Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Атақ астарындағы құлдық......

19.01.2024 1795

Атақ астарындағы құлдық... 14+

Атақ астарындағы құлдық... - adebiportal.kz

     1921 жылғы Кеңес Одағының құрылуымен қазақ даласында қанат қаға бастаған еркіндік рухы құлады. Әуелден сәтті шығарма жаза бастаған қазақ қаламгерлері социал-коммунисттік жүйенің кітап жаза үкіміне тап болып, жаппай рухани қуғындаудың машинасына туралып кете берді. Алаш сапында жүріп қалам тартқан арыстардың алғашқы шығармаларынан табиғилық, шығармашылық шабыттың айқын қолтаңбасын көре аласыз.

    Айтпақ ойды қозғамас бұрын осы жереден сәл шегініс жасасақ. Қазақ әдебиет тарихында соғып өтпейтін бір саласы жыраулар әдебиеті. Ауыз әдебиетінің осы озық үлгісі туралы М. Мағауин өзінің күллі шығармасын жыраулардың бір жол жырына татымайды дейтіні бар-тын.

 

Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы - болат найза!
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Деріпсәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы!
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт уақтағы!
Ағашта, биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт!
Найзасының ұшына жау мінгізген -
Еменәлі керейде ер Жабайды айт!

-деген жырды жаумен шегіне ұрысып келе жатқан қазақ қолының алдынан өзен шыққан қысылтаң шақта: Жағыңа жылан жұмыртқалағыр, Тәттіқара, осы жерде бірдеме айтпайсың ба,- деген Абылайдың әмірінен соң туған жыр еді. Жыр әмір іспетті батырларға. Тәттіқара лебізінен соң, жырда аты аталған батырлар алдыларында арқырап ағып жатқан өзенге қойған да кеткен.

    Жалпы жыраулар қалай болмасын көзі тірісінде мемлекет үшін, қазіргі ақын мен жазушылардың функциясынан он тіпті жүз есе артық қызмет атқарған. Ол аздай жыраулар үнемі соғыстың өтінде, айқастың алдыңғы шебінде жүрген. Жырау болу ол кезде кез келген пенде баласының пешенесіне бұйыра бермейтін ерекше қасиет пен миссия болатын. Бойында  ақындық, батырлық, көрегендік, шешендік, қолбасышылық сынды бес қасиеті болмаса ешкімнің жырау болуға қақысы болмаған. Жыраулық дәуірі қазақ мемлекетінің құрылып, көркейіп, құлдырауының күн тізбесі секілді болды. Қанша жерден феодалдық мемлекеттік түзім десек де, дала демократиясының әділетті де, әділ болғандығын, қазіргі біз айтып жүрген сөз бостандығы, ой бостандығы, мемлекет деңгейінде қабылдаған қате шешімдерге қатысты өте өткір пікір білдіріп, билеушілерге ескерту тіпті сес көрсетіп отыратын осы жыраулар мектебі болған.

Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің?!... деп толғайтыны бар Асан қайғының.

Ай, Абылай сен он бір жасыңда

Тұрымтайдай ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Арқада Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің .

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің.

Оны да көрген жерім бар,

Жаныс Қарабайбайдың қолында

Түнде туған ұл едің.... деп Бұқар жырау ата-бабасынан ел билеп келе жатқан Абылай ханға айбар көрсетеді. Абылай сайлаумен билікке келген демократиялы елдің билеушісі емес, қазіргі түсінікпен айтсаңыз нағыз диктатор. Тұқымынан хандық үзілмеген билеушіге «түйе баққан құл едің» дейтіндей Бұхарды көтеріп тұрған не қылған рух, не қылған дәт? Жыраулар хандардың мемлекет басқаруының ұйтқысы бола отырып, олардың ел билеуін кірпік қақпай күзеткендіктен, қазақ хандығы дала демократиясының өзінідік ерекшелігін қалыптастыра алды.

     Осы от бүркіп, жалын құсқан жыраулардан соң «Зар заман» деген атпен белгілі XIX ғасырдың әдеби өкілдері уақыт бедерін өз сөздерімен бәдіздеді. Кешегі базына айтатын, базына айтқанды көтеретін Қасым, Есім, Абылай хандар жоқ. Хандық биліктің өзі Ресей империясының вассалы болды. Мемлекеттің билік құрлымы өзгеріп, елдің ішін тоздырған даулар көбейген. Ел иесі жоқ, қазақ жоқшысы жоқ жетімек күй кешті. Осы тұста Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Әбубәкір Кердері сынды бір топ ақын отарлықтың қазақ санасына қалай әсер етіп жатқанын қынжыла, күйзеле жырларына қосады. Бұл заман өкілдерінің шығармаларынан алдыңғы лектен келе жатқан жоғарғы рухты, ханға дес бермейтін от өзектің сөгілгенін көресің. Ел тағдырының проблемасы хан ордасында емес ел ішініе түскендіктен, ақындар отарлықтан күйзелген елдің халін көптеп қаузап, от басы, ошақ қасы мәселелерін жиі айтуды өз шығармаларына арқау ете бастайды. Ақындардан жырауларда болған жоғарғы, еркін  рухты көре алмайсың. Қалай болса да өткенен бір бас төмен. Түңілген, бодандыққа кіріптар болған, тарих бетінен сызылып бара жатқан қазақ мемлекетінің азанамасындай зарлаған ақындар (қазіргі тілмен айтсақ әдебиетшілер) құлдықтың табалдырығын аттап барып дүниеден аттанып кете барды. Мемлекеттің жоғары мінберінде, орда ішінде, тақпен қатар тұрып халықтың жағдайы мен мемлекеттің мүддесін қаузаған қандай, шаң-топырақта жүріп жарлының дауысын отаршыл империяға естіртпек болған қандай, жер мен көктей емес пе?

   Міне қазақ қоғамының құл мінезденіп, кім күшті болса соған көнген, еркінен айырылуының бастауы осы зар заманның кезі. Хан Кененің соңғы тұяқ серпіуі, қазақ қоғамының бой жазып, көсіле құлауының ишарасы секілді еді.

  Қазақтың руханият әлемін әдебиетсіз, ақындарсыз, жазушыларсыз елестете алмайсыз. Заманына шамшырақтай жарық шашқан, керек болса Алаштықтардың Алашшыл болуына таған болып, солардың ұлт мүддесі үшін күресуіне индикатор болған Абай да өз заманының әдебиетшісі. Абайдан бастау алған жаһандық әдебиеттің көшіне ілісе ат сабылтып, із салдырған М. Дулатов,        Ж. Аймауытов, М. Жұмабайов, С. Торайғыров, Б. Майлин, И. Жансүгіров,        М. Әуезов сынды алаштық әдебиетшілер заманында өндіре еңбек қалдырды. 

       Осы жерде бастапқы тақырыпқа келеміз. Жыраулар кетті, зар заман өтті, Абай да өз кезін өз сөзімен әрлеп кетті. Бәрі де өз дәуірімен десек те, дәуірді әдебиет емес, адам жасайды. «Адам саясиланған хайуан» екенін әдебиетшілер қаперіне қайтара сала кетсек. (Оңаша екі адам қалса да саясат жасалады.) Орда аумағында қандай саяси шешім қабылданады, халықтың әл ауқаты мен тұрмыс тіршілігі солай өзгереді. Қазақ соңғы жүз елу жылдықта құлдықтың өзгеше бір жабайы түріне тап болып, санасындағы өз мені сылынып тасталды да, орнына ұлт ретінде жасанды пайым мен түсініктің құйылуы халықты бұрын-соңды болмаған құбыжық қауымға айналдырды. Құбыжық қауымды түбегейлі құлдықта ұстау үшін кеңестік билік жан-жақты миды тазалау операцияларын жүргізді. Кешегі ханға кірпік қақпай шындықты айта алатын жыраулардың орнын ішкі ұстанымы сындырылған ақын-жазушылар басты. Рухтың жыры, ұлттың әңгімесі емес, қып-қызыл террордың жыры жырланып, әні шырқала бастады. Бұл жерде көп мысалдың керегі шамалы. Жалғыз Ж. Аймауытов «Ақбілек» романын алайық. Екі бөлімнен тұратын бұл романның жазу стиль мен ой ағыны екі бөлімде екі түрлі. Ағындап, тасқындап келе жатқан алғашқы бөлімдегі Жүсіпбектің шабыты мен шыншылдығын екінші бөлімнен таппай, көз жазып қаласыз. Жөңкіліп келе жатқан өзен арнасын күштеп біреу қолмен бұрғандай, шабыттың ағыны ауытқыған, уақиғаны ойдан қырдан құрап, романды тәмамдауға асыққан автордың жайсыз жазысын байқайсыз.                 М. Әуезовтың да шығармалары солай. Бастапқы шығармаларындағы шабыттың күйін кейінгі туындыларынан оқи алмай, таба алмай дал боласың. Алаштық әдебиетші буын ашықтан-ашық саяси террордың құрбаны болған буын. Бірақ, олардың құрбандығы сол, олардың жан қиярлығы сол қызыл үкімет атып, асып жатса да, санасы сансыраған халықтың санасына от тұтатамыз деп жүріп өздері жанып кетті. Халық зар заманнан бетер құлданды, қазақ болудың азабын мың жыл ұмытпастай болып жара алды. Бұл кезде қазақ мемлекеті түгіл қазақтың ұлт болып сақталып қалуының өзі неғайбыл еді.

    «Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің», «Түйе баққан құл едің» деп кемістігін бетіне басатын Асан мен Бұқар қазақ даласында емес, өзге планетада өмір сүргендей. Шындығында, уақыт кеңістігінің ауысқаны болмаса қазақ сол баяғыдағы қазақ еді. Қазақтың тұңғыш антропологы ақсақал Оразақ Смағұлов: «ХІІІ-ХІV ғасырлардан қазіргі күнге дейін қазақтардың антрополоиялық өзіндік ерекшеліктері сақталып, өзгерген жоқ деуге болады... Құдай жарылқап, жарты ғасырдың ішінде Қазақстанды 3-4 айналып шықтым, барлық тарамнан терең зерттеу жасадым. Нәтижесінде қазақ халқының биологиялық тұрғыдан жүз, руға қатысты еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзіміз жетті» дейді. Мәселе генде тұрған жоқ, ген сол күйі. Ғалымнан асып не айтуға болады. Ары кеттік.

     Қазақтың қалыбына кеңестік өлшеммен құйылған құршты, қан тамған балғамен таптап отырып қатырды. XX ғасыр басындағы қанды әдебиет өкілдері шығармасын қанша жерден социалистік реалистік бағытта жазуға көнсе де, алпыс жыл бойы сол еңбектері қазақтың көзіне түртіліп қаралған жоқ, тілі келтіріліп оқылған жоқ. 1937 жылғы жаппай жусатудан соң, қолдан жасанды түрде коммунистік иделогияға тойып алған «интелегентті», «зиялы» қауым өсіріліп шықты. Томаға тұйық қоғам, томаға тұйық әдебиетті шебер пайдаланды. Адамдардың санасын ұрлау арқылы «кіршіксіз», «әділетті» қоғам құруды көздеді. С. Мұқанов пен Ә. Тәжібаев  сынды шекпеннен шықпайтын өкілдер социалистік қоғамдық құрлысты құруға қара сөз бен, сара сөзді қазақтың құлағына суша сапырды. Жеңілген халық иленген тері секіліді. Мінезі мен қалауын тізеге баса ма, таспалап тұрып тұлып қыла ма, оны жеңген халықтың пайымы мен парасаты шешеді. Қазақтың сонау заманнан келе жатқан таптауға болмайтын, жоқ қылуға болмайтын құндылығы осылайша қазақ санасынан да, тарих жазбасынан да сызылып тасталды. 

    Қазіргі қазақ қоғамы трагедиядан көз аша алмай отырғаны, қызыл өкіметтің қанды тепкісі батқан сол кездегі жарадан әлі сауықпағанынан. Әлі күн осы тақырыпты айту үшін, әйтеу, біреудің көңіліне қарап, біреудің артын ашып алмайық деп қуыстана айтып, тартына жазамыз. Әлде сол көрген қорлық, шеккен азаптан қазақ сабақ алмауы керек пе? Сол көрген қанжоса қырғыны қазаққа да, зиялсына да әлі жеткілікті болмағаны ма?

     Алаштықтардан кейінгі әдебиетшілер қып-қызыл саяси шығарма жазды. Әрине келісіммен тіпті белсенділігімен. Бастысы бастың амандығы, сосын қызыл көтен ДҮНИЕ. Ленин атындағы сыйлықты алу деген енді нағыз қызыл әдебиетшілер үшін Нобельден де артық абырой, Нобельден де артық даңқ болды. Қазіргі біздерге күлкілі һәм түсініксіз атақ пен құрмет үшін күллі халқын сөзге орап тұрып, аждаһа үкіметтің жұмырына тастап жіберді.

     Шен мен атақ таласы, мемлекеттік сыйлыққа күйлеудің басы осы кезден басталды. Сәбеттік адамдар тірі жүрмін дегені болмаса, қорқыныш пен үрейдің құшағында өмірі сүрді. Құл қоғам  әрине құл әдебиетшіні тудырады, құл әдебиетші құл қоғамды құл болуға тәрбиеледі.

      Әдетте құлдық дегенде белгілі бір халыққа болмаса, белгілі бір адам, не тапқа қарата айтылады да, мәдениетте, әдебиетте жүрген зиялы қауымның да құлдықта болатыны қазақ санасына қиғаш ұғымдай қабылданбай тұрады. Шынымен де отарлық санадан мүлде арылудың қадамын жасап үлгермеген    қоғам, кім болса, ол болсын ешқашан ағармайтынын қазақ елінің тәуелсіздік тарихы дәлелдеп берді. 

      Осыдан отыз жыл алдын әлемді шулатқан  поп королы М. Джексон өзінің денесіне пластикалық операция жасатады. Табынушылары оның бұрынғыдан да әдемі, көрер көзге сымбатты ақ тәнді болғанына және бұған дейін кісі баласы жасап көрмеген шешіміне таң қалады. Не керек, ақ тәнді болу М. Джексонға да оңайға соқпайды. Бір емес, бір неше рет бүкіл денесінің қара терісін сылып тастап, орнына еуропеоидтік ақ теріні жапсырып, оны үйрету үшін қаншама азап пен тозаққа түскенін Джексонның бір өзі ғана анық біледі. Талант десе, талант. Дауыс, ән, би мінсіз. Атақ десе атақтың бәрі бар-тын. Енді не жетпеді. Сұлулық үшін деді біреулер. Не істерін білмей, еріккенен деді біреулер. Жоқ олай емес екен. Жетпей тұрғаны түп санадағы құлдық таңбаның кемістігі поп корольның жадын тырнап тұруынан еді. Санасындағы мәңгілік қожасы ақ тәнділермен тең дәрежеде және қатар тұрудың жолы тек сыртқы формасын өзгерту деген қате шешім қабылдайды. 

     Біздің қоғам да дәл солай. Біз Майкл Джексонға айналған мемлекетпіз. Ғасырлар бойы көрген өгейліктен, қазақтың қазақ болғаны үшін көрген түртпегі; өзінің бар екенін, тірі екенін дәлелдей алмау қорлығы; лайықты бағасы мен тиісті орнын таппау сынды шет қақпайдан арылудың жалғыз жолы қара қазақтың ақ Майклге айналу қорлығы ақиқат-тын.

    Бұл үрдіс мойнына құлдық қамыт киілген мизамда жасаған жұртқа амалсыз болса да жарасар делік. Бүгінгі еркін ел, тәуелсіз мемлекетте кімде-кім мін боларлық бұл құбылысқа айтақ салса, демек, санасында гәп бар. Қазіргі замандас жазарманның сондай бір жаман әдеттерін былай түсіндірсек болады. Яғни, өздерінің легитимді адам екенін, физологиялық мазмұнын, есім жапсырған ДЕНЕСІН растату үшін атақ алу арқылы, дарын, шабыт т.б. сыйлық алу арқылы ҚҰЛ ЕМЕС ЕКЕНДІГІН куәландыру, өз ҚҰЛДЫҒЫН МОЙЫНДАУ десек ше? Неге болса да әйтеу бірдемеге ҚҰЛ. Бұл жерде МАЗМҰННАН шығатын МӘНДІ денемен, соймен, сыртқы пішінмен өлшеу сынды таяз талғамды дұрыстыққа балап, өмір шындығына олақ қараған жазарманға басқаша қалай баға бере аламыз. Өткен ғасырдағы алдыңғы буын әдебиетшілердің майдансыздығынан қаншама таяқ жесек, ендігі саудагер әдебиетшілерден ше? Анау ханды дірілдеткен жырауларды қоя тұрдық, кешегі алаштықтар мен салыстырғанда, қазіргі әдебиетте ат оздырып жүрген жанның шындығы, азабы нешік? Тәуелсіздік келді екен деп жаңа форматта елдің рухани мүлгін сату мен саудалау, ол кешірілмес тарихи қылмыс екені қаперге кіре ме екен. Бұндай саудагер әдебиетшімен мемлекет те, мемлекет басқарған билік те санаспайды. Жетеге жетпесе, тағы былай жеткізейік.  Әдетте, мәнсабы бар бір шенді пара алып, пара беріп ұсталса, олардың қылмысын анық біліп жатамыз. Ал, рухани жемқор-саудагерді халық қалай таниды. Публика алдында пайғамбардай маңғазданғанымен зәндемдігі, екі жүзділігі, алаяқтығы қай мәнсатыны он орап алатын сол зиялы қай мизам келсе де, судан құрғақ шыға келіп, бәрін жайпаған қаһарман болып отырғаны өтірік пе? Кітапқа оранған, зиялы деген қалпаққа көмілген, руханият егеуқұйрықтары қазақ санасында қандай да бір кеміс болса, оны толтырудың, емдеудің орнына, жабыла кеміріп, жарасын қанатып содан тоят алатыны несі? Жазарман қауым тіріде осы сауалға жауап беріп, шын ойлануы керек секілді…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар