Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бала тәрбиесі: кеше, бүгін, ертең......

30.05.2025 1392

Бала тәрбиесі: кеше, бүгін, ертең... 6+

Бала тәрбиесі: кеше, бүгін, ертең... - adebiportal.kz

1 маусым - Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай , кешелі-бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты қысқаша шолу жасалды.

Бұл  атаулы күннің қысқаша тарихы

Балаларды қорғау мәселесіне қатысты бұл күннің тарихы сонау 1924 жылдан бастау алады. Осы жылы халықаралық конференцияда балалардың амандығы мен саулығы мәселесі талқыланған екен. Соғыс, алуан түрлі апаттар мен қауіп-қатер ең ауыр тиетіні әлеуметтік топ  - балалар. Бұл қай дәуірде де солай болған. Осы мәселеге әлем халқының назарын аударту, нақты заңнамалық құжаттар қабылдау мақсатынан туындаған іс-әрекет еді, бұл.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы Балаларды қорғаудың халықаралық күнін белгілеп, атап өту туралы шешім қабылдайды. Осылайша 1950 жылдан бастап атап өтіле бастаған. Биыл жетпіс бесінші рет атап өтіп жатқан осы бір айтулы күнге орай халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ой ұстанымдарына шолу жасауды мақсат еттік.

Бала-бала дегенде мазалымыз…

Кешегі көшпелі, жартылай отырықшы, бүгінгі отырықшы, жартылай көшпелілеу қазақ балаға өмірдің жалғасы мен мәні-сәні ретінде қарап, оның тәрбиесіне шамасынша көңіл бөліп келген. «Балалы үй базар», «бала – болашақтың бастауы» дейтін халқымыз бауыр еті балапанының алаңсыз өмірі үшін қай заманда да алаң болып, қажет болғанда шыбын жанын құрбан етіп, басын бәйгеге тігуге дайын болған.

Ер Махамбеттің: «Қара қазан сары бала, қамы үшін қылыш сермедік», - деп тепсіне толғауы да бекер ме?

Қасекі жау қамсыз елге тұтқиылдан шабуылдап, бүтіндей бір ауылдың кәрі-жасын түгелімен найзамен түйреп, қылышпен қидалап қырғанда, төңкерілген қара қазанның астында жатып аман қалған жалқы ұлдан рулы ел өрбіген аңыз-шежірелер қаншама?

Көзіне көрінген ұрпақты Жаратушының ең қымбат сыйы, өмірінің жалғасы санаған қазақ халқының бала тәбиесіне де ерте мән берген: 

Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер,

Он беске дейін құлдай жұмса,

Он бестен әрі досыңдай сырлас.

Халықтық тәрбие деген – осы. Бұрынғы қазақ баланың дүниетанымын, өмірге икемділігін негізі ауыз әдебиеті арқылы тәрбиелесе, кешегі қазақтың баласы кітаппен анағұрлым дос болды. Ал бүгінгі қазақтың көбі баласын телефоннан қайтсем барынша алыстатам деп басы қатып жүргені де өмірдің ащы шындығы.

«Оқы, оқы және оқы!» Дін айтса да, кім айтса да осы сөз қай дәуірде де құнын түсірмек емес.

«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген сөздің анық ақиқаттығына көздері жеткен қазақ игі-жақсылар ХІХ ғасырдың ортасынан бастап-ақ балаға жаңаша білім беріп оқытуға кіріскенін көреміз.

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім, - 

деген Абайдың оқуға деген ниетін Ыбырай ұстаз:

…Өнер-білім – бәрі де,

Оқуменен табылған.

…Ата-енең қартайса – 

Тіреу болар бұл оқу,

Қартайғанда мал тайса,

Сүйеу болар бұл оқу, - 

деп қарапайым өлеңмен қалың қазағына барынша ұғынықты етіп түсіндіре түседі ғой. Ұрпақты білім-ғылымға үндеген осындай ұмтылыстың арқасында ХХ ғасырдың басқы ширегінде қазақ халқында еуропалық білім алған көзі ашық, көкірегі ояу тұтастай бір оқығандар шоғыры қалыптасты.

Ендігі жерде олардың халыққа айтар сөзі, тастар үндеуі де жаңа деңгейге көтерілді. Ол мына мазмұнда еді: «…балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды. Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін. Неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін. Сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Түрлі музыка құралдарының әуендерін тыңдасын, сурет салып үйренсін, ән салып, музыка құралдарын ойнап үйренсін. Міне, осыларды естісе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді. Білу керек, топас адам – тірі өлік.» Бұл – Мағжанның «Педагогикасында» ұсынылған қағидаттар. Кешегі коммунистер билеген дәуірде Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты кітап жазған көрнекті педагогтардың есімінен, еңбегінен мақұрм қалса да: «Бар жақсылық – балаларға!» ұраны мен «Әрқашан дайынбыз!» дейтін қол шекелеген анттың аясында бірнеше толқынның балалық шағы да өтіп кеткен екен.

Бүгінгі баланы смартфонның  жетегінен қалай ажыратамыз?

Кешегі заманда ұжымдық сана баса насихатталатын. «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» деген ұранмен, жас ұрпақ тәрбиесіне ата-ана, балабақша, мектеп, ұйым-мекемелер, ағайын-туыс, көрші-көлем – жалпы қоғам бейжай қарамайтын қалып күй бар еді. 

«Қазіргі күні де солай емес пе?» - деп айтуға аса сенімді емес сияқтымыз ба, қалай? «Бала құқығы», «өзгенің еркіндігіне нұқсан келтірмеу» деген – құлаққа жылы, түбі жағымды сипаттар болғанымен, бүгіндері көшеде, қоғамдық орындарда болсын, балалар ісіне ойланбастан араласу оңай емес. Бүгінгі мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас та кешегіден басқашалау. Мүмкін, заманға сай адамы. Сол да дұрыс шығар. 

Өз заманында Абай хакімнің: «Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын?» - деп қапалана қамырығатыны бар еді ғой? Ол заман – расымен де басқа еді. Таңдау мен талғам мүмкіндігі тар еді. Ал бүгін мүлде басқаша.

Ақпараттық дәуірдің ғаламат жылдамдығындағы жасампаздық жетістіктер адам еңбегін жеңілдетіп, мейлінше игіліктендіре түсумен қатар, ежелден бері қалыптасқан таным-түсініктер мен әдеп-дәстүрлерге де оң-теріс бағытта ерекше әсер етуде. Жаһанданудың кері әсері дегеннің өзі осы ғой. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өсиеті: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!»  Бесігімізді барынша түзеп жатырмыз ау. Бүгінгі мойны бекіп құйрыққа отырған сәбиден мектеп бітірер түлекке дейінгі баланың бәрі дерлік мойны иіле созылып, саусақтары әбжілдене жорғалап, көзінің майын ерте тауысып смартфонға телміріп отыр.  Таңнан кешке дейін қу тіршіліктің қамымен сүрлігіп жүрген ата-ана олардың не көріп, неге тәрбеленіп жатқанын толықтай бақылауына кейде мүмкіндік жетпей қалатыны да бар. Қазақ аулында, таза қазақы ортадағы өз үйінде, смартфон мен теледидардың алдында отырып-ақ тілі орысша, ағылшынша шығып жатқанын дәуірдің жетістігі дейміз бе? Тілдік, ділдік тұрғыдағы ұтылысымыз дейміз бе? Бұл - күрделі мәселе. Жасампаз, жетістікке жеткен елдер жас ұрпағының алтын уақытын телефонға құрттырмау мәселесін шешіп те тастаған екен. Біздің де алда ұстанар бағытымыз осы болуға тиісті.


Біз болашаққа сенеміз

Жас ұрпақты ана тілінде саналы тәрбие беру, сапалы білім игерту, ұлттық құндылықтарды бойына ерте сіңіру арқылы әлемдік өркениет үрдісімен ұштастыру – ұлттың, мемлекеттің болашағы алдындағы қасиетті парызы екенін әрбір қазақ ата-анасы есте ұстайтын деңгейге жету – ел болар жұрттың ең үлкен аңсар арманы. Осы деңгейге жетсек – бүгінгі айтылып жүрген көптеген ахуалдар, проблемалар күн тәртібінен өздігінен түсіп қалған болар еді. Осыған сенейік, сене отырып әрекет жасайық! Еліміздің ертеңі жарқын, балғындардың ашық аспанындағы алтын күн ешқашан сөнбесін!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар