Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Ақыт Үлімжіұлы - кітаби ақын...

17.05.2019 7567

Асылбек Байтанұлы. Ақыт Үлімжіұлы - кітаби ақын

Асылбек Байтанұлы. Ақыт Үлімжіұлы - кітаби ақын - adebiportal.kz

Төрт салалы Алтайдың Монғолияға қараған бөлігі – Қобда беті деп аталады. Бұл атау – Алтайдың Бесбоғда шыңынан бастау алып, күншығыстағы Қарасу көліне құятын Қобда өзені мен, Батыс Монғолияның әкімшілік орталығы болып саналатын, төрт ғасырлық тарихы бар Қобда қаласына байланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Монғолияны мекендеген қазақтар алғаш қоныстану туралы ықтиярлықты осы Қобда қаласындағы Мәнжі билеушісінен сұраған еді. Ал Қобда өлкесінің өзі Монғолия құрамына 1911 жылдан кейін ғана өткен. Мәнжі-Чин империясына қарасты Өр Алтай мен Қобда бет қазақтары тауды ары асып, бері асып мекендей беретін бұл заманда жасаған көптеген белгілі тұлғалардың шығармашылығы қазіргі Монғолия мен ҚХР-ға ортақ болуы заңдылық. Бұлардың қатарына танымал ақын, дін ғұламасы Ақыт қажы Үлімжіұлын да жатқызуға болады.

Ақыт Үлімжіұлы – Алтай тауының Қытайға қараған бетінде туып өскенімен, шығармашылық тұрғыда кемелденіп өсу кезеңі Қобда бетте ғұмыр сүрген жылдармен тұспа-тұс келеді. Атап айтқанда ұстаздық қызмет жасауы, ел игі-жақсыларымен бірге қажылық сапарға аттануы, ел-мен жер көріп, алыс-жуықпен шығармашылық байланыстарын арттырған шақтары Қобда беттегі жылдармен орайласады. Сондықтан да болар, Ақыт Үлімжіұлының Монғолиядағы қазақтарға жасаған рухани ықпалы өте зор болды. Ақыт өлеңдері мұндағы халық арасында кең тарады. Ақыттың кезінде Қазан қаласында басылып жарық көрген дастандарын жатқа білетін, немесе ақын өлеңдері мен дастандарының қолжазба нұсқаларын күні бүгінге дейін Баян-Өлгийдің әр өңірінен табуға болады.

Ақыт қажы шығармашылығы 1990 жылға дейін отбасындағы шағын дастархан деңгейінде ғана айтылып келді. Себебі, аталған елдегі коммунистік режимнің таптық көзқарасына байланысты, байлар мен феодалдар, дін өкілдері туралы насихаттауға тыйым салынды. Ақыт қажының есімі де Кеңес Одағында басталған қайта құру, жариялылықтың лебі Монғолияға есе бастасымен, қайта оралды. Өткен ғасырдың 80-жылдары соңынан аталған елде Ақыт қажы шығармаларын жинақтау, кітап қылып бастыру жұмыстары қызу қолға алынды. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Ақыт қажының өлеңдерін, діни, тарихи дастандарын жатқа білетін қариялар әрбір өлкеде көп болғандықтан, аталған жұмысты атқару барысында аса қиыншылықтар туындамаған болса керек. Ақыт қажы шығармаларының қадымша, төте жазумен көшірілген нұсқалары күні бүгінге дейін ел ішінен көп табылады.

Міне, осының нәтижесінде Баян-Өлгий аймағында 1991 жылы Кәкей Жаңжұңұлының жинап құрастыруымен «Қажыбаян», 1994 жылы Шынай Рахметұлының құрасыруымен «Ғақылия» атты кітаптары жарық көреді.

ХІХ ғасырдың ортасы, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлкен шоғыр – кітаби ақындар қатарына жататын ірі шығармашылық иесі. Ақыт Үлімжіұлы Монғолия қазақтары жазба әдебиетінің, оның ішінде поэма жанрының негізін салушылардың бірі. Кітаби ақындардың мен фольклорлық сарын басым халық ақындарынан едәуір айырмашылығы бар. «Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет» [1, 20], - деген екен, алашшыл ғалым Халел Досмұхамедұлы.

Ақыт Үлімжіұлы туындыларының мазмұны дәл осы діни және ғибраттық сарында екендігін ескерсек, мұның өзі де сол кезеңдегі қазақ қоғамында қалыптасқан діни, саяси ахуалға қатысты деп айтуға болады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ, тіпті қазақ ғана емес, барша түркі әлемінде жәдитшілдіктің сарыны есіп, ұлттық сана сезімде өрлеу пайда болып жатқан еді. Ақыт қажының діни ағартушылықпен шұғылданатыны да осы тұс еді.

Ақыт қажы Үлімжіұлының Қобда бет қазақтары әдебиетіндегі поэма жанрын қалыптастырудағы орнын қарастыру барысында ақынның өміріне аз-кем тоқталмақпыз. «Ақыт Үлімжіұлы Алтай аймағының Көктоғай ауданынан, молқы руынан болып, 1868 (жылан) жылы Қайыртыда туылған. Ақыттың әкесі Үлімжі аты шыққан бай да, би-молда да емес, үпі-тәпі дәулеті ғана бар қарапайым шаруа. Анасының аты Жібек»[2, 8], - деп жазған екен, ақынның ұлы Ғазез.

Жастайынан Ғұсман атты ауыл молдасынан және немере ағасы Садықтан ескіше оқып хат таныған жас жеткіншек Ақыт ержете бастаған шағында молқы руының үкірдайы Жуанған қажының аулына Бұқарадан келіп бала оқытқан Махбубулла атты молладан сабақ алып, алдыңғы алған білімін тереңдете бастайды. Бұл турасында ақын кейінірек өзі жазған ғұмырбаяндық жырында былай деп жазады:

Пақыр Ақыт сөйлейді әрбір тұстан,

Жастан түркі танытты молда Ғұсман.

Садық аға үйретті «Әліф-би» деп,

Танытты хат-қағазды асығыстан,

Ержетіп дамолладан алдым сабақ,

Есімі-дүр Махубулла асыл талап.

Бұқардың ақсүйегі дәл өзінен,

Шығады демі сайын ғылым тарап [2, 6-7].

Махубулла молдадан түрки-шағатайшаны танып, қадимше сабақ алады. Әр баланың қабілеті түрлі болатыны ол заманда да анық аңғарылса керек. Ақыт сабақтастары арасынан зейінділігімен, алғырлығымен жылдам көзге түсіп, араб тілін өз бетінше түсініп, оқи білетін дәрежеге жетеді. Осыдан кейін Бұқара, Қазан, Стамбул т.б. қалаларда шығатын түркі тіліндегі кітаптармен таныса бастайды. Ел ішінде жүретін ноғай, өзбек саудагерлері мұндай кітаптарды жиі әкеліп саудалайтын болған. Халықтың сұранысына, әрі патша билігінің ықпалына жарай, ол кездегі Қазаннан, Уфадан және т.б. Ресейге қарасты қалалардан шығатын кітаптардың көбі «Мұхаммедия», «Қисасул-Әнбия» сияқты кітаптар болған екен. Бұл кітаптардың мазмұны ислам дінінің күрескерлері пайғамбарлар өміріне құрылатын болған. Жасынан осындай діни дастандарды дастандарды оқып, зейінге тоқып жаттап өскен Ақыт бала өзі де өлеңге құмартып, тырнақалды талпыныс өлеңдерін жаза бастайды. Сондай өлеңдерінің бірі мынау екен:

Үлімжі – біздің атамыз,

Құдайға көп-дүр хатамыз.

Ғылым нұрын бір көрмей,

Қараңғы қайтып жатамыз[2, 7].

Ақыттың осылайша ақындық жолға түсіп, ержете бастаған шағында Алтай мен Қобда беттегі ел арасында пошта қызметіне жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Бұл оған екі өңірдегі елді бірдей біліп, аралас-құралас болуға мүмкіндік береді. Пошта қызметі арқылы Қазанда шығатын әдеби туындыларды алдырып оқи бастайды. Бұл оның өлең жазудың тың техникасын игеруіне, танымдық тұрығыда дамуына зор игі әсер береді. Жиырма екі жасында «Жиһанша» атты көлемді туындысын жазады. Қобда бекетінде жазып бітірген ол туындысын Қазандағы Кәрімовтер баспасына жолдайды. Дастан 1897 жылы кітап болып жарық көруі зор қуаныш, игі лепе болады.

Осылайша таныла түскен Ақытты Қобда беттегі ботағара, шұбарайғыр руларының Бардам, Оразбек, Лайық қатарлы ел ағалары балаларын оқыту үшін қолқалап, осы жаққа көшіп келуін өтінеді. Міне, осылайша Ақыттың шығармашыл тұлға ретіндегі өсу, өрлеу жылдары Қобда бетке көшіп келген кезеңнен басталады.

Ақыт Үлімжіұлы Қобда бетте, қазіргі Делуін өлкесі аумағында бала оқыта жүріп шығармашылықпен шұғылданады. Осы кезеңде жазған туындылары 1908 жылы Қазан қаласында «Ахуал хикмет» деген атпен жарық көреді. Ақыт ақынның атақ-даңқы Қобда бетке түгел мәлім болады. Қобда бойын мекендеген Бардам, Лайық, Оразбек бастаған бір топ ауқаттылар Мекке-Мединеге қажылық сапарға шықпақ болады. Ақыт аталған қажыларды екі күншілік шекараға, Ойғыр басына дейін шығарып салуға барады. Осы кезде қажылар Ақытқа тағы да қолқа салады: «Сен араб тілін білесің. Қажылық жолда бұл бізге үлкен көмек болатыны анық. Жолға кететін шығыныңды біз көтереміз. Бізбен бірге қажылық сапарға шығуыңды өтінеміз», - дейді. Кәрі әкесі Үлімжімен, отбасымен қоштаспағанын айтып біраз тартынғанымен, сапарға шыққан қажылардың көңілін қимай, келісім береді. Осы сапардың нәтижесі – жолсапарнама сипатындағы «Қажыбаян» дастаны. Мұнда ауылынан аттанғаннан бастап, қазіргі Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы қатарлы елдер туралы, әр жерде көрген хикметтер мен қиындықтар жайында өлең тілімен баяндайды. Ақыттың бұдан кейінгі ғұмырында оның есіміне «қажы» анықтауышы жазылатын болды.

Аллаһи саған жылап қалам алдым,

Тәуекел бір ісімді саған салдым.

Жаранлар, атым – Ақыт, молла тәйіп,

Жасымда отыз тоғыз Мекке бардым.

Сұрасаң абақ керей –арғы затым,

Көрген жол – тәмсіл етіп жазған хатым.

Алтайда Үлімжіұғлы Ақыт едім,

«Тәйіп» деп бәдәуилер қойған атым [3, 11], -

деп жазады «Қажыбаян» дастанында. Бәдәуилер мінәжат сапарында көрсеткен мінез-құлқына қарай қажыларға ат беретін болса керек. Сонда Ақыт қажыға тәйіп яғни, «жағымды» деген мағынадағы атты берген екен. Қажылар ауру мен аштықты бастан кеше отырып, Меккеге жетеді. Өзге қажылар діни рәсемдерін өтеп болған соң елге қайтуға беталғанда, Ақыт қажы Құдысқа (Иерусалим), Шамға (Дамаскіге), Мәдинаға сапар шегіп, білімін толықтырады.

Қажылық сапардан келген соң, Ақытты ел-жұрт діни мәселелерді шешетін қазы етіп сайлайды. Діни рәсімдерді атқара жүріп Ақыт қажы Үлімжіұлы көптеген назым өлеңдер жазады. «Ақыттың қырық назымы» дейтін әйгілі цикльді жырларына қазақ қоғам өміріндегі адамдардың орны, жақсылық пен жамандық, т.б. хал-ахуалдар арқау болады.

Ақыттың «Хисса-и Жиһаншах Тамуз шах ұғлы», «Хисса-и Ғабдулмүлік», «Ахуал хикмет», «Әбият Ғахидия», «Керей ишаны Мүхаммед мүһмин», «Хисса-и Сәйфілмәлік», «Тәржімә-и Ақыт Уәләд Үлімжі», «Мұхаммедқанафия», «Самұрық құс», «Абақ керей шежіресі», «Ер Жәнібек», «Смағұлдың хикаясы» т.б. дастандарының көбі кітап болып жарық көрді. Кейбіреулері баспаға жеткізушілердің атымен шыққаны, олардың ішіндегі «Ақыт пақыр жылайды» деген сөздік қолданысқа қарап, шүбәсіз Ақыттыкі екендігіне көз жеткізуге болады.

Жалпы алғанда Ақыт Үлімжіұлының қаламынан туған дастандарды тақырыптық, мазмұндық сипаты жағынан шығыстық үлгідегі нәзирагөйлік, діни және тарихи дастандар деп үшке бөліп қарастыруға болады.

Ақыт Үлімжіұлы – діни тақырыпта аса өндіртіп жазған ақындардың бірі. Жиырма екі жасынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін аталған тақырыпта жазған ондаған дастандары сөзімізге дәлел болады. Сондықтан да Ақыт Үлімжіұлының тұтас қазақ әдебиетіндегі діни ақындар, немесе кітаби ақындар арасында өзіндік биік орны бар. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Алма Қыраубаева кітаби ақындар шығармашылығы туралы былай деп атап көрсетеді: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі кітаби ақын-шайырлар қатарында Мәшһүр Мақыш Қалтайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Сұлтан Шәді Жәңгірұлы, Ақылбек Сабалұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Қарасақал Ерімбет, Ақыт Ұлымжыұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Омар Шораяқұлы, Молда Мұса секілді көптеген ақындарды атауға болады» [4, 13]. Жоғарыда аттары аталған ақындардың қай-қайсысы болсын, өзінің ақындық әлеуеті, қалдырған туындыларының көлемі тұрғысында осал тұлғалар емес.

Ақыт Үлімжіұлы – қазақ даласына жәдитшілдік тарай басатған кезде жарқырай көрініп, алыс түкпірдегі Алтай қазақтары арасында білім сәулесін шашқан қайраткер тұлға болуымен қатар, туған халқының күнделікті өмір салтында ұстаным-үлгі боларлықтай, алуан түрлі ғибратты дастандар, тәрбиелік өлеңдер жазды. «Молда деген – ислам дінінің канондарын ұғындырып, діни рәсімдер жасайтын адамдар» деген түсінік Ақыт Үлімжіұлының іс-әрекет бағытына толықтай келе қоймайды. Ол – шығармашылық адамы. Қобда бет қазағына жазба әдебиеттің үлгісін таратып, білімнің нұрын шашқан жаңашыл ақын. «Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған» [5, 13], – деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзіне саятын болсақ, Ақыт қажының Алтай мен Қобда бет қазағы алдындағы ұстаздық қызметі, жазба әдебиетті қалыптастырудағы еңбегі айқындала түседі. Ақыт Үлімжіұлының дастандары туралы бұдан кейінгі мақалаларымызда кеңінен тоқталатын боламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Х.Досмұхамедұлы Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 211 бет.

2 А.Үлімжіұлы Ғақылия. – Өлгий: Баян-Өлгий аймақтық баспахана, 1994. – 328 бет.

3 А.Үлімжіұлы Қажыбаян. – Өлгий: Баян-Өлгий аймақтық баспаханасы, 1991. – 112 бет.

4 А.Қыраубаева Қазақ әдебиетіндегі Шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы. Филол.ғ.д. дисс. – Алматы: 1997. – 337 б.

5 Байтұрсынов А. Ақ жол (зерттеу мен өлеңдер). – Алматы: Жалын, 1991. – 464 бет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар