Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ауылдан алыс сол жылдар...

29.11.2023 1179

Ауылдан алыс сол жылдар 14+

Ауылдан алыс сол жылдар - adebiportal.kz

28 қараша күні, ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Аудармашы, көрнекті тіл ғалымы, синолог, қытайтанушы, профессор С.Найманның (Найманғазы Сапанұлы) «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби-танымдық кешті белгілі журналист, осы конференцияның ұйымдастырушыларының бірі Қалиакбар Үсемханұлы жүргізді. 

«Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық кітаптың әдеби таныстырылымына ғылым докторлары, тіл мамандары, аудармашы, ақын-жазушылар, сондай-ақ журналистер қауымы қатысады. Әуелгі сөзді белгілі ғалым, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы мен Филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Құрманжанұлы Ахметов алды. Олар ғалымның еңбегіне жан-жақтылы тоқталып, сөздік жасаудың машақаты туралы кеңінен тоқталып өтті. 

Кеш барысында негізгі баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы, белгілі баспагер, аудармашы Қалбан Ынтыханұлы, аудармашылардың жас толқыны Ерлан Мазанұлы сынды тіл мамандары жасады. 

Қалбан Ынтыханұлы мен Тұрсынхан Зәкенұлы «Ауылдан алыс сол жылдар» кітабының мәні мен мазмұнына, ғибараты мен жас ұрпаққа беретін өнегесіне баса назар аударып салмақты баяндама жасады. Екі ғалымның Найманғазы Сапанұлы туралы баяндамасын алдағы уақытта қалпын бұзбай «Әдебиет порталының» оқырмандарына ұсынамыз. 

Найманғазы Сапанұлы – 1941 жылдың тамыз айында ҚХР Шыңжаң өлкесіне қарасы Тарбағатай аймағының Майлы тауының етегінде дүниеге келген С.Найман – Қытайдағы 2 миллионға жуық қандасымыздың руханиятына жарты ғасырға жуық құнды терін төгіп, еселі еңбек сіңірген айтулы ғалым. Шыңжаң өлкесінің екі рет таңдаулы маманы, көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын алған. С.Найман – Қытай қазақтары арасындағы Қытай Мемлекеттік Кеңесінің ғалымдарға берілетін арнаулы стипендиясынан игіліктенген санаулы қазақ ғалымдарының бірі. 

С.Найман 1960 жылы Үрімжідегі Мұғалімдер институтының қытай тілі факультетінен оқу бітіріп, сол жылы «Шыңжаң халық баспасына» жас маман ретінде жұмысқа шақырылды. 1977 жылы аталған баспаның Қазақ редакциясы бөлім басшысының орынбасары, 1980 жылы бөлім басшысы, 1983 жылы баспа бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда «Шалғын», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Тіл және аударма» сияқты 4 ірі қазақтілді журналдың бас редакторлық қызметін қоса атқарды. Қазақстанда жарық көрген 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» сияқты ірі еңбектердің төте жазуға аударылып, Қытайда жарық көруіне мұрындық болды. 2003 жылы зейнетке шықты. 2018 жылы атажұртқа оралды. 

Ғұмырнамалық эссе сипатында жазылған «Ауылдан алыс сол жылдар кітабы» С.Найманның тұтас өмір жолын толығымен қамтыған. Кітап 19 бөлімнен тұрады. Саналы ғұмырын қазақ руханиятына арнаған аудармашының күреске толы өмір сапары көз алдыңнан келісті картинадай тізіліп өтеді. Оқырман назарына осы кітаптың алғы сөзін жазған, С.Найманның замандасы, адал досы, белгілі ақын, ҚХР Жазушылар одағының мүшесі Сәли Сәдуақасұлының осы кітапқа жазған алғы сөзін назарларыңызға ұсынамыз.

Сәли Сәдуақасұлы, ақын: С.Найман (Найманғазы Сапанұлымен) бала күнімнен таныспын, содан бері де аттай желіп алпыс жыл өтіпті, орталау мектепті бірге оқып, одан кейінгі төрт-бес жыл оқу жағдайымен арамыз үзіліп қалғаны болмаса, алпысыншы жылдардың басынан бастап бір қалада, бір салада жұмыс істеп, қатар өмір сүріппіз. Ұзақ жыл қоңсы аулада іргелес көрші болып та отырыппыз, тағдырдың жазуымен сарсүйек құдандалы болған жайымыз да бар еді... Бұларды айтып отырған себебім, біз – бір-бірімізді ертеден білетін, бір-бірімізді жүрекпен танып, рухани түсінісіп, берік те, адал саптастыққа қылау түсірмей, ой-пікіріміз жұғысып өткен азаматтармыз.

Өмірдің заңдылығымен, міне, сексеннің табалдырығынан да бірге аттап, соңғы ғұмырымызды да бір өңірде, бір қалада өткізіп жатырмыз. Меніңше, бұл да біздің пешенемізге бұйырған бір бақытымыз шығар, бәлкім?!..

Бізден бұрынғы аға буындардың да, бізбен тұрғылас замандастардың да, өкшемізді басқан кейінгілердің де, осы күнгі хат-сауаты толық жастардың да, әуелі, қазіргі қос тіл ағартуымен көзін ашқан мектеп оқушыларының да «С.Найман» есімін білмейтіндері жоқ екендігіне өз басым шүбәланбаймын. Өйткені солардың бәрі де С.Найман бас болып құрастырған, кейін келе «С.Найман» баламасында айналып кеткен (көк сөздік Найман, С.Найман көк сөздік болып кеткенін) әйгілі көк сөздікті жақсы біледі. Демек, С.Найман – ең алдымен, халыққа, қоғамға, әлеуметке аудармашылығымен танылған айтулы азамат, әйгілі көк сөздік оның өкілдік сипат алатын сүбелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі.

Аударма кәсіп емес, мал табу, жан бағу машығы да емес, аударма – өнер, өнер болғанда да көрінген көк аттының қолынан келе бермейтін универсал өнер, көп қырлы, қалың қыртысты, сан-салаға саятын күрделі өнер.

С.Найман осы өнердің ұшпағына да, даңқының шыңына да шыққан ой-санасы сергек, зейін-зердесі терең, тілі шешен, ойы көсем санаулы тұлғалардың біреуі, бұл сөзімізді Найман аударған «Шал мен теңіз», «Арайлы аспан» қатарлы сан-санақсыз аудармалар толық дәлелдей алады...

Найман – аз жазатын, аз жазса да иландырып, тамсантып саз жазатын талғампаз ақындардың бірі. Содан да болар, 2000 жылдардың басында «Шұғыла» журналында жарияланған бір поэмасына іле-шала әйгілі ғалым жазушы Сұлтан Жанболатов тебірене қалам тербеген болатын, Сүкеңнің мақаласы да «Шұғылада» да жарияланған-тын.

Ал мына қолыңызда тұрған «Ауылдан алыс сол жылдар» атты ғұмырнамалық эссе кітабы Найманның прозалық сүйекті туындысы есептеледі. 

Аталған кітап 16 тарауға бөлініп жазылыпты, оқиға желісі автордың балалық шағынан басталып, көрнекті тұлға болып қалыптасқанына дейінгі (зейнетке шыққанға дейінгі) жарым ғасырдай уақыт пен кеңістікті қамтып жатыпты. «Елу жылда – ел жаңа» дейді атам қазақ. Меніңше, кітапта қамтылған елу жылды еске алудың өзі бір керемет адамгершілік, азаматтық деуге болады. Әйгілі батыр жазушы Бауыржан Момышұлының «Өткенді ескермеген өшеді, өткенді қастерлеген өседі» деген даналық тағылымы болушы еді. Кітаптың қолжазбасын алғаш оқығанда-ақ Баукеңнің жоғарыдағы тағылымы ойыма оралған болатын.

Кітапта суреттелген әр кезеңнің тіршілік тынысы, қоғамдық-әлеуметтік жағдайы, халық жұртшылығының өмір тіршілігі, саяси атмосфера, аумалы-төкпелі заман ағысы, «МЗТ»-ны қамтыған, дүркін-дүркін ісікше жайылған қозғалыстар, партияның он бірінші кезекті орталық комитеті үшінші жалпы жиыннан кейінгі ұлы реформалар мен ұлы бұрылыс, өзгерістер – осылардың бәрін де басымыздан өткізгеніміз себепті аталған ғұмырнамалық эссе бірінші бөлімінен бастап-ақ көзімді суырып баурап әкетті...

Ғұмырнамалық эссенің ең түбірлік ерекшелігі: шындықтың шырайына тура қарап, оқиғалар мен құбылыстардың, болмыстардың маңызы мен мәнін тура да, әділ ашып көрсете алғандығында дер едім. Қайсы тарауын оқысаңыз да, өзіңізді сол тараудың ішінде жүргендей сезінесіз. «Әсілі, өмірдің кез келген фактісі тарихтан орын алмайды» дейді Бауыржан Момышұлы, расында да, тіршіліктің тоқтаусыз ағысы сан-санақсыз нәрселерді ұмыттырып, зым-зия ғайып ететіні түсінікті жайт қой, ал аталған ғұмырнамалық эсседе жарым ғасырдан астам уақыттың қадау-қадау, ерекше есте қаларлық тұстары ғана автордың назарына ілігіпті. Нәтижесінде, өмірдің шындығы шырайын кетірмей, шұрайын сұйылтпай оқырман жүрегіне жетеді. Былайша айтқанда, ғұмырнамалық эссені өзі қамтыған жарым ғасырдың тарихи шежіресі деп қабылдаймыз.

Найман хат таныған кезінен бастап қолына іліккен әрқандай басылымдарды, жазбаларды бір сүзіп оқып шықпай тыным таппайтынын эссесінде айтқан екен. Ол дағдысын мен де сырттай сезіп білуші едім. Мақсатты, жүйелі, нысаналы түрде көп оқығандардың көз аясы кең, ойлау, зерттеу-зерделеу өресі жоғары, сөйлеу, пайымдау шеберлігі жатымды болатынын көріп те, біліп те жүреміз. Наймандағы осы қасиеттер ғұмырнамалық эссесінде тамаша көрнекіленіпті, эссенің тілі қарапайым, ұғынықты әрі шешен бейнеленіпті. Ойы құнарлының тілі – сөзі құнарлы болатынын оқырмандар жақсы біледі, әрине!

С.Найман – танымал қоғам қайраткері, оның қайраткерлік бітім-болмысын осы кітапты зерделей оқыған кез келген оқырман жақсы сезінеді. Қамтыған кезеңдерін (дәуірін), арқалаған жүгін, бейнелеу қуатын, қоғамдық-әлеуметтік маңызын, атқаратын ролін, эстетикалық құнын салмақтай отырып мен «Ауылдан алыс сол жылдарды» шағын көлемді ғұмырнамалық эссе роман деп есептедім.

Ерлан Мазан, аудармашы: Найманғазы аға, ең алдымен Қытай қазақ көркем аудармасының көкжиегін кеңіткен көрнекті аудармашылардың бірі. Найманғазы Сапанұлы 1960 жылы Шинжяң педагогикалық институтының қытай тілі факультетінен оқу тауыса сала Қытайдағы қазақ баспаларының қара шаңырағы – «Шинжяң халық» баспасына жұмысқа шақырылып, бүкіл саналы ғұмырын арғы беттегі қазақ баспа ісінің өсуі мен өркендеуіне арнады. Көркем аудармаға 1960 жылдары ат ізін салып, поэзия аудармасында бақ сынады. Жүре келе қарымы қатайып, қаламы төселіп, кесек прозалық аудармаға ойысты. Қытайдың танымал жазушысы Хау Ранның «Арайлы аспан» атты романын қазақша сөйлетіп, оның алғашқы томын 1976 жылы, екінші томын 1978 жылы баспадан шығарды. Онан кейінгі жылдарда өмір талабына сәйкес қытай жазушыларының «Тұман», «Ленин туралы әңгімелер», «Жеті тал сіріңке», «Әке», «Аға буын», «Нарт қызыл гүлдер», «Жасыл құм», «Әскери автомобилде», «Ян-ән» сияқты жілікті туындылары Найманғазы ағаның аудармасымен қазақша сөйледі. Сондай-ақ, әлем әдебиетінен «Дэвид Копперфиьлд», «Шал мен теңіз», «Полковникке ешкім хат жазбапты», «Ех, соңғы махаббат», «Жүз жасаған жұбайлар», «Майданда түсірілген сурет», «Ананди», «Өзгелердің рөлін ойнағанда», «Андерсонның балалар ертегілері», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Жылдың тоғыз күні», «Құдіреті күшті король», т.б. шығармаларды қазақ оқырмандарымен қауыштыра отырып, Найманғазы Сапанұлы өзін нағыз сөз зергері, көркем аудармада өзіндік қолтаңбасы бар хас шебер ретінде таныта білді. Әсіресе, нәкеңнің қаламынан туған «Шал мен теңіз» аудармасы дәлдік пен көркемдіктің, орамдылық пен ойлылықтың үйлесімінің қайталанбас өнегесін көрсетіп, Қытайдағы қазақ көркем аудармасының биік деңгейін айқындаған бірегей туынды ретінде белгілі болды.

Нәкең өз жанының қалауы болған көркем әдебиетпен, көркем аудармамен бел шешпей еңбек еткенде бұдан да биік белесті бағындырар еді. Алайда, әлеуметтік өмірдің сұранысы Нәкеңді әлде қайда күрделі, михнатты жолға бастады. Бұл сөздік жұмысы еді. Барлығымызға белгілі, Қытайдағы қазақтың баспа сөзі мен баспа ісінің қалыптасуы, дамуы алмағайып саяси, әлеуметтік өзгерістермен өзектес, орайлас болды. Геосаясаттағы күрделі құбылыстар, әсіресе, қызыл империялар – Кеңес одағы мен Қытай арасындағы оқиғалы байланыстар арғы беттегі қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, қанат жазуына әр кезеңде әр қырынан әсер етті. Қытай-қазақ тілдері арасындағы аударма ісі де осындай ұйтқымалы кезеңді бастан өткерді. Ол жылдары, нақтырақ айтқанда, 1970 жылдардың орта шеніне дейін қазақ және қытай тілдері арасындағы аударма сөздік немесе көмескі құрал болған жоқ. Аға буын аудармашылардан естуімізше, «Ошақбай» және «Сауранбай» деп аталып кеткен «Қытайша-қазақша» және «Орысша-қазақша» сөздіктерді салыстыра қарау олардың қолы жеткен ең үздік тәсіл саналған.

Сөйтіп, әлеуметтік өмірдің сұранысна сай қытайша-қазақша екі тілді аударма сөздік жасау жұмысы 1974 жылы мамырда қолға алынып, бірінші басылымы 1979 жылы сәуірде жарық көрді. Сөздіктің алғы сөзінде «Найман жолдас сөздікті жасау, редакциялау жұмысына бастан-аяқ қатысты әрі оны басқарып отырды», - деп атап көрсетілді. Содан болар, «Ханзуша-қазақша сөздік» деген әтпен жарыққа шыққан бұл еңбек арғы беттегі ағайынға, әсіресе, аудармашылар қауымына «Найман көк» деген атпен белгілі болды. Қытайша 7800 Иероглиф, 65 мыңдай лингвистикалық құрам қамтылған бұл сөздік қытайдағы қазақтардың сөздік шаруашылығындағы тұңғыш іргелі жобасы, тыңға түрен салған алғашқы ізденісі десек артық емес. Бәрімізге белгілі, аударма сөздіктер бір тілдегі сөздерді басқа тілдің балама сөздерімен беріп, ұлттар арасындағы сөз алмасу үрдісі мен озара қарым-қатынас жасауды дамытуды мақсат тұтады. Алайда, әлеуметтік-саяси өмірде қалыптасқан күрделі жағдай арғы беттегі тұңғыш қытайша-қазақша аударма сөздікке қазақ тілінің термин қорын қалыптастыру міндетін қоса артқаны да түсінікті. «Көк сөздіктің» басты кемшілігі де міне осы тұрғыда көрінеді. Бірақ, соған қарамастан, «Көк сөздік» кейінгі көп сөздіктердің жасалуына жол аша отырып, отыз-жылда жеті-сегіз мәрте қайталай басылып, арғы беттегі қазақ әдеби тіл нормасының қалыптасуы мен жетілуіне өлшеусіз әсер етті. Бұған нәкеңнің қолынан шыққан «Ханзуша-қазақша идёмдар сөздігі» мен «Ханзуша-қазақша қысқаша сөздікті» және «Ханзуша-қазақша үлкен сөздікті» қосыңыз. Бұның алдыңғысында қытай тілінде «чыңиүй» деп аталатын тарихы бай, тамыры терең және көркемдік құрал ретінде белгілі лингвистикалық құрамдардың баламасын ұсыну арқылы Нәкең қазақ тіліндегі сөз оралымдарының, оның ішінде авторлық сөз оралымдары да бар, мол мүмкіндігі мен бай қуатын көрсете отырып, хас шеберліктің үлгісін көрсетті. Ал соңғысы атақты «Шинхуа сөздігінің» қытайша-қазақша екі тілді нұсқасы ретінде, шын мәнінде қазақ тілінің ағыл-тегіл байлығын танытқан құнарлы, құнды еңбек болды. Аудармашы маман ретінде шынымды айтар болсам, маған Нәкеңнің «Қысқаша сөздігі», «Үлкен сөздігінен» де үстем және бағалы болып көрінеді.
Қорытындылай келе айтарымыз, Найманғазы Сапанұлы қазақ көркем аудармасының көрнекті өкілі ғана емес, сонымен бірге, сөздік саласында ұзақ жыл еңбек еткен, саналы ғұмырын қытайдағы қазақ әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуына арнап, көз майын қазақ тілінің бағын жандыруға жұмысаған тау тұлға, шын сөз зергері, нақ тіл жанашыры. Арғы бетте сөздіктерімен аудармашылардың тұтас бірнеше буынына ұстаз бола білген Найманғазы Сапанұлын еңбектерінің тарихи отанымызда тарих төрінен орын алуымен шын жүректен құттықтаймыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар