Өмір дариясына қайық салған әрбір жанды тағдыр толқыны қақпақылдап, жел-уақыт иіріп әкетеді. Дарияны сапырған дауылдар қалтыраған қайықты кейде көкке лақтырып, кейде терең иірімге тартады. Ес жиып ескегіңе ие болғанша есіл уақыттың тоқтап тұрмасы белгілі. Үрей мен үміт арпалысқан көңіл ауаны бір сәт жағалаудағы өлі тынышытықты аңсатардай. Тынымсыз соққан уақыт желі енді бірде су бетіндегі иірімдерді маңдайыңа көшіргенін байқайсың. Бірде ағысқа қарсы, бірде ағыспен баяу жылжыған қайық тіршілікте нұрлы жарыққа ұмтылдырса, соңында табытқа айналып өлім жағалауына әкеліп тастайтынын да іштей сезесің... Талпынасың, күресесің, әр қиырды шолып көруге асығасың. Өкінішсіз өмірдің кілтін іздеп өз жүрегіңе үңілесің. Ақыл толысып, ой кемелденгенде өмірлік тәжірибеңе, көрген-білгеніңе сүйеніп өзгелерге де жол сілтеп, ұрпақ үшін ұстазға айналасың. Өмірдің өзі осыған жетелейді.
Айтары бар ағалардың алдын көргенімді, соларға шәкірт болып, өміріме өнеге еткенімді қуанышпен ойға аламын. Шіркін, сол ағаларым, ұстаздарым жөнінде жазсам тереңіне көз, кемеліне сөз жетер ме?! Солар жүрегіме құйған сезімнің бір тамшысын бере алмаспын.
Табиғатынан таза, шыншыл, әділетті, иманды, жаратушы бойына даралықты, ойына даналықты берген тұлға, ұстаз – Қинаят Шаяхметұлы біртуар ойшыл еді. Саналы ғұмырын ұрпақ үшін сарп еткен ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Тіл білімі саласының бүге-шігесіне дейін жете білетін ұстаздың әр сөзінде тұңғиық сыр, терең мән бар. Ұлтымыздың ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы - Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт-ағартушы зиялыларының ізін басып, қазақ тілінің дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдар Бейсембай Кенжебаев, Сәрсен Аманжолов, Нығмет Сауранбаев, Ыбырай Маманов, Ахмади Ысқақов сынды әдебиет пен тіл қайраткерлерінің сара жолымен жүріп, өзі де тіл білімінің білікті маманына айналды.
Арап Еспенбетов, Қинаят Шаяхметұлы, Қайым Мұхамедханов,
Сайын Борбасов, 80-ші жылдары Семей.
Абай сөзін айшықтап санамызға құйып отыратын. Асыл сөздің ділгірі, түркітанудың білгірі еді. Тек қазақ тіл білімі ғана емес, жалпы түркологияда да шешімі әртүрлі пікір қайшылықтарын тудырып жүрген мәселеде жаңа бағыт ұсынды. Аудармадағы ақындық шеберлік, ішкі мазмұн, сөз қолданыс, тілдік ерекшелікке қатысты айтқан даналық түйіндері ерекше. Кешегі Абай, Шәкәрім, Алаш Арыстары, қазақ әдебиетінің қара нары Мұхтар Әуезов, ұстазы Қайым Мұхамедханұлы жүрген қазақ руханиятының астанасы - Алаш қаласында Қинаят ағаның да өшпестей ізі қалды. Алыптардың еңбегі еш кетпей, өнегесі мәңгілік жалғасарын уақыт өзі дәлелдеді. Сол кісінің тәлімін алған шәкіртімін деген сөздің өзі ешқандай атақтан кем емес еді. Ақырын жүріп, алысқа көз тастап, лекциясын баяу ғана қоңыр дауысымен бастай жөнелгенде ағаның жанарынан нұр шашырап тұратын.
Баба тілдің тереңіне бойлап маржанын сүзді, кешегі кеңестік идеялогия орнатқан талай қатып қалған қасаң қағиданы бұзды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде елдің ертеңі үшін жас ұрпақты бодандық санадан сілкінту, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қазақ тіл білімінің дамуына айырықша назар аудару, ондағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру сынды көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, өзі соның бел ортасында жүріп қызмет етті. "Қазіргі қазақ тілі", "Шартарап" кітаптарында тілдің құдіретін ғана танытып қоймай адам, қоғам, өмір туралы да толғамды ойларын жазып, қазақ үшін ең әуелі еркін ойлы ойшылдардың тілімен, жырымен жеткен Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұқтырып бергендей. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – халқымыз үшін азаттық алып, көк туымыздың желбіреуі еді. Сан ғасырлық бабаларымыз аңсаған еркіндікке қол жеткіздік. Мақсат - ұлттық рухты, елдің еңсесін көтеру болды. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ. Тіліннен айырылған халықтың жеке мемлекет болып басқалармен иық тірестіріп тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сол себепті сан ғасырлар бойы арман болған азаттыққа қол жеткізіп, егеменді ел болған шақта мемлекетіміздің негізі ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығы ету – әрбір ұлтын сүйген азаматтың парызы. Тіл - ұлттың жаны. Шынында халқымыздың басынан талай қиын кезеңдер, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекеннен ауып босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана тілі ғана. Тіл - халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Біздің ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дәстүріміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Ана тіл – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы. Ғалым әдеби тілімізде сақтау арқылы ұлттық даралығымызды сақтап қаламыз деген тұжырымға келеді. Өз еңбектерінде қазақ тілін насихаттауға, қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі мәселелерін зерттеуге сүбелі үлес қосты. Филологиялық іргелі зерттеулерге талдау жасап, өзінің көзқарасын ашық айтумен келді. Алғаш халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Семей филиалының тұңғыш төрағасы да болды. Әбден орыстанып кеткен қалада тілдің мәртебесі үшін күресті. Қарап отырсақ қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ұстаздың бүкіл ғұмыры тіл үшін күреспен өткен екен.
Ана тілімізде сөйлемей, өз ұлтына, өз тіліне немқұрайлы қарайтын жандар бүгінгі қоғамда да жетерлік. Соларға ой салып қазақшаға да, орысшаға да жетік ғалым сын мақалалар да жазды. Төккен төр, еткен еңбек өз жемісін берді. Шәкірттері озық ұстазға айналып мәдениет мекемелері мен білім ошақтарында қызмет ете бастады. Осылайша тамырын тереңге, қанатын кеңге жайды. Қаланың қазақтануына орасан еңбек сіңірді.
Абай мұрасын жан-жақты танып зерттеген ғалымның поэзияға, өлеңге деген талғамы өте жоғары. Әдебиеттанушылардың тісі батпайтын күрделі талдауларды аға сабақ үстінде оп-оңай түсіндіріп беретін. Себебі, жан дүниесі ақын болатын. Ағаның тамыршыдай тап басып танып, өзі мақтанышпен айтып отыратын ақын шәкірттері: бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайран, Абайлық ақиық ақын Төлеген Жанғалиұлы сынды таланттар болатын. Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім ағаның терең пайымдауларын сабақ үстінде мысал етіп, шәкіртім деп марқайып отыратын. Міне, бұл ұстаздың көрегенділігі мен шарапатын көрген тұлғалар. Ағаның өз ауызынан естіп, мен білетін шәкірттері ғана, ал мен білмейтіндері қаншама. Қазақ тілінің шын жанашыры, ұстаздардың ұстазы атанған жанның шәкірттерінің өзі бүгінде тіл білімінде үлкен мектеп қалыптастырып үлгерді. Ғалымның өзі өлсе де, сөзі өлмейтіндігі анық. Аты аңызға айналған ұстаздың қасында аз-кем шәкірт болып ілескен күндерімді жиі сағынып еске аламын. Тірісінде алғашқы «Тәңірқұт» жыр жинағыма ақжарма тілегін газет бетіне жариялап, ақ батасын берді. Мұның өзі кең жүректі ағаның болашағыма артқан үлкен сенімі деп білемін. Шаяхметұлының шеберханасынан шыққан шәкірттер бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде туған тілдің ертеңі мен ұлт руханияты үшін аянбай қызмет етіп келеді.
Үлкен ғалым интеллектуал бола тұра ұстаздың құдіреті қарапайымдылығында еді. Түсінсең де, түсінбесең де осы демей әрбір студентінің шама-шарқына қарай жұмыс жасайтын. Әлемдегі болып жатқан зұлымдықтың барлығы да мейірімнің аздығынан екендігін ұққандықтан да болар, оқуға деген қатаң талабы болса да, білімді мейіріммен беретін.
Туған тілдің өркендеуі мен абыройын асқақтату әр бір азаматтың борышы екендігін, тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш, ұлтжанды тұлға болып қалыптасуы керектігін үнемі ескертіп отыратын.
Азаматтық ұстанымы мен ғылымдағы ғұламалығы ұштасқан, өткір мінезді, өзгені тартып тұратын кісілік келбетімен дараланды. Бойында ұлттық рухы мол, елін, жерін, халқын сүйді. Қамқор, қарапайым болатын, үлкенмен де, кішімен де ақжарқын сөйлесетін, тұла бойына біткен толып жатқан жақсы қасиеттерімен дараланатын, халқының қасиетін қадірлейтін, әдет-ғұрпын сыйлайтын жандарды айрықша бағалайтын.
Жазылған жаңа дүниелерді ерінбей қарап шығып, өз пікірін ортаға салып отыратын. Бұл адами қасиеттері, ғылым жолындағы өлшеусіз еңбегі, тым қарапайым болмысы, өзгеге жәрдем жасауға деген құлшынысы, өзін құрметтейтін шәкірттерінің көптігі Қ.Шаяхметұлының өмірдегі азамат ретіндегі қалпын аша түседі.
Ұлылар аманатын арқалап, жарты ғасырға жуық Семей мемлекеттік педагогикалық институтында өз жолынан танбай ұстаздық етті. Еңбегі еленіп Қазақ білім академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, филология ғылыдарының кандидаты, профессор атанды. Қинаят Шаяхметұлыны атақ іздеп алданбай, ар мен намысын бәрінен биік қойды. Қандай қиын кезеңдерде де өзінің азаматтық ұстанымынан сақтап, туралығынан таймады. Ұстазы Қайым да шәкіртінің осы бір қасиетін ұнатса керек. Қинаят Шаяхметұлындай ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ, осы мәртебені құлатпай көтеріп өткен ағаның артында өшпейтін мұрасы, өзіндей сұңғыла шәкірттері қалды. Жақында өзі қызмет еткен Шәкәрім мемлекеттік университетінде, Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастыруымен ұлы ұстаз, ғалым Қинаят Шаяxметұлына арналған «Шаяхметұлы оқулары» өтті. Бұл да ғалымның еңбегінің еленгені деп білеміз.
Бір сөзінде аға Шоқанның өмірі мен еңбектері жайлы айта келіп: «жасымнан Шоқандай болуды армандадым, Шоқандай халқыма қызмет еткім келді. Бірақ, ондай бола алмадым. Шоқан асқан ғұлама ғой!» - деп сүйінгені бар еді. Бүгін біз сол ұстаздай болуды, сондай ойшылдыққа жетіп, халыққа қызмет етуді аңсап жүрміз. Қалай десек те жақсы ұстаздан алған өнеге өмірімізге азық, адастырмас темірқазық болды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.