Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Айгүл Үсен. Қазақ өлеңі күрделі даму кезеңдерін ба...

15.01.2021 6594

Айгүл Үсен. Қазақ өлеңі күрделі даму кезеңдерін бастан кешіруде 12+

Айгүл Үсен. Қазақ өлеңі күрделі даму кезеңдерін бастан кешіруде - adebiportal.kz

Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсеннің әдебиеттану саласындағы зерттеу нысандарының бірі – қазақ өлеңінің құрылысы, өлеңтану мәселелері. Өлеңнің ішкі әлемі мен сыртқы құрылысы арасындағы сабақтастықты біртұтас қарай отырып, дәстүр мен жаңашылдық ортасындағы тығыз байланысты өзек ете талдау жасау ғалымның өлеңтанудағы басты принциптерінің бірі. Осы орайда біз ғалымның «Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері» атты монографиясында баяндалған ғылыми дәйектерді негізге ала отырып, ғалымға бірнеше сауал жолдаған едік.

- Қадірлі Айгүл апай, сіздің әдебиеттану саласындағы зерттеу нысаныңыз негізінен қазақ өлеңінің құрылысына, құрылымдық даму кезеңдеріне арналды. Осы негізде сізге бірнеше сауалдар қойсақ деп едік. Әуелі қазақ поэзиясының құрылымдық бастау кезеңдері мен даму үдерісін, силлабикалық өлең жүйесінің ерекшеліктері туралы баяндап берсеңіз?

- Өлеңнің өлшемдік жүйесі әлем поэзиясында белгілі бір тілдік ерекшеліктерге, яғни оның грамматикалық, фонетикалық даму заңдылықтарына сай алуан түрлі болады. Мысалы, қазақ тілі өзге түркі тілдері сияқты жалғамалы тілдерге жататындықтан, оның өлең жүйесі буынға, яғни буын сандарының белгілі бір заңдылықпен үйлесуіне негізделген. Ал екпінге негізделген тілдердің өлшемі буынға қоса екпінге де негізделеді.

Қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық бастауы ретінде жеті, сегіз және он бір буынды өлшемдер аталып, бұл өлшемдердің ырғақтық-интонациялық жүйесі қазақ өлеңінің құрылымдық негізі туралы ой айтқан Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, С. Мұқанов, Е. Ысмаилов, З. Қабдолов сияқты ғалымдарда кеңінен талданған-ды. Түйдекті жыр өлшемі жеті-сегіз буынды кестелердің еркін араласып, тармақтар ой оралымына қарай ұйқасып, серпінді, ширақ мәнер тудыратын эпикалық жанрларға тұғыр болған ырғақтық-интонациялық жүйе. Бұл ырғақтық кестелерді жыршы, жыраулардың бірқатары құрылымдық негіз еткен. Оның табиғатына сай жыр-толғауларда синтаксистік параллел қатарлар көп ұшырасады. Жыр мен қара өлеңдердің құрылымдық негізі болған жеті-сегіз буынды өлшемдер мен он бір буынды өлеңдер бүкіл поэзия атаулының құрылымдық діңгегі екендігінде дау жоқ.

Он бір буынды өлшемнің пайда болуына жеті буынды өлшем негіз болғандығын, бұл өлшемнің жеті буынды өлшемге төрт буынды бунақтың қосылуы арқылы жасалғанын зерттеушілер өткен ғасырларда-ақ айтқан-ды. Халық шығармашылығында жеті буынды өлшемдер он бір буынды өлшемдерге қарағанда көп қолданылғанын қазақтың эпикалық және лиро-эпикалық жырларының құрылымдық жүйесінен тануға болады.

Қазақ өлеңінің тағы бір үлкен құрылымдық бастауы – айнымалы ырғаққа құрылған еркін өлеңдер. Олар туралы кеңестік кезең зерттеулерінде айтылмады.Себебі түсінікті де. Халықты түркілік тамырынан ажырату үшін оны тіпті атауға да тыйым салды. Қазіргі поэзияда кең жайылып, қайта жаңғырып жатқан еркін өлеңдердің негізі сонау ертедегі ескі әдеби ескерткіштерден тамыр тартады.

- Абайдың қазақ өлеңіне әкелген құрылымдық реформасы мен Шәкәрім өлеңдерінің түршілдік шеберлігі туралы көзқарасыңыз?

- «Өлеңді көріктеу, өлең кестесін келтіру жөнінде Абайдың қазақта теңдесі жоқ; қазақтың бұрын-соңды ақындарының ешқайсысы өлеңін Абай сияқты ұста, келісті көріктеген емес» – деп зерттеуші З.Ахметов Абайдың өлең құрылымын түрлендірудегі даралығына нұсқай отырып, оның өлең түрлерінің қайнар көздерін де атап көрсетеді

Абай қазақ өлеңінде бұрын ырғақтық жүйе ретінде танылып, өлшем ретінде бекімеген, бірақ ізі бар өлшемдерді жүйелеп, поэзиялық ырғақтық- интонациялық құрылым болып бекінуіне, қазақ өлең өлшемдерінің, ұйқас, шумақ сияқты ырғақ негіздерінің жүйеленуіне жол ашты. Ақын тақырыптық-идеялық тарабы, көркемдік-бейнелілік сапасы тұрғысынан жаңарта отырып, оларды жеткізудің негізгі құралы өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесі екендігін байыптап, сол салада мақсатты түрде ізденгені Шәкәрімнің ұлы Ахаттың мына бір естеліктерінен байқалады: «Бір күні Абай Шәкәрімді шақырып алып: «Осы қазақта алты, жеті, сегіз, он бір буынды шумақтар бар. Тоғыз, он, он екі буынды өлең шумағы болуы мүмкін бе? Ай, ондай болмайтын шығар,» – дейді. Шәкәрім ертеңіне тоғыз, он, он екі буынды өлеңге ән шығарып әкеліп, Абайға тыңдатады». Бұл әңгімелер Абай мен Шәкәрімнің өлеңнің ырғақ жүйесіне үлкен мән беріп, өлеңді түрлендіретін маңызды құрал ретінде бағалағанына дәлел. Абай кезінде он бір буынды өлшемнің 4+4+3, 4+3+4, 3+4+4 үш түрлі өрнегін бір шумақ бойында сабақтастырып, сөйлеу мәнеріне бейімдегені белгілі. Ал қазіргі қазақ ақындары Абайдың осы дәстүрін меңгеріп қана қоймай, оның бунақтарын бірнеше тармақтарға тасымалдау тәсілі, тыныс белгілер жүйесі мен синтаксистік құрылысын өзгеше құру арқылы эмоционалдық-экспрессивтік мазмұнынын байыта түсті. Бұл құбылыстың қазақ поэзиясында аса кең тарғандығы Абай салған дәстүрдің өміршеңдігі мен поэзия заңдылықтарына терең сіңгендігінің айғағы.

Бұрын шумақсыз ой оралымына сай түйдекпен берілетін жеті-сегіз буынды өлшемдерді белгілі тармақ сандарының жүйелі үндестігіне негізделген ырғақтық-интонациялық жүйеге түсірді. Абай қазақ өлеңінің еркін аққан бұла бастауларын белгілі бір жүйеге түсіру арқылы сан алуан үн тауып, ырғақтық-интонациялық жүйе ретінде өлшеусіз мол мүмкіндіктерін ашты. Қазақ сөзін мәдениетті сөз санатына енгізді.

Абай қазақ поэзиясында буын саны әртүрлі өлшемдерді шебер сабақтастыру арқылы өлеңінің ырғақтық-интонациялық жүйесін құнарландыру үлгісін қалыптастырды. Буын сандары әртүрлі өлшемдердің жүйесіз, ой ағынына сай сабақтасуы ақын-жыраулар поэзиясынан белгілі үрдіс болғанмен, Абайда өлшемдер белгілі жүйемен сабақтасып, өлеңдегі интонацияның сұлу сымбатын түзудің жарқын үлгілері жасалды. Абайдан алған үлгісімен қазақ өлеңінің ырғақтық-интонациялық құрылымын жетілдіре түскен өрнекшіл ақынның озығы Шәкәрім болды. Абай дәстүрін жалғастыра отырып, өзіндік түрлік, кестелік жаңалықтарын қоса білген ақынға өлеңнің ырғақтық мәселесі оның тақырыптық-көркемдік сипаттарынан маңызы кем соқпағанын көрсетеді. Сондай-ақ, Шәкәрімнің өлең өлшемінің өзгеше мүмкіндігін ашудағы үлкен шеберлігін танытады.

Абай поэзиясы қазақ ақындары үшін талант өлшемі сияқты. Абайдың ақындық бастауынан қана ішіп, көркемдік нәрін сіңіріп, ішкі мазмұн ерекшелігін меңгеріп, еліктемеген ақын қазақта кемде-кем. Абай дәстүрін дамытып, қазақ поэзиясында берік орнықтыруда жетістіктерге жеткен ақындар жетерлік. Ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасымен батыл енген, мазмұны, ішкі динамикасы серпінді, терең, әрі кең толғаған бірегей ақындар да баршылық. Бірақ олар өлеңнің ішкі мазмұндық қырын сомдағанмен, сыртқы техникалық құрылымына қомақты өзгерістер әкеле алмады.

«Шәкәрім өлеңнің құрылымдық сапасын түрлендіруде Абайды ұстаз тұтты, еліктеді, ойына ой қосып, өлшеміне өз өлеңін қондырды. Абай тұрғызған белестерсіз өз белесіне жету бар ма еді, жоқ па еді?.. Абай өлеңдері Шәкәрім творчествосында маңызды роль атқарғаны даусыз. Шәкәрім өлең өлшеміндегі жаңа үлгілерге негіз болған халық үлгілері мен Абай өлеңдері еді. Ол Абай өлеңдерінің өлшемдік құрылымын сол қалпында қолдана салған жоқ, өзінше түрлендірді, жалпы жобасын негізге алып, мүлде жаңа жүйелер құрды. Абайдың сегіз аяқ үлгісінің құрылымын сақтап, еш өзгеріссіз екі өлеңінде қолданды» Бұл құрылымға өлеңдерін орнықтырып, әбдеп меңгеріп алған соң, осы өлшемнің басқа мүмкіндіктерін аша түсті де, сегіз аяқ, алты аяқ құрылымдарын тіпті күрделеңдіріп жіберді. Шәкәрім өлең құрылымына немқұрайды қарамай, керісінше, өлеңнің ішкі сарайын ашатын кілт ретінде таныған. Өлеңнің көркемдік қуатын әдемі сөз кестесінен іздемей, ырғақтық-интонациялық жүйесінен іздеген. Оның жаңаша өрнектелген жүйеге негізделген өлеңдері сөзге сараң, ой мен сезімге бай, интонациясы құнарлы болып келетіні де осыған байланысты. Өлеңнің түрлі өрнегі арқылы ішкі сырын бар болмысымен жарқырата ашып көрсету нағыз шебер ақындардың жолы екендігіне қазақ әдебиетінің бастауында тұрған Абай мен Шәкәрім және қазақ әдебиетінің әр кезеңінің көшбасында тұрған біртуар қаламгерлер мен жоғарыда аталып өткен бүгінгі әдебиеттің озық өкілдерінің шығармашылығы дәлел.

- Қазақ өлеңінің құрылысы туралы сөз болғанда өлеңнің ырғақтық жүйесі туралы айтпау мүмкін емес. Осы орайда дәстүрлі ырғақтардың түрленуі, қазіргі поэзиядағы жаңа ырғақ және оның дәстүрлі өлшемдермен сабақтастығы туралы айтып өтсеңіз?

- Қазiргi өлеңдердің құрылымдық дамуында дәстүрлі өлшемдердің үлесі басым. Дәстүрлі өлшемдер бұрынғы қалпында өзгермей қалған жоқ, олар да жаңа әдебиеттің талаптарына сай ырғақтық-интонациялық мүмкіндігін молынан аша түсуде. Қазақ өлшемдері өз өрнегінен өзгермейтін қасаң құбылыс емес, мазмұндық ерекшеліктерге сай еркін түрленіп, алуан түрлі интонациялық жүйеге негіз болатын икемді, бейімді құрылымдар. Әдебиеттің қайбір кезеңінде болмасын дәстүрлік даму басымдықта болады. Сондықтан дәстүрлі ырғақтық-интонациялық құрылымдар бірқатар ақындардың шығармашылығында өзгермей немесе аз ғана өзгерістермен көрінсе, талантты ақындарда олар өлеңнің тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік жүйесі мен эмоционалдық мазмұны мен экспрессивтік сипатына сай сан алуан түрлік өзгерістермен көрінді. «Қазақ поэзиясы бәрімізге белгілі, дәстүршіл поэзия», – деген ақын Қ.Мырзалиевтің пікірі қазақ өлеңінің жанын түсініп айтылған ой.

Алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, он бір, он екі буынды дәстүрлі өлшемдер бүгiнгi қазақ өлеңi үшiн де алуан түрлі ой мен сезім әуенімен құбылып, ырғақтық-интонациялық тұғыр болып жүр. Бүгiнгi өлеңдерде дәстүрлi өлшемдер қолданысы қалай көрiнуде деген сұрақтың жауабы бүгiнгi қазақ өлеңiнiң даму үрдiсiн анықтайтын негiзгi мәселенiң бiрi.

Қазiргi поэзияда дәстүрлі ырғақ кестелері бiр тармақта тiзiлiп тұра қалмайды. Бiрқатар өлеңдерде ол екi тармаққа жiктелсе, кейбір өлеңдерде әр бунағы бірнеше тармақтарға жіктеліп беріледі. Оның барлығы өлең құрылымының ырғақ жүйесін өзгерте алмайды және оны тек сыртқы графикалық кескіні деп мән бермей, маңызын жете бағаламай қоя салу да үстірттік болар еді. Осы сыртқы графикалық суреттер өлеңнің ішкі тақырыптық-идеялық ерекшелігінен туындайтын бүгінгі ақынның жеке қолтаңбасы. Өлеңнің интонациялық-эмоционалдық динамикасына сай бунақтарды тасымалдау тұсын айқындау, тыныс белгілерді орналастыру, ырғақпен ықпалында түрленетін бүтін синтаксистік құрылымдарды өрнекке сай түрлендіру сияқты өлеңнің интонациясы мен мелодикасына қатысты мәселелер әрбір ақынның өлеңінде жеке шешілуде.

Не болып кетті дүние!

Aйырылғаным ба сенен мен?!

Дүние быт-шыт. Жүрегім дал-дұл келем мен.

Сен болсаң жаным, отырсың жат бір құшақта.

Көзіммен көрдім.

Әйтпесе, жұртқа сенер ме ем.

Ф.Оңғарсынова өлеңдерінде тыныс белгілерін өлең мазмұнына сай қойып, эмоционалдық-экспрессивтік бояуын аша түсуге жұмылдыра білген. Қазақ поэзиясының алғашқы кезеңі болып табылатын ауыз әдебиетінде өлеңдердің әуенділік сипаты қаншалықты маңызды болса, қазіргі поэзияда оның интонациялық мәні аса жоғары. Яғни, ақындар үшін өлеңдегі ой мен сырдың өзіне сай дербес мәнермен шынайы жеткізу ең басты мақсатқа айналған. Сыры мен сыны келіскен ондай өлеңдердің қиыннан қиыстырылған көркемдегіш құралдарсыз-ақ сымбатты да сұлу болатыны белгілі. Поэзияда теңеулер мен троптың орындарын тасымалданған сөздер мен ерекше ырғақтық-синтаксистік құрылымдар, көп нүкте, сызықша, сұрау белгісі сияқты тыныс белгілері алмастырған. Қазіргі қазақ поэзиясы ішкі мүмкіндіктер арқылы үлкен сапалық өзгерістерге ұшырауда. Сөздерді жеке шығару алғашқы да оларға ой екпінін түсіру амалы болса, кейінірек эмоционалдық-экспрессивтік бояуын ашудың бір жолына айналды. Қазір ой екпіні, эмоционалдық сипат, экспрессивтік реңк қана емес, өлеңнің мәнін ашатын негізгі көркемдік тәсіл дәрежесіне көтерілді.

Қазіргі поэзияда құрылымдық ізденістер аса талантты, шебер ақындарда ғана көрінбейді, барлық ақындардың поэзиясына тән. Қазақ ақынының барлығы дерлік өз шығармаларын ерікті өлеңнің құрылымдық жүйесіне құруды мақсат етеді. Айнымалы ырғақтық-интонациялық жүйеге құрылған ерікті өлеңдер қазіргі қазақ поэзиясының негізгі үрдісіне айналған. Поэзия өлкесіне ат басын бұрғандардың барлығы осы өлшемдік жүйемен өлең кестелеуді мақсат қойған. Бірақ бұл өлең түрін еркін меңгеріп, ой өзегін осы күрделі ырғақтық жүйеге құра білегендері бүгінгі поэзияда көп емес. Қазіргі ерікті өлеңдердің ырғақтық негізін дәстүрлі өлшемдердің әрқилы өрнектерінің сабақтастығы құрап отыр. Ұзынды-қысқалы өлшемдердің жүйелі сабақтастығына құрылған өлеңдер қазіргі ақындардың көпшілігінің шығармашылығына тән. Қазіргі ақындардың өлеңдерінде ұзын әрі кысқа немесе көпбуынды және аз буынды өлшемдерді сабақтастырып, өлең ырғақтық-интонациялық жүйесін құнарландыру үрдісі бар. Осындай күрделі сабақтастықтар Е. Раушанов, Т. Әбдікәкімұлы, С. Ақсұңқарұлы, Г. Салықбай, М. Райымбекұлы, Б. Беделханұлы шығармаларының құрылымдық жүйесіне тән.

Қазіргі қазақ өлеңінде Қасым Аманжоловтың он буынды өлең өлшемі дәстүр дәрежесіне көтеріліп, қазақ поэзиясында жаппай үрдіс алып, құрылымдық жүйе ретінде кең қолданысқа енді. Қазіргі поэзияның көрнекті өкілдері Ұ. Есдәулет, Б. Қошым-Ноғай, Е. Раушанов, Г. Салықбай өлеңдерінде Қасымның он буынды өлшем мен жеті-сегіз буынды өлшемдер сабақтастығына құрылған ырғақтық-интонациялық жүйесі үлкен орын алған. Г. Салықбай өлеңдеріндегі төменгі шумақтар соның айғағы.

Жылады жаздың жапырақтары,

Құлады бiрi шашыма.

Адамның көп қой ақымақтары,

Мен емес, соңы, басы да…

Қазіргі поэзиядағы жаңа ырғақтарды саралағанда ақындардың осы күнге дейін негізі бар, бірақ өз дәуірінде қабылданып, кең қолданысқа енбеген дербес өлшемдер мен олардың сабақтастығының орнықтыру бағытында өріс алған. Он буынды, тоғыз буынды, он үш буынды өлшемдер поэзияның өзге дәстүрлі өрнектерімен қатар кең құрылымдық айналымға еніп қана қоймай, олардың өзге ырғақтық жүйелермен сабақтасып, біртұтас ырғақтық-интонациялық тұтас жүйе құру мүмкіндігі артты. Он буынды өлшемнің қазақ поэзиясында белгілі 4+3+3, 4+4+2, 3+3+4, 2+3+2+3 сияқты өрнектерінің барлығы қазіргі қазақ өлеңіне құрылымдық жүйе ретінде беки қойған жоқ. Олардың арасында 5+5,4+4+2 өрнектерінің кең таралу мүмкіндігі анықталды.

Поэзиялық шығарманы құрылымдық тұрғыдан құнарландыру дәстүрлі өлшемдерді сабақтастырып, біртұтас жаңа ырғақтық-интонациялық жүйе жасау арқылы да жүзеге асады. Қазіргі белсенді қолданыстағы 8-5, 5-8, 10-7, 10-8, 10-5, 11-3, 11-5, 11-7, 11-8,13-5, 5-13 сияқты өлшемдер сабақтасып, жұмыр, әрі шымыр, жатық ырғақтық-интонациялық жүйе жасап, қазақ өлеңінің құрылымдық бай мүмкіндігінің бір қырын көрсетіп келеді.

- Өлең ұйқасының мазмұнға әсері, мазмұнның формамен үйлесім табуы поэзияның негізгі құндылықтарының бірі болып саналады. Бұл ретте өлеңнің құрылымдық және дыбыстық сапасына баса мән берген жөн. Қазіргі поэзиядағы дәстүрлі ұйқастардың қолданысы мен жаңа ұйқастардың жүйеленуі туралы ғалыми дәйектеріңізбен бөлісе отырсаңыз?

- Қазақ өлеңі өлең өлшемінің негізгі көрсеткішінің бірі – ұйқасқа әлі де берік байлаулы. Қазіргі поэзияда дәстүрлі ұйқастардың қолданылу ретіне қарай бүгінгі поэзиядағы өзгерістердің бағытын бағамдауға болады. Дәстүрлі ұйқастардың осы күнге дейін басымдық танытуы қазіргі қазақ өлеңің дәстүршілдігінен. Қазақ поэзиясындағы ең ежелгі ұйқас – шұбыртпалы ұйқас екені белгілі. Бұл ұйқас түрінің қазір өте аз көріну себебі мұндай шумақтық құрылымдардың, жеті-сегіз буынды жыр түйдектерінің қолданыста сирек болуында. Бұл ұйқас түрі көбінесе, тарихи тақырыптарды арқау еткен ақындардың шығармашылығынан орын алған. Шұбыртпалы ұйқас түрі таза қалпында көрінбейді, бір шығарманың арасынан аракідік бой көрсетіп, құрама ұйқас құрамында көрінуі мүмкін. М.Мақатаев, М.Шаханов, Ұ.Есдәулет, С.Ақсұңқарұлы өлеңдері мен поэмаларында кездесуі осы ақындардың тарихи тақырыптарға көп барғандығымен түсіндіруге болады. С.Ақсұңқарұлының «Бөрілі ұлттық байрағым» өлеңінің алғашқы шумағы шұбыртпалы немесе түйдекті ұйқасқа құрылады.

Бөрілі –

Ұлттық Байрағым.

Сүйінбайша сайрадым.

Ұлыған сайын байрағым.

Менің де қозар қайдағым...

Қорыта айтқанда шалыс ұйқас қазіргі қазақ поэзиясының тақырыптық- мазмұндық, көркемдік-бейнелілік, эмоционалдық-экспрессивтік ерекшелігін бойына сіңіре білген өлшем түрі. Бұл ұйқас түрі бүгінгі поэзияда өзінің мүмкіндігін молынан ашып, көрсетуде. Жаңа өлшемдер сабақтастығын жүйелеуде осы ұйқас түріне жүгіну Абайдан белгілі үрдіс. Ұзынды-қысқалы тармақтардың сабақтастығы осы өрнек арқылы шебер қиысып, жұмыр сіңіседі. Оған талантты ақындар Г.Салықбай, Е.Раушанов, С.Ақсұңқарұлы өлеңдеріндегі шалыс ұйқас арқылы өрілген шумақтардың алуан түрлілігі айғақ.

Қара өлең ұйқасы көне дәуірлерден бері алдыңғы позицияны бермей келе жатқан ұйқас түрі. Ол қазіргі поэзияда да солай. Бұл ұйқас түрі өзгермеген қалпында қазіргі ақындардың шығармашылығында қолданыс тұрғысынан өзге ұйқас түрлерінен басымдық танытады. Өзгерген, жаңа қалыпқа түскен қара өлең ұйқасының да үлесі үлкен. Ақындар тарпынан қара өлең ұйқасына деген құрмет қазақ поэзиясының қай дәуірінде де биіктемесе, төмендеген емес. Қара өлең ұйқасының қазіргі қазақ поэзиясының даму ерекшелігіне сай түрленуге бейімдігі, бүгінгі поэзияның аса құнарлы эмоционалдық- экспрессивтік сипатын толық таныта алатын түрлену кеңістігінің шексіздігі осы ұйқас түрін ерекше өміршең етеді. Дегенмен, қара өлең ұйқасы арқылы алуан түрлі өлшемдерді сабақтастыру шалыс ұйқас жүйесіндей жиі көрінбейді.

Желілі ұйқас түрі қазақтың халық өлеңдерінде көлемді жырларда және жүйесіз қалыпта көрінгендіктен ұйқас түрі ретінде белгілі бір атау алып, ұйқастың түрі ретінде белгілене қоймаған. Абайдың «Білімдіден шыққан сөз», «Келдік талай жерге енді» атты өлеңдерінің өлшемі туралы зерттеуші Т.Рсаев мынадай ой айтады: «Ақынның шағатай әдебиетінен әкелген бұл түрі қазақ поэзиясына енгізген тың жаңалығы болып табылады. Ғаруз ұйқасын Абай бұдан бұрынғы өлеңдерінде де қолданған.» «Ақын бұл өлеңінде тікелей шығыс классиктерінің үлгісімен әр шумақтың ең ақырғы жолдарындағы ұйқасатын соңғы сөздерді бірыңғай үйлестіру арқылы шығармасын шып-шымыр, тұтас етіп сомдаған.» «Білімдіден шыққан сөз» өлеңінің ұйқасы туралы ғалым Ж.Дәдебаев ойы да зерттеуші пікірімен үндес: «Өлеңнің бірінші шумағы 7 буынды қара өлең үлгісімен, қалған шумақтары ғаруз үлгісімен жазылған» . Яғни, ғалымдар ғаруз ұйқасы деп атаған бұл ұйқас түріне өлеңтанушы З.Ахметов ешқандай атау бермейді. «Ислам дініне дейінгі дәуірдегі көне түрік поэзиясында ұшырасатын Түрки аруз уәзінің аралас жүйесі деп аталатын кейбір үлгі-өнегелері Абайдың «Білімдіден шыққан сөз», «Келдік талай жерге енді» өлеңдерінде шумақ аралық желілі ұйқаспен қайта жаңғыртылып дамтылған» деген тұжырымдардан бұл ұйқастың көне жырлармен келгенін білеміз. Олай болса, батырлар жырында кездесетін түйдектерде аракідік ұшырасып, бірнеше дыбыстық үндестіктерге желі болып тартылатын ұйқас түрін желілі ұйқас деп атау орынды. Шәкәрім шығармашылығында он бес шақты өлең осы ұйқас түрімен түзіліп, мол орын алған.Желілі ұйқас қазіргі поэзияда дамып, түрленген қалыпта көрінеді.

Ұйқастың буындар үндестігінің түрленуі, олардың морфологиялық құрамының әртекті болуы, ұйқасушы негіздердің әртүрлі сөздер тобынан жасалуы ұйқастың дыбыстық сапасында еркіндікке қол жеткізуінің нәтижесі. Дәстүрлі өлеңдерде ұйқас негіздері дыбыстық сапасы дауысты дыбыстарға қатысты жуан-жіңішке болып бөлінсе, дауыссыздар да өз сәйкестігін сақтауға тырысады.

Сені сүю – күрсініп, күнде күту хатыңды...

Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам матырдым.

Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп бәтуә,

Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.

Бұрын ақындар ұйқас негіздерінің дыбыстық құрамының толық сәйкестігіне жету үшін мақсатты түрде ізденетін болса, қазір керісінше дыбыстық, буындық ассиметрияға ұмтылыс байқалады. Дыбыстар мен буындар сәйкессіздігінің бүгінгі поэзияда үлкен үрдіске айналып, басымдық танытуы ақындардың бар өлшемнен азат болып, өлеңнің ішкі сырын неғұрлым табиғи болмысымен жеткізудің ұйқас өрнегіндегі көрінісі Ал жаңа қазақ поэзиясындағы дыбыстық жаңашылдық –толық үндестіктен мақсатты түрде бас тартудан, толымсыз ұйқас түрлерінің мол көрінуінен байқалады. «Жаңа ұйқас» – саналы түрде толымсыз»] деген зерттеушінің пікірі орыс өлеңіндегі ұйқастарға ғана емес, соңғы қазақ ұйқастарына да қатысты. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Беделхан өлеңдеріндегі ауыз екі сөйлеу стиліне жақындатып беру мақсатында өлең әуезділігі мен сымбатын мақсатты түрде жұтаң етіп, аз буынды дыбыстық үндестіктерге құрады. Бұл поэзияның ұйқастан еркіндік алуға деген ұмтылысын байқатады.

Ит пен құсқа кетті есем,

Аруағы асқа айбары,

Ұлттық Парламентке сен

Босанасың қай күні?

Қазіргі қазақ өлеңіндегі дыбыстық үндестіктер грамматикалық тұрғыдан алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Қазіргі ақындар ұйқас негіздерін бір сөз табынан немесе сөз тобынан алмай алуан түрлі таптық сипат беруге деген ұмтылысы байқалады. Оны өлең теориясындағы қалыптасқан ұғым деграмматизациялану құбылысы деп атайды. Қазіргі қазақ өлеңінің ұйқасының дыбыстық сапасы мен грамматикалық тұлғасына тән негізгі үрдіс осы деграмматизациялану үрдісі. Бағында - шағында - сағымда- сияқты таптаурын ұйқастардан көрі қиыннан қиыстырылған ұйқастар арқылы да өз шеберлігін сынайтын ақындар қатары көбейді.

- Қазіргі қазақ өлең құрылысының даму мүмкіндіктері қандай?

- Қазіргі қазақ өлеңінің құрылымдық дамуын оның мазмұндық, идеялық жүйесі айқындайды. Қазіргі уақыт әдеби даму үшін аса күрделі уақыт. Мұндай өтпелі кезеңде пессимистік сарын белең алып, идея тұрғысынан жүдеу тартқанмен, көркемдік сапа мен құрылымдық жүйе тұрғысынан байитыны бұған дейінгі кезеңдерде де байқалған. Осы үрдіс қазір де көрініп отыр. Қазіргі поэзияда заманауи қоғамдық-әлеуметтік мәселесі қозғалып отыр. Яғни сенімсіздік, ертеңге алаң, өкініш, үрей, торығу, үмітсіздік... Бұл мәселе қазақ поэзиясында бар кезеңде айтылған. ХVІІІ-ХІХ ғасырда зар заман ақындары, ХХ ғасырда Ахмет, Мағжан, Міржақып...Тәуелсіздік алып, жеке ел болғанмен әлі мемлекет болып, етек-жеңді жинай алмай, балапан басына тұрымтай тұсына кеткен қоғамдық атмаосфера, әлемдегі рухани дағдарыс, жеке адамның рухының оның тәни құмарынан жеңіліс табуы адам рухының әлсіреуінен туындайтын азғындық, әділетсіздік, қатыгездік пен тойымсыздық қазіргі ақындарды мұң мен қайғыға салды. Осы жаһандық үдерісті қазіргі ақындар құрылымдық тұрғыдан дәстүрлі ырғақ пен интонация, жаңа еркін өлшеммен өрнектеуде. Қуантатыны - дәстүрден тыс өлең өлшемдерінің ішінде еркін өлеңдер, яғни верлибрлердің жақсы үлгілері жарық көруде.

Менің назарыма ілінгені Абзал Сүлеймен, Арман Әділбек, Бауыржан Майтай, Еділбек Дүйсен, Ұмтыл Зарыққан деген жас ақындардың өлеңдері. Бұл ақындар верлибр үлгісімен жаңаша өлең түзген. Заман мен қоғам, адам туралы ойлары символдармен берілген. Өмір сүру уақыты ен кеңістігі бір болғандықтан шығармаларында тақырыптық, семантикалық үндестік бар. Қазіргі адамзат қоғамының трагедиясын өзінің түйсігіндегі сезімдер, символикалық бейнелер арқылы өрнектейді. Бұл өлеңдердің мазмұнға сай мелодикасын, ырғақ түзілісін сезімтал ақындық түйсікпен барлап білген, сондықтан әр ой оралымы мен сезім тербелісіне сай еркін құбылатын еркін құрылыммен жазылған. Өлең құрылымы мен сазы ішкі мазмұнды, бейнелі сөз түзілістерін еркін меңгеріп, ой мен сөз, мазмұн мен түр біртұтас өріліп, терең, жұмбақ, тұңғиық ой әлеміне сүңгіп, әрбір жолдағы шындықты мойындап, суретке сүйсінумен боласың. Менің оқырман ретінде алған әсерім осындай. А. Сүлейменнің желі Мағжан ақынның желін еске салады. «Қолымыздан жел болуды армандау ғана келеді» деген шарасыздық «Менің жел болғым келеді» деген тілегіне ұласады. Еркін жел, ерке жел лирикалық бейненің ой мен қиялы, ізгі сезімдері маталған шын адами болмыстың ұмтылысы. Бұл жерде «Камал» мен «Үдерісті» жазған, адам болмысының қоңыздай ғана мәнін ұққан Кафка еске түседі.

Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі

сол бір бейбақ жан

және оның шүңірек көзі

шүңірек көзде малтыған мен

мен және менің асқақ отаным

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде.

Қысқа қанаттарымыз алып аспанды қармап

тұншығамыз сонша

өз қабырғамызбен қалаған

қуыс Қамалдың ішінде.

Кафканың болмыстың, адамзат жаратылысының абсурдтығын терең түйсінген жазушы ойына Ұ.Зарыққан қазақ даласы мен баласынан үн қосады. Ғажап сурет, тұңғиық дүние, ауыр трагедия...уақыт өткен сайын, ғасырлар жылжыған сайын адамзат өз азабына, өз торына өзі шырмалуда. Е.Дүйсен «Сүйікті һәм сүйкімсіз Отанды былғайтын уақытқа дейін Гүлдерді көзінің қарашығымен суаруға әзір» жұмбағы мол, ойын жасырған жолдар.

Мен тағы да қалғып кетемін

Құлақ түбінде әдеттегідей ұранға толы жиын

Түсімде

Жер бауырлап жылжып келіп

Түрегелген құйын.

Ұйқысыраған ел, ұранды жиындар, арман мен қиялда, мүмкін түсімізде көп күткен құйын. Бүгінгі шындықты құйын, гүл ұғымдарға адами болмыс беріп символмен айту өтпелі кезеңнің әдеби әдісі. А.Әділбектегі Жел де адам сияқты өзінің кім екенін білмейді, адам да білмейді. Жапырақ арасында төбе кезген бір аруақ. Мәңгілік жауабы табылмайтын сауал «Мен кіммін? Не үшін келдім? ». Өзін-өзі іздеген, бірақ таппаған, жер әлемде жалғыз сенделген жан. Адамның тәни сипаты жер бетіндегі өмірдің алданышымен жүрсе, рухы ғаламды кезеді, өзін іздеумен әуре. Ақын жаны, оның түйсігі рухқа байланған. А.Әділбек өлеңінен аадамзаттың кезбе рухын таныдым. Б.Майтайдың үрей толы үйі Кафканың қорқынышты әлемін еске түсіреді. Адамның әлеммен үйлесуі, оған сенуі оның жайлы, бақытты, сенімді де тұрақты болуының кепілі. Бірақ адамзат өзін тани алмай жүргенде өзге әлемді түсінуі мүмкін бе? Бейшара адам мынау ғаламға сүйіспеншіліктен көрі үреймен, сенімсіздікпен қарайды. Оның бойындағы үлкен міні де, тағдырының ауыр жолы да үрейден. Үрейден арылған кезде адам да, әлем де өзгереді. Адамның үрей толы жан дүиесі оның үрей толы үйі екенін ұқтырғандай. Қорқынышты... Ақындардың өлеңдері ойға да, сезімге де, түйсікке де салмақ салды. Жақсы туындының негізгі бір сипаты сол емес пе?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар