Қала мен өркениет – латын және ағылшын тілінен аударғанда бір түбірлі сөз. Қала – өркениеттік модель, міне сондықтан да қаланы зерттеу бізге өркениетті, тіпті жалпы жер шарындағы мәдени кеңістікті тануға көмектеседі. Қала бейнесі көпқырлы, көпсалалы сипатқа ие: тарихи туынды, архитектуралық кескіндеу, қала құрылысы саласын сипаттау, қаланы көркем, әдеби суреттеу және т.б., әртүрлі мәтін сипатында да болып келеді. Әрбір қала өзінің қайталанбас, дара бейнесін қалыптастырады, бірақ солардың арасында тек біреуі ғана басқа қалалардың бәріне ортақ жиынтық бейнені бере алады, уақыт пен кеңістік бірлігін түзе алады, яғни бұл архетип – мәдениеттанымдық бейне.
Мәдениеттанымдық бейне қалаға уақыт пен кеңістік ретінде қарауға, өмір салты мен күйбең тіршілігі қайнап жатқан тұрғындардың мекені – «қалалық ортаға» үңілуге, сондай-ақ қаланың тарихи өткеніне шолу жасап, болашағын болжауға мүмкіндік береді. Бұл бейнені зерттеу – ұлттық мәдениетке қосылған үлес. Алайда мән-мазмұны жағынан ұлттық тарихи-мәдени шектеуден шығып кететін қалалар да бар. Олар – мегаполистер, соларға қарап біз тұтас бір елді, оның тұрғындарын танимыз. Ондай әлемдік орталықтар – Париж, Нью-Йорк. Бұл қалаларсыз тұтас бір елдің қалай дамығанын біле алмас едік, оның тұрғындарының өмір салты мен салт-санасын ұға алмас едік.
«Бөтен» мәдениет, «бөгде» елдің өмірі көбінесе біздің санамызға әдеби туындылар, көркем кітаптар, жолжазбалар арқылы енеді. Бұған қоса біз әлемнің кез келген түкпіріне саяхаттай аламыз, «бөтен-бөгде» мәдениеттерді біреудің айтуымен емес, өз көзімізбен көре аламыз. Дегенмен де, әлемге басқа адамның көзімен қарай білу де маңызды, әсіресе қалаға cуреткердің көзімен қарау басқаша әсер қалдырады. Сондықтан көптеген «бөтен» ел мен қалалар бейнесінің арасынан біз қала бейнесінің көркемдік сипатын, қаланы қоршаған ортаға басқаша көзбен қарай білетін жазушының таным-түсінігіндегі қаланың көркем шығармадағы бейнесін қарастыруды жөн көрдік. Бұл өзіміздің «туған» қалаларымызға да қатысты. Қаланың мәдениеттанымдық бейнесіне назар аудару кездейсоқтық емес. Бұл мәселе ХХ ғасырдың басында, мегаполис қалалардың адам өмірінде, ел тарихындағы рөлі артқан тұста қозғалған болатын. XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында ауыл адамдарының қалаға қоныс аударуы байқала бастады; миграция және эмиграция күрт өсті, әсіресе Америка Құрама Штаттарында. Бұл, ең алдымен, қалалық ортаның өзіндік ерекшелігін айқындаған капиталистік қатынастың дамуымен байланысты болды.
ХХ ғасыр басында қазақ қаламгерлері де қала мәдениеті туралы ой қозғады. 1923 жылы С. Сейфуллин «Қазақ қаласы» мақаласында қала салу мен қаладағы қазақ өмірі, қаланың әлеуметтік және рухани өмірін саралап, қазақтың қалалық мәдениеті туралы ойларын ортаға салды [1].
Қала мәселесін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар оның қазіргі өркениеттің дамуы мен құлдырауында атқарған рөлін де анықтап берген шетелдік зерттеушілердің арасынан келесі классиктерді атап көрсетуге болады: Ж. Бодриар, М. Вебер, А. Тойнби, О. Шпенглер.
О. Шпенглердің «Еуропаның құлдырауы» мен М. Вебердің «Қаласы» бір мезгілде, ХХ ғасырдың 20-жылдарында жарық көрді. Олардан сәл кейінірек А. Тойнби еңбектері жарыққа шықты, олардың қатарында «Тарихты ұғыну» да бар. Бұл еңбектерде қала мен өркениет арасындағы өзара қатынас мәселесі қарастырылып, нақты шешім айтылған – батыс өркениеті секілді батыс қалаларын да ажал күтіп тұр. Қаланың жансыздануы үшін оны электр тоғынан ажыратып тастау да жеткілікті, себебі ол – өркениет өнімі, оның ажал құшары сөзсіз. Құлдырауға бейім Батыс өркениеті антикалық қала-мемлекеттерді жұтып қойған. Дегенмен де, Тойнби әлемдік қала азаматы, яғни өркениеттің азаматы болғысы келеді.
Қалаларды зерттеу тақырыбына өнімді үлес қосқандардың бірі – француз философы әрі әлеуметтанушысы Жан Бодриар. Әсіресе оның Француз университетінің колледжінде оқыған «Қала мен өшпенділік» (2006 ж.) дәрісі көпшілікке кең танымал. Бұл дәрісте автор тек экологиялық мәселелерді ғана қозғамай, қалалардың өшпенділік пен агрессия тудыратыны туралы да айтқан. Шын мәнінде мегаполистер адамның табиғи болмысын бұзады, оған жасанды ортада өмір сүруді үйретеді. Бодриардың пікірінше, мәдениет қалдықтар өндірісіне айналған, әрбір жаңа мәдени жетістік құнарсыз мекен тудырады. Өркениеттің өзі материалдық қана емес, адам кейпіндегі интеллектуалды қалдықтар шығарады. Бодриардың көзқарасы мен тұжырымы ХХ ғасырдың 30-шы жылдары осындай пікір білдірген американ жазушысы Генри Миллермен толық үйлеседі. Әсіресе бұл Нью-Йорк қаласына қатысты. Бодриар оны «әлем соңының идеал эпицентрі» деп атаған. «Апокалипсистік» көзқарастағы ғалымдар қатарында орыс зерттеушісі Н. Моисеевті де атауға болады, оның қала туралы пессимистік көзқарасы көп жағдайда әділетті. Алайда футуристердің бұлыңғыр болжамдарына қарамастан бүкіл өркениет, қалалар қирап, құриды деуге еш негіз жоқ. Адамзат – ақылды жаратылыс, ол мұндайға жол бермейді, алайда бұл туралы ойланған да абзал. Бұл болжамдардың барлығы егер адамзат айналасына бейқам қарап, айтылған қауіпті ескермейтін болса, қандай да бір апатқа ұрынуы мүмкін екенін аңғартады. Белгілі философ М. Вебер «мәдениет атаулының бәрі өзінің мәні жағынан алдымен қалалық болады, саяси өмірді құратыны сияқты, өнердің де, әдебиеттің де тасушысы қала» [2, 449], – дейді. Олай болса, қалада мәдениет туып, дамыса, қала жақсы болуы керек. Алайда, көптеген шығармаларда қала мен ауылды салыстырғанда, қаладан ауыл жақсы сияқты болып көрінеді. Жалпы қала мен ауылды қарсы қойып, ауыл тұрғындарын адамгершілігі жағынан артық етіп көрсететін бағыт 1960-1970 жылдары орыс әдебиетінде жаңа бағыт болып қалыптасты. Осы тұста әдебиетте «ауыл прозасы» деген жаңа ұғымның пайда болғаны да белгілі. Мәселен, жазушы В. Шукшин орыс әдебиетінде ауыл тақырыбында көркемдік жағынан үздік туындылар қалдырды. Орыс әдебиетінің осы салқыны қазақ әдебиетіне де тиді деуге болады. Себебі қала мен ауылды салыстырған көптеген шығармаларда қаланың адамынан ауыл адамы адамдық ұстанымы жағынан артығырақ болып суреттелді. Қала ұғымына деген қорқыныш оның «бөгде» немесе өзіне ұқсамайтын деген мағынасынан шыққан тәрізді. Дегенмен тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта қала туралы шығармалардың тақырыптарының өзгергенін байқаймыз. Әйтсе де «ауылдан сен көшкенмен, ауыл сеннен көшпейді» деген түсінікте ауылдағы киіз үй мен қымыз, кең байтақ табиғат суреті қаланың сұрықсыз келбетіне қарсы қойылып суреттелетін туындылар да баршылық.
Ақын Фариза Оңғарсынова:
Қаланың тас көмкерген тірлігінен,
жаныма жай таба алмай зыр жүгірем.
Биікке талпынсам да, тырп еткізбей
әйтеуір тұмшалайды түрлі жүген [3] деп жырласа,
Қадыр Мырза Әлі:
Қала менің тұғырымдай,
Тағымдай.
Дала бірақ қол бұлғайды сағымдай.
Шопан ұлы,
Жылқышы ұлы,
Қайтесің –
Төрт түлікті тұра алмайды сағынбай [4] дейді.
Байқасақ, екі ақында да қаладан қарағанда ауылда тіршілік жақсырақ деген ой бар. Десек те, қазақ әдебиетінде қалаға арналған үздік туындыларда қаланың әсем келбетін, әдемі құрылыстары мен демалыс орындарын көбірек бейнелейтін туындылар да бар. Сонымен бірге, поэзиялық және прозалық шығармаларда қаладағы баспанасыздық мәселесі өткір көтеріледі. Қала тірлігінің ауылдан қарағандағы басты кемшілігі де осындай әлеуметтік теңсіздік мәселесіне байланысты.
2000 жылы британдық жазушы Питер Акройдтың «Лондон. Өмірбаян» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта қаланы «визионерлер» – Лондонда өмір сүрген, өз уақытындағы өмір салтын жақсы білген адамдар көзімен қарап, зерттеу туралы тұжырымдама ұсынылған. Олардың қатарына өз заманының ең танымал тұлғалары кіреді: Т. Мор, В. Шекспир, У. Блейк, Ч. Диккенс, О. Уайльд, Т. Элиот. Біз осы адамдардың «көзімен» қарапайым лондондықтар мен қала өмірін көре аламыз. «Визионерлер» туралы жаңа тұжырымдаманы ұсына отырып, Питер Акройд ирландтық жазушы Джеймс Джойс ұсынған «қаланы тірі ағза ретінде зерттеу» туралы «ескі» тұжырымдаманы да жоққа шығармайды. Питер Акройд осы тұжырымдаманы насихаттайтын «Лондон» және «Темза» деген «тарихи-топографиялық» кітаптардың авторы.
Осылайша, біз «қала» және «өркениет» ұғымдарының қоғамдық санада қаншалықты маңызды орны бар екендігін көріп отырмыз. Сол себепті, бұл бағыттағы зерттеуді одан әрі жалғастыру да соншалықты маңызды болады деп білеміз.
Әдебиеттер
1. Сейфуллин С. Қазақ қаласы // Жұлдыз, 2008. – №7. – Б. 57-58.
2. Вебер М. Социальные причины падения античной культуры // Избранное: Образ общества: – М.: Юрист, 1994. – 704 с.
3. Оңғарсынова Ф. Қаланың тас көмкерген тірлігінен. URL: https://bilim-all.kz/olen/6109 (қаралды: 15.04.2024).
4. Мырза Әлі Қ. Қала менің тұғырымдай. URL: https://bilim-all.kz/olen/9774-Qala-menin-tugyrymdai (қаралды: 15.04.2024).
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын AP19176500 «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қала бейнесі және кейіпкерлер типологиясы» ғылыми жобасы аясында жазылды.
Мөлдір Аманғазықызы,
А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық
институтының доценті,
философия докторы (PhD)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.