Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Бір шығарманың сыры...

09.02.2023 1690

Бір шығарманың сыры 14+

Бір шығарманың сыры - adebiportal.kz

Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы «Бір ел – бір кітап»  республикалық акциясы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Төлен Әбдіктің шығармалары бойынша «Бір шығарманың сыры» атты оқырман конференциясын ұйымдастырды. Дөңгелек үстел басына жиналғандар қазақтың көрнекті қаламгері Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасының идеясын өзара талдап, талқыға салды. Дөңгелек үстелдің тізгінін белгілі ақын, алаштанушы Ықылас Ожай ұстады. «Әдебиет порталы» конференцияға қатысушылардың оралымды ой-толғамдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. Мархабат!

Конференцияға қатысқан  қатысушылар тізімі: ақын, журналист, Ықылас Ожайұлы,  жазушы, кинодраматург Нұрғалым Ұларбек,  жазушы Жадыра Шамұратова, ф.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Болат Қорғанбек, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілік, тарихшы ғалым, тарих мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор Еңсенов Қанат Алексейұлы, түркітанушы, phd доктор Бегімтай Шыңғыс, филология ғылымдарының магистрі, кітапхана оқырманы Қалмырзаева Құралай Әмзеқызы.

Ықылас Ожайұлы, модератор: 

- Шығармадағы негізгі мәселе Алманың басындағы психопотологиялық ахуал екені даусыз. Оған автордың өзі тек мәселесін қозғай отырып, жанама түрде «Алманың арғы ата-бабасының бірі өз-өзіне қол жұмсағысы келген шығар. Сол кесел қайтадан қалқып шығып, ұрпағының бойынан көрініс берді ме екен?», - деп жауап береді.  Осыған сіздер не дейсіздер? Мұның астары, символикалық мәні бар ма? 

Болат Қорғанбек әдебиеттанушы, ғалым

- Кеңес дәуірінде жазылған шығармаларды осы күні талдағанда бір нәрсені есепке алуымыз тиіс. Ол замандағы цензуралық бақылаудың, тоталитарлық жүйенің соншалықты күштілігі өз алдына. Оның ар жағындағы адам тағдырын күйретерліктей қауіп-қатер зор болды. Сол дәуірде шындықты бұлтартпай, қаз қалпында жаза білу үлкен бір ерлікке пара-пар дүние еді. Эстетикалық қондырғыдағы әдебиеттің көркем бағыттағы ең бір ұшар шыңы – реализм. Алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиеті реализмнің жан-жақты жетістіктерін көрсете алды. Төлен Әбдік шығармаларын оқып отырған оқырман эстетикалық ләззат алғаннан бөлек, автордың өзімен бәсекеге түсіп отырады. Жазушының образ арқылы жеткізіп, ашып айтпай кеткен нәрсесін қапысыз түсіне білген оқырман ғана интеллектуалдық деңгейде ойлана алмақ. 

Айжан Құдайбергенқызы, филология ғылымдарының магистрі

- Қазақ әдебиетіндегі дархан жазушы М. Әуезов «Заман шарты» деген мақаласында: «біз адамның сыртқы ісін көп баяндап, оның ішкі дүниесіне аз үңілеміз, образды даралау, характер дәрежесіне жеткізу үшін психологиялық  талдауға  көңілді аса  бөлген  жөн», - деп өткен екен. «Оң   қол»  әңгімесіндегі  кәмелет жастан енді асқан қыздың арғы аталарының бірінде өзін-өзі өлтіру жайлы суық ой болған. Бірақ ол ой шын мәнінде жүзеге аспай, генетикалық ақпарат арқылы біршама жылдар шамасында  қыздың жадында жаңғырған. Әңгіменің ақыры қыздың қолы арқылы өзіне өзі қастандық жасауымен аяқталады. Осы жерде қыздың өзіне қолы арқылы қастандық жасауында жазушы бір астарлы ой тастап тұрған тәрізді. Неге десеңіз, барлық әрекеттің бастауы ой, ал сол ойды жүзеге асыратын қол емес пе? Ақыры Алманың санасындағы зұлым ой өз дегеніне жетіп тынды емес пе?!

«Оң қолдағы» түпкі идея – адамның ішкі ой әлеміндегі жауапкершілігі. Өмірде ештеңе із-түссіз жоғалып кетпейді. Адамның физиологиялық ерекшеліктері, түрі, мінезі өзінің ұрпағына қалады. Әкесін көрмеген балалардың мінез-құлқы, сөйлеген сөзі әкесінен айнымай қалып жатады. Адамның өзін өзі жақсылыққа рухани тазалыққа  ұмтылып отыруы – ұрпақтарының ізгі болуына мол ықпал етеді. Ғылымды генетикалық жад (память) деген ұғым бар. Жаңа туған жәндік өмір сүру үшін не керек екенін үйретпей-ақ біледі.  Көбелектің он жыл өмір сүрмейтіні белгілі. Әр ұрпақ өзінің мерзімдік ғұмыры біткенге дейін белгіленген маршрутпен ұшып отырады да, тіршілік мерзімі бітер кезде сол жерге өздерінің тұқым-құртын қалдырады. Келесі жылы одан пайда болған жаңа көбелектер қалыптасқан маршруттан жаңылмай әрі қарай ұша береді. Өйткені, генетикалық жад арқылы не істеу керек екендігін жақсы біледі. Мұны ғылымда инстинг дейді.

Адам бойында генетикалық жадтың бар екені белгілі. Сенің ішкі әлеміңдегі жақсылық та, жаманшылық та ұрпағыңа қалуы әбден мүмкін.  Әңгімедегі Алма да осындай жағдайдың құрбаны. Егер әрқайсымыз келер ұрпақ үшін жасаған түрлі іс-әрекеттерімізді  ойлап, қам жейтұғын болсақ біз өмір сүріп жатқан қоғам руханияты соншалықты өрлей түспек. Әңгіменің   негізгі идеясы  осы. Жақсылық атаулымен қатар жүретін жаман іс-әрекеттер, зұлымдықтың, қастандықтың негізгі бастамасы, түп-тамыры «ой» болса, ал соны шын мәнінде жүзеге асыратын «қолда» жатыр. Міне, бұл автордың айтпақ болған идеясы.

Жадыра Шамұратова, жазушы

- Логикалық тұрғыда жақсы пайым жасай алатын Қанарбаева Бақытқамал апайымыз «Оң қол» шығармасын символдық, мистикалық, мифтік қырынан  талдағанын оқып едім. Сол зерттеу туралы қысқаша айтып өтейін: «Символдық тұсы, оқиға кейіпкері Алманың жасы бар-жоғы он жетіде екені. Автор мұны бекер алып отырған жоқ дейді. Қазақтың бүкіл қасіреті 1917 жылдан басталғанын айтады. Ал оның өз-өзін қылғындырғысы келгенін сол тұстағы билікпен байланыстырады. Ал, енді оқырман ретіндегі өз ойыммен бөлісейін. Кез келген қаламгер қандай да бір идеяны өзіне темірқазық етіп алады. Кейде, «Оң қол» шығармасының идеясы басқа ма деп ойлап қаламын. Мысалы, Виктор Гюгоның «Собор Парижский богоматери» шығармасының алғашқы қырық бетіне дейін оқып отырып зерігіп кетесің. Нәпсі ісіне келгенде шіркеу пірадарының ішкі тұғыры берік емесіне көз жеткізесің. Кейін барып ғана автордың айтқысы келгені мүлде бұл емесін, ол ескерткішті сақтап қалу мәселесін көтеріп отырғанын түсінесің. Өйткені сол тұстағы француз қоғамы Құдай ана ескерткішін «ескі таным» деп қиратпақ болған-ды. 

Осы тұрғыдан келгенде Төлен аға Әбдіктің «Оң қол» шығармасы арқылы айтқысы келгені мына дүние болуы керек деп болжаймын. Адамның бойында үрей, қорқыныш деген нәрселер бар. Төлен аға осы үрейдің ең қауіпті қару екенін айтқысы келген шығар. Бұл үрей – қоғамның патологиясы. Кеңес үкіметі қол астындағы елдерді жетпіс жыл бойы үрей мен қорқынышта ұстап келді. Неміс қаламгері Герман Гессенің «Демиан» атты романында да әр түрлі ситуацияларға байланысты бас кейіпкердің ішкі дүниесі өзгеріп отырады. Адам әртүрлі жағдайға бейімделіп, әр алуан бола алуы, тіптен жыртқыштан да өткен жауыз жаратылыс болуы ықтимал. Адами-зат өзін сақтап қалуы үшін дін мен мораль заңдылықтарын ойлап тапты. Үрей қорқынышты кім туғызды? Әрине, билік. Ал, билікті жасайтын адамдардың өзі. Зигмунд Фрейд үрей мен қорқынышты рационалдық, иррационалдық деп екіге бөліп қарастырады.  Автор Алманы өлтіреді. Дәрігер оны емдеген күннің өзінде Алманың бойында қасіретті дерттің табы бірден жоғалмайды екен. Күштінің әлсізге зорлық қылуы – тұтас адамзаттың қасіреті. Әдебиеттің мұраты адам бойындағы ізгілікті ояту. 

Қазиева Нәсіпкүл, мұғалім

- Мен «Оң қол» шығармасын ең алғаш орыс тілінен оқыдым. Алғашқы әсерімді әлі ұмытпаймын. Өте қорқынышты болды. Адам қай шығарманы болсын, жасына қарап қорытады, қабылдайды. Жақында «Оң қол» шығармасын талқылау өтеді, келіңіз» деп кітапхана қыздары хабарласқаннан кейін, Төлен ағамыздың осы туындысын қайта бір қарадым. Қазір ойланып қарасам, бұл шығарманың идеясы бүгінгі күннің өзекті тақырыбы секілді. Өйткені, мен біраз уақыт шет елде  қызмет еттім. Еуропа мемлекеттерінде «Биполяр» деген ауру бар-ды. Адам болмысындағы екі полюс. Қазір күліп отырса, демде жылай салады. Былайша айтқанда, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы. тез құбылуы. Төлен ағамыз бұл тақырыпқа бекер бармайды ғой. Мүмкін, дәл осы хәлді кешкен шығар. Жазушы журналистерге берген сұхбатында «Оң қол» шығармасын бір күнде жазбағанын айтыпты. Біраз жылдар бойы зерттеп, медициналық кітаптарды оқыған екен. Қаламгердің бұл тақырыпты қаузау барысында айтқысы келген негізгі ойы адам жанының тазалығы. Иә, сақтандыру. Адам қандай да бір қылмыс жасап, қиянат қылар болса оның зардабын өзі тартпаса да, ұрпағы тартады. Алманың оң қолы өзін қылқындыруға неге әрекет етіп жатыр? Себебі, арғы ата-бабаларының біреуі өзін қылғындырмақ болған. Адамның жаны – Алланың берген сыйы. Кез келген қылмыс ең алдымен адамның санасында жасалады. Сосын барып іске асады. Кешегі «Қаңтар оқиғасын» алайық. Қаралы қаңтар оқиғасы бір күнде бола қойған жоқ. Шынтуайтына келгенде, бұл да қос тұлғалығымыздың нәтижесі. «Ой керемет дамып жатырмыз, дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз» - деп сеніп келдік те, бір күнде бұрқ етіп «Қаңтар оқиғасы» орын алды. 

Омарова Мәншүк, кітапхана оқырманы


 - Биыл Төлен ағамыз сексенге толды. Соңғы уақытта шығармаларын қайта бір оқып шықтым. Қоршаған ортаның талабы бойынша күндіз басқа әрекет жасап, кешке өз-өзімізге есеп береміз ғой. Менің ойымша, өмірден баз кешіп, психологиялық соққы алған жастар Төлен ағамыздың шығармасын оқи отырып, «Жоқ, менен де басқа қиындықтарға тап болған адамдар бар екен ғой!» - деп, өмірден өз орнын табуы ғажап емес. 

Бегімтай Шыңғыс, түркітанушы ғалым, Phd докторы

- Қазіргі ғалымдар да: «Жаман сөз айтып, жаман қылық істесеңіз, адам геніне  теріс әсер ететінін» дәлелдеп жатыр ғой. Ол әрекетіңіз кейінгі ұрпағыңыздың бойынан көрініс табады екен. Әрі зардабы қатты болуы да мүмкін. Енді осы шығарманы жазар алдын Төлен ағамыз медицина ғылымын зерттегені көрініп тұр. 

Ұларбек Нұрғалым, жазушы, кинодраматург

- Төлен аға Әбдіктің шығармаларын өз студенттеріме көп оқытамын. «Оң қол» шығармасының тақырыбында да көп нәрсе тұр. Неге оң қол? Ғылыми жағын ғана жазған шығарма болса, ол көркем әдебиет болмас та еді. Тақырыптың өзінде үлкен философия бар. Адамның өз ішіндегі қалаған дүниесі мен істеп жүрген әрекетінің арасында үлкен кереғарлық болуы ықтимал. Мысалы, ол жан-дүние әлдебір әділетті, ізгілікті қалайтын шығар? Бірақ, оның жасайтын ісі оған кереғар болатын шығар. Өз-өзімен мәмілеге келе алмайды. Оның ғылыми негізі де жоқ емес. Жалпы, осы кереғарлық адамның бүкіл биологиясына әсер етеді. Көп нәрсе ой-санадан басталады. Автор сол ойдың тереңдігін ғылыммен ұштастырған. Шынымен де, бізді оң қолымыз қылқындыра ма?! «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейтін мәтелдегідей адамның ішкі намысы осы қылмысқа апаратын шығар? Ал, енді ол намыстан өліп кететіндей көп құндылығымыздан ауытқып кеттік деп ойлаймын. Қазақ оң қолды дұрыстыққа балайды. Сол «дұрыс» деп таныған нәрсеңіз сізді қылғындырса не болмақ? 

Қалмырзаева Құралай, кітапхана оқырманы 

- Бұл шығарманы студенттік жылдары оқығанымызда «Жазушы есінен алжасқан ба?» - деп ойлайтынбыз. Ал қазіргі таңда бұл үлкен проблема екенін түсіндік. Қазіргі әлеумет адамы ойланып отырып-ақ депрессияға түсіп кететін жағдайға жетті. Ұларбек ағамыз дұрыс ой айтты. Мен де жазушы негізгі кейіпкер ретінде әйел адамды таңдауын дұрыс па деген ойға келдім. Себебі, авторы әйел адам болса бұл тақырыпты көтеруі қиынырақ соғар еді. Негізі, соңғы кездері жастарға психосоматикалық еңбектерді оқыта бергеннен гөрі, осындай туындыларды оқытуымыз ләзім. Шынтуайтына келгенде, қазіргі халық әдебиетті көп оқымайды. Бұған жалғыз себеп күнелтіс қамы. 

Амангелді Кеңшілік, әдебиет сыншысы

- Ақырындап қорытындылайық, иә? Мен бір нәрсені айта кеткім келіп отыр. Ғылымда рецептивті эстетика деген дүние бар. Рецептивті эстетиканың анықтамасында былай делінген: «Мәтін – біздің жазған нүктелерімізден тұрмайды. Мәтін мен мәтіннің арасындағы кеңістіктен тұрады. Мәтін мен мәтіннің арасында жазушының айтқысы келген терең ойлары жатады». 

Кешегі кеңес дәуірінде жазушы осындай ойды айтқысы келді деп түсіндіріп келдік. Қазір ол теорияның дұрыс емесіне көз жеткіздік. Шығарманы оқыған кез келген адам өзіне жақын дүниені ғана көреді.  Шығарманың ерекшелігі де сонда. Ал, автор шығарманы жазарда жәй ғана бір адамның тағдырын суреттеуі мүмкін. Біз оны оқу барысында түрлі ойға келеміз. Менің «Жас Алаш» газетіне «Мағынасыздықтан мән іздеу» атты мақалам жарияланды. Сонда шығарманы діни, тарихи, фрейдизм тұрғысынан талдауға болатынын жаздым. Төлен ағамыздың осы «Оң қол» шығармасы да көп қырлы. Сондықтан шығармада бір ғана шындық бар деп кесіп-пішіп айту қателік. Төлен ағамның қай шығармасын алсақ та, үлкен суреткер ретінде жалғыз ғана нәрсені айтқысы келеді. Ол жаныңды кірлетіп алмау мәселесі. Жаныңды кірлетіп алсаң, қандай жағдайға душар боларыңды ескертеді. Яғни, адами құндылықтарды қаузайды. Ал, осы құндылықтар жойылған кезде біз ұлт ретінде де жойыламыз деп есептеймін. Тереңдік дегеніңіздің өзі – жанның тазалығы. Шығарманың негізгі идеясы да тек мәселесі ғой.  

Ықылас Ожайұлы, модератор: 

- Шығармада Алма мен дәрігердің арасында жылы қатынас орнап, екеуінің сытылып сыртқа шығып, киноға баратын эпизоды бар. Екеуі кино көреді. Сол эпизодта Алма: «Кинода неліктен сұлу әйелдер ойнайды?» - деп сұрақ қояды. Менің айтқым келіп отырғаны, ең үлкен сұлулық «интеллектуалдық әлпет» болуы тиіс. Соның мезеті келді. Дидар Амантайдың: «Қатыгездіктің көбеюі, адамзат қанының көп төгілуі «Ұлы романдарды оқымағанымыздан, ұлы персонаждарды түсінбегенімізден ғой» - дейтін сөзі қатты ұнайды. Сондықтан, кітап оқиық. 

Тыңдағандарыңызға көп рақмет! Амандықта жүздескенше.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар