Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«НЕГЕ БІЗ ОСЫ...»...

24.06.2024 513

«НЕГЕ БІЗ ОСЫ...» 14+

«НЕГЕ БІЗ ОСЫ...» - adebiportal.kz

Ілгеріде редакция мүшелері сондай-ақ портал оқырмандарының арасында белгілі қаламгер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын өзара талдап, сын-талқысына салған едік. Үнтаспаға жазылған сол сұхбаттың жазба нұсқасын өздеріңізге ұсынып отырмыз мәртебелі оқырман қауым. Әрине, бұл шығарманы жайдан-жай таңдағанымыз жоқ. Себебі шығарма астарында сіз бен біз аңғара бермейтін келелі мәселелер жатыр. Романда сөз етілген кешегі қоғам мен бүгінгі қоғам, ондағы кейіпкерлер арасында өзара  байланыс бар ма? Сонымен Оралхан Бөкей бұл шығарма арқылы не айтқысы келді? Мінекей, осындай сан сауалдар төңірегінде өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынсақ дейміз...

Асылбек Байтанұлы: Оралхан Бөкейдің әрбір шығармасының өзіндік ерекшелігі бар ғой. Кез келген туындының жарыққа шығуына сол дәуірдегі мәселе түрткі болады емес пе? Ал «Атау кере» сол 1980 жылдардың мәселесін көтерген шығарма. Мұнда мәңгілік тақырып пен шешілмеген үлкен мәселе бар. Соның бірі – қайта құру дәуірінде басталған арақпен күрес мәселесі. Сондай-ақ бұл туындыда экология, оның ішінде адам экологиясы мәселесі де қозғалып отыр. Табиғат экологиясындағы тепе-теңдіктің бұзылуын адам экологиясымен қатар алып қарастырады. Сондықтан да автор шығарманың атын «Атау кере» қойса керек. «Атау кере»  дегеннің өзі – адамның өмірден өтер алдында ішетін сусыны ғой. Шығарма ішіндегі Нюра әжейдің «Атау кере» сусынын ішіп алатыны – символика. Арақтан аузы босамайтындарды үлкендер «Атау кереңді ішкір», - деп жататын еді. Осы тұрғыдан автор маскүнемдіктің қазақ қоғамына дендеп еніп, құртуға айналғанын назарда ұстай отырып, ишаралайды. Әрине, бұл туындыны араққа ғана қатысты деуге келмейді. Себебі қоғамдағы өзге де түйткілді мәселелерді рет-ретімен оқырманның толғамына ұстынып отыр. Оның бәрін толығырақ әріптестеріміз де айта жатар деп ойлаймын. 

Абзал Мақаш: Шығарманың екінші атауы «Қауіпті будан» ғой. Сол будан ұғымына да тоқтала кетсек деген ниет болып тұр. Оралхан Бөкейдің танымындағы, түсінігіндегі айтқысы келіп отырған дүниесі кімді де болсын алаңдатады. Аралар арқылы адамдар қоғамындағы тектіліктің жойылып бара жатқанын, қан араластығын, ақырзаманның алғашқы сарынын көрсеткен секілді. Осыған кішкене ой қоса кетсек, қалай қарайсыздар? Әсіресе мына «Будан» тақырыбына. 

Ықылас Ожайұлы: Әңгімемді сәл танымдық тұрғыдан өрбітсем деймін.  XV ғасырда білесіздер ғой, «Ноғай мен қазақтың айырылуы» деген үлкен трагедия  орын алды емес пе?  Содан «Ел айырылған» деген қамырықты күй қалған. Мұны тіліме таған қылып сөйлеп отырғандағы мақсатым, бұл қазақтың территориялық тұрғыдан екіге бөлініп кетуі болса, осы шығармада болмыстың қаққа бөлінуі,  яғни әке - қазақ болса,  шеше - орыс ретінде көрсетілген. Бұл қазақ танымының,  қысқасы ұлт  ділінің  екіге бөлінгенін көреміз. Бұл екеуі шындығында бір жер үстінде  өмір жүріп жатса да, бірін-бірі ешқашан түсінбейтін, ортақ тоқайластығы жоқ екі бөлек әлем. Сондықтан қауіпті «Будан» деген ұғымым  сол рухани бөлшектенуден шығып отыр деген пікірдемін. Кейде «Будан» деген сөзді «Бодан» деп те қарауға болатын секілді. Осы екі рухани бөлінудің біріншісі Тағанның бейнесінде берілсе, екіншісі Еріктің бейнесінде көрініс береді.

Ұлжан Киікбай: Сіздің «Қауіпті будан» деген сөзіңізге сәл тоқталғым келіп отыр. Селекция деген ұғым ғылымға алғаш Еуропадан енгені мәлім. Шығармада ұшқыштың араны жеңіне тығып алып келгені, 1930-40 жылдардағы сол араларды будандастырғандығы жөнінде бір шағын ғана ақпарат айтылып кетеді. Мен бұл жерде мынаны айтайын деген едім. Қазір көркем әдебиетке арт және сайнс деген ұғым енгізіліп жатыр. Ол – ғылыми жаңалықтарды көркем әдебиет арқылы немесе көркем туындылар арқылы жеткізу. Осының бастауын Оралханнан көре аламыз. Расымен де шығарманы оқып отырған әрбір адам: «Селекция деген не? Ол арқылы не істейді? Қалай жүзеге асады?» - деп ойланады. Рухани жағынан өзінің беретін байлығынан бөлек,  шығармада деректі ғылыми тұрғыдан жетілдіре алған. Дәл осы дүние біздің қазақ әдебиетіне әлдеқашан айтылуы керек деп ойлаймын. 

Асылбек Байтанұлы: «Будан» дегенге байланысты тағы бір ой өрбіте кетейік. Ғылымда бір тұқымды, мысалы, қазақтың ақ бас сиыры, еділбай қойы деген сияқты сапалы түлік түрін толықтай қалыптастыру үшін кемі 25-30 жыл керек. Яғни жаңа сұрып немесе тұқым белгілі бір өлкеге ұзақ уақыт аралығында климаттық т.б. тұрғысында жерсініп, табиғатқа бейімделіп кету керек. Бұл – нақты ғылыми негізде жүреді. Пайда-зияны сарапталады. Ал біз талқылап отырған туындыдағы мәселе – ұрлықы жолмен алыс Америкадан келген аралар турасында. Солар мен жергілікті аралар ортасынан шыққан будан не қылды, ал? Жазушыны қоғамның тамыршысы десек, Оралхан Бөкей бүгінгі іс-әрекеттің сан жылдардан кейін болатын салдарын жан-тәнімен сезініп отырғанын көреміз. Толқыны жар құлатардай жаһандану дәуірі келе жатқандығын жазушы бізге осы туындысы арқылы жеткізді деуге болады. Мысалы, бір жерде  жергілікті ара ғана өмір сүрмейді. Болашақта жан-жақтан жат аралар, бұл өлкеге, елге бөтен басқа адамдар келеді. Адамдар мидай араласып кетеді. Сонда осы жаһанданудан біз қалай аман қалуымыз керек?» -- деген мәселені де алға тартқан сияқты көрінеді. Тіпті кейінгі заман емес, Оралхан Бөкейдің өз заманның өзі – қазақ даласын жат жұрттардың әбден дендеп қаптаған, содан төнген сан түрлі қатердің етек алған тұсы емес пе еді? Ұлт болып қалу үшін не қажет? Ұлттың иммунитеті болуы керек. Жазушы шығармасынан осы иммунитетті қалай сақтап, көтеру керектігін ондағы адамдардың іс-әрекеті арқылы аңғарамыз. Шындығында қырық жыл бұрын жазушының көтеріп кеткен мәселесімен бүгін біз нақ бетпе-бет келіп отырмыз. Мынау біздің сан түрлі ұлтпен қыз алысып, қыз берісіп, еріксіз «будандасып» жатқанымыз – мәселемен бетпе-бет келу емей немене? Бірақ бізде бұған пышақкесті тыйым салып: «Жоқ, болмайды!» - деп те айта алмаймыз. Себебі жаһандану дәуірінде адамның құқығын шектеген боламыз. Бірақ бұл біздің ұлттық генефондымызға, халқымыздың діліне, тіліне т.б. қатты әсер етіп жатыр ғой. Сондықтан да осы екі ортада шығармадағы Нюра апай сияқты, ұлтымыз біртінде жойылып кетпей ме деген мәселеге тіреліп отырмыз. 

Жадыра Шамұратова: Бұл жерде автордың қорқынышы көзқамандарға қатысты. Мәселе екі бөлек болмыстан туып отыр десек те Еріктің өзі шын мәнінде қазақ емес. Айналып келгенде, оның өзі қауіпті буданнан шыққан араға ұқсайды. Ең соңында, шешесінің ажалы сол ұлының әкеліп өсірген арасынан болып отырғанын, шығарманың екінші астарына қарасаңыз, ұлт ретіндегі біздің ажалымыз сол көзқамандардан болуы мүмкін екенін алға тартады автор. «Ұлт ретінде атау керемізді ішуге жақын қалмадық па?» деген қаупінен шығып отыр. Адамды ерекше таңғалдыратын тұсы – Нюра Фадеевнаның ең соңғы сәтінде өзінің түпсанасындағы ақпаратқа қайта оралып, соңында шоқынып өлуі. Бастапқы естеліктер арқылы Нұрке кемпірді тарих ретінде қарастыра аламыз. Өйткені біздің қазақтың басынан өткен бүкіл тарих оның аузымен айтылады. Колхоздастыру болсын, соғыс жылдары, социалистік қоғамның дамуы, НКВД шолақ белсенділерінің қысастығы деген нәрсенің бәрі біздің қазақтың басынан өткен оқиғалар. Бұл жерде біз Нұркені бөліп қарай алмаймыз, бірақ осы жерде бір мәселе бар. Нұрке ата-анасының қарғысын алып, былай қарағанда еш ризашылығын алмай тұрмысқа шыққан адам, ақыр аяғында бақытты бола алмады. Мұнда да бір қисын бар. Сондай-ақ, Таған ғалым ретінде өз диссертациясында «Алтайды мекендеген ұлттар» деген тақырыпты алады ғой, кейін ол қарсылыққа ұшырады. «Бұл неге бұлай болды? Мен сонша не істедім? Бар болғаны орыс ғалымдарының ақпаратын пайдаландым ғой, мен ұлтшыл болып бөлінген жоқ едім ғой?», - деген сұраққа өзі жауап іздейді. Бірақ бұл жерде биліктің оны тақырыпқа одан ары қарай дендеп, тарихтағы жасырып отырған жұмбақтарды шешіп, ашып тастамасын деген қаупінен де ақыры ол тентіреп кетеді. 

Екінші жағынан автор біздің назарды Алтай өңірін мекендеген ескі діни-сенімдегі кержақтардың мінез-құлқына   аудартады. Мысалы, Нұркенің анасы қызын қазаққа тұрмысқа шықтың деп қарғап-сілеп, ал өзі өмір бойы қазақтың жерін мекендеп отырса да, қазақты еш уақытта мойындамағанын анық көріп отырамыз.

Ықылас Ожайұлы: Осы жерден бір пайым шығаратын болсақ, екі болмыстың ортасынан жаңа сана жаратылған ғой. Мұны жай сана емес, идеологиялық сана деп те есептеуге болады. Екіншісі, әрине ұлт. Кеңес дәуірінде жүргізілген орыстық саясат ұлттық саясаттан әлдеқайда биік, әлдеқайда жоғары дәріптелді. Сондай-ақ  кеңестік саясат ұранында ұлттар достығы деген секілді жасанды ұғымдар да болды. Бұл интернационализм, дәлірек айтсақ Еріктің қойыртпақ идеясы. Амал нешік, мәдениет дегеніміз осы интернационалист адам болып насихатталды. Орысша сөйлегендер аса жоғары, мәртебелі адам болып есептелді. Осы орайда мына дүниеге де аз-кем тоқтала кетейін. Қай шығарманы алып қарасаңыз да кейіпкер әр дәуірге қарай тәпсірленуі керек қой.  

Бұл жағынан келгенде «Бүгінгі Таған, бүгінгі Ерік кім?» деген мәселе шығады. Ол тек Оралханның ойындағы ғана кейіпкер емес қой. Бұлар қазір қара жер үстінде біз болып та өмір сүріп жатыр.  Меніңше бүгінгі Еріктің ассоциациясы – билік. Қазаққа біртүрлі жаны ашымайтын, өнер адамын қияли деп түсінетін, байлық құмар, қатыбас жан болып көрінеді. Одан кейін әлгі тікұшақпен ұшып келетін мәртебелі орысты көргенде тіптен есін жоғалтады. Жан тәнімен соның алдында жалбақтап, әлгінің қалауы үшін бәрін жасауға әзір тұрады. Бар ықыласы, бар махаббаты мен қошеметі соған. Тіпті керек десеңіз соның жолында күллі Катонқарағайдың аңын қырып тастауға бар. 

Ал, Таған әбден түңілген, соққы алған кешегі текті әулеттің  типтік бейнесі деп те есептеуге болады. Ол тіпті Ерікке еріп бара жатқанда да айтады емес пе? «Айтақтаса үремін, жетектесе жүремін», - деп. Ол Ерікті тыңдайтын, соның қас қабағына қарап отыратын жасқаншақ, бүгінгі билікшіл жан ретінде де өмір сүріп жатқандай сезіледі. Енді Тағанның «Неге біз осы...» дей беретіні фразасы жайында тоқтала кетейін. Ол бүгінгі сіз бен біздің «Билік неге осы қазақша сөйлемейді? «Неге біз осы» несиеге белшемізден батып қалдық? «Неге біз осы» бір серги алмай қойдық? «Неге біз осы» әділетті сайлау өткізе алмай қойдық? Міне, «неге біз осы» сауалы қазақтың бүгінгі өмірінің де бір бітпейтін гамлеттік сұрағына айналып отыр ғой...

 Асылбек Байтанұлы: Бұл шығармада автор қазақ пен орысты егіздеп отыр. «Орыс пен оған ерген қазақ неге арақты молынан ішіп кетті? Анау кавказдықтар мен еуропалықтар ішімдікке келгенде қалайша ұстамды болады?» - деген сұрақ туындамай ма? Большевиктер қазақ пен орыстың бойындағы аристократтықпен, яғни бекзаттықпен ымырасыз күрес жүргізе отырып жойып жіберді деуге болады. Бұл ұлттардың басты трагедиясы осы. Соның салдарынан қаратабандық, құлмінезділік басты орынға шықты. Орекеңнің өзі де басыбайлылықтан ажырағалы ұзақ уақыт өтпеген еді ғой. Бекзаттық деп отырғанымыз – қазақтың «жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, тартпай қоймас негізге» деген ұғымы, тұжырымы ғой. Қаракөк тұқым Ырғызбайдың ұрпағы Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Зияттарға дейін тегіне тартып туатыны, сол тегіне лайықты өмір сүруге тырысқаны болғаны рас қой. Мынау Шормановтар әулеті де солай. Тарихи, шежірелік жағынан алсақ, Төр Алтайды, осы елдің шығысын мекендеген алты қаратай деген ел бар. Алты қаратайдың ішінде Дәулет деген ата бар. Мынау тарихтағы қаракөк тұқым шонжарлар мен ақын-жазушылардың көбі осы дәулеттен шыққан екен. Бұлар – Ережеп, Әбдікерім, Шабдан болып ұласа береді. Сол сияқты Мақажан деген сол дәулеттің көкісінен шыққан атақты ақын бар. Іргелес, аралас-құралас елдің адамы болғандықтан, бала кезімізден Мақажанның өлеңдері, Әбдікерімнің айтқаны дегенді естіп өскенбіз. Сондықтан да осы туындыдағы Таған деп отырған кейіпкердің өзін сол қаратай елінің большевиктер қалқып тастаған қаймағының, кешегі бекзат әулетінің ұрпағы, типтік бейне деуге негіз бар. Шығармада Тағанның басын тауға да тасқа да ұрып сан табалдырықты тоздырғанын көреміз. Бұл – сол өз жеріндегі, еліндегіөгейлік қой. 

Сондай-ақ туындыдағы «Қарабура» деген сөзге де мән беру керек болар. Мен бұл сөзді де «бура» деп қабылдағым келмейді. Өйткені Алтай қазақтардың тілінде «қара бура» деп көпірдің астындағы тіреуін айтады. «Бұл қара бура еді, осы елдің тірегі еді» деген мағынада айтылады. Сондықтан осы елдің бір замандағы тірегі болған  тұқымның ұрпағы Таған мен қара бура - мағыналас ұғымдар. Бекзада тұқымнан тараған ұрпақтың, бүгінгі Тағанның өмірі – әрине өте аянышты. Туындысы арқылы жазушы сан түрлі жалпыадамзаттық проблеманы көрсеткен.

 Советтік қоғам туралы айтушы еді ғой: «проблеманы қолдан жасап, оны ерлікпенен басып өтеді», - деп. Біз күні бүгінге дейін сол жолмен, қиындықты қолдан жасаймыз да, соны ерлікпен басып өтеміз. Одан соң тағы бір проблема туады. Бұл әлгі туындыда Тағанның өзі айтатындай  «Неге біз осы...» «Неге біз осылап», деп әлі келе жатырмыз.

Абзал Мақаш: Тағанның «Шынымды айтсам, мен мынау атамның үлкен ақын екенін де ескермеппін» дейтін сөзі бар емес пе? Пессимистік сарында шал келіп атасының өлеңін оқып бергеннен кейін, «Әй, осы шумақты мен арақ ішкенде ғана сандырақтап айтушы ем. Бірақ бұл менің атамның сөзі екенін кейін білдім» , - дейді. Шынтуайтында біздің қоғам, Тағанның рухы, болмысы біздің текті екендігімізге күмән келтірмейді. Бірақ біз масаң қоғамбыз. Елең-әлең болып жүріп, өзіміздің тектілігімізді, аталарымызды тек осындай хәлде ғана еске аламыз. Абайды, ұлы тұлғаларымызды мақтан үшін ғана айтатын хәлде тұрмыз. Осы бір масаңдықта ой сергектігі керек. «Тұр-тұр» деп үстімізге мұздай су төгіп жіберетін Айшаның сөзі қажет секілді.

Ұлжан Киікбай: Байқасаңыздар Таған ішіп кеткенін араққа тәуелді болғанын үнемі қоғамға жабу арқылы көрсеткісі келеді.  Егер «Неге біз осы...» дейтін сөзін «Неге мен осы...» деген сөзбен алмастырса, бәлкім Таған баяғыда табанынан тік тұрып кетер ме еді?

Ықылас Ожайұлы: Әрине, шығарманы оқығанда автормен толыққанды келісу шарт емес. Мысалы, Оралхан кейіпкерлерінің ойлауы мен олардың дүниетанымына келгенде белгілі бір қайшылыққа түсесің. Мысалы, Шығармадағы ақсақал, елден жырақ өмір сүріп жүрген кәнігі аңшы. Ол Қозы мен Көрпеш деген екі баланы асырап, тәрбиелеп жатады. Ондағы бар ойы қулық пен сұмдыққа жастайынан үйреніп кетпесін деп екі баланы барынша қоғамнан қағаберісте өсіреді. Бірақ маған мұнысы жадағайлау, ақталмайтын шалажансар үміт секілді болып көрінді. Осы жерде баланық қоғамнан жарақтатып табиғатпен тәрбиелегенде бір нәтиже бола қояды деп ойламаймын. Олар оқу оқып, мәдениетке жетуі керек. Бізде қазақылықтың негізгі құты  ауыл деген түсінік бар. Мынаны есте сақтау қажет деп есептеймін. Қала қазақтанғанда ғана мемлекет қазақтанады. Бүкіл мәдени құндылықтарды түзетін тек ғана қала. Қаланың мәдени-рухани әлеуетінің негізінде ғана ұлттық сапа анықталады. Ол басы ашық нәрсе. Томаға тұйық жолға түсіп, елден жырақтау арқылы ғана өзімізді құтқарамыз деген идея  менің ойымнан онша шыға қоймады. Ал Ұлжан қарындасымның жаңағы өзінің мінін өзгеге жабатындарды ғылымда ресентимент деп атайды. Шынымен де Тағанның бойында осы нәрсе бар. Алғашында сілкініп, аяғынан тік тұрып кеткісі келеді ғой. Бірақ онысынеш жеңе алмайды. Ішіп жүргеніне он жыл болғанда аспанға қарап айды көреді. Сонда «Құдай-ау, сен әлі бар екенсің ғой» дейді. Сүттей жарық Айы жоқ аспан оның ішкі түнегі-тұғын. Оның іші түнек болғанымен, әлем шынымен-ақ қара түнек емес қой. Онда шынымен кеңдік пен азаттық бар. Бірақ ол өзінің ішіндегі түнекті әлемдік түнек деп түсінеді. Оның іші қаншалықты қараңғы болып тұрса да, әлем өз орнында. Мәселенің бәрі адамның өзі ішінде болып тұр ғой. Әйтсе де Таған «Осымен бітті, қош өмір» деген жоқ, әдетін, арағын тастайды, есін жиып, аяғынан түрегеледі. Тағанның  аяғынан тұрып ғана  қоймай, Айнаға  қосылады.  Демек шығарма қазақ зиялысы сәл мұқалғанмен құлаған жоқ, қазақтың текті аристократтарының жілік майы үзіліп кеткен жоқ, ол жалғасады деген бір үмітті береді. 

Жадыра Шамұратова: Автордың қаупі дегеннен шығады, Нұрке кемпір жан тапсырар алдында түс көреді ғой, сонда түсіне шешесі кіреді. Түсте шешесі екеуі бірге шіркеуге барады. Негізі бұлар ескі діни сенімдегілер о баста діни кітаптарға өзгеріс енгізгеніне қарсы болғаннан қашып, бөлініп келгендер. Ал олар шіркеуге бармайды екен. Бірақ түсінде шіркеуге барып жүр. «Бұл жерде қазақтар да жүр екен» дейтін жері адамды біртүрлі ойландырады. Біздің дінімізді жұлым-жұлым қылып, әртүрлі тарапқа тартып, әркімнің әр нәрсе ойлап табарын жазушы сол кезде әдейілеп болжамаған  да шығар. Бірақ осы біздің о бастағы өз болмысымыздан, бастауымыздан алыстап кететінімізді сезетін сияқты. Дегенмен Айнаның Америкадан келген араларды өртеп жібергені де адамға бір үміт береді. Ойланып қарасақ, Айнаның өзі өте күрделі образ ғой. Қарап отырсаңыз жалғыз қалған, бақытсыз әйел сияқты көрінеді, ал екінші жағынан, Тағанға күш берген де сол Айна сияқты. Тағы бір қарасаңыз әлгі кемпір де Айнасыз ешкім болмас еді. Сондай-ақ, қауіп дегеннен шығады, Нұркенің өз перзентінен секем алатын кезі бар. Оны бір емес, екі жерден байқауға болады. Біріншісінде аралар тез ұшып, тез қимылдайды да, кемпір соған өзінің ашулы екенін білдіреді. Ара ұшып жүрген кезде тіксініп: «Өзіміздің аралар жақсы еді» деп айтатыны бар. Екінші, өліп бара жатқан кезде денесі ісіп кетеді де, екі көзін Еріктен алмайды. Ерік айтады ғой: «Өліп бара жатса да менен көріп жатыр», - деп. Сол кезде өзінің ішінен шыққан болса да, бәрібір оның бөтен екенін сезіп тұрады. 

Ықылас Ожайұлы: Жадыра ханым, әңгіменің ұшығын әдемі шығарып отырсыз, осы жерде Нұрке маған екі линияда көрінеді. Біріншісі, Нұрке өткен-кеткеннің, обалы мен сауабын, анығы мен қанығын ажыратып отыратын ұлттың жадысы секілді. Ал сол жадыдан кейіпкердің бәрі де айырылған. Сонда  да жасаған жақсылықтарын кешегі аштықты, репрессияның бәрін ұдайы айтып отырады. 

Екіншісі не десек, Нұрке бізге ана образын ашады ғой. Осы ұғымды біз «Отан-Ана» деп де қарастырсақ болады. Ал Еріктің идеясы, мазмұны ара ғой, яғни ол – қауіпті будан. Сол  будан келіп өзінің анасын өзі шағып өлтіреді. Менің түсінігімде осы «ара» дәл бүгін  мылтықтың оғына айналып  Отан анасына қарсы шықты десек те болады. Жаңаөзен мен қаңтарда жұртты оқ болып жайратқанда да осы «аралар» еді. Осылай олар өз Отанын өзі жайратты, өзінің туған анасын өзі келіп өлтірді емес пе? 

Жадыра Шамұратова: Байқасаңыздар, шығарманың тағы бір тұсы адамға үміт сыйлайды. Мысалы, Ерік өзеннің арғы бетіндегі өзі құмартқан сұлу бейнеге қызығады да, Құдайдан ара болуын, соған ұшып баруын тілейді. Ақыры сонаға айналып, әлгі қыздың иығына қонған кезде, ажалы бәрібір содан болады. Биліктің ұшынған, асқынған бір менмендігінің ақыры түбінде өзіне таяқ болып, нүктесі сол жерден қойылады дегенді меңзейді. 

Ықылас Ожайұлы: Шығарманың соңын түсінген адам үшін Ерік тым күлкілі  болып көрінеді. Еріктің бүкіл арман мұраттарының аяғы түкке тұрғысыз талқан болып қалғанын көреміз. Түсінесіз бе, әйнекке тас тигендей күл парша болады. Соңында көкбас сонаға айналып кетеді.  Сонда әлгі  елдің бәрін ақшамен саудалап алғысы келген  ұлы меймана,   ұлы мұрат қайда қалды? Бәрі де талқан болды ғой. Шығармада «Ел азайын дегенде, азамат атақ пен даңққа қызығады» дейтін еді ғой. Ерік дәл сол сияқты байлық пен атаққа қызығамын деп жүріп бәрінің өтпелі, бәрінің баянсыз екендігін кеш аңғарған секілді. Қазақта «шыбын жан» деген сөз бар ғой. Әлгі шыбынды  да осы ұғыммен байланыстырып қарауға болатын секілді. Ең соңында не болады енді? Бүкіл арманы түкке тұрғыз болып, бір ғана  қамшыдан өлді де қалды. Жазушы ей ынсапсыз пенде баласы, міне, сенің бүкіл арман-мұратың мен өліп өшкендегі боқ дүниең осыған тұрмайды дегенді астыртын ишаралау  тәрізді.

Асылбек Байтанұлы: Бір әпсаналық, мистикалық сарын Оралхан Бөкейде де, Қалихан Ысқақ та да бар сияқты. Мұндай сарын Алтайдың жазушыларының бәрінде өріліп отырады. Бірақ бұлардың өзі бала кезден құлаққа сіңімді болған оқиғалардан алынды деп ойлаймын. Жалпы Алтай өлкесінде бір ару қыз, сол елдің киесі, иесі деген миф бар. Бірақ Оралхан өмірден өтіп кеткеннен кейін сол жерден алтын адам табылған. Ол әйел адам екен, оны Көк ханшайымы дейді. Кейін сол ханшайымды Новосибирск немесе  Барнаулға алып кетеді. Кейін сол жерде үнемі жер сілкінісі, апат болып, оны қайтадан жерлегеннен кейін ғана тынышталды дейді. Томас Морды айтпағанда, бізде мынау Асан Қайғының Жиделібайсынды іздеуі сияқты әлемдік адамзаттың ұғымында  утопиялық сана деген бар. Мұса пайғамбардың азат саныны қалыптастырамын деп қырық жыл шөл кезгеніндей, шалдың Қозы мен Баянды жырақта өсіруі де сіз ойлағандай шектеліп қалу деп ойламаймын. «Егер сен дініңді, тіліңді, діліңді сақтау үшін бәрін ашып тастасаң, ол сенің елің, жерің емес» дейтін бар ғой. Сол сияқты бүгінгі күні жаһандану дәуірі деп барлығын ашып тастайтын болсақ, біздің Қазақстан деген ел болудың, қазақ деген халық болудың соншалықты маңызы болмай қалады емес пе? Сондықтан біз өзіміздің ерекшелігімізді сақтау үшін басқалар келмейтін, басқалар көрмейтін ареалымыз болу керек деп ойлаймын. Шығарманы жазуда автордың осы тұсы ұнады. Айнаға келетін болсақ, Айнаның атының өзі ерекше болып тұр ғой. Айна мына ұлттың айнасы, аналар мен қыздар емес пе? Айнада пәктік пен тазалық бар. Алғашында Тағаннан «мынау не деген сасық» деп жиіркенеді. Бірақ түзеліп келе жатқан кезде «Сіздің бойыңыздан сәбидің иісі аңқып тұрған сияқты» дейді. Бұл мен үшін пессимизмнен емес, оптимизмнен құралатын сияқты. Неге дегенмен сәби деген болашақ қой. Ең өкініштісі «қазір балалар орысша сөйлеп жүр. Қазіргі мектеп оқушыларының 50 пайызы орыс сыныптарына баратын болды», - деп біз пессимист болғанымызбен де, бәрібір осы шығарманы оқыған кезде, «Біз тәуелсізбіз ғой, тамырында, қанында бар нәрсе, ертең бәрібір бір дұрыс қоғам келген кезде біздің азаттығымыз нығаяды. Біз көркейеміз, біз өсеміз, біз өркендейміз» деген жақсылыққа үндейтін сияқты. Сол үшін мұнда тек сары уайым емес, позитив бар сияқты. Шығарманың өзі осымен құнды деп ойлаймын. 

Абзал Мақаш: Осы орайда Оралхан Бөкейдің әлем әдебиетінде алатын орнын айтқым келіп отыр. Жалпы адамның жәндікке айналып кетуі бұл бірінші жағдай емес. Бұл Франц Кафканың «Құбылуында» бар нәрсе. Осы шығармада мені ерекше таңғалдырғаны Тағанның арақты қоюы. Оның арақты қоюына Еріктің қаттылығы емес, керісінше Айнаның жылы жүзі мен аялы алақаны секілді. Чеховтың «Кедей» деген әңгімесі бар. Сонда қайыр сұрап отырған тіленшіні шенеунік жұмысқа салып, көмір тасытып, қар күретеді. Әйтеуір адам болды дегенде бір қалаға жұмсайды. Сонда оның тамағын жасап жүретін орыс күтуші әйел болатын. Бірнеше жылдан кейін әлгі шенеунік тіленшінің театрда билет алып тұрғанын көреді. «Әй, сен пәленше менің қайыршым емессің бе? Сен адам болыпсың», - дейді. «Иә, қазір  нотариуста жұмыс істеймін. Сізге көп рахмет. Бірақ мен арақты сіздің сөзіңізден қойған жоқпын. Сіз маған отын жар дедіңіз, бірақ мен отын жармадым. Менің орныма отынды да жарған, қарды да күреген сіздің күтушіңіз еді. Мен жай ғана есімді білмей мас болып жататынмын. Алайда «Сенің осылай жүргенің өзіңе жақсы ма?» деп үнемі ұрсатын еді. Маған соның сөзі әсер етті» , - дейді. Құдайдың жүзінші есімі, бәлкім, жүрекке шыққан жылы сөз бе деп ойлаймын. Жүректен шыққан жылы сөз кез келген кесапаттардан тиятын сияқты. Сонымен қоса Оралханның адамзат алдындағы ауыр сауалдарды маскүнем Тағанның аузына салуы, Шекспирдің масқарапаздардың аузына шындықты салғанымен бірдей. Бұл да  Оралханның шын  шеберлігі деп ойлаймын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар