Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Оқжетпес биігіндегі қос ақын...

05.07.2024 940

Оқжетпес биігіндегі қос ақын 14+

Оқжетпес биігіндегі қос ақын - adebiportal.kz

Қазақ санасында қазақ даласының кеңдігі Сарыарқамен өлшенсе, қазақ жерінің сұлулығын Көкшетау, Бурабаймен өлшегіміз кеп тұрады. Ежелден қазақ хандарының жазғы демалатын ордасы болғаннан ба, Көкшенің жері десе, Көкшенің тауы десе аңқамыз кеуіп, керемет бір құштарлықтың дәртесі солай қарай тартады да тұрады. Онан қалды сұлу табиғаттың көрінісіне мас қылардай нәзік, майда лепті, жұп-жұмсақ әсем әуезді арқау еткен Ақан сері, Біржан сал сынды Арқа әншілік мектебі Көкшенің жанға жайлы табиғатын музыка тілімен әспеттеуі де Көкшетау жерін онан ары сұлуландырып жіберсе керек.

Бұны аз десеңіз, Мағжан, Сәкен сынды ақындардың Көкше жеріне деген ілтипатын, махаббатын, шабыттан туған шәрбатты жырларын қосыңыз. Осылардан соң қалай Көкшетау қазақ санасында сылқым арудай сұлу табиғаттың өлшемі болмай қалсын.

Ежелдің ең күнінен, күні бүгінге дейін аңыз болсын, хикая болсын, миф болсын бас кейіпкері негізінен патша, хан, ханшайым сынды иерархиялық деңгейдегі кейіпкерлер болып келеді. Кейіпкер салмақты болған сайын шығармадағы оқиға да, сюжет де салмақты болып көрінеді. Себебі касталық санадағы қарапайым адамға жоғары билік өкілінің қайғы-қасіреті, іс-әрекеті, бастан кешкен шытырман уақиғасы қашанда қызық, қашанда маңызды болып отырады.

Төменде біз осы Көкшетауды тақырып еткен Мағжан мен Сәкеннің поэмаларына тоқтала кетсек дейміз. Көрікті Көкшетауға байланысты, Бурабай, Оқжетпес баурайының көркемдігіне көркемдік қосу үшін, салмағына салмақ үстеп, мәнін тереңдету үшін қос дүлдүл сонда өмір сүрген, сол жерде билік айтып хандық құрған хан-төрелердің оқиғаларына аңыз үстеп  баян етеді.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді.

Бурабайдың көлі мен Көкшетауды

Көрмесең, көкіректен шер кетпейді…

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!

Дариға, жүрегімді дерт өртейді...

-деп Мағжан Жұмабай «Оқжетпестің қиясында» атты поэмада Кене хан туралы аңыз іспетті жырын толғайды.

Өңір оқиғасыз, жер аңызсыз болмайды. Бурабайдың бойы тұнған тарих. Осыны Мағжан да, Сәкен де жақсы білген. Екі ақын да сол өңірдің аңызын арқау ете отырып, Көкшенің көркемдігін көкейге таңбалайды. Сол арқылы жерге қасиет дарытып, уақиғалар жапсырады. Сол үшін де Көкше, Бурабай десе Абылай мен Кене хан еркісіз еске түседі.

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын…

Ауасы дертке дауа, жұпар иісті

Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?

Ырғалған көкке бойлап қарағайы,

Қасында көк желекті әппақ қайың,

Жібектей желмен шарпып төңіректі,

Балқытып мас қылады иіс майы.

«Көкшетау» поэмасының аңдатпасын Сәкен Сейфуллин осылай бастайды. Ғажайып Көкшенің сұлулығын суреттеуге келгенде Сәкен де сөз кестесін тоқудан аянып қалмайды.

Қос автор келісіп алғандай еңбектерінің басын ақырындап, аяңдап келеді де, артынша төкпелеп табиғат лирикасымен желдірмелетіп кетеді. Негізгі бөлімінде кейіпкерлерді тірілтіп, шығармаға оқиға кірістіре бастайды. Бірі ханды жақтаса, бірі ханды даттайды. Мағжанның ханы қамырықты ойдың шүңетіне түсіп кеткен, соңынан ерген халқы үшін қан жұтқан Кене хан. Сәкеннің ханы тыныш жатқан елді шапқан, жүрген жерін қан қасапқа бөктірген, қан құмар аусарлау, дойырлау, дүлейлеу Абылай хан.

«Оқжетпестің қиясындадан» оқырман ретінде біз нені көре аламыз. Әрине, Мағжанның Мағжан екені рас болса, оның жыры Кенесарының жыр кейпіндегі құйылған туындысы десек те болады. Кененің Оқжетпестің қиясына шыққан сәтін «Сол түні сонау үңгір тау ішінде, Қабағын қарс жауып Кене ойлайды».- деп түн ішінде тау басында жападан-жалғыз не қылып жүр деп ойлайсың. Осыншалық дәруіштік кеп Кенеге не үшін керек болды дейсің тағы. Тау басына осылай жападан-жалғыз шығып кету сюжеті пайғамбарлыққа жету жолында Хира үңгірінде құлшылық қылатын Мұхаммет пен Бұрхан Қалдун тауының басына шығып Тәңіріне табынған Шыңғысханның өмір жолын баяндайтын еңбектерде кездесетін ерекше сюжет. Бұл пайғамбарлықтың, Тәңірі алқауына бөленген Шыңғыстай бөлекше бөлмысты адамдарға ғана бұйыратын бақ.

Қиналған, шығар жол таппай дағдарған сәтте жоғары бір рухани күштерден медет тілеген мұндай мысалдар тарихи естелліктер мен дінни аңыздар да көптеп кездеседі. Ақын бұл жердем Кенесарыны тылсыммен тілдестіре отырып, оны пайғамбарлық деңгейге дейін көтеріп тастайды деп айта аламыз. Сол іздеген, күткен тылсымнан хабар берер рухани бабасы Дж. Р. Толкиннің «Сақиналар әміршісі» романындағы Гэндальфтей:

«Аруақ» деп алғанынша аузын жиып,

Көреді қарсы алдында әппақ қартты.

Ойнаған ақ бұлттай денесі әппақ,

Жасаған бұлт ішінде барлық жасын.

Күңіренген көлдердің көбігімен

Жуғандай аппақ қылып сақал-шашын...

-деп аппақ, нұр шашып тұрған данагөй ақсақалдың не жерден шыққаны, не көктен түскені белгісіз қарсы алдында тұрғанын көреді. Поэмада бар-жоғы екі кейіпкер – бірі Кене хан да, бірі осы батагөй, аруақты баба.

Сәкеннің «Көкшетауы» Мағжанның «Оқжетпестің қиясындадан» әлде қайда көлемді. Онда Бурабай неге Бурабай аталған, Жеке батыр деп не үшін аталып кеткен дегенге қысқаша тоқтала кетеді де, негізгі сюжет Оқжетпес оқиғасына себепші болған Абылай хан мен олжаға түскен айдай ару қыз ортасындағы тартыста өрбиді.

Екі поэманың да оқиғасы өткен жер Оқжетпестің басы. Бірі ілгері, бірі кейін.

Аяңдап Кене ханға қайта келейік. «Аруақ», рухани пірдің: 

Кенежан, берірек кел, сырттан балам,

Ел үшін елсіз жерде жортқан балам.

Сақтайтын қолдан тілден сендей ерді

Ата пір қасиетті мен қарт бабаң.

- деп Кенекеңді ашық кеңеске шақырады. Оған алдағы болар тағдырына, шешімін таппай қиналған өмір бағдарына сілтеме жасайды, болжам жасайды, батасын береді. Соңында:

Мерт болсаң мақсұтыңа жетпей егер,

Сол сағат мен осы жерде тасқа айналам.

Алашта тағы сендей ер тууын

Төбеде тас боп шөгіп күтіп қалам.

- дейді. Кенекеңнің соңғы тағдыры белгілі, ал, ақын қарт тағдырын ханның қаза табуымен тасқа айналғанын айта кетеді. Бұл поэма күңіренген қазақтың зар үніндей, арманына жетпеген, мұраты майырылған, мақсаты сынған жан күйін қобыздай аңыратады. Жырдың өн бойынан қобыздың зарлы үні есіп тұрады. Поэмадағы бұл үнді қойлып қалған Мағжан ақынның ішкі иірімі дегеннен бұрын, қазақтың өзіндей қапа болған, Кене-Мағжан зар күйінің үндесіп кеткен бір бұрауы десең де болады. Бұл жырдың қуатын қазақ деген қайғысы бар жан біткен қапсыз түсініп, қапсыз дәп баса алады. Мағжанның Мағжандығы осыдан да болса керек.

Сәкен Сейфуллин социалистік реализмінің талабы аясында Абылайды сыбап отырып, тағыда хан-сұлтан, би-батырларды жырға қосады. Кезінде Сәбит Мұқанов күні бойы Мағжанды жамандап алады екен де, түн болса Мағжанның жырын жатқа соғатын еді дейтін естеліктерде. Бұл поэмадан да сондай кепті байқап отрасыз. «Оқжетпес» деген негізгі бөлегі «Еспенбеттей ер қайда» дегізген Еспенбет батырдың Оқжетпестен оқ асырған, хан мен барша би, сұлтандардың алдында олжаға түскен қыздың жұмбағын шешіп, Қабанбайдың «Дарабоз» атанғаны секілді, оның «Адақ» атанған әйгілі уақиғасы суреттеледі.

«Адақ» ақ, адал, әділ деген мағынада екені есті оқырманға етене таныс болса керек. «Көкшетау» поэмасының бас кейіпкері негізінен Абылай хан еді. Бірақ, оның ақын сомдаған екі түрі парадокс бейнесіне тап боласыз да, ол басында қандай қанқұмар, қаныпезер, ұрда-жық болса, сондай «дүлей» хан қайдағы бір олжаға түскен қыздың алдында жібектей жұмсақ, қыздай биязы болып қалғанын көресіз. Басындағы қанішер Абылай соңыра адам тыңдайтын, кісінің талабына құрмет қылатын, сондай әділетті Абылайға қашан ауысып кеткенін де байқамай, әлгі «дүлей» Абылайды таппай қаласыз.

Әрине, аңызға айналған бұл оқиға күні бүгінге дейін Оқжетпеске барған әр саяхатшыға тәптіштеп айтылып жатса керек. Айтылуы айтылды делік, оны Сәкен өлең етіп жеткізсін, басқа да шежіре кеуделі кісілер аңыз түрінде айтсын бұл аңыздың бізге берер пайдасы не өзі. Басқасы басқа Абылайды сонша жаман көрсете отырып Сәкен не дегісі келеді.

Поэманың сюжеті былай өрбиді. Қолға түскен қыздан өңшең батыр бағыландардың бәрі дәмелі болады. Кімге берерін хан шешерден бұрын қыз дат айтады. Даты үш шарты барын. Егер ол үш шарттан кімде-кім сүрінбей өтсе соған жар болмаққа уәде береді. Бірінші шарт, тау басында бағанға ілінген қыздың орамалын садақпен атып түсіру, екінші шарты батырлар бір- бірін көтеріп жарысу, үшінші шарты жұмбақ шешу болды. Бірақ, ешбір батыр не жебесін таудың басынна жеткізе алмай, не жарыста бірінен озып кете алмай, не қыздың жұмбағын шеше алмай сыннан әбден сүрінеді.

Бұл поэманың мәні Оқжетпестің Оқжетпес аталуында емес еді, мән қыз жұмбағының шешілу, шешілмеуінде еді. Қыз жұмбағы  былай деп басталады: 

Қаңғырған бір қарақұс жемтік іздеп,
Баспалап ұрын кепті оны көріп.
Кептер құс ұясына келген кезде,
Әлгі сұм ұстай апты, аңдып тұрып...
Кептерді өнері асып, алғансиды,
Құнжыңдап, арам шіркін арлансиды.

Қорғансыз аңғал құсты бұғып ұстап,
Мақтанып, қоқиланып, мардамсиды

Қарақұстан болған төтенен келген қауіптен кептер мен балапандары лашын құстың ерлігі арқасында аман қалады дейді қыз. Сол ерлігі үшін есейгенде кептердің ең үлкен балапаны төсінен лашынға тоят таптырмаққа уәде етіседі. Солай да солай күндер өтеді, арада әлгі кептердің есейген балапаны аңдаусызда сұңқардың тегеуіріне түсіп қалады. Қолға түскен кептер балапаны қарақұс пен лашын хикаясын айтып береді, ол аздай лашынмен серттескен анты бар екенін, егер рұқсат берсе сол сертін орынап келсе, содан кейін еркім өзің де дейді. Сондағы байғұс балапан кептердің зарлап тұрғандағысы екен:  

Я, батыр, ғибрат алып ойласын, жұрт,
Сенудің нышанасын жоймасын жұрт.
Мұрсат бер, уәдемді орындайын,
Нануды бір-біріне қоймасын жұрт...
Үлкен сын болып еді жас басыма,
Серт қып ем өтірікке баспасыма.
Қолына берілейін қайтып келіп,
Ант етем сізден енді қашпасыма...

Лашының ерлігіне тәнті болған сұңқар да мәрттік қылады. «Ант ішкен мың өледі» дегендей, лашынға берген серті аз ба еді, енді оған сұңқар қосылады. Әлсіз де, әлжуаз қорғансыздар қашанда күштіге жем, мықтыға қолжауық емес пе еді? Тағдырдың тәлкегі дегеннен гөрі, күштілердің ортасында талауға түскен бір кесім ет десең болады бұл балапан кептерді.

Сұңқардан батасын алған жас кептер лашынға қарай ұша жөнеледі. Бірақ, балапан басының соры бес емес, он елі екен.

Бір екі-үш боз жапалақ жол аңдыған,
Жем үшін тілек тілеп қараңғыдан.
Кептерді бір тоғайда ұстап алды,
Баспа ғып бұтақты бір тораңғыдан.
Қуанып жапалақтар алақайлап,
Кептерді жұлмақ болды талапайлап.

Тұмсығының болаты, тырнағының тегеуіріні жоқ кептер жүні бұрқырап енді үш жапалақтың ортасында қалады. Қараңғыдан жемтік аңдыған аш жаплақтар аясын ба, жас кептердің былқыған етінен армансыз тоят таппақ болады. Бір қызығы, мақтаншақ жапалақтар да жас, балапан кептердің зарына жығылып, лашын мен сұңқардан қай жеріміз кем дегендей, байғұс кептерді лашының ұяына дейін жеткізіп тастайды. Кептер қанша әлсіз болғанымен, бағы сонша зор екен. Өзі өңшең рыцарь құстарға кездесе бере ме, немене өзі деп таң қалып, уақиға ширыққан сайын шешімі қызық жауаптарға басыңды иіп отырасыз.

Лашын мен ақ сұңқардың істеріне,
Түр кірді сүйсінгендей түстеріне,
Егілген кептердің көз жасын көріп,
Аяныш кірді елжіреп іштеріне.
Өзара жапалақтар қылды кеңес,
Сөйлесіп, тез келісті қылмады егес.
«Мұны егер жәбірлесек», — деді үшеуі,
Ешбір жан бізде намыс, ар бар демес.

Ослай кептеріміз аман есен лашынға жетеді. Лашын болса кептердің балапанынан ондай уәде алғанын әлдеқашан ұмытып да қалған екен. Тағы да шырылдап жанының қалауын жеткізген балапан кептер. Еш бүкпейді, мүлде жасырмайды. Болған жайды, бастан кешкен уақиғаны сол қалпы лашынға да айтады. Лашын болса:

Кептердің келгеніне азаптанып,
Сұңқардан, жапалақтан азаттанып,
Бәрінің жомарттығын салыстырып,
Отырды лашын қайран, ғажаптанып.
Бәрінің ерлігіне сүйсінеді,
Лашын да риза болып исінеді.
«Бәрі де менен артық жомарт-ау», — деп,
Өзіне күмәнденіп, түйсінеді.

Жыртқыш құстар арасындағы ерлік жарысы, соңында кепердің жас басына азаттық алуымен тамамдалар ма еді, бірақ, лашының разылығын алып енді сұңқарға қарай сертін орындауға ұшқан кептер топты құзғын ерткен бүркітке тап болып, соның қолында мерт болады. Қыз жұмбағын осылай тәмам етеді. 

Батырлар әбден сасады, би тосылады, хан кәріне мінеді. Осы шақта топ ортадан Адақ атанған жігіт суырып алға шығып ханға айтқандағысы екен: 

«Я, тақсыр, өтілім бар, — қабыл айла!

Жұмбақты шешпей тұрып тілегім бар,

Қабыл ғып тілегімді сөзді байла!

Болар ед, кешпес күнә — шешер болсам,

Жақпаса, қыздың басын кесер болсаң,

Жұмбақты сонда ғана шешіп көрем,

— Қыз сөзін шайпау болса, кешер болсаң...»

- дейді де, жұмбақ етіп басына бостандық тілеген кептер балапанының оқиғасы, ортамызда тағдырын тәлкек қылып тұрған қыздың өз тағдыры екенін айта келіп: кептер бұл қызды отбасы еді, қарақұс тосыннан келген жау, лашын сол жауды өлтіріп, қыздың отбасын қорғап қалған ерлігінің ақысына қыздан уәде алып кеткен батыр еді дейді. Ал, сұңқар сүйген жары-тын, үш жапалақ деген жол торыған ұры-қарақшылар еді дейді. Жанын қажаған уәдесін жүрегіне бұзбастай қылып бекіткен қыз сүйген сұңқар жарына айтады. Лашынның ерлігіне, батырлығына тәнті болған сұңқар-жар беті ашылмаған сүйген жарын, сертіңді орындап кел деп рұқсатын береді. Бұл поэмаға мағына дарытып, ілмек кілті болып тұрғаны осы қыздың антқа деген адалдығы, соған орай бір-бірінен мәрттігі мен батырлығын асырған ар-ұят, намысты нәпсі мен қалаудан артық қоя алған заманындағы ерлердің іс-әрекеті еді. Қыз қанша сұлу, нәзік, қорғансыз болса да  жас басын өзі берген антының құлы болған ерлігі кеудесінде тамшыдай да ұяты бар ерлерді ойлантпай, әсерлендірмей қоймайды. Сол үшін де «Бәрі де менен артық жомарт-ау», - деп, өз-өздерінен күмәнданып, ерлігін, жомарттығын асырып отыратын ерлердің естілігі қандай еді. Бірақ... бірақ...

Осы жерде қазақ ханы мен батырларының азаматтығы мен батырлығына сын түседі. Ормандағы үш жапалақ мысалы, өмірдегі үш қарақшы ғана болса. Ал, мында қазақтың қалың қолы мен хан-сұлтандары қыз басын бәйгеге тігіп, өзара саудаға салып жатады. Лашын қайда, сұңқар қайда, жапалақ қайда, біз қайда болып тұрған шақ еді. Еспенбеттің Адақ аталатыны да осы тұс. Қыз қойған шартты орындап Оқжетпеске оқ жеткізген қайратынан, анты үшін шарық ұрған қыз жанына бостандық беру сынды үлкен ерлікке қазақ батырлары бара ала ма?

Мысал ғып жырлады қыз сыр мен зарын,
Елінің әділ, жомарт сабаздарын.
Жомарттық бізден мұндай табылмаса,
Мақтанған құр өтірік күйсін өрлік!..
«Ханы да, қарасы да арсыз деген»,
Келмесін ел бетіне шіркеу-шілте…
Естіген халық жерге түкірмесін,
Біз дағы әділ билік берелік те...
Бұл сұлу бәйгеме енді маған тиді,
Тақсыр хан, билігіне басымды идім.
Ұрықсат бердім қызға, елін тапсын,
Олжаны ұры қиған мен де қидым...

- дейді. Ерлік пен батырлықтан парасатын асырған Адақ осылайша ханнан қыз басына бостандық алып беріп, замандастары жасай алған ерге тән мәрттікті қазақтың қолын ұятқа қалдырмай жасап шығады.

Асылында, тарихи деретктер де бұл қыздың қазақпен қатар отырған қарақалпақ қызы еді делінеді. Бурабай бойында жеңісін тойлап жатқан Абылай хан мен күллі жасақты әбігерге салған олжаға түскен қыз сұлулығы Оқжетпес сынды хикаяға себеп болады. Сол заманның уақыт еншісінде тұрып қарасаңыз, қазақ қолы үшін шынында Қалмақ қолынан да ауыр сын түскен еді. Бірақ, Абылай хан да, би-төрелерде асқан әділ болса, батырлары пайымсыз дойыр күштің ғана емес, батырлығына парасаты сай өңшең сайыпқыран ерлер болып шығады. Сәкен қанша жерден Абылайды кеміте жырлағанымен кісі сөзін тыңдай алатын, датке тоқтайтын, істің байламын бағамдай алатын ақылдылығын көріп отырасыз. Егер хан сонша дүлей, сонша есерсоқ болғанында қолында тұрған қыздың тағдыр тауқыметіне қылшығы да қисаймай, бір ғана емеурінімен шаруасын тындырар еді. Ал, қазақ ханынан ондайды көрмейсіз, қашанда тұтқынын азаптамайтын көшпенділіктің жазылмаған заңы бойынша қыздың заты әйел болса да, таңдауына құрмет қылады. Қалай болса да адам қадірі бар, ретін таба алса басына араша алып, бостандығын қорғай алатын қазақ қоғамының сол замандағы еркіндігі мен теңдігінің болғанын сәл де болса осы поэмадан сезіне аласыз. Ерлік пен мәрттікке жарысқан ерлердің қатарында Адақтың да сүрінбей шығуы қазақтың ғана емес, адам баласы алдында қиянатқа бармаған биіктіктің шыңына біздің бабалардың шыға алғанына таңдана да, таң қалып қолыңызды еріксіз шапалақтайсыз.

Мағжанның «Оқжетпестің қиясында» Кенедей ердің тағы тууын тас болып күтіп жатқан данагөй ақсақалдың өлмейтін үміті – қазақтың мәңгілік еркіндікке, бостандыққа, теңдікке ұмтылған өшпес рухын бейнелейтіндей. Кене хан аңсаған тұтас қазақ мемлекетін бүгіндері ұрпағы болған біздер көріп отырмыз. Оқжетпес пен Бурабайды көрікті етіп, Көкше өңірдің көркін асырған бұл екі еңбек, Мағжан мен Сәкеннің есіл ерлер турасындағы кезекті сөзден соққан сом ескерткіштері. Абылай мен Кененің бастан кешкені арқылы үміт пен адам өмірінің қашанда маңызды екенін ғасыр ілгері тұрып бүгінгі тәуелсіздік ұрпақтарына: “Сен қандайсың?!” - деп сұрақ қоятындай, ескертетіндей. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар