«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген!», - деп Жұбан ақын айтқанындай, жерінің кеңдігі мен байлығы жат жұрттардың көз сұғына айналған халқымыздың сан ғасырлық тарихы азаттық жолындағы аласапыран арпалыстарға толы екендігі ақиқат. Сондай кезеңнің бір де бірегейі – ХІХ ғасырдың басқы бөлігі еді. Түрлі факторларға байланысты өз дәуіріндегі ғылым мен техникадағы ұлы ашылымдар ырғағына ілесе алмаған қазақ қоғамы күшті империялардың боданына айналды. Қазақ хандығының орнындағы кіші хандықтар да біртіндеп жойылып, ресейлік ұсақ әкімшілік басқару бірліктері енгізіліп жатты. Қазақ халқы Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы сонау ХҮІІІ ғасырдың екінші ширегінен бастап күрескенімен жеңіліс табумен болды.
Ұлт азаттығы үшін арпалысқан әйгілі күрескерлердің есімін елі әрқашан ұмытпады. Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі кезеңде олардың ерлік рухын асқақтату, бүгінгі жас ұрпаққа ұлағаттап, санасына сіңіру, осы арқылы рухани сабақтастықты сақтап нығайтуға шексіз мүмкіндік туып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес қаһармандарының бірі Баубек Бекмырзаұлының өмір жолын ерлікті дәріптеу арқылы елдігімізді асқақтатудың таптырмас бағыт-нұсқасы деп білеміз.
Қараменді, Тастемір, Байбарақты,
Арылтпай тұқымына берген бақты.
Белінен Бекмырзаның құдай қалап,
Туыпты батыр Баубек аруақты –
деп Көлденең Есіл елінен шыққан атақты Есенбай ақын жырлағанындай 1820 жылы әйгілі Бекмырза байдың шаңырағында, Көкше өңіріндегі ата қоныста дүниеге келген Баубек батырдың қазақы жөнмен алғандағы тегіне көз салсақ – алты арыс Орта жүздің арғын тайпасынан тамыр тартады. Арғынның Жеті Момынының бірі – қарауыл руы сегіз үлкен атаға бөлініп Көкшетаудың айналасын, Үлкен, Кіші Қараойдан Сілеті теңізге дейін мекендеген. Сол сегіз ата қарауылдың үлкен бір бөлігі отарлау саясатының қысымы салдарынан үдере көшіп Көлденең Есіл бойына қоныс аударып қанат жайған екен. Қарауыл Мәшектен Құлымбет, одан Бектауыл болып өскен бұтақтан тарайтын Баубек батырдың балалық шағы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық күресі күллі қазақ даласын дүбірлетіп тұрған кезеңге тап келеді.
Баубек батырдың өмір жолын зерттеушілердің жазғанына қарағанда, болашақ батырдың Кенесары ордасынағы өмірі 9 жасында сарай маңындағы қолбалалықтан басталған. Бұл 1829 жылға дөп келеді. Бұл Қасым сұлтан, Есенгелді, Саржан сұлтандармен бірге Кенесары сұлтанның патша билігіне қарсы күресті өрістетіп жүрген кезеңі болатын. Кейбір жағдайда Баубек батырдың хан ордасына тап болуын отбасылық жағдайға әкеліп тірейтіні бар. Бірақ қалай болғанда да өзі текті, көзі отты бала аз уақытта Кенесары сұлтан мен Күнімжан бәйбішенің сеніміне ие болып, орда айналасына кеңінен танылып абыройы асқақтай түседі.
Қасына нөкер болып ерер сайдауыл жігітті сан сынақтан өткізіп барып таңдайтын қаһарлы ханның назарына іліну үшін де ілкімдік керек қой. Сондай ерліктің бірін Баубек батыр он алты жасында жасаған екен. Кермеде байлаулы тұрған ханның тұлпарын міне шауып, жылқыға тиген қырғыздың батыры Отыншыны тұтқындап әкеліп, ханның аяғына жығып, «бала Баубек батыр» атанады. Осыдан бастап бала Баубек Кенесары ханның ең жақын адамдарының бірі ретінде санатқа кіреді. 20 жасында Арқаға аты әйгілі алтай Аққошқар Сайдалының қызы Емкеге үйленуінің өзі Баубек батырдың абыройы мен беделінің асқақ болғанын көрсетеді.
Баубек жас болғанына қарамастан, Хан Кененің сөз ұстар адамы деңгейіне жеткендігін көреміз. Жалпы сөз ұстауға қатысты «Абай жолында» Мұхтар Әуезов былай деп көрсеткен еді ғой: «Зады, билер арасында бір-біріне сөз ұстатып, кісі жіберу дәстүрі қалыптасқан. Ел, халық сөздің салмағын ұстап келген кісінің рабайына қарай білетін болған. Мысалы, Құнанбай Жақып інісін ауыр бұйрықпен жүргізсе, «айтып кел, білдіріп келіге, Ызғұтты, Майбасарды жұмсайды». Міне, Мұхаң айтқандай, Хан Кененің аузынан шығар ауыр бұйрыққа Баубек батыр жүргендігін ел билеріне жолдаған мына өкім хаттан көреміз: «...Егер бұрынғы істеріңізден тәубә қылып қайтсаңыз, жақсыларының біздің алдымызға келіңіз. Біздің мейірбанлығымыз сізлерге көп дүр. Сіздерге Баубек құлымызды жібердік. Әрбір ауыз тіліне бауыр қылың». Бұл – ханның «Оның сөзі, менің сөзім» дегені зор сенімін білдіріп тұрған жоқ па?
Сондай-ақ; Баубек батырдың Кенесары ханның әскери кеңесіне мүше болғандығын әйгілі тарихшы ғалым Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты монографиясынан көреміз. Аталған ғылыми еңбегінде хан кеңесіне қатысқандардың арасында Қарауыл Баубектің аты аталады: «Кенесары шақырған кеңеске әртүрлі рулардың өкілдері: Бегімбет руынан Иман батыр, Арғының Төлек руынан Баубек, Керей руынан Қошқарбай батыр, Төртқара руынан Байгелді және Әйгер батырлар, Берді руынан Сүгірбай батыр келді... Кеңесте Торғай мен Ырғыз ауданын тастап кету туралы шешім қабылданды», - делінген. Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында да қарауыл руынан хан кеңесіне Баубек батыр кіргендігі айтылады.
Баубек батырдың Кенесары жасағы құрамында көрсеткен ерліктері нақты айтылмағанымен, 1838 жылдың 26 мамырында өткен әйгілі Ақмола шайқасына 18 жасар жас өреннің белсене қатысқаны еш күмән тудырмайды. Ханның жылқысын баға жүріп, сайыс өнерінің не түрін шебер меңгерген Баубек батырдың қару-қарымына қоса, әдіс-айласы мол болғандығын ол туралы жазып қалдырушылардың еңбегіне көруге болады. Жалпы алғанда Баубек батыр туралы Ахметхан Байжан, Баянбай Құсайынов, Мырзағали Дүйсенбаев, Мәтен Бижанов, Қорғанбек Аманжол, Зияда Нұржанов, Мұқат Мейірманұлы, Мейрам Сақышев, Тарғын Мақыжан және т.б. зерттеушілер, өлкетанушылар, ғалымдар мен журналистердің деректерінен хабардармыз және аталған конференция, астан кейін батырдың өнегелі өмірін зерттеу ісі қарқынды алға басады деген сенім зор.
Баубек батырдың өмір тарихы, ұстанымы – Кенесары ханның іс-қызметімен ажырағысыз астасып жатыр. Кенесары ханның Сарыарқадан кетіп, Жетісу өңіріне беттеуі – Арқадағы қазақ халқы үшін үлкен күйзеліс болғаны тарихтан белгілі.
Бұл қоныстан кеткен соң,
Көремiз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есiлдiң
Көк орай тартқан өзенiн, -
деп 1845 жылы туған жерден Жетісуға ауған елдің ішінде Баубек батыр да болды. Осы ретте Кенесары ханға сенімді қарашы болып ерген рулар мен батыр-бағландардың алдында да не Кене ханға еріп соңына дейін шайқасу, не патша билігіне мойынұсынып кері оралу атты екі жолдың бірін таңдау дилеммасы қойылған еді. Баубек қатарлы көптеген батырлар бірінші жолды таңдады.
Кенесары хан бастаған біршама жұрттың Жетісу еліне баруы, ондағы қазақ, қырғыз рулары жетекшілерімен келіссөздер жасауы, патша үкіметінің қысымымен көптеген рубасылардың екұшты саясат ұстануы, тіпті сатқындығы салдарынан ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырап қырғыздың Кекілік тауында Кенесары мен Наурызбай бастаған ел иелері қолға түсуі, қайғылы қазаға ұшырауы – тарихтан хабары бар адамдардың бәріне белгілі жағдай.
Осы аласапыран шешуші шайқастың бел ортасында болған Баубек батыр да қырғыздардың қолына түсіп, тұтқында қаза болу қаупі басына төнеді. «Адамға жасаған жақсылығың алдыңнан шықпай қоймайды» дегеннің айғағындай, бір замандары анасы Шұға жанын сақтап қалған қырғыз жігітінің жақсылыққа жақсылық қайтарған адамгершілігінің арқасында Баубек батыр қырғыз тұтқынынан құтылып, Сарыарқаға аман келеді.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін елге оралған Баубек батырдың өмір жолы тыныштықта өтпесі анық еді. Батыр өзіне қараған елді жинап, оларды орналастыратын жайлы қоныс іздейді. Сөйтіп осы Көлденең Есілдің бойын таңдап, ағайындарын көшіріп әкелді. Жан-жаққа шашырап кеткен жұрт Баубек батырды паналады. Езілген елден шарапатын аямаған батырдың даңқы күллі Сарыарқаға жайылып, абыройы аспандады. Оны Кіші жүздің еліне екі рет адамдарын аттандырып, соңғысында өзі барып, Тоқтас үшін үш рет құн төлеткен оқиғадан анық байқауға болады. Әрине, Баубек батырдың беделі артып, абыройы асқақтап бара жатқаны патша билігінен шен алып, шекпен кигендерге ұнаған жоқ. Анығы арыстан жүректі батыр ұнауға тырыспаған да болар. Кезінде патша жасауылдарына жол көрсетіп, сатқындық жасағандармен ымыраға келген жоқ. Олардың жылқыларын айдаттырып алып, артынан қуғыншы келсе, бақыртып тұрып сандарына құрым киізді күйдіріп таңба басып: «Бұл Баубектің мөрі» деп сәлем жолдап отырады.
Болыстардың үстінен қараған ояздар Баубек батырдың қалың бұқараға беделді екенін жақсы білді. Оны өз жақтарына шығаруға да тырысты. Бірақ өр мінезді батыр бетінен қайтпады, Кенесары ханға берген антын бұзып, күні үшін жалбақтауды ар санады. Ақыр соңында өзіне есесі кеткен қазақ шонжарларының патша үкіметіне үздіксіз жазған шағымдары негізінде жылы алыс қиырдағы Түменге жер аударылады. 16 жылын алыс қиырда, өткізген батыр бұл еркісіз сапардан оралмасын білгендіктен, аттанып бара жатқанда шынашағын кесіп алып, құтты қонысында қалдыруды аманаттаған екен. Бұл да болса, ерліктің белгісі емес пе?
Баубек батыр ең алдымен өз қара басынан гөрі айналасындағы ағайын-жұртының тыныштығын ойлап, соларға зиянын тигізбеуге тырысқан деп білеміз. Сол үшін тұтқындауға келген жендеттерге де қарсылық жасамады. Атбасар абақтысына да екі рет өзі барып отырғаны да соны білдіреді. Айдауда жүрген кезінде де жанына жанасқан жұртқа өте сыйлы болыпты. Түмендегі жерленген жеріне барған ұрпақтары да ол жақтағы қазақтардың Баубек батыр рухына деген құрметтін сезіп, сүйегін қозғамай, құлпытас орнатып қайтқан екен. Сол үшін де аталарының айтып кеткен өсиеті бойынша батырдың бейітін қастерлеп, әулие тұтатын ресейдегі қандастарға ризашылық айтуға тиістіміз.
Баубек батырдың ұрпақтары – егіндей жайқалған еңселі ел болғандығына бүгінгі азат дәуір куә. Нығыман, Қозеке, Нақ, Мағзұм қатарлы балаларының ішінде Мағзұм Бесоба болыстығында болыс болып ұзақ жыл қызмет атқарғандығы, қартайған шағында қажылық сапарда жүріп Мекке-Мәдинада қайтыс болғандығы тарихи деректерде айтылады. Арқаның ардагері Ақан серінің атығай Сәлімжауар деген баласы қайтқан кісіге көңіл айтқандағы:
Руы Қарауылдан Баубек батыр,
Білмейміз мекеніңіз қайда жатыр.
Баласы сол Баубектің Мағзұм қажы,
Алыста Мединеде ол да жатыр –
деп өлеңіне қарап біз Баубек батырдың өзі өлсе де ел жүрегінде жатталған адам екенін, оның ұрпақтары да көрнекті адамдар болғанын көреміз. «Текті тегіне тартып туады» немесе «орнында бар – оңалар» дегенді атам қазақ осындайды айтсап керек.
Баубек батыр жайлы бізге жектен деректер ел аузында тараған үзік-үзік аңыз-әңгімелер мен жоғарыда атап өткен ғалымдар мен жазушылардың монографиялары мен әдеби туындыларындағы үзінділер ғана. Қазақтың ұлттық қадыр-қасиеттеріне зауал кештірген, жаттың мүддесі үстемдік құрған кезеңдердің қай-қайсысында болмасын, Баубек батыр тұлғасына лайықты баға берілмеді. Бірақ Баубекті көрген, парқына жеткен замандастары өзінен кейінгі ұрпақтың құлағына құйып зердесіне сіңіріп кеткендіктен, ұлы аруаққа деген құрмет естелік әңгімелер аңызға айналып, бүгінге дейін сақталып қалыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Адамның әр ісі – жасаған барлық жақсылығы мен жамандығы – кейінгі ұрпақтар тарапынан әділ бағасын алмай қоймайды», - деп айтқанындай, өз заманында туған халқының азаттығы, артынан ерген елдің қайғысыз қамсыз тіршілігі үшін басын бәйгеге тіккен Баубектей батыр бабаның тарих алдында лайықты бағасын алып, тарихи тұлғасы даралануына басты себепкер – азаттығымыз баянды болғай!
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.