Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

19.09.2019 4607

Арқа тойы ажарлы 12+

Арқа тойы ажарлы - adebiportal.kz

Сөз өнерін қастерлеген Бұқар жырау Қалқаманұлы, үш жүзді билігімен ұйытқан қаз дауысты Қазыбек би, ардақты алаш арыстары Әлихан Бөкейханұлы, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, арда туған Ақселеу Сейдімбекті түлеткен қазыналы Қарағанды шаһарында өнер мен мәдениет салтанат құрып, тарихта ізі қалған тұлғалардың есімі еленіп келеді. Соның ішінде Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің орны бөлек. Биыл арқалы ақынның 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай бүгін Қарағанды қаласының «Достар үйінде» жас ақын-жазушылардың тұңғыш форумы басталды.

Форумның мақсаты – «Жастар» жылы аясында елімізге танымал жас қаламгерлерді арқа төсіне жинап, аға буын мен жас толқынның арасындағы сабақтастықты жалғау, Сәкен мұрасын жан-жақты насихаттау. Басқосу Қарағанды облысы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Кештің алғашқы сөзі Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлына бұйырды. Ол аталған жиынның маңыздылығын атап өтіп, С.Сейфуллиннің қазақ әдебиетіндегі елеулі еңбегін, қаламгерлік қуатын тілге тиек етті. Өңірлік әдебиеттің жай-күйін айта келіп, А.Нүкенұлы: «Бүгінгі форум аясында арнайы секциялар жүргізіледі. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар дөңгелек үстел үстінде өз ойларын, тың идеяларын айтады деген үміттеміз. Ал форумның қорытындысы ретінде арнайы резолюция қабылданады. Баһадүр батырымыз Бауыржан Момышұлы: «Мен бүгінгі қазақтың ішінен жаңа Шоқанды, жаңа Абайды, жаңа Мағжанды, жаңа Қасымды іздеп жүрмін», - деген екен. Міне, бүгінгі жиынның берері де, діттегені де осы деп ойлаймын», – деді.

Соңғы уақытта Қазақстан Жазушылар одағы жастар шығармашылығына ден қойып келеді. Мемлекетіміздің әр аймағындағы жас қаламгерлер одақ құрамына біртіндеп еніп жатқаны баршаға аян. Бұл жұмыстар Жазушылар одағына жаңа серпіліс береді деген үміт басым. Әдебиет әлеміне келіп, өз қолтаңбасын қалыптастыра бастаған сөз зергерлері жетерлік. Осыған сәйкес, шара барысында белгілі ақын-жазушылар Жанат Жаңқашұлы, Олжас Қасым, Амантай Жарқынбек, Абылай Маудановқа одақтың арнайы төлқұжаты тапсырылды. Яғни, бұл қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне енді. Аталған билетті Қазақстан Жазушылар одағының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан тапсырып, қадамдарына құт тіледі.

Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы республикалық БАҚ өкілдері арасында да кеңінен насихатталып жатыр. Онда Сәкеннің өмірлік жолы, қызметі мен еңбегі, қайраткерлігі туралы біршама ғылыми ізденістер жарияланды. Сәкеннің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасы жер-жерлерде дәріптеліп, туындыда айтылған өзекті мәселелер жаңаша қарастырылуда. Осы төңірегінде «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі сөз алып, Сәкен шығармашылығы және жас буынның аяқ-алысы турасында келелі ойларын ортаға салды. Ол: «Сәкеннің тойы – бұл «Егеменнің» де тойы. Себебі Сәкеннің қаламгерлігі, публицистикасы және журналистігі «Еңбекші қазақ» газетін басқарған кезеңдерде анық көрінді. Сол газетте жүріп жазған мақалалар әлі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Соның ішінде «қазақ» атауын қайтару, наурыз мерекесін тойлау, қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру жөнінде тоғыз мақала жазған. Сонымен қатар, Сәкен сол жылдары Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын дүркіреп өткізді. Ахметке «Біздің барлығымыз бас сауғалап жүргенде ұлттың мүддесін осы Ахаң түгендеген еді» деген үлкен баға берді. Сондықтан Сәкен мен Алаш ұғымы да егіз», - деді.

Кеш барысында С.Сейфуллиннің сөзіне жазылған әндер орындалды. Елімізге танымал қабырғалы қаламгерлер ұлт қайраткері туралы ізгі ойларын білдіріп, әйгілі ақынға арналған жыр шумақтарын паш етті.

Қазақ әдебиеті – ұлттың төлқұжаты іспеттес. Оның тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. XX ғасырдың екінші жартысында елдің әдебиетке деген ықыласы ерекше зор болды. Бұл кезең – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деген атпен тарихта қалды. Соғыстан кейін күйзеліп қалған, жүрегіне қан қатқан халықты, жетімдер мен жесірлерді сөз құдіреті мен кітап киесі, яғни қаламгерлер осы қиындықтан алып шықты. Сол әдеби кітаптар халықтың рухын оятып, еңсесін тіктеді. Бүгінгі таңда біз әлемдік процестерді жіті бақылап, өз өнімімізді таныта білуіміз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар ұйымдастырылуы керек. Қазіргі әдебиетті қалай дамытамыз, бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және рөлі қандай деген сауалдарға жауап іздеу – басты міндет. Міне, келесі дөңгелек үстел осы тақырып аясында болды.

Бұл дөңгелек үстелде тың және өзекті ұсыныстар айтылды. Оның ішінде Ж.Жаңқашұлының орыс әдебиеті жөніндегі бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Оның айтуынша мектеп қабырғасындағы орыс әдебиеті «әлем әдебиеті» болып оқытылуы керек. Себебі орыс әдебиеті әлем әдебиетінің ішіне кіреді. Егер бүлдіршіндер шетел әдебиетін оқыса, дүниетанымы мен білімі одан әрі кеңейіп, ойлау қабілеті тереңдей түсері анық. Бұл өзекті мәселе бірер жыл бойы үлкен мінберлерде, республикалық жиындарда айтылып келеді. Бірақ мұның нәтижесі болмай тұр. Десе де, аталған ұсыныс мемлекет тарапынан қайта қарастырылып, шешімін табады деген үміт басым. Одан кейін Ж.Жаңқаш республикалық «Қасым» әдеби сыйлығын әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Бұл сыйлық әкімшілік өкілдерімен келісіліп, ортақ шешімге келетіні қозғалды. Басқосуда айтылған тағы бір мәселе – авторлық құқық жайында болды. Мәдениет саласы бойынша қаралатын заңға сәйкес қаламгердің кітабы министрліктің қолдауымен жарық көрсе, олар 70 жыл бойы өз шығармаларын басқа газет-журналдарға немесе баспа беттерінде жариялауға құқы жоқ. Сондықтан талант иелері мұндай ұсынысты қабыл алмай, кітаптарын жекеменшік баспаханаларда басуды жөн көреді. Егерде авторлық құқыққа өзгерту енгізіліп, қаламгерлер өз шығармашылығын толыққанды жариялай берсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Міне, осындай өзекті ұсыныстар ортаға салынып, әдеби үдерістің түйткілді мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстелден кейін ақын-жазушылар екі секцияға бөлінді. Бірінші секция «Қазіргі заманғы поэзия», «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ағымдар» тақырыбында болса, екінші секция «Қазақ әдебиетінің әлемдік аренадағы орны және рөлі» тақырыбында өтті. Екінші секцияға белгілі жазушы Дидар Амантай, танымал ақын, драматург Исраил Сапарбай, Ерлан Жүніс, Алия Дәулетбаева, Танакөз Толқынқызы және 20-ға тарта жас ақындар қатысты. Осы кеште жас шайырлар өз өлеңдерін оқып, аға буынның ақ батасын алды. Форумның шарты бойынша «Қасым» сериясымен екі жас ақынның кітабы шығатын болды. Оның біреуі – семейлік ақын Бауыржан Игілік болса, екіншісі – маңғыстаулық ақын Еділбек Дүйсен.

Еске сала кетейік, ертең 09.00-де А.Құнанбайұлы мен Қ.Аманжолов ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия жүргізіледі. Одан кейін сағат 15.00-де қаладағы жоғарғы оқу орындарында ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесу кеші өтеді.

Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар