Мақала талантты ақын, жазушы, журналист, филолог ғалым Бақытбек Бәмішұлының шығармашылығы туралы ойларға құрылған.
Алтайдың салдым сайран күн бетіне,
Ақ қағаз жазу жаздым, бір шетіне...
Қара өлеңнің мөлдір қайнарынан нақ сусындап, қапысыз шырқалар кәрі әуезіне құлағының құрышын еркін қандырып өскен елдің әр баласының жан жүрегіне ескіден жеткен мынау екі жол етене таныс. Басқы екі жолы әлдебір базарлы шақты еске алған сағыныш, соңғы екі жолы "өнерге әркімнің-ақ тайталасы" деп Абай дана айтқанындай, адамның адамға құрмет-сыйластығынан өнер туындысы шығады шырқалады дегенге саятын қара өлеңді, көне әуен. Бұл өлең жолдарын әу баста кім шығарғаны, бүгінгі күнге әрине, беймәлім. Анығы – бас-аяғы айшылық алапқа созылған алып Алтайдың күн беті туралы айтылып тұрғандығы. Бұл географиялық атау – қазірде жат елдің иелігінде болса да, қазақ руханиятының толымды үйегі Қобда бетін меңзейді. Төр Алтай, Өр Алтай, Таулы немесе Орыс Алтайы, Монғол Алтайы деп төрт елдің аумағында жатқан тұтас Алтайдың күншығысын қазақтар 18-ғасырдан бері Қобда беті атап келген.
Арғы тарихты қопармағанда, берісі бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері қазаққа құтты мекен болған Алтайдың күн бетінде Баян-Өлгей атты қазақ аймағының құрылғанына да келесі жылы аттай сексен жыл толмақ. Географиялық, шаруашылықтық ерекшелігіне байланысты Баян-Өлгей аймағы өз ішінен 12 аумақтық әкімшілік бірілікке (сұмынға) бөлінеді десек, бұлардың да өзіне тән ерекшелігі,дара тарихы бар. Сол он екі сұмынның бірі Бұлғын Баян-Өлгейдің ең күншығыс бетінде жатқан шалғай өңірі. Мәңгілік мұзарттан бастау алған, жағасы нулы Бұлғын өзенінің бойындағы қалың ел ежелден халқының сауықшылдығымен, қазақи салт-дәстүрге ерекше беріктігімен дараланған. Шаруашылықтың әр саласында толайым табыс шығарғаны үшін Еңбек Ері атағына ие болған еңбек майталмандары, кезінде Монғолияның, қазіргі күні Атажұрт Қазақстанның өнер әлемінде еркін жүзіп, танымалдыққа жеткен біршама өнер жұлдыздарының осы киелі топыраққа қатысы бар. Сондай-ақ сөз өнерін әспеттеп, ақындықты, ән мен күйді жанына серік еткен айтулы ақындар мен жазушылар мейлінше көп шыққан өлке. Табан аузында тауып айтып, ділмарлығымен танылған қара сөздің қайығы Мұзбай шешен, ақындықтан өзге бір басына ұсталық, өрімшілік, атбегілік т.б. сан өнерді жинақтаған Даниял Дікейұлы, ел басқарған көшелілігімен, арысқа түскен палуандығымен, ақындығы мен жазушылығымен дараланған Зұқай Шәріпақынұлы, посткоммунистік Монғолияның діни, рухани ахуалының ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ақын Кәкей Жаңжұңұлы, Алтайдың күншығысындағы бір шоғыр елдің Затаевичі дерлік еңбек жасаған, сан жүздеген халық музыкалық әуендерін партитуралап, ұлттық руханият қорына табыстап кеткен кәсіби композитор Қабыкей Ахмерұлы, ойлы ақын, қарымды қарасөзші Абай Мауқараұлы т.б. айтулы қаламгерлерді тал бесікте тербеткен өңір. Баян-Өлгейдің муызкалды-драма театрының қалыптасып, өркендеуіне осы Бұлғын өңірінен шыққан таланттардың үлесі ерекше.
Бақытбек Бәмішұлы қаламдастары ортасында
Сол Бұлғын өңірінен түлеп ұшқан талантты тұлға, қыран ұшар биікте өмірден қапияда ерте озған сыршыл лирик Кәкей ақынның сөзіне жазылған:
Барам, апа, көктемде,
Жаңбыр жауып өткенде,
Бұлғын сыңғыр қаққанда,
Ағаш алқа таққанда, -
дейтін сағынышты әнге арқау болған көрікті Бұлғын өлкесінде дүние есігін ашқан айтулы азаматтардың бірі – ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бәмішұлы.
Алтайдың Мәңгі қайырқан мұзартынан нәр алып, ұлы қойнауды қақ жара аққан Бұлғынның асау арыны мен мөлдір тұнығын арда жырына анық сіңірген ақын бүгіндері Атажұртта, асқар Алатаудың бауырына ақ ордасын тігіп, қалың алаш жұртына қызмет істеп, шығармашылықпен шұғылданып жатыр. «Алпыс – ал, піс, алпыс – тал түс», - деп Шерағаң айтпақшы, тал түс алпысты межесін алаң алқыныспен емес, көсіле тастар алымды, кең тынысты қалыппен бағындырған шығармашыл тұлғаның ұлт руханиятына салған салымы, жеткен жетістігі көзі қарақты оқырманға, қазақ әдебиеті мен ғылымынан хабардар оқырманға аян. Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов қатарлы көптеген қаламгерлер сияқты, әу бастағы игерген мамандығы әдебиеттен мүлде алыс, Ресейдің көне астанасы Ленинградтың Теміржол институынан алған автоматты байланыс инженері болса де, түптің түбінде әдебиет аулына табан тіреген екен.
Бұған әрине, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өлең-жырға бейімдігі себеп болғаны анық. Бүгінге дейін «Мәңгі көк аспан астында», «Тұмарлы таң», «Бай Бұлғын жерім-ай», «Оспан батыр»,"Ажалсыз адам" т.б. поэзия, проза жанрларында жазылған кітаптары жарық көрумен қатар, «Диуани лұғат ат түрк және моңғол тілі», «Тілдерді дамытудың әлеуметтік негіздері» ғылыми монографияларын жазып, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын монғол тілінде сөйлеткен қаламгер, аудармашы ғаламторлық журналистка саласында да қарымды еңбек етуде. Әр жарияланымынан қазақтың рухы қалғып кетпесін, өшкенін жандырып, кемдігін толтырсын деген алаң көңіл, ұлт болашағына деген алаң көңіл айқын аңғарылып тұратын ақпараттық-танымдық «Мінбер» ғаламторлық газеті – Бақытбек Бәмішұлының жалпы азаматтық кредосының айнасы іспетті.
Бақытбек Бәмішұлының прозалық, поэзиялық, публицистикалық туындыларының барлығына ортақ қасиет – ондағы шынайы өмірдің қанық ұлттық бояулы суреті мен айқын азаматтық ұстаным.
Беу, бауырлар, мен дағы Алтайданмын,
Ақ бесікте армансыз шайқалғанмын.
Анам сырған сырмақта төрт аяқтап,
Ағам құсап қазықтай қалқайғанмын.
Ашамаймен үш жаста атқа мініп,
Қозысындай құлжаның марқайғанмын.
Қалың тұман ішінен із қуалап,
Қас-қабаққа мұз қатып қайқайғанмын.
Екі шумақта бір-бірінің ізін баса есейер мейірлі қазақ үйелменінің әдепкі шынайы өмірі, табиғатпен ерте етенелесер қайсар қалпы, паң құлжадай өр мінезі, ұлттық бояуы қанық этнография бар. Кеше солай болған, бүгін де сол қалып. Ал ертеңгі күні осы бір қазақы қалып, ұлттық реңк оңып қуарусыз сақтала ма, ол болашақтың көңіл алаңы. «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», - деп Төлеген Айбергенов айтпақшы, Бақытбек ақынның бұрынғы-соңғы жазылған өлеңдерінен ел мен жердің ертеңі, «қара қазан сары баланың» алаңсыз болашағы үшін алаңдаған күйін аңғарамыз:
...Бұрын да болған талай жол,
Бүгінгі жолың Арай жол!
Аңдамай басу адасып,
Тайдырар жолдан қалай да ол.
...Таппады тыным жан маза,
Тойлатып атқан таңда да.
Қоғам да қалды құлақсыз,
Дарақы шудан, даңғаза!
«Ақын – қоғамның барометрі» деп жатады, әдетте. Сезімтал жан түйсігімен қоғамды жайлаған жегі дерттің ауыр салдарын ерте сезініп, дәл мезетінде «масадай ызыңдап», «оян да, оян» деп дабылдатып, жалпақ жұртқа жариялай алмаса, ақынның ақындығы канеки. Ертеректе бір басылымға берген сұхбатында Бақытбек Бәмішұлы жалпы шығармашылыққа көзқарас, қаламгердің ұлт тағдырына алаңдаушылық хақында былай деген екен: «Мен өзімді жаратылысымнан жазушы, ақын адаммын деп есептеймін. Қаламгер үнемі ойда жүреді, ойлап жүреді… Қазақтың мәңгіліктігін ойлайды. Адамгершілік, кісілікті ойлайды… Жылқы тас қараңғы түнде жарты тарыны көреді дейді. Қаламгердің де қарасы өткір, қоғамды қырғидай шолады. Қылт еткенін сезеді. Жол жиегінде жатқан темекінің тұқылын көреді, қынжылады, жол үстіне түкіргендерден түңіледі. Демек, жазушының жанын жараламайтын жер үстінде жат нәрсе болмайды». Сондай көңілге алаң салып, жан жаралайтын жағдайлардың бірін Атажұрттың азатықты алғаш шүйіншілеген алып шаһары көшесінен байқайды:
Тойлаушы ед күні бұрын Наурызды,
Көрсетіп Алматымыз тәуір үлгі.
Клаус көшелерде міз бақпай тұр,
Қайтейін, өзімдікі бауыр ізгі…
Ақынның ақын болмағы – тыңнан өзіндік жол салып, өзгелер жазбай танитын өрнегін, қолтаңбасын анық қалыптастыра алу десек, Бақытбек Бәмішұлының бұл тұрғыдағы даралығын, соны соқпағын тайға таңба басқандай айқындап, талдау – білгір әдебиеттанушылардың, зерделі зерттеушілердің бағыт-бағдарлы жұмысы болса керек. Ақын шығармашылығы бұған әбден лайықты. Біздің аңғарғанымыз, ақын қазақ поэзиясының зау шыңы Абай ақыл-ойының қоғамды меңдеген дертті сауықтырушылық қуат-құдіретіне шүбәсіз сенеді:
Сәулелі сүттей сәуелі –
Абайдың демі, әуені.
Дерттенген қоғам, үшкіртер,
Абайға келіп әуелі.
Абай дәстүрін, Абай мәністеген мазмұн мен пішінді өзіне тән рәуіште ұсына алса, мұны – ой қайталау немесе көшіру емес, өзіндік ізденістің нәтижесі десек болар. Абай поэзиясы – үшінші ғасырдың жүзінде талай буын алаш ақындарына адастырмас Темірқазық болып жарқырай бермек. Бақытбек ақын өлеңіндегі мына бір шумақ – айтар ойымыздың дәйегі:
Қайғымды жырмен жасқайын,
Басыма соны жастайын.
Үзе көрме, табиғат,
Жапырағыңды жастайын?!
«Орманды тау, саялы өзен, жайнаған жасыл кезең» деп айтылатын, құлаққа жағымды әсем әнмен тербелген бұла Бұлғын топырағында қанат қатайтып, топшысын бекітіп, Алатаудың асқар көгінде жыр құсын қалықтатқан ақын, қоғамымыздың қаны сорғалаған өзекті проблемаларын қаузаған журналист, қазақ филологиясы ғылымындағы өзекті мәселелердің түйінін шешуді мақсұт еткен ғалым Бақытбек Бәмішұлының шығармашылық қырларын бір мақалада қамту – әрине, мүмкін емес екендігі анық қой. Еліне есеп беріп, еңселі жырларымен шашу шашып, халқымен тағы бір мәрте кездесу сахнасы төрінде қауышып жатқан шығармашыл тұлға еңбегі жайындағы оқырмандық ой-пікіріміз, таным-түсінігімізді ақ қағазға түсірген түйініміздің ауаны осы еді. . Талант қарымы, танымдық толғам тынысы толайым ашыла түсер тамаша кезең – алпыс - тал түсіндегі қарымды қаламгердің туған халқына бүгінге дейін бергенінен болашақта берері, ұлт руханияты қазынасына салар кесек олжасы әлі де алда болғай деген сенім-тілекпен ойымызды түйіндедік.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.