Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат......

06.03.2022 2762

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат... 12+

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат... - adebiportal.kz

Өнер атаулы жынысқа бөлінбейді десек те, өнер иесінің тағдыр-тәлейі, бітім-болмысы, жазымышы, жаратқаннан берілетін сый-сияпаты әралуан екені анық. Өнер үшін берілетін құрбандық пен бодау – қаһарманның қан майданда төккен қанымен бірдей. Жанпидалық. Жанкештілік. Кешегі Тұмар патшайым, Зарина батыр, Бопай ханым сынды арулардың ұрыс даласындағы ерлігін, ортада қаншама оғыланға бергісіз аналарымыз жалғастырды. Сол қаһарман қыздардың қолындағы қанжар кейін қаламға алмасып, ары мен ұятына суарып, ақ қағазға асыл сөздерін төкті. Намысқа булыққан сөзден сұлу, сөзден өткір не бар? Бүгін біз, сұлулыққа шомған сондай кіршіксіз әлем туралы сыр шертеміз.

Әуелгі сөзді Алаштың қайсар қызы, ардақты анасы, атақты Балғожа бидің шөбересі ақын Мариям Хакімжановадан бастағымыз келеді. Оның өмір жолы қазақ халқының өткен ғасырдағы ең ауыр кезеңдерімен тұспа-тұс келеді. Бойжеткен шағы аштық нәубетіне сай келсе, бел буып ел ісіне араласқан кезі 1937-1938 жылдарғы қуғын-сүргін зобалаңымен жалғасын тауып жатты. Одан кейін көрген жесірлік, жетімдік, жоқшылық тауқыметі бір адамның ғұмырына жетіп асардай қасірет еді. Мариям Хакімжанова заманында Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин сынды марқасқа азаматтармен бір кабинетте, бір редакцияда қатар отырып қызымет атқарған. Ағаларының алдын көріп, тәлімін алып, ықыласына бөленген. Ыбырай Алтынсарин сынды ағартушы ағасының асыл сүйегі доңыздың табанына тапталғанын, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт ұстазының алтын басы босағада қалғанын көзімен көрген, жанжүрегімен сезінген, іші оттай қайнаған. Алматының ескі көшелерінде басына ақ шәлісін орап, қолына таяғын ұстап кәрі тарихтың көзіндей боп келе жататын кейуана бейнесінің өзі бір дәуірдің көзіндей менмұндалайды бұл күнде. Өзі бір өлеңінде «Самайымды самал жел кеп ақтарат, іздегендей ақ шашымның қарасын» деп жырлағанындай аяулы бейне. Өшпес рух. Сөнбес алау. «Қара шашты ұрпағыма сыйладым, ақ шашымды айлап-жылдап жинадым» дейді тағы бір өлеңінде. Осыған қарап кейде Мариям анамыздың өмірі ақ пен қарадан ғана тұратындай күй танытады.

Мәриям Хакімжанова «Халық жауының» әйелі, би-шонжардың тұқымы атанып қуғын-сүргінді көп көрді. Советтік НКВД-ның талай тергеуінде болды. Жаны құлазып, жалғыздық тартса да сүйегі жасымады, рухы сынбады. Қайта, қым-қуыт қиындықтың ортасында шығармашылықпен, қоғамдық жұмыстармен айналысып, соңына мол мұра қалдырып кетті. Дүниежүзілік екінші соғыс жылдары Мұрын жырауды сонау Ақтаудан алдырып, «Қырымның қырық батыры» сынды кесек дүниені жырлатып, хатқа түсірді. Бір ғана Қостанай өңірінен Отан соғысы туралы, Советтік фольклор туралы, халықтық фольклор мен би-шешендердің аңыз әңгімелерінен неше мыңдаған құнды халықтық мұраларды жинақтап ел игілігіне жаратты. Ыбырай Алтынсарин, Нұржан Наушабаев, Кердері Әубәкір, Ақылбек Сабалұлы сынды ел ішіндегі ғұламалардың да шығармаларын нақты деректерге сүйене отырып жинақтап, кейін жыр-толғауларының толық қанды шығуына бір кісідей ат салысады. «Қобыланды», «Бозжігіт» хиссаларының да жаңа нұсқаларын табып, ғылыми айналымға түсіреді. «Мен қазақтың қызымын асқақ үнді, өлеңдетіп қарсы алам шыққан күнді» деп жырлаған тұтас елдің ақын-анасына айналған Мариям Хакімжанова сексен тоғыз жасында жарық дүниеге қош айтты. Ақ шәлісін жамылып, аса таяғын қолына ұстап Алматының ескі көшелерінде келе жатқан кейуана бейнесі, күні бүгінге дейін жоқ іздеп жүрген жандай елес береді...

Қанипа Бұғыбаеваның өлеңдері сыршыл да, мұңшыл, терең мазмұнды болып келеді. Өлеңді кібіртіктетпей, ескен желдей, көшкен сеңдей ғып бұрқырата жазады. Шынайы тәбиғи өріледі. Ол жазған элегиялық әуен соншалықты егілмейді, ал, отты өжет өлеңдері өр көкіректенбейді. Міне бұл Қанипа Бұғыбаеваның өзіне тән жанәлемі. Риясыз бейнесі. Тұтастай ақындық әлемге құрылған бітім-болмысы. «Бір қолымда таяғым, бір қолымда домбырам, Кезіп келем көшені, айтатындай мен бір ән» деп жырлауының өзіне тән сыры бар. Ақын өзінің ащылы-тұщылы тағдырын жырлай отырып, оқырманға жан сырын ашқанымен, ешкімнен аяушылық күтпейді. Өлеңдеріндегі әр назік сауленің астарында үлкен сенім мен күш ұялап жатады. Бұдан ақынның өнер туралы эстетикалық көзқарасы, дүниені қабылдау ішкі мәдениеті терең екенін аңдау қиын емес. Содан ба екен Алматы жұртынан алыстау тұрған ақынның қарлығаш жырлары өлеңдегі ағаларын елеңдетпей қалған жоқ. Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов сынды ағаларының көл-көсір мейірін көріп өсті. Әсіресе Әбу Сәрсенбаев Қанипаға туған атасындай ағалық мейірім танытты. 1962 жылы «Лениншіл жас» газетіне арнаулы алғы сөз жазып, Бұғыбаеваның бір топ өлеңдерін жариялады. Өлеңдеріне деген шығармашылық жолына деген разылығын білдіріп үнемі хат жазып, хабарласып тұрды. Сол қатарда ақын Әбділдә Тәжібаевта ақын Қанипаның шығармашылық жолын үнемі назарда ұстап ақ тілегін жаудырып отырды. Соның бірінде былай дейді: «Маған қарапайым сезімдеріңмен айтқан әдемі ойларың ұнайды. Ақынның кісәпір сөздерімен қатар мүсәпір кішілігімен кісілігі әмәнда көрініп отыруы керек. Сенде, Қанипа сол белгілер баршылық. Тоқтама, қалқам жаза бер, болашағың да сәтті болсын». Арайлап атқан таңнан сыр оқып, туған топырағының әр деміне дейін сүйіне білген, әр тал шөптің дірілінен де поэзия аулай білген Қанипа Бұғыбаева жырлары өткен ғасырдың бел ортасынан асып, міне жаңа буын, жаңа ұрпақпен өзінше қайта тіл табысып отыр. Бұндай ыстық қауышулардан кейін ақынның сөзгер әлемі мәңгі жарқырап тұратынына сенеміз. Ақынның жырдан соққан ескерткіші уақыт өткен сайын биіктеп, жаңарып, жаңғыра бермек.

Ақын Күләш Ахметова үшін поэзия ұлық жаратылыстың өнер иесіне дарытқан ерекше сыйы. Оның жырларының өзегі отанды, туған жерді, мәңгілік махаббатты жырлауға құрылған. Әйел мен ана тақырыбын барынша індетіп жырлайды. Әсіресе әйел қаламгердің жаназабын, ішкі түйсінуін, бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен қалам ұстаған жанкештілігін нанымды жырлайды. Әсіресе бұл тақырып оның Р.Казаковаға арнаған «Ақын әйел» деген өлеңінде тереңдей көрініс береді. «Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат, Отырады асықпай әңгіме айтып. Ал мен үшін әрбір күн – қас-қағым сәт, Еркіндікке енбеймін енді қайтып». Осылай басталып, ары қарай қара өлеңнің қуатты ағысымен еркін өрбитін өлең жолдарынан шын ақынның, әйел қаламгердің ішкі жандүниесін толық аңғаруға болады. Өлеңді оқып отырып бір ауық ойға қаласың. Мына әлемде қарапайым әйел болып өмір сүрудің өзі үлкен жауапкершілік, енді сіз оған шығармашылық азабын қоссаңыз, «әйел қырық шырақты» деп келетін бабалар тәліміне еріксіз бас иесің. Күләш Ахметова бұл күнде исі қазақтың мақтанышына айналлған ұлттық деңгейдегі биікке шыққан талант. Қазақ поэзиясының ханшайымы. Оның поэзиясындағы тілдің шұрайлылығы, ой мен сезімнің тоғысын дөп тауып бейнелеуі шын ақынға тән шеберлікті көрсетеді. Бұл тұрғыдан ол Шығыс даншпаны Әл-фараби бабамыз бөлген бірінші топтағы нағыз тума ақынға жатады. Және әр жинақтан әр жинаққа, әр кітаптан әр кітапқа қалай тез өскенін шығармашылық жолындағы ізденіске қарап айту соншалықты қиын емес. Күләш Ахметова оқырманының көз алдында, бір өлеңнен бір өлеңке өсіп, үнемі өзін жаратып, жаңа кеңістікке шығып отырған. Лирика – поэзияның ең биік нүктесі. Ол жаныңның шыңырауынан шымырлап шығып, өз «мені» арқылы тұтас әлемге шуағын шашады. Сондай қуатқа ие Күләш поэзиясы да шуағын шартарапқа шаша беретініне еш күмәніміз жоқ!

Гүлнар Салықбай осы уақытқа дейін оқырмандарына «Бір жұтым ауа қызыл күн», «Жан», «Түс», «Аспандағы аңсарым», «Кешіріңдер, келгенімді өмірге» атты бес жыр кітабын ұсынып үлгірді. Оның өлеңдері тосын теңеулермен оқыс айтылатын ойлармен, нәзік те сыршыл сезім бұлқынысымен ерекшеленіп тұрады. Оның өлеңдегі өз дауысы, өзінің жырлау манерасы өзінен кейінгі бір емес бірнеше буынға, соның ішінде әйел ақындарға қатты ықпалын тигізді. Гүлнар Салықбайдың поэзиясы өзінің туған даласы Сауыр-Сайқан тауларындай биік, тұнық, ақжарма келеді. Ал ондағы тәтті мұң, еркелегіш қиял, ой мен сезімге жанама бояуын жағып жататын ауырлық Алматының аспанын, тұнжыр, тәкаппар көшелерін елестетеді. Оның өлеңдерін оқығанда бұрын-соңды естімеген ғажайып музыка тыңдағандай күй кешесіз. Гүлнар поэзиясының музыкалығы, ішкі ирмге жасырынған нәзік әуендер оқырманын өз уысынан шығарып алмай, үнемі әлдилейді де тұрады. Гүлнар Салықбай аудармашы ретінде өнімді жұмыс істеді. Әсіресе, орыстың ақын қызы Марина Цветаеваның өлеңдерін тамаша аударып «Аударма» баспасынан жеке кітап қып шығарды. Бұл қазақ аударма өнеріндегі ең үздік аудармалардың қатарына жатады. Аспандағы аңсарындай болған поэзиясын жүрегінің лүпіліндей ардақтап келе жатқан аяулы ақынға шын жүрекпен шығармашылық табыс тілейміз!

Жанат Әскербекқызы поэзия әлеміне ерте ат шалдырған ақын. Мектептегі кезінде төрт аяғын тең басқан толымды өлеңдер жаза бастаған ақын қыз, он алты жасында студент атанып, Алматының әдеби ортасына араласып кетеді. Бір өлеңнен бір өлеге өсіп, үнемі жаңа әлем ашумен болады. Алматыдағы небір әдеби кездесулерде көп алдында өлең оқып, алдыңғы буын ағалары мен әпкелерінің оң бағасын ала бастайды. Өз бастау көзі мен түптамырын ұлттық фольклорымыз бен мифтер әлемінен алатын Жанат Әскербекқызының өлеңдері гүлдей нәзік, қылыштай өткір келеді. Оның адам жанының терең қалтарыстарына, ішкі шүңетіне үңіле отырып, келелі ойды кестелі сөзбен жеткізетін өлеңдеріне қарап, ақынның адам жанын, адам психологиясын терең меңгергенін сезіну тым қиын емес. Ақын өлеңдері мұңға бейім һәм құмар. Және ол тапталған, жаншылған мұң емес, өз парасатынан нәр алған, эстетикасы биік поэзияға тән мұң. Жанат Әскербекқызы өлең мен ғылымды шығармашылығының қос қанатына балаған тұлға. Ғалымның кандидаттық диссертациясы «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесіне» арналған. Ал докторлық диссертациясы «Мифтің поэтикадағы қызметі» тақырыбында жазылған еді. Соңғы ғылыми еңбегінде қазіргі қазақ поэзиясындағы мифтік сарын, мифтік көркемдік құрал, поэзиядағы мифтің орыны мен ықпалы сынды толып жатқан мәселелер жан-жақты сараланған. Жанат Әскербекқызы көркем аударма саласында да айтарлықтай қызымет етті. Әсіресе «Сакура гүлдегенде» деген атпен шыққан жапон поэзиясына арналған аударма еңбегі оқырман тарабынан жақсы баға алды. Жапон поэзиясының аудармасы жүйеленіп, сараланып бір кітапқа енгені, жалпы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің үлкен жетістігі болды дер еді. Поэзия-ғылым-ұстаздық сынды үш саланы, ошақтың үш бұтындай қатар алып келе жатқан ақын Жанат Әскербекқызына шығармашылық табыс тілейміз. Тас бұлақтың түбінен тұмадай тұнып шығып жатқан Жанат Әскербекқызының каусар поэзиясы талай қазақ баласының шөлін басып, рухани ажарын кіргізе беретініне сенімдіміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар