Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бауыржан Иманғалиев. Темірбек Жүргенов дегенде...

10.02.2022 1255

Бауыржан Иманғалиев. Темірбек Жүргенов дегенде... 12+

Бауыржан Иманғалиев. Темірбек Жүргенов дегенде... - adebiportal.kz

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтың есімі бүгінде иісі қазаққа етене таныс. Ол – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті, парызы бүгінгі ұрпаққа жүктелгені айдан анық. Мінеки, осы үдеде студент шағынан ізденіп, әдеби-мұрасын ғылыми айналымға түсіріп, терең талдап, алғаш диссертациялық деңгейде зерттеген Бауыржан Иманғалиев Нарком туралы жазған «Темірбек Жүргенов» атты үшінші кітабын қалың оқырманға ұсынды. Зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бауыржан Сәбитұлы бұл төрт жүз елу беттік кітабында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорларында сақталған Т.Жүргеновтың құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде тауып, араға сексен жыл уақыт салып, оқушыларымен қайта табыстырды. 1937 жылы 26 қыркүйекте «Халық жауы» деп қара күйе жағылып, қапыда атылып кеткен боздақ ұлдың халқына, ұлтына жасаған еңбегін бес тараудан тұратын осы құнды еңбекте жан-жақты аша білген. Біз бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші-ғалым Бауыржан Иманғалиевпен қайраткер-қаламгер Темірбек Жүргенов туралы арнайы жасаған сұхбатымызды ұсынамыз.

- Құрметті Бауыржан Сәбитұлы сіздің негізгі зерттеу нысаныңыз Қазақстандағы білім, мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушысы, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері – Темірбек Қараұлы Жүргеновтың шығармашылық жолы. Әңгімеміздің әлхиссасын қайраткердің өмірінен, ата тегінен бастасақ?

- Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қазіргі Т.Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап) дүниеге келген. Ол кезінде Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі болған, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзі қарақты жан Қара Жүргенұлының бел баласы. Осындай дәулетті, тәрбиелі ортада өскен Темірбек өз кезеңі үшін тиянақты білім, ұлағатты тәрбие алды: дәстүрлі халықтық ортада тәрбиеленді, ұлттық психологияны, сөз бен саз мәдениетін ананың сүтімен, атаның қанымен бойына сіңірді. Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні – Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтың дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді. Екіншіден, Т.Жүргенов – 20-30 жылдардағы үркердей қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Оның ат жалын тартып мінген азаматтық өмірі бірден ұлттық ояну, көтерілу, серпілу және ұлттық-саяси тәуелсіздік жолында күресу кезеңіне тұспа-тұс келді. Т.Жүргенов, Нәзір Төреқұлов, Әліби Жангелдин тәрізді қайраткерлермен бірге иық тіресіп, ең алдымен өзі өкілі болып саналатын қазақ халқының мүддесіне қызмет етті.

- Алаш қайраткері Темірбек Жүргеновтың алғашқы білім алу жолы, ұлтқа жасаған қызыметіне тоқтала кетсеңіз?

- Темірбек Тұрмағамбет ақын ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. Ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. САГУ-де студент болып жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласып, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. Ол Қазақ АССР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, ал 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. Жоғары оқу орындарына арналған «Саяси экономия» және «Құқықтану» пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысады. 1929-1930 жылдары – Тәжікстанның Қаржы комиссары. 1930-1933 жылдары – Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарады. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты. Т.Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына ықпал етті. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының Бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды. Онкүндік кезінде еліміздің өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге атқарған ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

- Әдетте біз Темірбек Жүргеновтың саяси-қоғамдық қызыметтеріне көбірек көңіл аударып, қаламгерлік қарымына назар сала бермейтін сияқтымыз, бұған не айтасыз?

- Пікіріңіз орынды. Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді. Қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтың қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып, мемлекеттік қызметінің тасасында қалып келді. Қазіргі қолдағы мәлімет бойынша Ағарту комиссарының әзірше 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздық жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б.мемлекетшіл тақырыптағы очерктері мен мақалалары бүгінгі ұрпақ үшін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Жүргенов қоғам қайраткері ретіндегі қызметін партиялық функционерліктен емес, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, қаламын қару етіп бастағанын атап айтқан жөн. 20-жылдар басында Т.Жүргенов республикалық «Еңбекшіл қазақ» газетінің буынын бекітіп, бұғанасын қатыру ісіне шығармашылық, ұйымдастырушылық қажырымен атсалысты. 1924 жылы Ташкентке келіп, САГУ-де (Орталық Азия Мемлекеттік университеті) оқып жүріп, әрі Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі қызметін атқарған кезде де Жүргенов қалам майданының қақ ортасынан табылды. Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Т.Жүргеновтың «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі бала жігіттің сөз өнерінде қара жаяу еместігін бірден танытты. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгілерінің бірінен саналады. «Переводчиктің қиялы» қазақ сахнасының майталманы Серке Қожамқұловтың репертуарынан ұзақ жылдар бойы тұрақты орын алып келді.Ал 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының №4 санында жарияланған «Меруерт» әңгімесі XX жылдардағы ұлттық прозамызда өз кезеңіндегі ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптың бірі - әйел теңдігі мәселесіне арналған. Кейіпкерлер тағдырының ұқсастығы, тақырып ортақтығы және кейбір суреттеу тәсілі жағынан «Меруерт» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесімен үндес. Ол сюжетті өмірде жалт еткен бір сәттік оқиғаға, яғни метонимиялық принципке құрады. Бұл жағынан әңгіменің новеллалық сипаты басым.

- Темірбек Жүргеновтың еңбектеріне қарап отырғанда, ол кісінің әдебиет сынына белсене ат салысқанын байқаймыз?

- Қайраткер 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің «Шұға» пьесасының алғашқы қойылымына арналған «Ушуға» рецензиясын («Казахстанская правда», 1934ж., 21 маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет. «Өнер өнер үшін емес, өнер әлеуметтің мұң-мұқтажына, арман тілегіне қызмет көрсетуі тиіс!» - дейтін өзекті ой Темірбек Қараұлының қаламынан қорытылып шыққан «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» («Казахстанская правда», 1934ж.,12 маусым) мақаласында жалғасын тапты. 1928 жылы жазылғанымен, содан бергі уақытта сахналауға рұқсат берілмей келген М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасын алғаш драма театры репертуарына енгізген – Т.Жүргенов. Спектакль 1934 жылы мамырда қойылды. «Хан Кенені» тірілткен Темірбек Қараұлы – өзінің тарихи принцип көзқарасын әдеби мұраны игеру ісіндегі тарихи сабақтастық принципіне ұластырған сыншы. «Казахский перевод» Шахнаме» атты көлемді мақаласы (Казахстанская правда, 1935, 1 сәуір) автордың осы өредегі көзқарасын толық танытты. Фирдаусидің туғанына 1000 жыл толуы қарсаңында оның мәңгі өлмес мұрасы – «Шахнама» дастанын қазақ топырағында бірінші болып аударған Сыр бойының білімдар ақыны Молда Ораз нұсқасын ел ішіндегі бір қарапайым шаруаның қолынан таптырып алдырған Т.Жүргенов дастан жөніндегі алғашқы әрі күні бүгінге дейін біздегі бірден-бір толымды зерттеу болып саналатын көлемді еңбекті жазды. Т.Жүргенов өзінің сыншылық-зерттеушілік еңбегінде жекелеген шығармаларға ғана көңіл бөліп қоймай, әдебиетіміздің зәру мәселелері бойынша перспективалық бағыттарды белгілеп, әдебиет тарихындағы кесек дәуірлерге баға беріп отырған. 1925 жылы Ташкентте қызметте жүріп тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан «Терме» деген жинақ құрастырды. Оған Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов т.б. авторлардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәліметтер берген. Темірбек Қараұлының «Жерұйық» атты мақаласында («Қазақ әдебиеті», 1936 ж. 10 шілде) Асан қайғы, оның идеясына алғашқылардың бірі болып толымды баға бергенін атап айтқан жөн. Асан қайғы жөнінде зерттеу жұмыстары 1930 жылға дейін тоқтап қалған еді. Жүргенов мақаласы тоқырап қалған сол іске жаңадан серпін берді. Автор халық аңызы жасаған Асан Қайғы бейнесі белгілі бір дәрежеде тарихи Асанның кейпі, ол XIV ғасырда қазақ халқының жазба тарихы жасала бастаған дәуірде өмір сүрген деген ой айтты. Кейінгі зерттеулер оның бұл пікірінің дұрыс екендігін көрсетті. Темірбек Жүргенов – 30-жылдары А.Пушкин шығармашылығына да баға берушілердің бірі. Орыс ақынының дүниеден өткеніне 100 жыл толуы қарсаңында жарияланған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген көлемді мақаласында Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аудару дәстүріне тоқталған. Осы орайда, оның Абай үлгісіне берген бағасы биік. Сыншы орыс ақыны мен қазақ ақынының ақындық қуаты мен поэзия өрнегіндегі ұқсастықты нақты мысалдармен көрсетеді.

- Темірбек Жүргенов өз заманында күйіп тұрған тақырыптардың бір парасы болған қазақ тілінің тағдыры, қазақ әдеби тілінің тарихы, аударма һәм терминология мәселесі төңірегінде де өткір, ұтымды ойлар айтқан тұлғалардың бірі. Осы тұрғыдан келгенде қайраткердің жан-дүниесі ғылымға, зерттеушілікке жаратылғандай әсер береді?

- Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық басшылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды. «Тілді де тісті, жігерлі де, іскер адам» - деп Ғ.Мүсірепов баға берген Темірбек Қараұлының жан-дүниесі ғалым, зерттеушіге бейім еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейімдіктің соңына біржола түсуге заманы, уақыты мұрша бермесе де, ол ғұмырының ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағыныш-көрігін баса алмай өмірден өтті.

- Темірбек Жүргенов ұлтқа қажетті қызыметтің барлық саласында аянбай тер төккен әмбебап тұлға екенін айтып жатырмыз. Сол қатарда қазақ өнерінің болашағы үшін жасаған еңбегі бір төбе. Ендігі әңгіменің басын осылай бұрсақ?

- Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі өнер майталманы Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз»,- дейді, ал академик А.Жұбанов: «Жүргеновтың кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік»,- деп, өнер басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жүргенов – тілді де тісті, жігерлі де іскер адам», – деп, талантына ерекше ден қойып, ыстық ілтипатпен еске алады. «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз»- деген еді Әбіш Кекілбаев.

- Бұл күнде еліміздің жастары білім алып түлеп ұшып жатқан көптеген жоғарғы оқу орындары мен институттардың негізін осы Темірбек Жүргенов қалағанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейтін сияқты?

- Әрине, Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 400 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі. Т.Жүргенов дегенде тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған. Тарихи антология жағынан бұл мысал өркениеті мен мәдениеті теңескен батыс елдердегі қоғам қызметін қалам қызметімен қатар алып жүрген М.Робеспьер, Е.Дашкова, Ф.Раскольников тәрізді қайраткер-қаламгерлер үлгісімен теңеседі.

- Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқытуы да ел есінде қалған тарихи оқиға болған деседі?

- Нарком Жүргеновтың қызмет еткен тұсында республиканың барлық өңірлерінде драмалық, музыкалық ұжымдар ашылып, қазақтың ел арасында жүрген әнші, күйші, бишілері бір шаңырақтың астына жинала бастады. Халық жыраулары мен жыршылар, термешілер мен барша өнерпаздар бас қосып, енді сала-сала бойынша профессио­налды өнер ордаларына айнала бастады. Темірбек Жүргенов солардың бәрінде де тек ұйымдастырушы болып қана қоймай, олардың жұмысына өзі тікелей араласып, театрлар мен бишілер тобының өнерлерін түн жарымы ауғанша көріп, пікір айтып, жаңа өнер, таза өнер қандай болуы керектігін елден келген өнер иелеріне айтудан, үйретуден жалықпаған. Ол бәріне де уақыт таба білген. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқуды ұйымдастырған да Жүргенов екенін тарихтан білеміз. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбановтың естелігінен мына бір жолдарды келтіре кеткен дұрыс. «...Темірбек Халық ағарту комиссары болып, өнер майданының «командованиесін» өз қолына алғаннан кейін бұрынғы тыныштық, «бейбіт» заман келмеске кетті. Өнер майданы қыза, бұрқырай жөнелді. Отыз үшінші жылдың күзінде М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқылады екен деген хабарды есітіп мен де үкімет үйіне келдім... Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты... Пьеса тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек:

- Мұхтар! Осы «Басыбар» демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған «Көтібар» атын өзіне қайтарсақ қайтеді. Қаншама мәде­ниетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен басы болса адам­ның басқа да жақтары болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысы­лып-қымтырылмаған көрінеді ғой»,- деді. Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты сол арада қабылдап, Көтібар өз атымен қалды.

- Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов «Халық жауы» атанып атылып кеткеннен кейін, оның жары Дәмеш Әмірханқызы да ұзақ уақыт қуғын-сүргінді көп көрді. Кедергілер мен қиындықтарға қарамастан жарын ақтауға ат салысты. Темірбектей терең тұлғаны бүгінде қалай танып, біліп жүрміз?

- 1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүргеновті де өзінің шеңгеліне іле кетті. Оған «халық жауы, ұлтшыл, Кеңеске қарсы терроршы-көтерілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене араласқан» деген сияқты бірнеше айыптар тағып, кейін сот оны ату жазасына кесті. Үкім 1938 жылы 25 ақпанда Алматының іргесіндегі Қандысай деген жерде орындалған. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да еді. Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған қарындасы, қайраткердің зайыбы – Дәмеш Ермекова күйеуі атылғасын «халық жауының әйелі» деп оны 8 жылға бас бостандығынан айырып, «Алжир» лагеріне қамайды. Бас-аяғы 20 жылға жуық уақыт қуғыншылық көріп, ол Алматыға тек 1957 жылы ғана оралды. Дәмеш Әмірханқызы кейін айнымас адал жарын жазықсыз жаладан ақтап алу жолында ғалым Мардан Байділдаевпен бірге талай есікті тоздырып жүріп көптеген іс-шаралар, кездесулер өткізеді, естелік мақалалар жазалы. Осы кісілер мен Жүргеновке жанашыр азаматтардың ықпал етуінің арқасында Алматыдағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына Темірбек Жүргеновтің есімі берілді, сондай ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе облыстарының бірқатар мектептері мен көшелеріне қайраткердің есімі беріліп, ескерткіштер орнатылды. Ағарту комиссарының өміріне арналған деректі фильмдер мен 1 пьеса жарық көрді. Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, атап айтқанда артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, жоғары бағасын ала бастады. Себебі, асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.

- Салихалы әңгімеңізге рақмет. Жүргеновтану жолындағы еңбегіңіз жемісті бола берсін!

Көрнекі суреттер еркін ақпарат көзінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар