Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Түркістан музыкалық драма театры: креатив идеялар...

01.07.2024 1151

Түркістан музыкалық драма театры: креатив идеялар – өнер игілігіне 14+

Түркістан музыкалық драма театры:  креатив идеялар – өнер игілігіне - adebiportal.kz

Киелі Түркістанның облыс орталығына айналуына орайлас ашылған Түркістан музыкалық драма театры жұртшылыққа көркем де заманауи эксперименттерімен, креатив идеяларымен жақсы танымал. Бұл ең алдымен театрдың қойылымдарына байланысты тұжырым. Мұның және бір жақсы бір көрінісі деп театрдың соңғы екі елеулі шарасын айту ләзім.

Маусым соңында өткен алғашқы елеулі шара – театрдың Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналып сәуір айында жариялаған «Ән патшасы – Шәмші» атты республикалық драма байқауы нәтижесінің шығуы болды. 

Осы шараға арналған баспасөз мәжілісінде Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан бұл байқаудың театр үшін, көрермен үшін маңызына тоқтала келіп, жеңімпаз есімін жариялады. «Ән-ғұмыр» пьесасымен ақын-драматург Айдарбек Байділда жеңімпаз атанып, 1 млн. теңге жүлдеге ие болды. Жүлдені  Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантай табыстады. Театрдың Көркемдік жетекшісі Шынар Омарованың айтуынша, байқауға бірталай пьеса түскен. Ал, сарапшылар алқасының көпшілік дауысымен жеңімпаз деп танылған пьеса жаңа маусымда сахналанады. Автормен бірігіп жұмыс жасауды  көздеп отырған театр жаңа маусымын Шәмшіге арналған спектакльмен ашпақшы.

Жоғарыда аталған елеулі шаралардың тағы бірі – театр ұйымдастырумен өткен «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» атты  интенсив семинар. 

Әдебиет бөлімі мамандарының біліктілігін арттыруды және өзара шығармашылық байланыстарды нығайтуды көздейтін семинар бағдарламасы бойынша ҚР Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Н. Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекеттік қолдау саясатының заманауи ерекшелігі», театрдың Көркемдік жетекшісі, әдебиет бөлімі меңгерушісі Ш.Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», ҚР Жазушылар одағы Басқарма хатшысы,  әдебиет және театр сыншысы Ә. Бөпежанова «Театрлардың репертуарлық саясаты», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімі меңгерушісі, Қазақстан театр сыншылары бірлестігі вице-президенті, өнертану кандидаты, театртанушы А. Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тенденциялары», Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым Ә. Байболов «Балалар әдебиетіндегі заманауи ізденістер» тақырыбында лекциялар оқып, пікіралысулар болды және жазушы-драматург, режиссер, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы А. Ихсанов «Прозаға инсценировка жасау өнері» атты шеберлік сабағын өткізді.  Семинар жұмысына Ғ.Мүсірепов театры әдебиет бөлімі меңгерущісі А.Көлбаева, Ж.Шанин театрынан С.Қасымбек, Алматы Қуыршақ театрынан Ж.Ахмет, БҚО театрынан Ә.Шакуова, т.б., барлығы он бес театрдан әдеби бөлім меңгерушілері қатысты. 

Бас қосуда театрлардағы әдеби бөлімдердің ролі мен орны, маңызы, жұмыс ауқымы,   жұмыс тәжірибелері, өзекті мәселелері, сондай-ақ бүгінгі уақыт ағымына сай икемділік пен мобильдік, тағы да басқа көптеген жайттар туралы кеңінен сөз болды. Осындай маңызды бас қосуды ұйымдастырған Түркістан театрының басшылығы мен ұжымына алғысын білдірген қатысушылардың ойынша, мұндай шара өзге театрларда да жалғасын табуы қажет. Ал, қос шарасын табысты өткізген Түркістан музыкалық драма театры бұл маусымын өткен жұмада «Келіндер көтерілісі» (С.Ахмад, аударған А.Сүлейменов, режиссері Д.Серғазин) спектаклімен аяқтады. 

Ә.Жазкен

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар