Заманның айдауыменен күн асқан сайын қазақшылықтың шылығы жылжып кетіп барады. Байқаймын, сірә шылық кеткенменен жәй кетпесе керек. Қазақтың бұрынғы сән-сәулетінің бәрін түп көтере ала кетсе керек. Ай - хай! Көк шалғынға ақбоз үйді шаңқайтып тастап, шалжиып жататын сән-салтанат қайда! Оған аузымды ауыртпасам да белгілі, ол енді көрген түс мысалында, «жер бауыры суық» деп қоюға лайықты нәрселер. Көрдің бе, ең арты домбыра - сауық, тәтті-тәтті әндерімізге дейін азайып қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектеп барамыз.
Мұнан біраз бұрын анда барсаң - әндеткен өлең, мұнда келсең – домбыра - сауық, ең арты малшы - құлшыға шейін ұлып даланы жаңғырықтырып, мазаңды алушы еді. Топтан озған ақыны былай тұрсын, ауыл басы сайын болмаса да, мырза басы сайын бір-бір сауыққой әншісі болушы еді. Міне, осы күні болыс басы ілуде біреуді - ақ табасың. Енді бір азда «ау» деп дыбысын шығарған кісі көре алмассың десек те, қате болмас. Кемпір-шалдарымыздың да: «Ай - хай, заман – айының» біреуін қосылып жүрген осы әндеріміздің жоғалып бара жатқандығы. Бұл не дейсің, баяғыдан бері жыр жырлап, ән салғаннан болатын болса болды. Қайта біткені игі дейсіңдер ме? Жоқ, жоқ. Көңіл қарайтын, рух бұзатын ескі балдыр-батпақ өлеңдердің тұсында әннің базары аспанға шытып мынадай жаңа рух, таза қан, түзу кеуілді халқымызға қолмен жуып тыға алмай жүрген тарылмалы заманда сөне қалуы баяғы ашылмаған қазақтың сорыдағы.
Сор дейтінім: бір халықтың сүтпен бірте байланысқан ірік-шірік қара кеуілдерін аршып, жаңа рухпен қандыратын, таза бейілімен жандандыратын машина, шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең-жыр, әдебиет деген нәрсе болады.
Көңілді түзейтін машина - өлең жыр дедік. Ол машинаның тетігін біліп сайратып, есіткендердің аузынан суын ағызып көңілдеріндегі уын шығаратындар кім?! Ол неше түрлі әуез білетін әншілер, жыршылар. Халықтың көңілі машинаның тетігін білетін әнге ұста адамдар. Сайраса жібиді. Қысқасы: сырнай, яки домбыраны тарта білмей құр перне басып барқылдату қандай сүйкімсіз болса, әніменен айтылмаған өлеңдер де сондай сүйкімсіз болады. Маған салса, майы тамып тұрсын, әнсіз құр өлеңмен жақсылық сездіргенің сол, жұртты өздеріңнен бездіріп аласың. Соның үшін бізден басқа бақытты, талайлы жұрттардың әнпаздары өнегелі өлең, үлгілі тақпақтарды жаттап алады. Сонымен шәһәр - шәһәрға жүріп, халыққа естіртіп, жүрек қозғап буын босатады. Халық оған қалыпты театрға кірген секілді билетпенен жиналады. Халықтың арғы - бергісін қозғап, естеріне түсіріп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кем-кетігін көрсетіп, әдемі дауысымен құйқылжытып тұрғанда, қандай тас көңіл болса да жібімеген еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы - жайдағысы ойына қозғалып түсіп, қандары қайнап, тіпті арқалары қызып кетеді. Әркімнің көңіл көздерінен жастар моншақтап, бойлары балқығандай шарт та шұрт қол шапалақтасып, ақшасының үстіне мың қайтара «Тәңір жарылғасын» айтып тарқайды. Медіреселердегі әдебиет кештері де осы мақсатпен жасалады. Аса суырып әкетерлік бола қоймаса да тәуір - тәуір ой қозғарлық өлеңдер бізде де болып келеді. Бірақ болмағанымен жүргізе білуші жоқ, айтушы жоқ, жесіп тұр.
Байқаймысың, біздің қазақ ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар - салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы - қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшы - айтшылап жанын жағасына келтіреді. Мағынаны керек қылмаса да, әнге бола жиылады. Бара-бара не болса да сол әндегі pyx сүйегіне сіңеді, құлағында қалады. Соның үшін ескі кісілер «пәленнің өлеңінде де бар ғой» деп келтіріп отыратын.
Не ғажап? Баяғыдан бері жыр жырлап тойдық деп қол сермейтіндер сәулелі деген адамдарымыздың өзінде бар. Сендердің мақсаттарың қазаққа жан кіргізу болса, бұларың лаққандық, әдебиеттің не екеніне түсінбегендік, тым болмаса «Тақи ғажап»* оқып шықпадыңдар ма? Онда да айтады: «дажал» деген біреу шығып, халықты гүрілімен, дүрілімен ерте алмайды, әншісі, сырнайшысы, сауықшысымен қызықтырып ертеді» дегенді көрмедіңдер ме? Қысқасы, бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар. Молдалар! Жас балаларды ән үйренуге қызықтырыңдар!Жаңа шыққан елдердің жүрек жандыратындарынан үні жақсы балаларға әнге салғызып қойсаңдар - ау! Шіркін, қандай өтімді! Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп қадірлі етіп көрсетуге тырысыңдар, болмаса жым-жырт... деп сөйлегеннің аузына қарап қалатынымыз хақ. Дұрыс, басқалардан шамамыз келмегеннен айрылдық дейміз, міне, бұған не деп сылтау табамыз! Масқаралық емес пе?
Сұлтанмахмұт Торайғыров
1913 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.