Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ауыл шаруашылық қызметкерлері күні һәм ата кәсіп...

19.11.2023 934

Ауыл шаруашылық қызметкерлері күні һәм ата кәсіп 12+

Ауыл шаруашылық қызметкерлері күні һәм ата кәсіп - adebiportal.kz

Жылпарақ бетіндегі әрбір күннің тек өзіне ғана тән, басқа күндерге еш ұқсамайтын өзгешелігі бар. Тіпті әр жылдың осы күнінің өзі әрқилы мерекелі, даталы күндерге тап келіп жататыны бар. Кейбір кәсіби, өзге де мерекелер жыл сайын айдың белгілі бір аптасының күнінде атап өтілетіндіктен, әр жылы әрқилы күнге түседі. Қазақстан Республикасындағы осындай күндердің бірі – Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің күні. Арғы бастауын кеңес дәуірінен алатын бұл атаулы күн еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Кәсіптік және өзге мерекелер туралы» Жарлығымен жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтіліп келеді. Ауыл шаруашылық қызметкерлері күні 2023 жылы 19 қарашаға сәйкес келіп отыр.  Жылдың төрт мезгілінде тынбай еңбек етіп, отбасын, ауыл-аймағын, мемлекетін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, одан қалды әлемдік нарықтың толығып-молығуына атсалысып жүрген  ауыл шаруашылығы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, осы бір көне кәсіптің еліміздегі  мәні мен маңызына тоқталуды жөн көрдік.

Адамзат баласы терімшілік пен жабайы аңшылықтың сан мың жылдық тәжірибесі негізінде үй жануарлары мен мәдени дәнді дақылдарды өсіре бастағаннан бергі дәуір - ауыл шаруашылығының қалыптасып даму кезеңі.  Ауыл шаруашылығы - Қазақстандағы халық шаруашылығының стратегиялық маңызға ие саласы. Қазақ халқының ата кәсібі мал шаруашылығына қоса, егіншілік және басқа да қосымша шаруашылық түрлерімен шұғылданушылары бар Қазақстан Республикасы – ауыл шаруашылығын дамытуға мүдделі әрі осы тұрғыдағы мүмкіндігі зор, әлеуеті өте мықты елдердің бірі. Арғы дәуірлерде Ұлы Далада  мыңғырылтып мал өсірсе, кешегі кеңес кезеңінде де бұл үрдістен жаңылмаған. Осы тұста тек қой санының өзі 36 миллион болған. «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген айтылымның өмірде нақты орындалуы-ақ осы кезең болар.  Мал шаруашылығы - азық-түлік қауіпсіздігі , молшылықтың көзі ғана емес, халқымыздың өткені мен бүгінгісінің, ертеңгімен сабақтастығы да. Біздің халқымыздың осы күнге дейінгі бүкіл дерлік таным-түсінігіміз, тіліміздің поэтикалық оралымдары, писхологиялық қалып-күйлерімізді білдірудің өзі осы дәстүрлі шаруашылығымызбен байланысты ғой. “Бота көзді", “қоңыр қозым”, “құлын-тайдай тебісіп”, “ат басын тіреді”, т.б. жүздеген мысалды тізе беруге болады. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша соңғы 10 айда Қазақстандағы сиыр саны – 9 млн., қой-ешкі – 23 млн., жылқы – 4 млн., түйе – 277 мың, құс саны – 54 млн. болған. Бұл санды кеңестік дәуірмен салыстырғанда аз деуге де, екі мыңжылдық тоғысындағы жылдармен салыстырғанда көп деуге де болады. Бір анық дүние: қазақ үшін өз жерінде өсірілген малдың еті мен астығының  маңызы қашан да жоғары. Тіпті жиырма миллион халықтың он төрт миллионы қалалық болған қазіргі кезеңнің өзінде де солай. 
Қазіргі қалалық қазақ баланың біразы-ақ қой мен ешкіні  айырмақ түгілі, ауылға барып малдың маңына жолап көрмеген, бидайдың егістікте өсіріліп, наубайханадан нан болып шыққанға дейінгі үдерістен кітап, мультөнімдер арқылы ғана таныс десек асылық емес. Және мұны әбестікке санауға да болмас. Қаласақ та, қаламасақ та ХХІ ғасырдағы қалалық қазақтың ұрпағы өз тұрмыс-тіршілігін ауыл шаруашылығымен байланыстырудан қалып барады. Тіпті ауылдың дәл өзінде отырып, өз меншігіндегі сиырын,  биесін сауып ішуді қажет деп таппайтын мыңдаған қазақ отбасы бар екендігін де кім жоққа шығарады? Бұл - озғандық па, әлде тозғандық па?  Жаһанданудың бір көрінісі осы болар, сірә?

Мал - отбасы үшін тіршіліктің көзі, алаңсыз бақуаттылықтың  кепілі болғандықтан да кешегі қазақ: «Мал-жан аман ба?» - деп сәлемдескені анық.  “Малдының беті - жарық, малсыздың беті - шарық”, «Бір күндік өмірің қалса, үш күндік мал жи» дегенді айтқан да – қазақ. Мұның бәрін қазақ мал мен мүлікке тым құмарлығынан айтпағандығын: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген кесек тұжырымынан аңғарамыз. Бұл айтылым – қазақтың рухани тазалық пен биіктікті бәрінен де жоғары қойған дегдарлығын танытатын ар-намыс кодексі. Дәл осы ойды қазақтың терең ойшылы Шәкәрім былайша нақтылай өрбіткенін көреміз: 

Mал да аяулы, жан да аяулы болса егер –

Малды аяма, жаның үшiн малды сат!

Жан да аяулы, жaр да аяулы болса егер –

Жанды аяма, жaрың үшiн жанды сат!

«Мал» деген ұғымның өзін қазақ ерте заманнан бері «байлық», «ақша-қаржы», «дәулет-мүлік», т.б. баламасы ретінде қолданылып келгені белгілі. 

Жеке адамның, мемлекеттің ауыл шаруашылығында еңбектеніп мал-дәулет жинап, қорланып бай болуының бір тетігі – егіншілік десек, қазақ халқы егіншілікпен де ерте замандардан бері айналысқан.  “Бақпаса мал өспейді, баптамаса егін өспейді” ,  - деген қазақ: “көшпелі елдің  қоры болғанша, егінші елдің зоры бол” , - дегенді де айтқан. Көшпелі тіршіліктің түптің-түбінде отырықшылық мәдениетке жол беріп, есесі кетерін  Абылай хан анық аңғарып, Іле мен Есіл бойында егіншілікті дамытуға әрекет жасағаны, үш арманының біріншісі - “Менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емгізе алмадым”, - болғаны осының дәлелі емес пе? Хан Абылайдың бұл арманының өзі қазақтарды егіншілікті  мүмкіндігінше көбірек тарту болса керек. Себебі егіншілік - қазаққа қай дәуірде де жат кәсіп болмаған. Мысалы, ежелден бері егіншілік дәстүр жақсы дамыған Сыр мен Жетісу өңірлерін айтпағанда, өзге өлкелерде де дән өсіріп, өнім жинағандығы туралы аңыздар мен деректер баршылық. Айталық, Арқадағы «Ақтоғайдың ақ бидайы» аталған төл сұрыптың тарихы тым әріде. Еуропалық мақтаулы бидай масағынан алынған жүз дән 4,5 грамм тартса, Ақтоғайдың ақ бидайы 6,2 грамм тартатынын кезінде орыс зерттеушілері таңдана жазған екен. Бұл – жергілікті тұрғындардың жергілкті климат пен су, топырақтың ерекшелігіне негіздей отырып шығарған ғасырлар бойғы сұрыптауының нәтижесі болатын. Тарыға қатысты тарышы деген ру атауының, «Алтайдың (өзге бірнеше өңірлерге қатысы бар) ақ тарысы» деген сұрыптың барлығы да бекер емес. Алтайдың сала-саласына қазақтар ежелден тоғам салып су шығарып тары еккені туралы аңыздарға қоса, қазған арықтары да сақталып жеткен. Айтпағымыз: кешегі коммунистік дәуір санаға сіңіргеніндей, қазақ тек мал баққан халық емес, егін салып, өнімін молынан жиған халық. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин әңгімесіндегі қыпшақ рулы Сейітқұл диқанның іс-әрекеті де ойдан алына салған оқиға емес:  «Егіні піскен соң орып, жиып алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан-жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, тары, арпа егеді) артығын төңіректегі елге малға айырбас етумен, бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейітқұлға қосылып келіп, бес-алты жылда Сейітқұл елі деген төрт жүз үйге таянды дейді. Көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін келтіріп, егіншілер оларға астығын, товарын айырбас етіп, осы қалыпша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейітқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты», - деп егіншілікпен шұғылданған елдің аз жылда айбарлы елге айналғанын қарапайым тілмен тамаша баяндап берген еді ғой.

Бұрыннан астық өсіру дәстүріне ие қазақ даласының кең тынысы Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны тұсында ашылды. Көптеген кері салдарлы көрсеткіштеріне қарамастан, түпкі нәтижесінде Қазақстанның астық державасы ретіндегі бүгінгі әлеуетінің негізі осы кезеңде қаланғанын ешкім жоққа шығара алмас. 


Сөнбе мәңгі!
Достықтың оты лаула!
Думан-той, сән-салтанат жатыр алда.
Жаяйық миллиардтың мол дастарқанын,
Алатау, Алтай, Арқа мен Атырауға! - 

деп Мұқағали ақын жырлағанындай, жыл сайын миллиард пұт астық жинаған Қазақстанның сапалы бидайы сол кездің өзінде-ақ бергісі Мәскеуге, арғысы әлемге жол тартып жатты. Алтын дән өсіретін шексіз-шетсіз алқаптар қуатты алып техникалар арқылы игерілді. 
Ыстығы кабинаның жүзін қарып
(үздіктің жалаушасы тұр ырғалып),
Кəмшаттың құлан көрік «кербестісі»
барады дəн толқынын бұзып-жарып.
Аймалап жел дидарын жаз арайлы
барады, ойлап үйді – бала, жайды.
өмірдің сан сұрағы көлденеңдеп,
кеудесін келіншектің мазалайды..., - 

деп жырлаған екен, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова. Тың игеру дәуірінде алып "К-700" тракторын тізгіндеп, ерлермен қатар еңбек етіп қана қоймай Еңбек Ері атағына ие болған Кәмшат Дөненбаева туралы бұл толғауда дәуірдің тынысы, өмірдің шындығы бар.
Әлемдік бидай нарығында Қазақстан сегізінші орында,  экспортқа шығарудан алтыншы орынға ие болып отыруының артында қажырлы еңбек пен ондаған алпыс жылдан астам уақыт ішіндегі ғылым мен техникалық жетістіктерді игеру әлеуеті жатыр және мсұның өзі қазақтың астықты алқабының әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын көрсетеді. Бұл меже алдағы кезеңде де өсе түсері сөзсіз. 
Ауыл шаруашылығымен шұғылданудың өзі  - заманауи  ғылым мен техниканың жетістігін тиімді пайдаланып, сапалы да мол өнім алу деген сөз. Осы тұрғыда отандық малшылар мен диқандардың  ілкімді істеріне жан сүйінеді. Атап айтқанда, кешегі заманда берісі алыс-жуық аудан, облыстардан, арысы одақтас аталатын республикалардан техника, күш-көлік тартып, әзер үлгеріп жататын егін жинау науқаны  жоқ бүгін. Себебі, отандық егінші фермерлердің техникасы қуатты, күші сайма-сай, есебі мығым. 
Хан Абылайдың қазаққа жер емшегін емізсем" деген арманы бүгіндері толық орындалған. Егіншілік әлденеше буын ұрпақ үшін ата кәсіпке айналып үлгерді. «Еңбектің наны тәтті». Егін салып, мал бағу арқылы еңбектің тәтті нанын тауып, отбасын, отанын бақуаттылыққа жетелейтін  ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің молшылыты еселеу жолындағы әрбір күні бейбіт болғай!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар