Шәмелхан Мәлімбай ҚХР Алтай қаласы Күрті ауылында 1974 жылы дүниеге келген. Алтай қаласы Балбағай ауылдық халық үкіметінде 20 жылға жуық қызмет атқарған. Қытай Халық Республикасының мерзімді газет-журналдарында топтама өлеңдері мен әңгімелері жарық көрген. 2018 жылы Ата жұрты Қазақстанға қоныс аударған. Қазір Астана қаласында тұрады.
Мекемтастың монологы
(Мекемтас Мырзахметұлына)
Апыл-тапыл аяқ басқам, бұлдыр-салдыр ес білем,
Ұмытпадым шешем айтқан сонау қанды кешті мен.
Шыр-шыр еткен қарындасымның құлағымда дауысы,
Әлі күнге жаңғырады,
жан жоқ шығар менен сорлы ғұмыр бойы естіген.
Шешем марқұм қайсар еді, нар еді,
Жеңе алмаған оны қайғы, қасіреттің әлегі.
Соғыс, аштық, қилы заман, қиын күн,
Не зұлматтың бәрін көрген жан еді.
-Ашаршылық, жолға шықтық ілбіп басып жағалап.
Түбіміз бір туыстарға барайық деп паналап.
Біз кемерге таяғанда, шыр айналып ырылдап,
Бір топ қасқыр шыға келді алдымыздан қамалап.
Арқамда еді қарындасың, жетегімде сен едің,
Ажал тұрды алдымызда, бізге керіп көгенін.
Қарауытқан қара жолда үшеумізді жұлмалап,
Аш қасқырлар тапқалы тұр қанды қырғын қорегін.
Қайратына қалай келген қамалғанда қас қағым?
Шешем жылап көз жасына шылайтұғын тосқанын.
Үшеуіміз жем болғанша тұқым қалсын дедім де,
Қарындасыңды аш қасқырдың ортасына тастадым.
Тұра қаштым, сені қысып қолтығыма құлыным,
Үзілді ғой сол арада, үзілердей жұлыным.
Қасқыр бізді қумай қалды, қарындасың шырқырап,
Талап жатты мен ауылға жете бере жығылдым.
Айғай салдым қасқырлардан құтқарыңдар қызымды,
Туған жұлдыз тумай жатып, өз қолымнан үзілді.
Ауыл болып сұмдық болған сол төбеге жүгірді.
Жеп қойыпты біз барғанша орынында қанда жоқ,
Тауып алдық бір-ақ уыс жерде жатқан бұрымды.
Қарындасың құтқарды да басын берді ажалға,
Екеуіміз не істедік тағдыр деген тажалға?
Ғұмыр бойы келе жатыр жүрегімді тырмалап,
Ренішін айтар мүмкін ол дүниеде маған да.
Өкінішпен өксіп жүріп, жеттік мына заманға.
Шешем марқұм өтті өмірден қайғысына шомылып,
Ғұмыр кештім мен де талай толқындарға соғылып.
Ашаршылық, аш қасқырдың аузындағы сол бір жан
Кейде, түнде ұйықтап кетсем оятады
Ақ білегі,
Ақ тамағы,
Ақ маңдайы,
Ақ саусағы, қасқырлардың азуынан көрініп!
Мұқағали мүсінімен сырласу
Бірінші жыр
Уа! Мұқа, кезіп келем Алматыңды.
Сипалап таң атырдым қарға түнді,
Сізде мендей сағынып қарғашыңды.
Алдың ба әлде жоғалтып алмасыңды?
Кенен жырың Кеңсайдың төбесінде,
Түрткілеп оятар ма жанбасыңды?
Жыр іздеген қиялым Алатаудың,
Аруындай жүрегім талға асылды.
Қара сазға бір барып, қайтайын мен,
Жырың туған сарғайтып сан ғасырды.
Баяғыдай Алатау көтеріп тұр.
Орап алып аңызға әз басыңды.
Қара нөсер кетті де, шаң басылды.
Тал түсіңде талаған бөрі тағдыр,
Шағып алып кетердей шар басымды.
Қай көшеде бұрқырап жүрдің екен?
Босата алмай жағаңа жармасуды.
Қай бұрышта отырып бас қатырдың,
Аждаһамен аянбай арбасуды?
Шырқыраған шеріңе ем табалмай,
Білдің бе аға, тат басып азбасыңды?
Аңдай алмай аңғалым жүрдің бе екен,
Өзің іздеп өзім деп өз қасыңды?
Қыраным-ай, қасқайып білдің бе екен,
Қанатыңнан қырқылып талмасыңды?
Табаныңнан таусылып қай төбеде,
Тұрдың екен ақтарып айға сырды?
Мүсініңе мүдіріп қатуланған,
Алдабайдан татайын таңғы асымды!
Екінші жыр
Уа, Мұқа, сабырым жоқ, таң атырдым,
Жеткенше таусылғаны тағатымның.
Мен де биыл қырықтың бесеуінде,
Тықылдап өмір деген сағатым жүр.
Көшеңмен масаң құлдап жүріп өтіп,
Жырыңа жүректегі оратылдым.
Алтайды білесіз ғой, Хан тәңір мен,
Сол жердің топырағынан жаратылдым.
Туған жер, туған елге қош-қош айтып,
Қалды алыста қанатты қағатын күн.
Боздаған бота жүрек бала күннен
Жырыңнан құймыр қуат алатынмын.
Иттер талап жағамнан жұлқығанда,
Арыстандай өзіңді табатынмын.
Қауырсын қаламым да қаңтарылып,
Құшағында қаңырап қара түннің,
Жоқ нәрсені өзіңдей өліп іздеп,
Жарға апарып өзімді соғатынмын.
Туған жерден айрылу қиын екен,
Қайрылып келер ме екен соғатын күн.
Бұл күнде ән де басқа, жыр да басқа,
Тек қана орнында тұрған аспан.
Бәрін жазып, ағажан, кетіпсіз-ау
Жазар тіпті қалмапты бізде басқа.
Сыздап жүріп жыр мынау ұрда қашпа
Баһадүрім бір күні тіріліп кеп,
Тозған бізді көргенде тұра қашпа.
Кірлеп кеткен әлемді бір-ақ ашпа.
Үшінші жыр
Уа, Мұқа, Алматы да тағы бүгін,
Алатау сағынғандай алып ұлын.
Жырың самал сипаса маңдайымды,
Тастарында мөлдіреп тағылымың.
Мұқағали көшесін араладым.
Арасында келемін халығыңның,
Мен де бір қайрасам ба ожарыңның,
Қалды ма екен сынығы шарығыңның ?
О, қайран, хас тұлпарым, ақиығым,
Тасқа қашап кеткен ғой тариығын.
Биік-бик мінбеден саңқылдайсың,
Ауылдың төріндесіз әр үйінің!
Есентай өзеніде таласа ағып.
Жағасында бой созды-ау, дара шабыт,
Төбесіне көтеріп сүйегіңді,
Алатау да қалғандай аласарып.
Ертіспен сырласу
Ертісім аман келдің бе,
Суыңның жетті қаншасы?
Өзіңмен ағып келсеші,
Алтайдың бір түп аршасы.
Сен де бір қуған аңшыдан,
Бөкендей босып желдің-ау!
Қанғанша шөлім ішейін,
Алтайдан ағып келдің-ау.
Ертісім аман келдің бе?
Күй-жайын елдің қозғашы.
Жеті атам басы жатқан жер,
Абақтың сен бе көз жасы?
Тыныш па Алтай туған жер,
Туған ел аман жатыр ма?
Торғайда туыс ауылдан,
Алыстап жүрген ақынға
Желдің де жағы талады,
Алтай мен Арқа арасы.
Құлпырып гүлдеп жатыр ма,
Бабамның қайран даласы?
Сен қайда кетіп барасың,
Мен қайда жүрмін ойлантар?
Шешемнің шайын сағындым
Жағаңнан іліп қайнатар!
Шыңғыстайға барғым кеп жүр
(Оралхан Бөкейұлына )
Шыңғыстайға барғым келді қыдырып,
Бұтасынан мен де айрылған бұлдырық.
Оралханның өмірінен естелік,
Айтып берер елін іздеп үздігіп.
Мен Алтайдың ар жағынан келген ем,
Қауырсынын тағдырына жұлдырып.
Өр төсінде арқыраған Ертістің
Екі өкпесін жағасына ұрғызып.
Сорғалаған өлең болып жеттім мен,
Көк аспанның көк бауырын тілдіріп.
Қаламыңнан бал тамыздың, Ораға!
Арғы бет пен бергі бетті қыздырып.
Атажұртым ана – Алтайда қалды ғой,
Ақ кеудеме мұз құрсауын жүздіріп.
«Атау керең» көз алдымда тартылып,
Беу жұртыңда қалды ма екен ізгілік?
Сайын далаң пайымдаған ғұмырың,
«Кер бұғысы» ең самырсынның сыбырын,
Естігенде шайқап басты осқырып,
Маңайыңа жолатпадың, шыбын жанның шыбынын.
Күллі әлемнің тазалығын армандап,
«Тәж-махал» да аяқтады ғұмырың...
Бір Алтайдың теріскейін, күнгейін
Мекендеппіз дала мінез, дәргейім.
Мұзтау бізге мұзын әлі бүркіп тұр,
Шілдесінде жататұғын қар кейін.
Тау арасы ормандарды аралап,
Құз Алтайдың ұшар басын сабалап,
Алтай, Іле, Тарбағатай, Боғда мен
Лопнор, Манас, Тарым бойын қамалап.
Ертісіне жеткенінде Алтайдың,
Мұзбен шаптым Зайсаң бойын жағалап,
Өз отымды қолыма алып келдім мен
Шыңғыстайда жүргім келді құрбыммен.
Ғұмыр ертең ағып кетер бүлдірген!
Жатар ма едім көк шалғынға оранып,
Сонау әппақ дүниеде сіз жүрген?!
Аулыма бардым
Зайсаннан өтіп, Сауырды бастым,
Ертісті өрлеп, Алтайдан астым.
Кіндігім қалған Күртіге жеттім,
Бауырыма бастым, бауырын тастың.
Самалың суық шөлімді басты,
Сағынышымды алды суырып жебір.
Желқарағайды осып Серектас кетті,
Жолсайдан асып құлаған көңіл.
Сағындым, аға, сағындым, бауыр,
Аңқылдап ақты алдымнан ауыл.
Кеудемнің төсі шыңырау шертпе,
Еңкілдеп Ертіс жаңғырған дәуір.
Әкемнің қара шаңырағын көрдім,
Өмірін өткен өңірден өрдім.
Сарғайып сынған иық ағашынан,
Шешемнің қалған іздерін тердім.
Самырсын бұлақ басынан қарап,
Аңсатының жалын армансыз кездім.
Ақсеркенің жоны ағараңдап,
Саршоқымды орап ішіне көздің.
Әкеме бардым Сарқұмын кезіп,
Сарғусын жатыр сарала төстеп.
Қорғанын қоршап жүрегім тұрды
Анашым жатыр Ертісті көксеп.
Қарқарадай әулетім менің,
Үкідей ұшып жанымда болған.
Торғайларым да айналып ұшты,
Тағдырындай талында қонған.
Көл жайлау жатыр әкемдей асқар,
Анамдай Күрті өзені толқып.
Қаншама ғасыр ақты екен ұзақ,
Шулатып таудың бүйірін тарпып?
Сораптап соқпақ тарихымды құшып
Суыртпақтап жатыр күзеген қиыр,
Қауырсын жармай балапан ұшып,
Бауырынан ит те түлеген биыл.
Алтайдың ұзақ даласын кездім,
Өзегін іздеп өсер өріктің.
Базардан бағын сапырған елдің,
Көзесін көзер көшеден ұқтым.
Кіндігім қалған туған жерім-ай,
Күреңің неге күдерін үзбек?
Тал -теректер мен аршаларымды құштым,
Мейірімменен шуағын іздеп.
Алдымнан шығып атымды ұстаған,
Ақеділ жүрек замандастарым-ай!
Ақ дастарқан жайып сағынып күткен,
Қанатын керген Қарлығаштарым- ай.
Қан сонар қаққан өмірде саят,
Қызығы – қызыл, шыжымы – болат.
Саркідір тартқан жеңгелерімді көрдім,
Шалдауыт басқан ағаларымды аяп.
Әпекем алаң қартая қалған,
Жылдар-ай сызған жамалын шекіп.
Шешемнің сөзі төгіліп тұрған,
Ақша бұлт жапқан самайын жөңкіп.
Төбедей еді төбесін көрсек,
Жоғалған әттең көршілер қайран.
Сәлима, Сәю, Әшендей жеңгем,
Сіздермен ауыл көл еді сайран.
Сағынышымды көзіме көмдім
Кеміріп кемі ішімді елдің.
Маңдайдан сүйген соңы ғой шалдың
Әкемдей болған Түкеңді көрдім.
Қартайып шөккен қара нарым-ай,
Ауылдың аппақ жүрегін бердің.
Көр аузында отырсаңдағы,
Тілеп отырсың тілегін елдің.
Атаққа арсыз болмаған үйір,
Мансапқа бола бітпеген кеуде.
Кіршіксіз таза ауылымды құштым
Дәмесін өсек ит жеген кезде.
Қош енді қайта көргенше, Күрті,
Жылан көз осы жырларым өрген.
Сұп-суық келген бауырларымды көрдім,
Заманның сұмдық емшегін емген.
Зиярат еттім атама барып,
Болмаған жалшы, аруағың көктем,
Тас текті тарғыл, арыстандарым-ай,
Мансап пен шенге былғанбай өткен.
Сағынып кетем жүргенде жалғыз
Жақсыларым қанша төсіңде өнген.
Қасқыр жүректеріңді сақтаған қайтіп,
Шындықты шие демеген кеудең.
Ата жұрт – Алтай, Сарғусын, Күрті,
Бабамның боздап қорғаған жұрты.
Есен-сау тыныш жата бер шалқып,
Мен де бір жортқан кіршіксіз кірпі.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.