Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Асылбек Байтанұлы. Есмағамбет Ысмайылов - елеулі т...

21.10.2020 5391

Асылбек Байтанұлы. Есмағамбет Ысмайылов - елеулі тұлға 12+

Асылбек Байтанұлы. Есмағамбет Ысмайылов - елеулі тұлға - adebiportal.kz

Өткен ғасыр – бүгінгі дәуір үшін оқылып беті жабылған кітап іспетті. Кітап болғандықтан, оның бетін реті келгенде парақтап, бүгінгі буынның санасында жаңғыртып отыру ләзім. Осы жаңғыртудың жаңғырығы бүгінгі буыннан ертеңгі буынға ұласып жатса, рухани дәстүр жалғастығы дегеннің өзі емес пе? ХХ ғасырда өмір сүріп, шығармашылықпен шұғылданып ел есінде қалған талай-талай тұлғаларымыздың есімі біртіндеп тарихтың шаңына көміліп, көмескі тартып барады. «Қайыстай қандырам деп сөздің иін, Ойлаумен озды күнім, тозды миым. Шыңдарға шыға алмасам өз күйігім, Өзіме жетіп жатыр өз биігім», - деп ақын Есләм Зікібаев жырлағанындай, саналы ғұмырын шығармашылыққа, ғылым жолына арнаған бір шоғыр тұлғалар өзінің лайықты биігінде аты аталып, есімі елімен бірге жасап жатыр. Сондай тұлғаның бірі – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА корреспонден-мүшесі Есмағамбет Ысмайылов. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елге сапар аясында біраз уақыт бұрын ғалымның туған топырағында болып, өзі атындағы мектепте болып, ауылдың ақсақалдарымен әңгімелесіп, Есмағамбет Ысмайылов өмірі мен қызметіне қатысты мектепте жинақталған деректермен танысқан едік. Келесі жылы ғалымның туғанына 110 жыл толмақ. Сол сапардың нәтижесі ретінде, ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы шолу мақаламызды Есмағамбет Ысмайылов тұлғасын халқымыз жадында тағы бір реті жаңғыртуға қосқан үлес ретінде жариялап отырмыз.

ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің толысып, жетілген кезеңі. Коммунистік идеология жеке билеп-төстеп, әмірін жүргізгендіктен, сол заманның туындылары бір сарынды құрсау қалыптан аса алған жоқ деген сыни ой айтылуы да әбден мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, әдебиетіміздің жанрлары туып қалыптасып, белгілі қаламгерлер шоғырының елеулі туындылары рухани қазынамызға құйылды. Түп бастауын Шоқан Уәлихановтан алатын, Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған қазақ әдебиеттану ғылымы да қалыптасып, әдебиет дамуына зор ықпал жасады. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алдыңғы толқынның орнын басып, ізін жалғастырушы әдебиеттанушы ғалымдар қатарында Есмағамбет Ысмайыловтың елеулі орны бар. Есмағамбет Ысмайылов есімі өткен ғасырдың 30-60 жылдары кеңінен танымал болды. Шығармашылық саналы ғұмырының бірталай жылдары қуғын-сүргін, қудалауға тап келіп, небары елу бес жыл ғұмыр кешкен ғалымның тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмағанына оның өмір жолына көз салсаңыз анық бағамдар едіңіз.

Есмағамбет Ысмайыловтың туған топырағы – Көкшетаудың ну орманды, таулы-қыратты, шипажайлы аумағы мен қиыр күншығысындағы ұланбайтақ сары дала астасқан тұсындағы Мәдениет ауылы.

Мәдениет ауылы. Сурет ғаламтордан алынды

Бұл өлкенің табиғаты да керемет. Арқа аралы Көкшетаудың биік таулары біртіндеп аласара келе, осы ауыл тұсында Сарыарқаның сары даласына сіңіп кетеді. Ауылдың түстігінде Торайғыр атты биік жатыр. Жергілікті ақсақалдардың бірі мұны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атасымен байланыстырды. Анық көзіміз жетпеген соң, нақты айта алмадық. Бір білетінміз – осы ауылдан салт аттыға күндік жердегі Қараой өңірінде Сұлтанмахмұт ақынның дүниеге келгендігі. Атақты Аңғал, Андықожа батырлардың ізі қалған, ұрпақтары өмір сүріп жатқан бұл өңірдің бір ерекшелігі – қазақтың үш жүзінен, әсіресе Кіші жүзден тарайтын аталардың мекендейтіндігі екен. Мұның да өзіндік себебі болса керек:

Арқаға аяқ салып, түскен барып,

Екі оттың – орыс, қытай арасына.

Күндерде сонау қара, тапсырған ел

Тағдырын Абылайдай данасына, -

деп Мағжан ақын жырлағанындай, қиын-қыстау заманда барша қазақ баласының талай әулеті Көкшетаудың айналасына орын теуіп, Абылайдың ақ туы астынан табылғаны анық. Есмағанбет Самұратұлы Ысмайылов 1911 жылы осы өңірде, бұрынғы Ақмола облысы Көкшетау уезі Атығай бағыс болыстығына қарасты 4-ауылда дүниеге келеді. Бертінде жаңа заманға сай Мәдениет ауылы ертеректе Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы құрамында болса, қазіргі күні Бурабай ауданының елді мекені саналады. Осындағы ауыл мектебінің табылдырығын аттаған Есмағамбет Ысмайылов 1926 жылы Көкшетау қаласындағы жетім балалар үйіне қабылданады. Мұнда бір жыл білім алған соң, 1927 жылы Қызылжар қаласына ауысып, Ақмола губерниясының коммуна мектебінде оқи бастайды. Коммуна мектебін 1929-30 оқу жылында оқып, оны сәтті аяқтап, осы жылы күзде қазіргі Абай атындағы Алматы ҚазМПУ филология факультетіне түседі. Бұл оқу орнын 1934 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Осы кезеңнен бастап Есмағамбет Ысмайыловтың шығармашылық ғұмыры басталады.

1934 жылы ойдағыдай бітіріп шықты дегенімізбен, бұл жылдар болашақ ғалым үшін үлкен сынақты кезең болғанын көреміз. Есмағамбет Ысмайыловтың өміріне үлкен із қалдырған кезеңнің бірі – қазақ даласындағы алапат нәубет аштық жылдары болады. 1932 жылы «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тапсырмасымен Қарағанды облысына іссапарға шығады. Іссапардың мақсаты социалистік қоғамның жарқын өмірін сипаттап жазу болса керек. Бірақ бұл – қазақ даласының ақсөңке аштықтан тұралап, қасіреттен күңіреніп тұрған кезі еді. Сапар барысында күйзелген елдің халін көріп ашынғанда шыққан әлдеқалай ащы сөзді әлдебіреулер жеткізген себепті, келген соң тергеуге алынады. Сталиндік биліктің ғұмырнамасына ілген осы бір кірбіңді оқиға ғалымның алдынан елуінші жылдарға дейін кесе-көлденең шығып, еріксіз тұқыртуға ұшыратып отырғанын көреміз.

Мектеп мұражайында. Фотосурет автордыкі

Шәкірті Тұрсынбек Кәкішұлы өз зерттеу еңбегінде көрсеткеніндей, Есмағамбет Ысмайылов 1933 жылы жазда ұсталып, күз айында босап шығады. 1934-1939 жылдары «Коммунист» журналында қызмет ете жүріп, қазақ әдебиеті мен сыны мәселелеріне араласа бастайды. Қай дәуірдегі болмасын, болашаққа талпынған шығармашылық иелері сияқты, әдебиеттанушы ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың да алғашқы қадамы әуесқой ақындықтан басталған екен. Осы жолдағы еңбегінің жемісі – білім алып жүрген және еңбекке араласқан кезеңдегі шығармашылық ғұмыры. Яғни үш бірдей жыр жинағы. Ақын Есмағамбет Ысмайыловтың 1933 жылы «Тұлпар жыры», 1934 жылы «Еңбек жемісі», 1935 жылы «Жаз еркесі» деген атпен кітаптары шығады. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарын жазады. Есмағамбет Ысмайыловтың бұдан былайғы өмірі мен шығармашылығы жолындағы қиындықтардың туындауы да осы оқулықтардың мазмұнына қатысты болғанын көреміз. Бұл – ғалымның болашақта өзі зерттеу нысаны ретінде қарастыратын, ақындар шығармашылығын терең сезініп, бойлау жолындағы тәжірибелік қадам болғаны анық. Оған ғалым Е.Ысмайыловтың өзі айтқан мына бір пікір дәлел: «Менің бұл творчестволық тәжірибем» жалпы поэзияға ешқандай да үлес болып қосылмағанмен екі түрлі міндет атқарған сияқты. Бірі – іздену, творчестволық барлау жасау, екіншісі көркем әдебиетті эстетикалық тұрғыдан түсінуге база жасау. Демек, поэзиядағы азды-көпті шәкірттік тәжірибенің өзі сынға, әдебиеттануға келер жолдарымды кеңейтіп жібергендей болды». Осылайша, Есмағамбет Ысмайыловтың ақын ретіндегі «азды-көпті шәкірттік тәжірибесі» үш бірдей кітапқа жүк болған екен.

1943 жылы кеңестік академиктер М.Греков, Н.Дружинин, А.Панкратова, А.Бернштам т.б. ғалымдармен бірге Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев қатарлы қазақ ғалымдарының бірлесіп жазған «Қазақ ССР тарихы» еңбегі Кеңестер Одағы ауқымындағы сол дәуірдегі ең жоғарғы атақ Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Сәтті құрастырылған еңбек ретінде ауызға ілініп, назарға алынып басталған ортақ авторлық дүниенің ақыры күрделі сипатқа ұласады. Яғни, талқылаудан өтіп, ең ақырғы сатыға жеткенде «саяси қырағы» профессор Яковлев «Бұл орыс халқына қарсы жазылған кітап», - деп сыйлық комитетінде мәлімдеме жасайды. Еш негізсіз болса да, идеология саласын басқарып отырғандар бұл мәлімдемені қуана қабылдап, іліп әкетеді. Осы кезеңнен бастап Қазақстандағы көптеген әдебиетші, тарихшы ғалымдардың басына қара бұлт үйіріле бастайды. 1947 жылы 19-21 қаңтарда «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер және оны түзету» деген орынсыз қудалау, қаралау, «түзету» науқаны басталды. Міне, осы науқанның алғашқы құрбаны Есмағамбет Ысмайылов болды. Оның да өзіндік себебі бар еді. Ғылым жолындағы шынайылық жолын ұстанған ғалым Есмағамбет Ысмайловтың қудалауға түсіп, қуғын-сүргінге ұшырауы оның өз зерттеген тақырыптарына қатысты батыл тұжырымдар жасауына да байланысты болса керек. Жоғарыда атап көрсетілген науқан бойынша, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті реакцияшыл деп танып, ол туралы мақтап-дәріптеген өлең-жырлар, толғаулар шығарған ақындарға ауыр айыптар тағылып, жат элемент ретінде оларды қазақ әдебиеті тарихынан аластау мәселесі көтеріледі. Бұл әдебиеттанушы ғалымдар үшін де үлкен сынақ болатын. Нағыз «олай бұрсаң арба сынады, былай бұрсаң, өгіз өледі» дегеннің өзі. Есмағамбет Ысмайылов осы кезеңде асқан батылдық көрсетіп, Кенесары туралы былай деп тұжырым жасайды: «XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы казақ халқының ұлт-азаттық жолдағы күрестерінің ең бір іргелісі – Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі еді. Он жылға созылған (1837-1847) бұл көтеріліс қазақтың әлеуметтік тарихынан кандай зор орын алатын болса, ауыз әдебиеті тарихынан да ерекше орын алады». Міне, осы бір пікірдің өзі де ғалымды ұлтшыл, халық жауы ретінде тануға жетіп жатыр еді.

Жерлестерінің Есмағамбет Ысмайылов тұлғасы жайлы айтары көп. Фотосурет автордыкі

Осылайша әдебиеттанушы ғалым Кеңес Одағындағы интернационалшыл бағыттағы, пролетарлық қоғамға жат элементтерді, кертартпа тап жауларын, элементтерді насихаттаушы ретінде, тағы да назарға алынады. Советтік ғылым-білім саласында қызмет істеуге жарамайтын, саяси тұрғыдан сенімсіз адам ретінде қудалауға түседі. Сөйтіп ғалым 1951 жылы 6 қарашада ұсталып, түрмеге жабылады. 1952 жылы әйгілі 58 статьяның 10 тармағы 11 бабы бойынша 25 жылға сотталды. 1952 жылы күзден бастап Семейдегі №1 жазасын өтеу колониясына әкелініп, қиындыққа толы күндерді бастан кешеді. Жары Шайзаданың тиісті орындарға толассыз хат жазуы арқасында, 1954-жылы қылмысы дәлелденбегендіктен, толық ақталып шығады. 1954-жылы тамызда босап шығып, Алматыға оралады. Бұрынғы жұмыс орны ҚазМҰУ-ға жолатпауға күш салғандар да табылады. Ақыры зордың күшімен ҰҒА тіл мен әдебиет институтына жұмысқа орналасады.

1958 жылы Есмағамбет Ысмайылов «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» атты қолжазбасы жарық көреді. Ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың жетекшілігімен шәкірті Тұрсынбек Кәкішев «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық творчестволық мәселелер 1917-1929 ж.», - деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын жазып, сәтті қорғайды. Ғылым жолында алаңсыз қызмет жасаған жылдары онға да толмайтын талантты ғалым 1955 жылы өмірден өтеді. Соңында біршама академиялық туындылар қалдырған Есмағамбет Ысмайыловтың зерттеу еңбектері күні бүгінге дейін әдебиеттанушылардың назарында. Филология мамандығы бойынша арнаулы орта, жоғары білім беретін мамандық студенттері үшін Есмағамбет Ысмайылов есімі қашаннан етене және болашақта да солай бола берері анық.

Қоғам өмірінде әдебиеттің орны қашан да бөлек. Адамзат өмірінің айнасы деп атарлықтай осы әдебиетті жасаушылар, тудырушылар қашанда өз еңбегінің әділ сын назарына ілініп, жетістіктері мен кемшіліктерін салмақтатуға ділгер. Әрине, сын әділ болған жағдайда. Себебі, жақсы әдебиет, жақсы туынды жасалу үшін жақсы сын болуы керектігі – қашанда ақиқат.

Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздіктің отызға тарта жылында әдебиетте жаңа бетбұрыстар, тың серпіндер, жаңа есімдер пайда болғанын құптай отырып, қазақ әдебиетіндегі сын жанры қаншалықты дамыды дегенді де салмақтауымыз қажет болар. Осы мәселені көкейге түйе отырып, өз дәуірінің белгілі сыншы, зерттеушілері болған Темірғали Нұртазин, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайыловтардың есімдерін атай отырып, олардың ұзақ жылдық қуғын-сүргінді, еріксіз аяққа тұсау, ойға оралғы болған ұзын-сонар дау-дамайды бастан кеше отырып, ұлттық әдебиетті дамытуға қосқан үлесін бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртуымыз жөн деп білеміз.

Жалпы алғанда, Есмағамбет Ысмайыловтың өмір жолына қарап отырғанда, сталиндік зұлматқа дейінгі және кейінгі деп екіге бөлуге болатындай. Отызыншы жылдары, Есмағамбет Ысмайылов Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ әдебиеттануын жасаушы алыптардан тәлім терген жас талант алдыңғы толқынның назарына ілініп, болашағынан үміт күттірушілер қатарына қосылады. Оған өзі тұстас өмір сүрген, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері айтқан пікірлер куә болады. Мысалы, академик Мұхтар Әуезов былай деп баға береді: «Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбек торысы деймін. Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын». Қазақ әдебиетінің классигі қалдырған бұл пікір – ғалымның тұлғасына, оның зияткерлік әлеуетіне, адами болмысына берілген нақты, шынайы баға болса керек.

Орманды тау мен сары дала астасқан өлке. Фотосурет автордыкі

Есмағамбет Ысмайыловтың әдебиет зерттеушілік қырына, ондағы тақырыптық ауқымға қарағанда, алуандық, әмбебаптық сипатты аңғаратынымыз анық. Осы ретте айтқанда, кешегі-бүгінгі көптеген әдебиет зерттеушілеріміздің шығармашылығына аумақтық тұйықталу тән екендігін несін жасырамыз. Яғни, зерттеу нысаны белгілі бір аумақ, аймаққа ғана тән болып жатады. Мүмкін, өзге өңірлердегі зерттеуге тұрарлық тұлғаларға қалам тартуға түрлі факторлардың, соның ішінде ел мен жерге тән шығармашылық реңкпен таныс болмауы т.б. әсері бар шығар.

Есмағамбет Ысмайыловтың әдеби зерттеушілігі бұл тұрғыда әмбебап деуге болады. Өзі қазақ даласының солтүстік қиырындағы Көкшетау өңірінен шыққан зерттеуші Жетісу өңірінің жыр иірімдері туралы жазса да, Сыр сүлейлерінің сарындары туралы қалам тербесе де, түп бабаларының мекені батыс өлкедегі жыр-толғаулар жайында талдаса да, ғалымның бойынан барша қазақтың төл өнерін тұтастай тани білген үлкен бір шығармашылық әлеуетті аңғарамыз. Мұндай әмбебаптық – үлкен ізденістің, ғаламат зейін-зерденің арқасында мүмкін болатындығы сөзсіз ғой. Осы тұрғыдан алғанда ғалымның жерлес інісі, шәкірті Тұрсынбек Кәкішұлының: «Е.Ысмайлов – өз әдебиетінің даму-өркендеу барысын тінте тексеріп зерттеуге бар дарынын сарқа жұмсаған жауынгер сыншы, бүкіл Одақтың зиялыларына аты мәшһүр үлкен ғалым», - деп бағалауы бекер емес. Есмағамбет Ысмайыловтың ұстаздық, ғалымдық тұлғасы, адами бейнесі туралы жерлестерінің аса бір ризашылықпен еске алып, ықыласпен әңгімелейтінін көресіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар