Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Наурызға он күн демалсақ......

19.03.2024 1795

Наурызға он күн демалсақ... 0+

Наурызға он күн демалсақ... - adebiportal.kz

Қазақтың қазақ болғалы төл мәдени мерекесі осы – «Наурыз». Біздің халық оны қай кезден тойлады, қалай тойлады онысы қазір қарапайым қазақтың есінде жоқ. Ортадағы үзілген уақыттар мен қазақтың жоқ болған заманында бұл мерекенің елдің есінен көтерілгені соншалық, бұл біздікі ме, емес пе, түркінікі ме, парсыныкі ме деген сан-сауалдарға тап бола беретініміз содан. 

Қалай болса да, осыған дейін наурызды қалай тойлаудың толық тұжырымын жасай алмай дағдардық. Наурыз деген бұл мереке қай күні деп те дауластық. Бір ізге түскен, тұтас халықтық, ешқандай дау-дамайдың қажеті жоқ етіп бұл мерекені бекітпей ұлттың ұйысуы қиынырақ. Ұлттық идеология, біртектілік, бірыңғай ұстаным осындай мерекенің ортақ құндылық болуымен қалыптасады.

Наурыз - көктем мерекесі ғана емес, біздің жыл ауысу мезгілі екені соңғы кезде санамызға орныға бастағаны шын. Ұғым деген, түсінік деген үңги берсең, қабылдай алсаң өзгере беретін дүние. Осы негізде «наурыз» ұғымы қазақтың ежелден келе жатқан мерекесінің бірегейі болып орнығу процессін бастан өткеріп жатқанына куә болып отырымыз.

Бұл уақыт, 14 наурыз не үшін бізге жаңа жыл болып есептеледі деген сауалға аз да болса жауап беретіндей бір есептеу амалын айтпақпын. Дәлелденбеген бірақ, арғы түбінен түркі-моңғолдық иіс шығып тұратын үлкен бір амал бар. Бұл – қысқы аязды күндерді санау, топтау есептеу амалы. Үлкендерге үлкендерден жеткен мәлімет бойынша «жу» есептеу амалы желтоқсанның 22-не қарай «қысқы тоқырау» күнінен басталады. 

«Қысқы тоқырау» солтүстік жарты шар үшін түннің ең ұзаратын, күннің ең қысқаратын күні. Әлгі есеп бойынша 9*9 = 81 күн қыстың ең қаһарлы, аязды, бұрқасыны қатты күндер болады деп есептеледі. Бұл тоғызды тоғыз еселеген сексен бір күнді тағыда үш топқа бөліп қарастырады. Яғни, үш тоғызым тең жиырма жеті күнді бірінші жу «темір жу» деп атайды. Осылайша екінші үш тоғызды «мүйіз жу», үшінші үш тоғызды «киіз жу» деп үшке бөледі. Бұл тоғыздықтарды шығыс халықтары әр түрлі айтады. Монгол, қытай, тува, және сонда жасаған қазақтар арасында кең тараған. Бұл тоғыздық аязды күндерді санауды қытай қазағы мен монғол қазағы да білетін болып шыққаны қызық. «Жу» дегенді қытайдың «» (оқылуы jiu – жиу) тоғыз деген сандық дыбыс атауынан шықты десек те монголда ол неғып жүр, бурят, тувада неғып жүр? Олар да жиырма екінші желтоқсаннан басталатын қыстың 81 күнін циклді қыстың ең суық күндері деп есептеп, он бірінші, он екінші наурызға әкеп тоқтатады. Бұл жалпы қыс мезгілін алып жатқан уақыт.

Біз «жу» сөзінің қытайдың «тоғыз  - жиу» деген санынан шықты десек де, олардың негізгі этникалық тобының жылы жерде, қыс қатты болмайтын оңтүстік өңірде өмір сүргенін ескерсек, ежелгі қытайларға қыс мезгілінің аязды күнін санап, бақылаудың қажеті қанша деген күмәнді ой келе береді.  Ол аздай олардың ақпанның ортасында өздерінің  шаруашылық күн тізбесі бойынша әр жылдары он күн алдыға, он күн артқа жылжып отыратын жаңа жылдық «Шаған» деген қыс пен көктемнің ара жігін белгілеген мерекесі бар. Олардың жаңа жылы, көктем мерекесі ақпанның оны кезінде келіп қойса, наурыздың он бір, он екісі шығатын аяздың циклді санамасында шаруалары қанша? Ал наурыздың он төрті монғол, тува, бурят, енді-енді біле бастаған қазақтың көктем мерекесі, жаңа жыл бастауы екенін енді қабылдап жатырмыз. 

Біз бірден наурыздың он төртін мүшелік жылдың басы, амал, көрісу мерекесі деу үшін де алдыңғы мезгілдің қалай кіріп, қалай шыққанын есептей алу керек секілдіміз. «Жел+тоқсан» деген ай атының өзі алдағы келе жатқан тоқсан күнің желді, аязды, боранды дегенді мегдерлеп тұр. Ал, жоғарыда біз қозғап отырған сексен бір күндік қыстың қытымыр күнін санау тәсілі осы «Қыс тоқсан» амалының жауабы емес пе?

Ежелгі бабаларымыз бір жылды он үш айға бөлген. Әр айыңыз жиырма сегіз күннен есептеліп, айдың тууы мен толуына қарап, жаңа ай, ескі ай деп есептеп отырған. Білсеңіздер, айдың жерге фазалық көрінуі 27-28 күнде қайталанып отыратынын айту қазір жаңалық емес. Қысқы тоқыраудан басталып, көктемгі күн мен түннің теңелген уақыт аралығын өлі уақыт етпей, «қыс шілдесі», «Бөрі сырғақ» деп қысқа қайырып, келте басқаннан, аязды күндердің атын беріп, атауын нақтылаған дұрыс секілді көрінеді де тұрады. Қыстың сексен бір күнін бұлай есептеу, көктемнің алғашқы күніне сәтті өте шығудың жақсы баспалдағы болмай ма? Көктем неге көктем, қыс қырынан, аяздың қыспағынан аман-есен шыққасын көктем болмай ма? Қаһарлы қыс болмаса, сол қыстың аязының да күшті, әлсізі, қатты, жұмсағы болмаса көктемнің қадірі қанша? Сонша әспеттеп кезінде қаншама хан-патшалардың өзі «Наурыз» келгенде қуаныштан қарамен теңесіп, жаңа жылды тойлап, жаңа күннің келуін тәңірлік деңгейде көтеріп, жылға жақсы жорамалдар жасап, зор тілектер, ақ үміттер артып отырған .

Ал, «Наурызды» қазір біз қалай тойлап жүрміз өзі. Жылдағы кеп белгілі. Формалды түрде де болса да, жылда наурызды қарсы алып, ұлттық киімімізді киіп көшеге шыға келеміз. Іштегі қазақылықты сыртқа қалай шығарудың ебін таппаған күйі әйтеу тойлаған боламыз. Бәрібір наурыз осы күнге дейін жаңа жылдың орнын баса алмай келеді. Адамның қалауы, мерекелік көңіл-күй, мереке алдындағы халықтың дайындығы дегендермен салыстыра қарасаңыз, жаңа жылдың мысы әлі басым. «Наурыз» туралы айта берсең көңіл толмаған тұстары өте көп. Бәрін термелеп керегі бар ма. Бұған дейін ат бар да база жоқ еді. Бірақ, биыл база мемлекеттік деңгейде қабылданды. Әуелі наурыз  туралы айтар болсақ Өзбекәлі Жәнібековтің атын атамай кету күнә болар, одан кейінгі азат қазақ елінің наурызнамашысы болып, қайрат көрсетіп, парламент пен президенттің алдына жеткізген Серік Ерғалиұлын атамай кетсек болмас. «Наурыздың» жаңа тұжырымдамасы биылдан бастап ресми түрде іске аса бастады. Наурыздың он төртінен жиырма екісіне дейінгі тоғыз күнді атын атап, түсін түстеп отырып мерекелік іс-шаралармен көмкеріп қойдық.  Бірақ, бұны қабылданғанымен тойлаудың жөнін келтіре алмай жатырмыз. Мереке, мереке болуы үшін, мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бұл күндер заңды түрде демалыс болу керек. Жаңа жыл алдында берілетін марапаттар мен сыйлық ақылар осы наурыз алдында берілсе, жылда оқушылардың аяқтайтын үшінші тоқсан демалысын жиырма бірінші наурыздан емес он төртінші наурыздан бастап он күн берсін, әрі мереке, әрі демалыс. Израиль елі отбасы құндылығын сақтау үшін, отбасы ара, туыс-туған, жақын адамдар ара қарым-қатынасын арттыру үшін сенбі-жексенбі күндерін жұмыс істетпек түгіл, базар да аралартпайды. Бүкіл сауда орталықтары екі күн тарс жабылып тек отбасыға арнауға азаматтарына жағдай жасап қойған.

Біздің ел апта соңы демейік, осы наурыздың әр күніне сонша мағына мен мән сыйғызған екен соған лайық ата-ана мен бала үйде болса, мереке өз дегеніне оңай жетпей ме? Мерекенің мереке болуы ұрпақ сабақтастығының, ұрпақ есінде берік, қызықты болып қалуымен емес пе. Бір жаңа жыл, Рождество туралы батыс әлемі жүздеген ән шығарып, ондаған кино мен мультфильмді мерекенің көрігін қыздырып, маңызын арттыру үшін жасап отырған жоқ па? Рождествоның Исаның туған күніне арналған діни мереке деп жатқан қазіргі әлем адамы түгіл қазіргі қазақтың миына кіріп шықпайды. Қызылды жасылды жаңа жылмен қабаттасқан бұл мерекені батыс әлемі қалай қабыстырған, көзімізге қалай таныс етіп жіберді. «Үйде жалғыз қалғанданы» көрмесек жаңа жылдың көркі, теле жәшіктің сәні кірмейді. ABBA тобының - Happy New Year әнін тыңдамасақ шампан атылмайды, жаңа жылдың минутын жылжып, секунды жақындамайтындай деңгейге жеттік. Өтірік деңіз!

Біздің де солай істеуге қақымыз бар. Дәл, «Наурыз» туралы бес-алты әнге мәз болатын жайымыз жоқ. Берісі иісі түркінің, арысы монғол-парсымен ортақ бола алатын бұл мереке туралы сан қилы кино түсіріп, мультфильм жасап, дүниеге өз терезеңмен қарап жатсаң жаман бола ма? Сенің балаң қараған тереземен батыстың баласы, Шығыс жұрт пен африка елінің баласы қарап жатса бұл кімнің жетістігі бола еді? Өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық өзіңде барды паш етумен болса керек. Бұларда да бірдеме бар екен ғой. Әлемге, дүниеге осы қырдан да қарауға болады екен ғой, түрік әлемінің де айтары бар өзгеше әлем дегізу біздің қолдағы шаруа емес пе? «Наурыз» туралы киноны Hollywood, «Наурыз» туралы мультфильмді Disney түсіріп бермесі анық. Әр кім өз дүниесін өз көтермесе, оны ешкім құндылық демесі бесенеден белгілі.

Келіп жеткен ұлу жылдарыңыз құтты болсын! «Наурыз» мерекесінің маңызы мен мәні арта берсін! Шынайы, қуанышпен риясыз қарсы алатын ұлық мерекемізге айнала берсін!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар