісқалиевтің бастауымен Көкшетауда қалалық кітапханада еске алу кеші өтті. Алдыңғы жылы Астана қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтің айтуымен, экс-әкім Алтай Көлгіновтің көмегімен 2021 жылдың соңында «Қызғалдақ ғұмыр» деген естелік кітап мың данамен шығарылған болатын. Тағы да біршама  атқарылған жұмыстар баршылық. 

«Қазақстан» ТРК басшылығының көмегімен 2018 жылы Марфуға туралы «Жарқын бейне» бағдарламасы бойынша фильм түсірілді. Жаңыл Асылбекова бастаған төрт адамдық журналистер тобы сонау Алматыдан Астанаға, Бурабайға, Көкшетауға келіп Оқжетпестің баурайында отыз минуттық фильмді әзірлеп шыққан еді. Ютуб желісінде сақтаулы тұр, көрулеріңізге болады. 

2023 жылы «Ұмытпаймыз» деген тақырыппен «Абай» телеарнасында Марфуға туралы жарты сағаттық хабар ұйымдастырылды. Тағы да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Алдағы кезеңде Марфуғаның жаңа өлеңдерінің қос томдығын шығару, тарихи тұлғалар тізіміне енгізіп өз тұрған Көкшетау қаласындағы, Қостанай қаласындағы, Астана қаласындағы көшелердің, мектептердің біріне есімін берсек деген талпыныс бар. Биылғы жылы жылдың аяғына дейін келісіп қойдық, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде, сондай-ақ Өзбекстанның астанасы Ташкентте Марфуғаны еске алуға арналған шығармашылық кештер өткізіледі. Естелік кітап шығару да жоспарланып отыр. Фильмдер түсірсек пе дейміз. Жанашыр адамдар барда, ел-жұрты барда оның бәрі кезегімен атқарыла береді деп ойлаймыз. Марқұм Бердібек Сапарбаев ағамыз бір кездесуде: «Есенгелді, Марфуға секілді таланттарды ешқашан ұмытпауымыз керек. Егер оларды біз қадірлеп құрметтемесек, онда қызметте отырғанымыздың құны бес тиын», - деп еді. Астана қаласында бюджет есебінен қаржы бөлініп шығармашылық кеш өткізейік деп отырғанбыз. Мұның бәрі коронавирустың кесірінен өтпей қалған еді. Алдағы уақытта ҚР Премьер-Министрі Бектановтың қолдауымен жаңа аталған шараны ақыр-аяғына жеткізсек пе деп отырмыз», - дей келе іс-шараға қатысқан адамдарға алғыс-ризашылығын білдіріп, жарына арнаған өлеңін оқыды.

Ақынның балалық, оқушылық кезеңді бірге өткізген сыныптас құрбысы Салтанат Шайгөзова мектеп қабырғасындағы Марфуға ақынның өзгеден ерекшеленіп тұратын шығармашылық қасиетін айтып, мектепке кездесуге келген әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен жолығып, ақыл-кеңес алған естелігін бөлісті. «Көшеге атын беріп жатқанына төбеміз көкке сәл жетпей қалғандай. Керемет қуаныштамыз. Мен Марфуғамен бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін бірге оқыдық. Одан соң Уәлиханов ауданында бірге жұмыс істедік. Тұрмысқа шыққанда қыз жолдас болып, Есенгелді әскерге кеткенде қасындағы қорғаушысы болып жүрген тарихым бар. Марфуғаның есімін әрқашан жарқыратып жүрген Есенгелді, саған рақмет! Құтты болсын!» - деген жүрекжарды тілегін білдірді, ақынның құрбысы Баян Омарова.

Салтанатты іс-шараны «Көкше әуендері» халықтық - фольклорлық ансамблі, «Ұлы дала» этно-фольклорлық ансамблі муызкамен әрлеп, көріктендірсе, республикалық ән байқауларының жүлдегері, әнші Өмірзақ Құрбанов Марфуға Бектемірованың сөзіне жазылған Әнуар Бекжановтың «Аққуым менің қайдасың» әнін, Бурабай аудандық мәдениет үйінің әншісі Ұлан Батан Қалибек Деріпсалдиннің «Қас-қағым» әнін, Бурабай аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Гүлім Құдысбек Марфуға Бектемірованың сөзі мен әнін өзі жазған «Ақ қайыңға» әнін орындаса, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері Сарқытбек Нұрдыбекұлы Марфуға ақын туралы толғау жырын көрермендерге тарту етті. 

Марфуға апаларының болашақ ізбасарлары, №9 мектеп-гимназиясының кішкентай шәкірттері Жақсылық Інжу, Сайлаухан Қазыбек, Рашид Айым, Көшекова Нурия, Амангелдина Айзерелер мен Бурабай мәдениет үйінің әдіскерлері Тілепов Асұлан, Рахматуллин Бақытжандар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. 

Салтанатты іс-шараны қорытындылаған Щучье қаласындағы «№9 мектеп-гимназиясының директоры Көшекова Бибігүл Қуанышқызы өз сөзінде былай деп атап көрсетті: «Бүгінгі іс-шара жақсы леппен өтті ғой деп білеміз. Барлықтарыңызға рақмет! Біз білім басқармасы мен мәдениет үйінің көмегімен осындай іс-шараны қолға алған болатынбыз. Марфуға апамызды еске алу, шығармашылығын насихаттау бойынша мектеп қабырғасында еске алу кешін, өзге де көптеген форматтағы іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Әлі де көптеген жоспарларымыз бар. Алдағы кезеңде қазақ әдебиеті кабинетін ақын Марфуға Бектемірованың есімімен атаймыз деген жоспарымыз бар. 

Мектепте оқып жүрген оқушы Марфуға апай қандай болды, балалық шағы қалай өтті деген сұраққа жауап берерліктей болу – мақсатымыз. Әрбір көрнекті тұлғаның мектепте  жүрген шағындағы өзіндік тарихы бар. Жоғарыда Аманай Асылбайұлы ағамыз Марфуға апайдың оқушылық өмірі сәттерінен жақсы естеліктер айтып жатыр. Менің де осы мектепке өте жақсы қатысым бар. Мен де Көрнекті ауылының тумасымын. Менің әкем де осы мектепте оқыған. Қазір ол кісі сексен жаста. Және Көрнекті ауылында Марфуға апайдың үйімен біздің үйдің арасы – ортасында үй жоқ, нағыз іргелес көрші болдық. Менің әке-шешем айтып отырғандай, Марфуға апай сондай әдемі, инабатты қыз болыпты. Әрқашан кеудесіне қысқан дәптері мен қаламы жүретін, табиғатпен үндесуді жақсы көретін еді деп отырады. Нағашылары Серік атай мен Торғай әжейдің қолында өсіпті. Домбыра тартуды, ән айтуды Серік нағашы атасынан үйренген екен. Ол кісілер керемет жақсы адамдар еді. Біз көрші тұрдық, ағайындас адамдар болдық. Сондықтан да мен кішкентай кезімнен Марфуға апайымның атын жиі естіп жүретінмін. Әке-шешеміз ол кісіні мақтан тұтып: «Осындай үлгілі қыз бар, осыған қарап бой түзеңдер!» - деп отбасымыздағы үш қыз бізді әке-шешеміз осылай тәрбиеледі. Мен Марфуға апайдың ауылдасы ретінде, осы мектептің түлегі, әрі қазіргі басшысы ретінде ол кісінің шығармашылығын әрі қарай ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп насихаттап жүреміз. Бізде әлі де көптеген жобаларымыз бар. «Марфуға оқулары» деген республикалық масштабта өтетін жоба жасау ойымызда бар. Осының бәрін амандық болса жүзеге асырамыз деген сенімдеміз. Марфуға апайдың жаңадан шыққан әрбір жинақ, томдарының тұсаукесері Есенгелді ағамыздың қатысуымен мектебімізде өткізіліп келе жатыр. Апамыз көрмеген жақсылықтарды көріңіз деп тілейміз! Апамыздың аты өшпесін, жарқырай берсін. Апамыздың үлкен рухына тағзым жасаймын!»

Бурабай, Шортаным – анашым,

Сағынған, сағынтқан баласын.

Тәп-тәтті ұйқымнан оятып,

Жанымды әуреге саласың.

Жалтылдап жататын Жөкейім,

Өлеңмен аялап өтейін.

Өзіңе арнаған әнімді,

Ақырын жүректе шертейін.

Біржандай сұңқардың мекені,

Әр күні аңыз бен ертегі.

Мен сенен күтпеймін көп құрмет,

Қызым деп атасаң жетеді, - 

деп жырлаған ақын қызын Бурабай-Шортан елі осылай ардақтап, есімін көшеге беру салтанаты арнайы ас дәміне ұласты. 

Салтанатты іс-шараға жиналғандар «асықпай жүріп анық басып» біртіндеп жоғын түгендеп келе жатқан Бурабай өңірінің қазақы бояуы күннен күнге қалыңдай береріне нық сезінгендері анық. Осындай игі істер молынан жалғасын таба бергей!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар