Студент кезімізде Төлеген Айбергеновтің «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым; Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның...» дегенін тек өлең жазатындарға арналғандай көретінбіз. Тереңінен ойласақ, бұл адамның қай істі болмасын жан-тәнімен беріле, адал атқаруының қиындығын білдіреді. Ұзақ жылдар бойы аударма саласында еңбек етіп, белгілі бір деңгейге жеткен маман ретінде айтарым – аудармашы болып өмір сүру де оңай емес.
Менің әріптестерім де сөйтетініне сенімдімін: бір жерден қате аударма көрсем үн-түнсіз кете алмаймын – жөндеткенше жаным тыным таппайды. Сонымды естіген болуы керек, осыдан екі-үш жыл бұрын біреулер Астанадағы «Еуразия» сауда орталығының бір дүкенінде «Скидки круглый год» деген хабарламаны «Жеңілдіктер домалақ жыл» деп аударып қойғанын суретке түсіріп, телефоныма салып жіберіпті. Сол жерде танитын тележурналистерге хабарласып, сюжет түсіртіп, маңдайшадағы жазудың жөнделуіне себепшілердің бірі болдым. Енді міне, «Встреча» сауда үйінде «Все для праздника» дегенді «Барлығы үшін мереке» деп аударып қойыпты.
Сатушыға көрсетсем, «бізге оны қазақтар аударып берді» деді. Енді не дейсің?! Шіркін-ай, қай қазақ екен сол? Аударма үшін төленетін аз ғана ақы үшін тілін күлкіге айналдырған қай бауырымыз екен? Бұрынғылардың: «Өз қолыңды өзің қалай кесесің?» деп күйінуі осындай жағдайлардан кейін айтылған болар. Қате аудармалар туралы қойылған сұраққа өзімнің де:
Шала аударма жасайтын ағайын көп
«Сапа құрсын, бір пайда табайын» деп.
Нағыз маман тер төгер ана тілдің
Бір жыртығын әйтеуір жамайын деп;
Тіл мен ділі – халықтың сол тірегі
Рухы жоқтық бар ұлтты өлтіреді.
Аударылған құжаттар ақсап жатса
Шын маманның намысын келтіреді, - деуіме де солар себепші емес пе?
Көшеге ілінетін билбордтар мен баннерлердегі, плакат өнімдеріндегі, бейне роликтердегі қателер де – басқа емес, өз қандастарымыздың жұмысы. Оларды жасаушылар (басқа ұлт өкілдері болса) мәтіннің дұрыс-бұрыстығына бас ауыртып жатпауы мүмкін, ал тапсырыс берушілер қайда қарайды сонда? Қате мәтінді көре тұра неге қабылдайды? Өнімінде ана тіліміздегі мәтіннің өрескел қателермен жазылғаны намысын келтірмей ме, әлде?
Жай жүрмей, осындай қатесі бар өнім шығарушыны тауып алып, сөйлескенім бар. Тендермен ұтып алған екен. Ал тендердің жайы бергілі – ең төмен баға қойған ұтады. «Ал ол ақша сауатты маман жалдамақ түгілі, өз шығындарымызды өтемейді» дейді өнім беруші. Түсінікті, сауатты маман жалдамай, «гугл»-мен аудара салады, нәтижесін күнде көріп жүрсіздер.
Тіл жанашырлары көпшілік жиналатын жерлерге барғанда жазылған хабарландыруларды, жол нұсқағыштарды, т.б. жазбаларды көріп, демалудың орнына шаршап қайтары анық. Оның бір себебі – қазақ тіліндегі сауатсыз жазулар. Астанадағы орталық саябаққа жиналған тіл сүйер адамдар болса, егер қан қысымдарыңыз жоғары болса, бармай-ақ қойыңыздар деп алдын ала ескертіп қойғым келеді: онда аттап басқан сайын ашуланатын боласыздар. Солардың ішінен бір-ақ мысал келтірейін: «Не разрешается занимать одно посадочное место более одному взрослому пассажиру» деген сөйлемді «Бір адамнан артық емес бір орындықта отырғызуға рұқсат болмайды» деп жазып қойған. Күлеміз бе, жылаймыз ба?
Көрнекі жарнамалардың аудармаларында көп кездесетін қателіктердің бірі – сөз мағынасын түсінбеуден кететін ауытқушылықтар.
«Мы - за чистый город!» деген тамаша акцияны мағынасына үңілмей «Біз таза қала үшін!» деп жазып қойған. «За» түрлі сөздермен қосылып жазылғанда түрлі реңкті мазмұн беретін қосымша. «Спасибо за помощь» десе – «Көмегің үшін рахмет» деуге болады. Ал «Мы за мир (партию, депутата...)» десе – «Біз бейбітшілікті (партияны, депутатты) жақтаймыз» деп алынуы керек. «Мы за чистый город» дегенді мағынасына қарай «Қаланың таза болуын қалаймыз» деп алса, қандай тамаша болар еді.
Б.Момышұлы даңғылындағы жарнама бір жиынға қатысушыларды «акулы бизнеса» деп сипаттап, айқайлап-ақ тұр. Қазақшасын «бизнес акулалары» деп қойыпты. Яғни, бизнесте жетістікке жеткен, аты белгілі, бизнес әлеуеті мол тұлғалар меңзеліп тұрғаны түсінікті. Бірақ қазақы ұғымға сіңіспей тұрған сияқты. Осыған орай есіме бір жай түсті.
Парламентте қызметте жүрген кезде жиындарда фразеологиялық тіркестерді, мақал-мәтелдерді аударудың қиындығын талай бастан кештік. Кейде ауызға сөз түспей қалатын, кей кездері тілге сәтті тіркес оралатын немесе мағыналық аударма жасайтынбыз. Бірде ілеспе аударма жасап отырып, Шерхан Мұртазаның әр сөзін шегелей сөйлеп: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегенін «Бочку меда портит ложка дегтя» деп аудардым. Бір қарағанда дұп-дұрыс. Мағынасы келіп-ақ тұр. Бірақ, бал арасын өсіру – жалпы қазаққа тән кәсіп емес қой. Ендеше біздің ата кәсібімізге байланысты да осындай мақал болуы керек деген ой маза бермеді. Ойланып жүріп, ақыры таптым: «Паршивая овца все стадо портит».
Бұл жерде айтайын дегенім, жарнамадағы «акула» да – қазақы ұғымға келе бермейтін теңеу. Меніңше, «бизнес тарландары» десе әлдеқайда ұтымды болар еді. Сондай-ақ, «Большое спасибо за помощь, сынок!» дегенді «Көмектескеніңе көп рахмет, балам!» («Көмек үшін үлкен рахмет, балам!» емес) деп алса – билбордтар «қазақша» сөйлер еді. Сөз реті келгенде айта кетейін, 2015-16 жылдары Серік Ерғали, Сымбат Қойлыбаев, Болат Райыс, т.б. кәсіби аудармашылармен бірлесіп қоғамдық кеңес құрып, жарнама мәтіндерін қазақыландыру үшін біраз еңбек еттік, ол топ қазір де нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Дегенмен, неше жерден мықты аудармашы немесе тіл жанашыры болсаң да, тілдік құзыреттері жоғары мамандардан топ құрып, жұмыс істесең
де бұл саладағы проблемаларды шешу өте қиын екендігіне көз жеткендей. Бұл жерде тілді дамыту мен қолданудың қағидаттары мен әдістерін түбегейлі өзгертпейінше ел ауқымында белгілі бір жетістіктерге жетуіміз неғайбыл.
Жарнамадағы қателер туралы айтқанда радио мен теле эфирлерден берілетін жарнамаларды айналып өтуге болмайды.
Бұл жерде жарнаманың бастапқы мақсаты – жаңа затты көпшілікке таныстыру, қосалқы мақсаты – оны саудада ілгерілету екенін еске сала кеткен жөн. Бүгінде жарнаманың бұқаралық ақпарат құралдарының табыс көзіне айналып отырғанын көзі қарақты көрермен жақсы түсінеді. Дегенмен, (бұл – нарық заманының адамы айтатын сөзі емес екенін түсінем) өмірде бәріне де материалдық өлшеммен қарау қаншалықты дұрыс деген ой келеді. Әсіресе бұл – қоғамның рухани даму жүгі артылған сала болса?
Рухани жаңғыру қазіргі күннің ең өзекті мәселесіне айналған кезде, жарнама саласында да кей кезде материалдық игіліктен рухани игілікті биік қою керек деп ойлаймын. Айталық, сәбилердің жөргектері мен әйелдердің гигиеналық төсемелерін жарнамалауда. Бүгінде ол дүниелерге үйренгендері сонша, сәбилі отбасылардың да, әйелдердің де оларсыз күн көруі қиын. Ол жөргектер мен төсемелердің біздің қоғамда жеткілікті таныстырылғанына және жұрттың оған деген сұранысы азаймайтынына еш күмән жоқ. Өтпей тұрған немесе жұртшылыққа бейтаныс тауар болса бір сәрі, соларды қайта-қайта жарнамалап, теледидарға жылтыңдатып шығара беру қаншалықты қажет деп ойлансақ ше? Бұл – бір мәселе.
Екіншісі – эфирден берілетін жарнамаларда қателердің басқа түрлеріне: дыбыстық бұзушылықтарға, әдепке қайшы келетін сөз қолданысына жол берілетіні. Мысалы, «Pampers» туралы жарнамада («31-арна») жөргектің мақтауын жеткізе алмай, диктор «бұттың арасында жиырылмайды» деп, әйелдер төсемесін жарнамалап («Хабар») «... ағып кетпейді» деп, бүкіл елге жар салатынына қалай қарайсыздар? Ал қазақша мәтіннің өрескел қателіктермен дыбысталуын естігілеріңіз келсе «Cif» тазалағыш құралының («Қазақстан») жарнамасын тыңдасаңыздар жеткілікті.
Аударма туралы әңгімеде ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтудің қуатты құралы – ілеспе аударманы айтпай кету мүмкін емес. Өкінішке қарай, ілеспе аударманың осындай мықты әлеуеті жеткілікті қолданылмай келеді. Оның бір себебі – қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасайтын мамандардың аздығы болса, екіншісі жиындарды ұйымдастырушылардың ана тіліміздің аясын кеңейтуден гөрі ілеспе аудармашының еңбегіне төленетін ақыны үнемдеу ниетінің басымдығы.
Сондай үнемдеудің салдарынан V Астана экономикалық форумына келген Түркияның сол кездегі премьер-министрі Р.Эрдоғаның өз ана тілінде сөйлеп, аудармашысы оны әдеттегідей қазақ тіліне аударғаны; бірақ қазақ тілінен ілеспе аударма жасайтын маманның жоқтығынан, оның сөзін қатысушылардың басым көпшілігі түсінбегенін мен бұрын да жазғанмын. Сасқалақтаған ұйымдастырушылар заты қазақ біреуге аударма жаса деп жалынып, микрофонға отырғызыпты. Қазақша «тұрмыстық деңгейде» ғана
білетін адам саяси сөзді қайдан аударсын! Халықаралық деңгейде өткізілетін үлкен форум осылайша үлкен «ұят» жағдаймен есте қалды.
Реті келгенде айта кетейік, осындай жағдайлардан қорытынды жасаған Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті былтырғы жаздан бері ілеспе аударма жасауды үйрету курстарын өткізуді қолға алып отыр. Сол шараның нәтижесінде Астанадағы ілеспе аудармашылардың қатары көбейіп келеді. Ал өңірлердің ішінде іске жедел кіріскен Ақтөбе облыстық тіл басқармасының шаралары мақтауға лайық.
Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, өз ісінде рухани өлшемнен гөрі материалдық өлшемге бейім болатын жағдайлар ілеспе аударма саласына да ене бастапты. Сәуір айында Бас прокуратурада ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықованың төрағалық етуімен ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша кеңейтілген көшпелі отырысы болып өтті. Бұл жиын өтіп жатқан көптеген жиындардан «Фейсбук» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілуімен ерекшеленді.
Желіде отырғандар қоғамға орасан зардап келтіріп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, намысымызға дақ болатын мұндай құбылысты жою жолдары туралы Мемлекеттік хатшының, Бас прокурордың сөздерін тыңдап қана қоймай, өз көзқарастарын білдіретін пікірлер жазып жатты. Солардың басым көпшілігі «әп-әдемі сөздерді бұзып, түкке алғысыз етіп отырған ілеспе аударма» туралы пікірлер еді.
Өзім ілеспе аудармашы болғандықтан, жиында аударма жасап отырған мамандарға айтылған мұндай сын қатты әсер етті. Келесі күні жиынды қоса ұйымдастырушы органдарға арнайы хабарласып, аудармашылардың аты-жөндерін сұрадым. Нашар ілеспе аудармаға байланысты өздері де сөгіс естіп отырған олар аудармашыларды басқа ұйым әкелгенін айтып, аттары Әлия, София дегеннен артық ештеңе айта алмады.
Маған таныс емес есімдер. Қазақша-орысша ілеспе аударма жасайтын мамандардың 90 пайызы өз шәкірттерім және олардың ішінде Әлия, София есімді аудармашы жоқ екеніне сенімім кәміл. Сонда бұлар кімдер? Аударма жасай алмайтыны бар, ол жерге неге барған дейсіздер ғой? Көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлауларының себебі біреу-ақ, ол – ілеспе аударма жасағаны үшін төленетін ақы.
Бұл жерде де «ана тілімнің қолданылу аясы кеңейсін», «қазақ тілінде айтылған жайлар орыс тілді қауымға түсінікті болсын» деген игі тілектер емес, «қайтсем пайда табам?» деген бақайесеп басшылыққа алынған. Ілеспе аударма жасаудың: аударманың сауатты болуы, қатысушыларға сол тақырып бойынша сапалы ақпарат беру сияқты басты қағидаттары аяққа тапталған. Осы жайға байланысты басқа саяси ұстанымдарын былай қойғанда, орыс тілі үшін күрескерлігімен танымал болған В.С.Никитиннің «Отношение к языку - это та лакмусовая бумажка, которая позволяет убедиться, кто истинный друг, а кто враг народа» деген сөздері ойға еріксіз оралады.
Міне, осындай сапасыз аудармадан кейін баяндамашыларды ана тілімізде сөйлемейді деп қалай кінәлауға болады? Сол екі аудармашы, өз
қандастарымыз, алатын бес-он тиыны үшін қаншама ілеспе аудармашының беделіне, кәсіби құзыреттілігіне нұқсан келтірді! Қаншама адамға «қазақшадан орысшаға ілеспе аударма нашар жасалады» деген ұғым қалыптастырды.
Енді мұндай ұятты жағдайлар қайталанбауы үшін жедел түрде тиісті шаралар қолданылу керек деген ойдамын. Бәлкім, Тіл комитеті кәсіби ілеспе аудармашылардың тізбесін жасап, ұйымдастырушылар ірі жиындарды аударуға тек сол тізбедегі мамандарды тартуы керек болар? Мүмкін басқа бір амал ойластырылар, әйтеуір, қазақ тілінде жалпыхалықтық мәні бар мәселе бойынша өткен жиындар баршаға түсінікті болуы керек деген ойдамыз.
Аударма – жалпы қазақ тілін дамыту мәселесінен ажырағысыз мәселе. Тілдерді дамытудың тұжырымдамасы, үш тілді білім беру бағдарламасы сияқты құжаттарда қазақ тілін дамытудағы оптимистік көзқарас айшықталған және оларда аудармадағы мәселелерге біз қалағандай мән берілмеген. Ал күнделікті өмірдегі, біз кейбіреулеріне ғана тоқталып өткен жайлар – көпшілік тұтынатын қазақ тілінің нақты ахуалынан хабар береді.
Оптимистік көзқарас пен нақты ахуалдың арасында жер мен көктей алшақтық бар. Оны азайтуға үлес қоспау – атымызға сын. Бір ғана нәрсе есте болса екен: аудармаға қатысты істі қолға алған адам Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Тіл – арыстан есік баққан ашулы, Сақ болмасаң жұтар, ерім, басыңды!» деген сөздерін ұмытпауы керек.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Республикалық «Үздік аудармашы»
конкурсының жеңімпазы,
ілеспе аудармашы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.