Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Бақытгүл Келес. Алаштың алыбы Айқын Нұрқатовтың сы...

29.08.2018 6495

Бақытгүл Келес. Алаштың алыбы Айқын Нұрқатовтың сыншылық тұлғасы

Бақытгүл Келес. Алаштың алыбы Айқын Нұрқатовтың сыншылық тұлғасы - adebiportal.kz

Әдебиет зерттеушісі, ғалым-сыншы Айқын Нұрқатовтың шығармашылық жылдары небәрі он бес жылды қамтиды десек, сол он бес жылда қазақ әдебиеттану ғылымының барлық саласын зерделеп, зерттей отырып, еңбектерін үнемі, үзіліссіз ұсынып отырған.

Осындай шығармашылық үдерісіне қарап, ғалымның әр күні, тіпті әр сағаты қарқынды ғылыми ізденіспен, жазумен өткендей көрінеді. Оған дәлел – ғылыми-әдеби мұрасының молдығы. Мұндай ізденісінің өзі үлкен бір ғылыми мектебін қалыптастырып кеткендігінің айғағы. Ғылыммен айналысқан он бес жыл көлемінде ұшқыр ой, дәйекті пікірлерімен әдебиетші қауым ортасында ғана емес, жалпы жұртшылық арасында кеңінен танылып үлгерген Айқын Нұрқатовтың ғалымдық болмысы, сыншылық даралығы хақында кеңінен ой бөлісіп, сөз қозғайтын уақыт әлдеқашан жеткен.

«Біліктілік өнегесі, сыншылдық, ойшылдық дәрежесі, таным-пайым өресі, пікір айту мәдениеті айрықша Айқын Нұрқатов, шын мәнісінде, көрнекті әдебиет тарихшысы, білімдар сыншысы және пайымдау қабілет-қарымы тегеурінді әдебиет теоретигі еді», – деп ғалым, айқынтанушы С.Негимов ғалымның тұлғасына әділ баға берген.

Әдебиет зерттеушісі, ғалым, жазушы, аудармашы, Айқын Нұрқатов Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетін 1950 жылы бітіріп шығып, 1950 жылдан 1957 жылға дейін «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында сын бөлімін басқара жүріп, мерзімді басылымдарда алғашқы өлеңдерімен, сын пікірлерімен танылған. Сонымен бірге, ҚазПИ-дің аспирантурасын тәмамдап, 1954 жылы жиырма алты жасында әдебиеттер байланысының өзекті мәселелері сөз болатын «Владимир Маяковский және қазақ совет әдебиеті» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды да, бұл жұмысы жеке кітап болып баспадан шығады.

1950 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін республика Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Ғұмырбаянының астарына зерделей, зерттей көз тіккен жан ғалым Айқын Нұрқатовтың ерен еңбегін көрер еді. А.Нұрқатовтың әрбір еңбегінің құндылығының сыры оның дерек көздерінің молдығына, ізденіс өрісінің ауқымдылығына қатысты екендігі күмәнсіз. Мәселен, «Ғасыр перзентін» жазу барысында ғана зерттеуші ХIХ ғасырдың ортасынан бастап өз заманы аралығында жарық көрген бірнеше еңбекті қарап шыққан. Бұл еңбектер Ресей географиялық қоғамының 1865 жылғы есебінен бастап, Г.Н.Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, А.Н.Пыпин, Н.М.Чернышевская, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. ірі-ірі ғалымдардың еңбектерін, сонымен бірге Ш.Уәлихановтың қазақша, орысша шығармаларын қамтитынын ескерсек, зерттеуші бойындағы қажыр-қайратты таныта түседі.

Жиырма екі жасынан бастап әдебиеттану мен әдебиет сынына араласқан Айқын Нұрқатов қаламынан «Мұхтар Әуезов», «Абайдың ақындық дәстүрі» аталатын екі монографиялық зерттеу, «В.В.Маяковский – совет дәуірінің талантты ақыны», «Сәбит Мұқановтың творчестволық жолы», «М.Әуезовтің творчествосы», «Ғ. Мұстафиннің творчествосы», «Сәбит Мұқановтың өмірі мен творчествосы», «Орыс халқы – ежелгі досымыз», «Маяковский және қазақ совет поэзиясы», «Мухтар Ауэзов», «Идея және образ», «Тарас Шевченко және қазақ әдебиеті», «Ғасыр перзенті», «Мұхтар Әуезов творчествосы», «Жалғасқан дәстүр» атты ғылыми зерттеулер жинағы жарық көріп, республикалық басылымдар бетінде екі жүзге жуық үлкенді-кішілі мақалалары мен сыни пікірлері жарияланған. Бұл еңбектерде әдебиеттің жалпы мәселелері де, әдеби үрдіс пен әдебиет өкілдері де, әдебиеттер байланысы проблемалары да, жеке шығармалары талданып, бағасы берілген.

1959 жылы Мәскеуде өткізілген қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігі тұсында «Мухтар Ауэзов» деген еңбегі Ресейдің орталық баспасынан басылып шыққан отыз бір жасар жас ғалымның есімі кешегі Одақ көлемінде де жақсы танымал болған. Аталған жұмыстардың қатарына А. Нұрқатовтың авторлық ұжым құрамында болып шығарған IX, Х сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын, 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихын» қосар болсақ, тынымсыз еңбектің ұлан-ғайыр нәтижесін байқаймыз.

Ғалымдар еңбегінің деңгейі сапалық құндылығымен, яғни ойының ұшқырлығымен, пікірінің уәжділігімен, дерек-дәйегімен, парасат-пайымымен, тұжырым тиянақтылығымен, әділдік-ақиқаттылығымен таразыланатын болса, Айқын Нұрқатовтың зерттеушілік, сыншылық болмысына осы қасиеттердің бәрі тән.

Кез келген ғылыми зерттеулері мен сын еңбектер ерекшеліктерінің бірі – ғылым мәдениетінің сақталуы. Терең ойлы тұжырымдарынан, ақын-жазушылар шығармашылығына берген бағаларынан сезіледі. Ғалым әр мақаласында шығарма иесі мен оқырманын қатар ойлантып, мақаладағы ой түйініне, сынына табынтып қоятын ерекшелігі және бар. Мұның өзі ғалымның зерттеу еңбектері мен мақаласында шынайы, әділ көркемдік талдаудың болуында.

Айқын Нұрқатов – балалар әдебиетінің де сыншысы, қисыншысы деп тануға болады. Оған дәлел, балалар әдебиеті жанры, даму бағыт, бағдары жөніндегі зерттеу мақалалары, балалар ақын-жазушыларының алғашқы жинақтарын, проза, поэзиясын талдау нысанына алған сараптама мақалалары. Ғалымның балалар әдебиетінің де өсу жолын шолып қарамағандығы, жіті бақылап, саралап отырғандығы, үнемі ғалым назарында болғандығы әр жылдары жазылған мақалаларынан-ақ сезіледі.

Ғалым стиліндегі ерекшеліктің бірі – мақалаға тақырып таңдауында. Мысалы, «Алғашқы дауыс», «Сағат», «Әнуарбек Дүйсенбиев өлеңдері», «Сапарғали Бегалин», «Мұқан Иманжанов», «Өтебай Тұрманжанов», «Балалар поэзиясы жайында», «Балаларға арналған шығармалар туралы». Мақалаға тақырып қоюында ғылыми ұстанымы – нақтылық болған. Не қаламгердің жыр жинағың атын, не қаламгердің аты-жөнін тақырып етіп қойған. Қарапайым, бірақ нақтылық. Себебі, ол балалар әдебиетіне қатысты жазып отыр, сондықтан болар тақырыптарында әсірелеу, бояу болмайтындығы.

«Сағат» (1959) мақаласында Аманжол Шәмкеновтің балаларға арналған «Кезекші», «Мен де кесте тігемін», «Ақылды бала», «Көмектесем мамама» өлеңдерінде автор тақырыпты шешуде түрлі көркемдік тәсілдерді ұтымды қолданғаны жазылса, кей өлеңдерінде («Лагерге сапар», «Шофер қуанышы») суреттеуден тізбектеу басымдығы, түр байлығы, бояу алуандығының мол сезіле бермеуі тәрізді өлеңдегі селкеуліктерді дәлелді талдаумен көрсетеді.

«Сапарғали Бегалин» (1953) атты мақаласында «...көптеген шығармалары қызғылықты әрі өмір шындығын дұрыс бейнелеген шынайы» деп бағалайды.

«Мұқан Иманжанов» (1959) еске алу мақаласында жазушының балаларға арналған бірнеше әңгімелеріне тән ерекшеліктерді: бала кейіпкер бойында сәбилік аңқау мінез, сүйкімді бала мінезін суреттей білу қырларын жеткізеді.

«Өтебай Тұрманжанов» (1965) мақаласында ақынның қазақтың бай ауыз әдебиетін жинауы, және балаларға сол дәстүрді сақтай отырып өлең, ертегілерді ұсына білуін даралап көрсетеді.

«Алғашқы дауыс» мақаласы жазушы Сайд Баязитовтың «Күтпеген кездесу» атты алғашқы жинағына арналған. Мұнда жазушының балаларға ұсынған алғашқы прозасы болса да, әңгіме композициясындағы жинақылық, сюжет желісіндегі тағылым, идеядағы айқындылық, кейіпкерді өз тілінде сөйлету, бала психологиясын танытуын үлгі етеді.

«Балаларға арналған шығармалар туралы» (1954) мақаласы балалар әдебиетін өркендету жолдарын көрсетіп, балалар ақын, жазушыларының шығармаларындағы олқылықтарды дәлелдеп, талдау жасалған арнайы зерттеу мақала. Бұл мақаласының ерекшелігі: балаларға арналған шығармаларға қойылар талаптарды атап көрсетуі.

Балалар әдебиетіне қатысты жазылған мақалаларын сараптай отырып, мынадай ой-тұжырымдарына көз жеткіземіз:

– Балаларға арналған шығармалар қызғылықты, әсерлі болуға, яғни оларға ғажайып өміріміздің сұлулығын, тамаша романтикасын ашып беруге тиіс;

– Жазушы өмір романтикасын бейнелеймін деп отырып, шындықтан тыс, жасанды оқиғаларға ұрынбауы керек;

– Балаларға арналған шығармаларда олардың жас ерекшелігі қатты ескерілуі қажет; – Балаларға арналған шығармалар ұғынуға жеңіл болса ғана, өзінің кішкентай оқушыларына әсер ете алмақ;

– Балалар әдебиетіне үлгі алуға, еліктеуге татырлық типтік образдар қажет;

– Балалар үшін ғылыми- фантастикалық, сатиралық шығармалар, сюжетті, оқиғалы шығармалар жазу жұмысын қолға алуға тиіс;

– Балалар әдебиетіне тақырып кеңдігі қажет.

– Жас балаларға арналған шығармаларда ойынын суреттеу арқылы жеткізілуге тиіс.

– Ой түюді оқушының өз үлесіне қалдыру – балаларға арналған шығармаларға аса қажет ұтымды қасиет.

Бұл ой тұжырымдары өз заманындағы балалар әдебиетінде де, бүгінгі әдебиетімізде де өміршеңдігін жоймаған ғылыми ойлар. Тіпті, заңдылық деп қабылдауға болады.

Айқын Нұрқатовтың зерттеушілік, сыншылық болмысына ойдың нақтылығы, тазалығы, сын, пікірдің шынайылығы, әділдігі, білімнің тереңдігі, еңбектің қажырлығы тән.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар