Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі өз бейнесі...

04.07.2024 246

Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі өз бейнесі 14+

Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі өз бейнесі - adebiportal.kz

Бар ғұмырын ұлтқа қызмет ету жолында сарп еткен, ұлт ісін өмірдегі мақсұтына балаған тұлғалар тағдыры қашан да дәріптеуге лайық. Сондай тұлғалардың алдыңғы легінде, әлбетте, Ахмет Байтұрсынұлы есімі аталады. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымы мен біліміне, әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін айтып тауысу еш мүмкін емес. Байтұрсынұлының сан салалы еңбегі тілші, әдебиеттанушы, алаштанушы ғалымдар тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымға түсті. Ендігі мақсат – сол еңбектерді бүгінгі ұрпаққа жеткізе отырып, Ахметті таныту. Біз осы шағын мақаламызда Ахмет өлеңдері арқылы оның бейнесін мектеп оқушыларына таныту төңірегінде ғана тоқталып өтпекпіз. 

Алдымен Ахмет Байтұрсынұлының өлшеусіз еңбегіне баға берген тұлғалар сөздері арқылы Ахмет бейнесін жасап көрелік. Ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақаласынан үзінді келтірейік: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» дейді. Ал жазушы Мұхтар Әуезов «Ахаңның елу жылдық тойы» мақаласында былай  дейді: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Осы елу жылдық мерейтой қарсаңында  Телжан Шонанұлы: «Осыған дейін ел ішінде оқу-ағарту ісіне дәл Ахмет Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген ешкім жоқ», – деп баға береді. Өзінің көзі тірісінде берілген осы қошемет-сөздерден Ахметтің ұлт намысы мен ары жолындағы жанпида ерлігі мен бейнетшіл бейнесі көз алдымызда сомдалып шыға келеді. Енді осы бейне Ахмет өлеңдерінде қалайша көрініс беретіні жайында аз ғана сөз өрбітіп көрейік. Жазушы, алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында сол дәуірдегі ақындарды сыршыл, халықшыл, ескішіл ақындар деп үш жікке бөледі де, Ахмет Байтұрсынұлын екінші жіктегі ақындар қатарына жатқызады. «Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне  ғана айналған өлеңдер Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге  мұңлы мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып,  біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса,  халықтың көзін ашпақ», – дей келе, ақын өлеңдерінің адам сезімі мен қиялына емес, ақылына азық болатынын айтады. Сондығымен де Ахмет сөзі халық жанына жақын болғанын аңғарамыз.  

Ал, «Зар заман» өкілі Дулат Бабатайұлынан басталатын әдебиеттегі «ұйқы» сарыны жаңғыра келе, ХХ ғасыр басында ұлтты ұйқыдан ояту мәселесі тұжырымдамалық негізде кең күрескерлікке ұласты. Қара халықты «ұйқыдан» оятудың сан амалын қарастырған алаш қайраткерлері ел құлағына ең жағымдысы, өтімдісі өлең сөз екенін түсінген болатын. Бұл турасында қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяны зерттеген ғалым А.Шәріп: «Ағартушылықтың негізгі қағидаларының бірі – «ояну арқылы оқу, оқу арқылы ояну» десек, көркем туындыларда да ұйқыдан ояну сарыны жетекші орынға шығып, ғылым мен білімді насихаттау өзекті міндет-мақсатқа айналды», – деп ой қорытады. Сол міндет-мақсаттың жетелеуімен  айтылар ойдың түпқазығы «Оян, қазақ» деген бір-ақ сөзге тоқайласқан алаш ұранды әдебиеттің негізі қаланды. Солардың алғашқылары қатарында Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», «Маса» жинақтары» аталады.  Ақын, алаш қайраткері М.Дулатұлы: «А. Байтұрсынов – халықтың ақыны. Оның ақындық қызметі И.А. Крылов аңыздарын қазақ тіліне аударудан басталды. Өзінің бүкіл өмірін қараңғы қазақ жұртын ағартуға арнаған адам, оның негізгі идеясы мынада: ақын ретінде А.Байтұрсынов поэзияны қазақтарды қанаушы монархиялық Ресейдің саясатына қарсы күрес құралына айналдырады. Крылов аңыздарын аударуды қолға ала отырып, ол, ең алдымен, аңыздардың балалар мен ересек адамдарды тәрбиелеудегі орасан зор маңызына мән береді. Ол аудару үшін қазақтарға түсінікті және оның рухына сай келетін аңыздарды таңдады», – дейді. Сонымен, ақыннның И.Крыловтан аударған мысал өлеңдерінің басын біріктірген «Қырық мысал» жинағын өзі өмір сүрген дәуірдегі адамдардың мінез-құлқын, өмір салтын тап басып көрсете алған еңбек десек те болады. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағындағы мысал өлеңдердің сюжетіне қарайтын болсақ, толық адам болу тұжырымына да саяды. Мысал арқылы ақын берекесіздік, қайырымсыздық, мақтаншақтық, тәкаппарлық, күншілдік, менмендік, надандық, тағы басқа осы сияқты адам бойындағы кеселдерден жирендіреді. Мысалы, 5-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасында берілген «Егіннің бастары» мысалының өзегінде де ұрпақ бойына адами сипатты сіңіру идеясы жатыр. Мысалдың түйіні былайша жасалады:

«Елде көп бұл бидайдай адам дейді, 

Тәкаппар, оны халық жаман дейді. 

Қалпы емес тәкаппарлық данышпанның, 

Тұтынба, бұл мінезді, балам» дейді. 

«Тәкаппарлықты Тәңірі сүймес» деген де сөз бар. Ақынның өлеңіндегі ой осы нақылмен астасып жатыр. Дәні жоқ бидай – қазақ танымындағы бос кеуде, жел кеуде, қуыс кеуде, өр кеуде ұғымдары. Яғни бұл сөздер кеуде соғып мақтанатын даңғой, менмен адамға қарата айтылады. Дәні бар бидай – кеніш кеуде, қазына кеуде сипаттары. Яғни кеудесі көмбеге толы адам сипаты. Мұндай сипатты адамға тәкаппарлық мінез жат.  Осы ұғымдарды салыстыра ұғындырар болсақ, оқушылар қандай адамның тәкаппар болатынын, қандай адамның одан қашық болатынын бағамдай алмақ.  «Қырық мысал» жинағындағы мысалдарда адам болмысын танытуға көмектесетін, ұлт танымындағы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерден тамыр тартып жатқан авторлық қолданыстар көп кездеседі. Ашалап айтар болсақ, «Кейбіреу зор бейнетке тап болады, Кей уақыт аз бейнеттен қашамын деп»; «Залымдар айран ішіп, аман кетіп, Момындар тұтылып жүр шелек жалап»; «Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп»; «Біреуге күлсең – келер өз басыңа»; «Жазмыштан озмыш болмас»; «Алланың адам басы – добы»; ««Болады асыл таста, өнер жаста»; «Не ексең, соны орарсың», «Ұялған – тек тұрмайды», тағы басқалары. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағындағы өлеңдердің өзегі –  өз заманындағы қоғамдық құрылысқа, билік жүйесіне көңілі толмаған, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасына налыған жанның ащы ызасы мен уытты ойлары. Зерттеуші  Ө. Әбдиманұлы: «Маса» жинағына енген өлеңдерден, әсіресе, кейінгі басылымдарына енген өлеңдерінен күресшіл рух, 1905-1907 жылдардағы революциялық толқулардан қанаттанған тасқын күштің серпілісі ұшқын шашады. Ақын  өлеңдеріндегі төңкерісшілдік сарын өлең жолдарындағы ішкі тегеурінінен ширыққан шымыр ойлар арқылы білінеді», – деген пікірі осы ойымызды шын қуаттай түседі. Ақынның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер – Ахмет бейнесі қабырғасы сөгілуге шақ қалған жүйенің құлап, халқының азаттық пен теңдікке, білім мен мәдениетке жетуін жан-тәнімен қалайды. ХХ ғасыр басындағы барша қалам иелері ұлтты оятуға барын салды. Елдіктен айырылмау, тіл мен ділді сақтау, халықтың көзін ашу мәселесі үркердей  топтың иығындағы ауыр жүк еді. Осы тұстағы Ахмет өлеңдеріндегі мемлекеттік мазмұн, елшілдік салмағының басым болатыны да содан. Ақынның «Жиған-терген» өлеңіндегі «Қыс ішінде бірер қаз, Келгенменен қайда жаз» деген астарлы ойдан аңғаратынымыз, қыс – халықтың «ұйқыда» жатқан дәуірі, бірер қаз – ат төбеліндей көзі ашық азаматтар екені түсінікті.  Осы «қаз» сөзі «Қазақ қалпы» өлеңінде де лирикалық кейіпкер бейнесін беретін метафора ретінде алынады: 

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған, 

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?! 

Мұнда да қатар ұшқан қаз – ұлт жолында атқа қонған үзеңгілес ерлер, сахара көл – қазақ жазирасы, қау (Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде «қау» сөзіне қураған бетеге деген мағына берілген) – қураған отаршыл патшалық жүйе. «Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!» деп жүйенің «өртінен» жапа шеккен, азап арқалаған ел қайраткерлерін меңзеп отырғаны анық. «Алаштың адамының бәрі мәлім, кім қалды таразыға тартылмаған?» деген жолдар «Алаштың адамы» бейнесін ашып көрсетеді. «Алаш адамы» – «жақсымын» деп жүрген көптің бірі емес, ол – ұлт үшін ар алдында, ұрпақ алдында таразыға тартылған ерлер. Алаш адамы – Ахметтің өзі.  Ақынның «Адамдық диқаншысы» өлеңі де Ахмет бейнесін айшықтай түседі. Мұндағы лирикалық кейіпкер – халықтың көкірегіне адамдық дәнін егуші тұлға. Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға – ғылым-білімнен мақұрым жатқан қазақ даласына мақсұт жолына шығып, жүректерге адамдық дәнін, білім нәрін сеппек болған адамдық диқаншысы Ахметтің қапалы  бейнесін көреміз. 

Құл халықтың құлдық қамытын босатуға, билік қамшысынан қашуға дәрмені жоқ еді. Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі автор мен лирикалық кейіпкер арасынан қандай да бір айырым байқай алмайсыз, ақынның өміріндегі және өлеңдегі шындық, ақынның жаны мен өзі өмір кешкен дәуір шындығы тұтастықпен өріліп отырады. 

Бұл ретте Ө.Әбдиманұлының мына пікірін келтіре кеткен орынды: «Ахметтің лирикалық кейіпкері дерексіз бейне емес, керісінше азаттық қозғалысының қайтпас күрескері – ақынның өз бейнесі. Жаңа заман тудырған төңкерісшілдік санамен қаруланған, күрескерлік борышын жете түсінген күрескер азаматтың образын сомдайды». «Жауап хаттан» өлеңі күрескер Ахмет бейнесін шын таныта түседі:

Үндемей өлсек,

Сүйекпен көмсек,

Кейінгілер демес пе?!

Лақ құрлы бақырмай,

Өлген екен, апырмай!

... Мен бұқтым – жаттым,

Сен бұқтың – жаттың,

Кім істемек қызмет?!

«Қой да өлерінде тұяғын бір серпиді» деген  аталы сөзі бар қазақтың. Отарлық езгінің қан тамған қылышынан қаймықпай жасаған Ахметтің тұяқ серпер қадамы жансебіл жанның ұлт үшін «шаһид кешсем, өкінбен» деген уағдасы іспетті. Ахмет ұлы мұрат жолына әзиз басын бәйгеге тікті. Өлім оның тәнін жеңгенімен, алашшыл, елшіл, күрескер рухын жеңе алған жоқ. Ақынның өзі:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін,  – дегеніндей, ғазиз жанның мұрасы ұлт жанына әрқашан рухани азық бола берері айдан анық. «Ескендір» поэмасының түйінінде Абай хакім: «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!», – демеуші ме еді. Ахмет өз дәуірінің жарығы еді. Ол сол жарығымен жалпақ жұрттың көңілін жылытуды, көкірегін оятуды өзіне парыз ретінде санап, адал атқарып өткен ардагер тұлға... 

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар