Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бал татыған өлеңдер...

01.06.2020 5405

Бал татыған өлеңдер 12+

Бал татыған өлеңдер - adebiportal.kz

Өтебай Тұрманжанов. Нан қиқымын шашпаңдар

Нан – ардақты адал ас,
Кәрі, жас одан аттамас.
Ақ дастархан үстінде,
Қол жумай оны ұстамас.
Нандай жоқ қой асыл дәм,
Жеп үйренген жасыңнан.
Дастарханнан нан кетсе,
Береке кетер асыңнан.
Ей, балалар, балалар,
Болмаңдар, сірә, нанға тар.
Өмірдің алтын арқауы -
Нан қиқымын шашпаңдар,
Теріп алып, қастерлеп.
Торғайларға тастаңдар.

Кітап оқыр бір бөбек


Жаңбыр жауар себелеп,
Жолға шығар ебелек.
Гүлге қонар көбелек,
Атқа қонар бөгелек.
Су жыланды құртуға
Көлге қонар дегелек.
«Ғылым сырын білсем, - деп,-
Көкте күн боп күлсем», - деп,
Кітап оқыр бір бөбек.

Ескен Елубай. Ақыл қайда

Ақ мамасы сүйікті
Қойдың басын үйітті
Былбыратып пісірді,
Табаққа әкеп түсірді.

Тойып алып миына:
- Мына қойдың, шынында,
Тәтті екен ақылы,-
Деді Сәкен ақыры.

Әйбат бала

Қандай жақсы бала еді,
Үстінде жоқ кір – сатпақ.
Айта қойшы, кәне, енді
Біздерге арнап бір тақпақ,-

Деп қонақтар жиналып,
Ортаға алды Серікті.
Қалталардан сый алып,
Шоколадта беріпті.

Қойыпты олар құр мақтап,
Жаттамапты бір тақпақ.
Жаттатпаған бір тақпақ
Мамасы тұр қипақтап.

Әнуарбек Дүйсенбиев. Ақтайлақ

Асау тайлақ, ақтайлақ,
Мініп келем қақпайлап.
Желеді ол тайраңдап,
Жұрт қарайды қайран қап.
Бала біткен шулайды,
Тайлақ үркіп, тулайды.
– Шөк дегенді ұқпайды,
Үй маңынан шықпайды.
Ақтайлақ-ау, ақтайлақ,
Бұл қылығың жақпайды-ақ.

Ақ мамам

Ел жатқанда жатпаған
Мен деп тыным таппаған
Бақыты үшін баланың
Аман-сау жүр ақ мамам

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Өзің маған мият-күн
Сен деп таңым жиі атты
Ақ маманың айқайы
Айналайын сияқты

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Қуат беріп құшағың
Қанат бітіп ұшамын
Естіртемін алып кеп
Ел білмейтін құс әнін

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Көрсетемін күллі елді
Жарық етем түндерді
Өсіріп мен сыйлаймын
Жұрт көрмеген гүлдерді

Күлімдеген көзіңнен
Күн мейірімі сезілген
Бұл жалғанда балаға
Жақын жан жоқ өзіңнен

Серікбай Оспанов. Бүркіт

Бүркіт ірі, қайратты,
Сұлу әрі айбатты.
Көтеріліп тым биік,
Көзбен шолар аймақты.

Тұмсықтары иілген,
Жемін көрсе, шүйілген.
Қолға да оны үйретіп,
Ерлігіне ел сүйінген.

Бүрген жерін жұлады,
Жүректі әрі қырағы.
Бүркіт – алғыр, текті құс,
Ең мықтысы – қыраны!

Тырна

Ұзын сирақ тырнаны-ай,
Құлап қалмай жүр қалай?!
Біздің жалқау Маратқа
Сондай ұқсап тұрғаны-ай!

Ұзын мойын тырнаны-ай,
Тыриып-ақ тұрғаны-ай.
Шынық десе,
Ешкімді
Қойды ма екен тыңдамай!

Сәли Садуақас. Атаның ақылы

Аққайыңның бұтағын кеспе, көкем,

Сен үлкенсің, бұл байғұс бесте ме екен?

Қол-аяғың секілді бұтақтары,

Аппақ болып әдемі өскен екен.

Жүрсін осы ақылым есіңде енді,

Жолатпағын келсе де досың мейлі.

Ұлы анамыз – табиғат, ағаш түгіл,

Бір тал шөбін жұлсаң да кешірмейді.

Айтқаныма өкпелеп қалма, сірә,

Көп келіп тұр атаңның ауласына,

Кім кепілдік ете алар Осы бұтақ

Кел, ойна

Есік алды кең арна,

Арнадағы көгалға

Ағаларым еккен-ді

Сорты бөлек көп алма,

Екіде екем мен онда.

Есік алды кең арна,

Арнадағы көгалда

Әр ағаштың басында,

Құжынаған көп алма,

Таяп қалдым деп оған.

Біздің ауыл кең аула,

Жемісті ағаш көп онда.

Шым жатқызып жасадық,

Гүлді алаң, көгалда,

Кластастар, кел, ойна!

Біздің ауыл көп аула,

Әр ауылда көл – айна.

Жағалауы көк алма,

Піспей тұрып оларды,

Бауырларым жеп алма.

Саясында салқындап,

Көгалында кел, ауна

Гүлді алаңда көп ойна!

Байбота Қошым-Ноғай. Ақжарқын – аппақ, тәтті-ақ қыз

– Ақжарқын деген – аппақ қыз,
Мұндай қыз қайдан таппақпыз, –
Айналып отыр анасы, –
Аппаа қой қызым,
Қарашы!..

– Ақжарқын, – дедiм мен дағы,–
Айта ғой, сiңлiм, сен, кәне,
Аппақсың қалай,
Қайранмын?!.
– Көп iшкем, әпке, айранды!..

– Ақжаррын деген – тәттi-ақ қыз,
Мұндай қыз қайдан таппақпыз, –
Айналып отыр анасы, –
Тәттi ғой қызым,
Қарашы!..

Қызықтап тiлiн тағы мен:
– Айта ғой, сiңлiм,
Бәрiнен
Тәттiсiң қалай? – дегенмiн…
– Кәмпиттi көп-көп жегенмiн!..

Тербеле бер, әткеншек!..

Құс боп кенет ұшамын,
Ақша бұлтты құшамын.
Қуанышқа,
Шаттыққа
Толды, мiне, құшағым.
Тербеле бер, әткеншек!..

Тарс жұмып ап көзiмдi,
Сынап кейде төзiмдi,
Сезiнемiн
Аспанда
Шарқ ұрғандай өзiмдi.
Тербеле бер, әткеншек!..

Қанат қағып барамын
Төсiнде кең даланың.
Ой-қиялы,
Арманы
Менде барлық баланың.
Тербеле бер, әткеншек!..

Талап Таймасұлы. Аптаның балалары

Ал, кәнекей, санайық,

Балаларын Аптаның.

Орындарын табайық,

Сен де босқа жатпағын.

Ең үлкені - Дүйсенбі,

Барлығының басшысы.

Одан кейін Сейсенбі,

Дүйсенбіден жас кіші.

Үшіншісі Сәрсенбі,

Ішіндегі сәттісі.

Бел ортада Бейсенбі,

Балалардың нақ күші.

Жұма – ұлдың ұлысы,

Бар мұсылман сыйынған.

Сенбі бөлек ұлы ісі,

Бойына күш жиылған.

Кенже туған баласы –

Жексенбі ғой жігерлі.

Қанша бала санашы,

Саусақ санау

Басбармағым – бақаным,

Бас мұрасы атаның!

Сұқ саусағым – керегем,

Шаңырақты демеген!

Ортан саусақ – шаңырақ,

Кең жайылған тамыр ап!

Аты жоғы – түндігім,

Түсіретін күн нұрын!

Ең соңғысын сұрасақ,

Уық болсын шынашақ!

Құл-керім Елемес. Сабақ


«С»-дан бастап оқысаң,
Оқитұғын сабақпын.
«Б»-дан бастап оқысаң,
Ру аты Абақпын.
Қасқыр аулар үй, білгін
Ескі мәні Абақтың.
Білдің мәнін Абақтың,
Жақсы оқы енді сабақты.


Абай


«А»-дан бастап оқысаң,
Абай атаң атымын.
«Б»-дан бастап оқысаң,
Бай болам, бар асылым.
Абайлатам тағы да
Талай істі жасырын.
Ұқсау үшін Абайға,
Алды-артыңды абайла.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар