Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Сталин солай жырланған......

20.12.2019 7881

Асылбек Байтанұлы. Сталин солай жырланған... 16+

Асылбек Байтанұлы. Сталин солай жырланған... - adebiportal.kz

21 желтоқсан – Иосиф Виссарионұлы Джугашвилидің туған күні. 1879 жылы қазіргі Грузияның Гори қаласында дүниеге келген бұл азамат ХХ ғасырдың ең әйгілі тұлғаларыныцң біріне айналып, адамзат тарихында Сталин деген атпен әйгіленді. Жастайынан коммунистік идеяларға берілген Иосиф Джугашвили Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін билік басына келген большевиктер партиясы жетекшілерінің біріне айналды. 1924 жылы 21 қаңтарда пролетариаттың бас көсемі В.И.Ленин қайтыс болғаннан кейін Совет Одағы атты алып мемлекеттің тізгіні Сталиннің қолына тиді. Билікке келісімен «антисоветтік элементтерді ымырасыз жою» деген желеумен Совет Одағы мен оның ықпалындағы көршілес мемлекеттерде ұзақ жылдарға созылған ауыр салдарлы террорлық саясат жүргізді. Саяси оппоненттерін түгелдей жойып, бай-кулак, дін иелері т.б. «қанаушы», «үстем тап» санатына жатқызылғандарды қатаң жазалады. Осының салдарынан елде жеке басқа табынушылық – сталинизм культі қалыптасты. 1953 жылы 5 наурызда Мәскеуде өмірден өткенге дейін жеке-дара басқарған отызға жуық жыл ішінде ол Совет Одағына қоса, коммунистік жолға түскен бір топ мемлекеттің «атының басын бір кезеңге тіреген» қаһарлы басшы болып, жер дүниені тітіретіп өтті.

Сталин заманында Совет Одағы мен өзге мемлекеттерде жүргізілген аса ауқымды зұлматтар, соғыстар мен қақтығыстар, өрмекшінің торындай шырмалған жазалау мекемелерінде қор болып өксіген миллиондаған тағдырлар – ғасырдан ғасырға айтып таусылмайтын трагедиялық хал. Мұның орны толмас ащы зардабын тартқан екі халықтың бірі болса, ол – қазақ халқы екендігі және рас.

Дегенмен, тарихтың толқыны барысында Сталин билеген заманда бірыңғай кері кетулер болды деуге де әсте болмайды. Ағылшындық әйгілі саясаткер Уинстон Черчиллдікі-міс делінетін: «Сталин Совет Одағын соқамен қабылдап алып, атом бомбасын ұстатып өмірден өтті» деген қанатты сөздің айтылуы бекер де емес. Қалай болғанмен де «Мұртты көсем» орнатқан темір тәртіпке бағынған Совет Одағы Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңімпаз болып шығып, әлемдегі аса қуатты екі державаның біріне айнала алған еді.

Сталин – романтикадан аулақ, асқан айлакер, қатыгез адам ретінде суреттеледі. Ал шындығында Иосиф Джугашвили – әлемнің өзі тұстас көптеген саяси тұлғаларына қарағанда білімді болған екен. Жасында гуманитарлық білім алған Иосиф Сталин лингвистика мен әдебиет мәселелері тұрғысында өзіндік айтар ойы бар зиялы болыпты. Ол тіпті ана тілі грузинше өлең де шығарыпты. Көне грек тілі мен өзге де бірнеше тілдерді меңгерген Сталин Платонды түпнұсқадан оқып, әлем классиктерінің бірсыпырасынан, «Тәураттан» үзінді келтіре, қысқа да нұсқа, шешен сөйлей білген. Оның тіл білімі мәселелеріне арналған мақалалары бар.

Сталин бастаған жеке-дара билік жүйесі Совет Одағында коммунистік идеологияны қалыптастырып, орнықтыруға тікелей ықпал жасады. 1925 жылы КУТВ студенттері алдында баяндама жасаған Иосиф Сталин былай дейді: «Біз пролетарлық мәдениет құрудамыз. Бұл әбден дұрыс. Ал, өзінің мазмұны жағынан социалистік, пролетарлық мәдениетті, социалистік құрылысқа тартылған әр түрлі халықтар өз тілінің, тұрмысының, тағы басқаларының өзгешеліктеріне қарай неше алуан түр және әдіспен жарыққа шығарып отыратындығы да дұрыс. Өзінің мазмұны жағынан пролетарлық, түрі жағынан ұлттық – міне жалпы адам баласының мәдениеті осы, социализм осы мәдениетке қарай келе жатыр. Пролетарлық мәдениет ұлттық мәдениетті өшірмейді, оған мазмұн береді. Керісінше ұлттық мәдениет пролетарлық мәдениетті өшірмейді, оған түр береді». Міне, Сталиннің бұл айтқан сөзі өзі өмір сүрген заманда ғана емес, совет үкіметінің бүкіл өмір сүрген кезеңіндегі басты ұстанымы болды. «Түрі ұлттық, мазмұны пролетарлық» дейтін Сталиндік ұран – күні кешегі коммунистердің де сүйікті мақамы болатын.

Совет үкіметі көркем әдебиеттің үгіт-насихаттық, тәрбиелік ықпалын жақсы түсінді және мемлекеттің коммунистік идеологиялық мұраттарын қоғамда жүзеге асыру жолында мейлінше тиімді қолдана білді.

Сталин – совет қоғамы адамдары үшін құдайдан бір де кем болған жоқ. Сондықтан да Сталиннің есімі – совет қоғамының моральдық және саяси бірлігінің бейнесі ретінде қабылданды. «Жалпы Советтер Одағында және халық ақындарының ең басты тақырыбы – Ленин, Сталин туралы жырлау, Ленин-Сталинге деген шексіз махаббат болды. Ұлы Ленин мен Сталин ақындық таланттың ең сұлу, ең асыл бейнелерімен жырланды», - деп атап көрсетеді тілші ғалым Мәлике Ғұмарова. Сол себепті де бүкілодақтық деңгейде лениниада, сталиниада атты, коммунистер көсемінің «нұр шуақты бейнесін жырлау – мақсатты түрде қызу жүзеге асырылумен болды. Әдебиетте Сталин тақырыбын жырлауда қазақтың халық ақындары мен қаламгерлері де шығандап қара үзбесе де, шаңына көміліп жұрт соңында қалмаған екен.

«Ленин мен Сталин образы ғасырдан ғасырға кететін, жаңа азат халықтың жасаған және жасала беретін образы» деп кезінде нық сеніммен айтылғанымен, коммунистік мұраттар дәуірдің толқынына шыдай алмады. Бүгінгі азат ұрпақты сталиндік замандағы халық ақындарының тебінді жырлары тебірентпейді. Сол бір дәуірдің мұраттары мен мақсаттары бүгінгі күн үшін мүлде түсініксіз. Мұндай кіріптарлық бұлты ұлтымыздың басына қайта үйірілмегей, сталиндік жырлар әдебиет тарихының бір беті ретінде ғана қарастырылатын болғай дегендейміз. Осы тұрғыдан келе отырып Сталин заманында қазақтың халық ақындары пролетариат көсемін қалай шабыттана жырлағанын аңдап көрмекпіз және бұл қадамымыз олардың тарихи тұлғасын аласарту емес екенін айта кетпекпіз. Сталин заманындағы халық ақындары дегенде, есімізге ең алдымен оралатыны – жыр алыбы Жамбыл. Қарт жырау шығармашылығының елеулі бөлігі советтік өмірді, сол өмірді орнатушы көсемдерді жырлауға арналғанын көреміз:

Жүректен құйылған нұр Сталиннен,

Жыр болып төгіледі қызыл тілден...

...Өмірдің қайнар бұлақ көзі Сталин,

Қалың ел қамқоршысы өзі Сталин,

Бітер ме өлеңге жан, ұшқыр қанат,

Болмаса ақындардың сөзі Сталин.

Манасты күнді-күнге, аптаны аптаға ұрып жырлаған жыр даңғылы, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл ақын Сталиннің алпыс жасына арналған толғау жырында былай дейді:

Ақ қылыштай қайралған,

Жігіт болып жайнаған.

Жетті жаңа жасына,

Жалғыз тал ақ кірмеген,

Оның қара шашына.

Жігіт демей не дейін –

Жамбылдың жарты жасында;

Сталиннің нұрынан,

Жасарып қайта жаралған,

Қуатым, жырым әлі жас,

Тоқсан асқан жасымда.

Белгілі халық ақындарының бірі Нұрпейіс Байғанин шығармашылығында да сталиниадаға арналған өлең-толғаулар баршылық. Ұлттың сүт бетіндегі қаймақтарын сыпыра қалқып, келместің кемесіне мінгізіп, аштық зұлматының қара түнегін қазақтың басына қаптата төндірген заманда сталиндік саясатқа қарсы ауыз ашып, шындықты жырлаудың мүмкін еместігі айдан анық. Нұрпейіс жыраудың құтылдық деп жырлаған заманы – шындығында арыстанның аузынан шығып, жолбарыстың аузына тұтылғандай кептің өзі еді:

Көн тулақтай құрысқан,

Аузыңды асқа жарытпай,

Тақымыңа ат дарытпай,

Күйзеу тартқан ел едік,

Праводан кем едік,

Жұрдай болған ырыстан.

Жендет патша тұсында,

Өмір сүрдік қысымда.

Шаш орнына бас алып,

Халық қанға шашалып,

Көзден жасты төктірген,

Егескенде ел шауып,

Тамған қаны қылыштан.

Қамшы үйірді сабалап,

Ерді тайдай таңбалап,

Тарылтып күнін қуырып,

Орынсыз қылыш суырып...

Замананың шындығын өлеңмен айтамын деп, ел ішіндегі жел ауыздардың жеткізуімен көз көрмес, барса келмеске айдалып кеткен қазақтың аяулы ұлы Үкілі Ыбырайдың тағдыры қылдан тайған кез келген өнерпазды күтіп тұрғаны анық еді ғой.

Сондықтан да асыра мақтаудың науқаншыл ұранына ілесіп, бойындағы дарын қарымын мұртты көсемді мақтауға жұмсамасқа амал қайсы? Халық ақыны Доскей Әлімбаевтың да Сталинді Ай мен Күннің нұрынан да басым деп жырлауы осы мәжбүрліктің салдары деп білеміз:

Аспанда айды көрсем, күнді көрсем,

Солардың барлығынан нұры терең.

Данышпан адам – ақылы асқан,

Сталин теңеуіне кімді берем?

Бейне бір адастырмас Темірқазық,

Ақылын әлем халқы қылды азық.

Бір кезде құлшылықта жүрген кедей,

Бұл күнде азат болды баурын жазып.

Ой еркіндігін, сөз еркіндігін тежеп, қалыпты қасаң кеңістіктіің ауқымынан шығандап шығуға тыйым салған тұста кешегі «Желдірмесін» дүбірлетіп, суырып салма сұлу жырдың туын тіккен Иса Байзақовтың да Сталин көсем туралы толғанбасына амал қалмаған:

Отаным күннен күнге өрге шапқан,

Бақыттың дариясына шамын жаққан.

Данамыз ақылы теңіз Сталиннің,

Нұрына заманымыз еркін батқан.

Тарихтың асып туған адамынан,

Ойы асты сан тарихтың заманынан.

Сталин көкте шалқып, айды аймалап,

Қыранның қияға асты қыранынан.

Осы ақындардың тұстасы, көрнекті ақын Жақан Сыздықұлының заман шындығын бейнелеген «Әлі қарттың әңгімесі» атты поэма жазамын деп сталиндік билік өкілдерінің қырына ілініп, шығармашылығы еленбей, шөміштен қағылып қағажу көретіні де көп шығармашылға сес болғаны анық. Келесі бір халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов та Сталинді әділ де жаңа заманның жаршысы ретінде бейнелейді:

Көсеміміз Сталин,

Сәулесі өткір асыл гұр.

Әлемге түскен жарығың,

Жер жүзі тегіс тарады.

Жаңа өмір жаңа заманның

Ақылы терең әділі.

Дүниеге ешбір теңі жоқ,

Адамның асқан алыбы.

Сталинизм культінің шексіз асқынған тұсында, бәлкім, шығармашылық иелері коммунистік империя көсемін құдай сипатында көре бастағандай ма деп қаласыз, кейде. Халық ақыны Қайып Айнабеков те осы сарында жыр арнайды:

Қамқорым, ұлы Сталин аялаған,

Талай ұлт панасына саялаған.

Атыңды атап қалсам өлең етіп,

Тәжім еткен секілді барлық ғалам...

Атыңды Сталин деп айтса біреу,

Қанға күш, жанға жігер, ойға демеу.

Уайым, қатер-қауіп есімде жоқ,

Тірлігің жерге тұтқа, көкке тіреу.

«Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын» дейтін, ХХ ғасырдың қайталанбас салы Шашубай да Сталин тұлғасын сөзбен өрнектеуді риторикалық сұрақпен аяқтайды:

Шашубай Қошқарбаев жаһан кезген,

Көсемнің көркін айтшы сұлу сөзбен.

Лепіріп аспандамай, саспай ғана,

Қане, қарт, айтшы жаның сезінгенін!

Сталин аспандағы бір бидайық,

Ақылы мұхит, дария Еділ, Жайық,

Ай мен күндей дүниенің бұл жарығы,

Көпшілік ойланыңдар енді не лайық?

Өз тұсында Жоғарғы Кеңестің шақырылымын өлеңмен ашу құрметіне ие болған, Торғайдың тарлан ақыны Омар Шипин де Ленин мен Сталиннің адамзат баласына жасаған жақсылығын ұмытпауға шақырады:

Ақылы терең дария,

Аяулы туған ер еді,

Өліп кетті есіл ер,

Асқар тауға тең еді.,

Өлерінде сол маған,

Ленин мен Сталин,

Қапаста жүрген жұртыңа,

Күн береді деп еді,

Ленин мен Сталин...

Қарт Жамбылдың шәкірті, әнші-композитор Кенен Әзірбаев та өз шығармашылығында Сталин заманы туралы былайша шумақтар төгеді:

Кешегі мұңды заманда,

Сасық суда шабақтай

Есеңгіреп сенделдім.

Ашырқандым ән салып,

Ақ домбыра өңгердім.

Күйік аяқ тауық ем,

Күйсіз мүлде қалып ем,

Ленин мен Сталин,

Қуат бердің, жем бердің.

Елу жастан асқанда,

Сақалды қырау басқанда,

Правомды теңгердің.

Қазақ әдебиеті мен өнеріне олжа салған, ұлт тарихында аты қалған бұл әйгілі тұлғалардың осылай сөйлеуі – дұрыс та шығар. Бір-ақ рет берілетін жалт етпе өмірді пенденің алаңсыз сүріп, өз ажалынан өлуіне мұрша бермеуге даяр қызыл билік тұсында естияр жұрттың бәрі шындық айтамын деп қидай сыпырыла берсе, ұрпақтар сабақтастығын кім жалғастырған болар еді?

Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің ерлік жолын, тарихи тұлғасын халық эпосының сарынымен жырлап, көлемді дастан жазған жарынды халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов те Сталин бейнесін өзіне тән көсілген эпикалық ауқыммен ұзақ жырлайды:

Көктің жүзін көлеңке алса,

Көп жұлдызға ай шырақ.

Көк жібектен түңлік ашқан,

Түнерген түнге таң шырақ.

Таңын түріп, шапақ шашқан,

Әлемге жанған күн шырақ.

Бұлдыр-бұлдыр құбылу,

Қалыпта тұрмас бір шыдап.

Мәңгі жанып тұратын,

Өзгермейді өзі алтын.

Ел сүйінген бір шырақ,

Орнатты ол ынтымақ.

Ынтымақтанып елі алған бақ.

Ол кім десең ел білген –

Ұлы Сталин нұр шырақ.

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?», -

деп дана Абай айтқандайын, замананың қара желі, өкпек дауылына қарсы тұру – жалғыз-жарым шығармашыл тұлғаның қолынан келмейтін іс. Мұндайда да бірнеше таңдау барын сол дауылды, ызғарлы кезеңдерде өмір сүрген ақын-жыраулардың ұстанымынан байқаймыз. Біріншісі – денеден басы ұшып түскенше ақиқатты шырылдап айтып, қарсыласып бағу. Екіншісі – өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау деген ұстанымды басшылыққа алып, жек көріп тұрсаң да білдірмей, шынайы туындыларға қоса, заманның сұранысына сай дүниелер құрастырып, өлместің амалын жасау. Үшіншісі – беттің арын белбеуге түйіп, «заманға жаман күйлемек, заман да оны илемектің» салтын ұстанып, бірөңкей сұраныстық халтура жасау. Әрине, бәрінің безбеншісі – ұлы уақыт қана.

Дәргейіне бас ұрған халқына қисапсыз қысастық жасап, миллиондаған жазықсыз жанның тағдырын ойрандаған қатал билеуші Сталин де тарихтың терең қойнауына жыл өткен сайын көмескілене сіңіп барады. Осындай бір заман болған, заманға сай өлең болған. Бәрі де өзгереді. «Балапан басында, тұрымтай тұсында» деген осы...

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар