Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Адамның ішіндегі «құмсағат»...

19.04.2019 7091

Біржан Ахмер. Адамның ішіндегі «құмсағат»

Біржан Ахмер. Адамның ішіндегі «құмсағат» - adebiportal.kz

(Әдебиеттегі уақыт ұғымы туралы)

XX ғасырдың орта шенінде адамзаттың ақыл-ойы, мінез-құлқы, дүниетанымы күрт өзгеріске ұшырады. Олай дейтініміз – Екінші Дүниежүзілік соғыстан әбден зәрезап болған адам баласы қан мен терді ұмытып, бір сәтке өзін еркін сезінгісі келді. Сөйтіп, ішкі еркінсіну процесі басталды. Бұл тек адамзат тарихында ғана емес, мәдениет пен әдебиет, ғылым мен өнерде де өркенін жайды. Халық қасаң қағидаға толы дәстүрлі, классикалық шығармаларды қабылдамай, керісінше астары жоқ, мәнсіз, кейде тіпті ақылға оғаштау романдарды оқи бастады. Сол замандағы адам болмысының айнасына айналған постмодерндік ағымның пайда болуы, дамуы һәм жетілуі – уақыт талабы еді. Ғасыр жаңалығы деп бағаланған бұл ағыммен бірге біздің «уақытқа» деген көзқарасымыз да өзгерді.

Әдеби шығармаларда уақытқа культ ретінде қарау да, оған таңғалу да, тамсану да, кейде онымен сырласу да бар. Бұл үрдіс, әсіресе, ақындардың өлеңдерінде жиі байқалып жатады. Ал жазушылар қауымы «уақыт» моделін қызықты шығарма тудырудың басты құралы ретінде пайдаланады. Осыдан уақыттың жай ғана болмыс емес, оның өзіндік тынысы, образы, бағасы бар екенін байқау қиын емес. Ескерте кететін жайт, әлемдегі кез келген құбылыс классикалық физиканың заңдылығына бағынуға міндетті емес және оның алғышарттары да жоқ. Осы күнге дейін уақыттың біз білмейтін небір жұмбақ қырларын кванттық физика және т.б. жаңа ғылымдар ашып келеді. Аша да бермек. Сондықтан оған бір жақты қарау – қиянат жасағанмен тең.

Қаламгер үшін уақытты тиімді пайдалану – аса қажетті игіліктердің бірі. Көлемді шығарма жазуға оқталған жазушы белгілі бір мерзімді ойша шолып, сол арада шығарманың құрылысын, негізгі сюжетін қалыптастырады. Шығарманың «ішкі әлеміне» бойлау үшін және қолға қалам алып оны жазу үшін де біршама уақыт кететіні түсінікті. Автор шығарма кейіпкерлерін өмірлік тәжірибесі арқылы жасайды. Әр кейіпкер – автордың бір бөлшегі. Оның образын ашу үшін жазушы сол заманның маңызды оқиғаларын, нысанаға алған мекеннің бүтін болмысын білу керек. Яғни, автор дәуірлер арасында емін-еркін саяхаттай білуі қажет. Сондай-ақ, қаламгер қиялында қалыптасып жатқан кейіпкерлердің өмірін, мінез-машығын ашуда өзі көріп-білмеген сәттермен де суреттеуі мүмкін. Бұл – көркем шығарманы неғұрлым тартымды әрі қызықты қылу үшін жасалатын әдіс.

Кейбір лирикалық шығармаларда сюжет те, біз сөз етіп отырған уақыт та болмайды. Оның басы да, аяғы да жоқ. Бұл тәсіл көбінесе Еуропа және Латын Америкада белең алған ақ өлеңдерде, эссеге ұқсас қысқа әңгімелерде кездесіп жатады. Онда өткеннің, бүгіннің немесе болашақтың маңызы жоқ, тек автордың ішкі ойы ғана бар. Бұған У.Шекспир, И.Бродский, т.б. ақындардың өлеңдерін жатқызуға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Махмуд Доулатабади. Айна

***

Әр адам – бір уақыт. Яғни, кез келген пенденің өмірге келер сәті, келген сәті, өмір сүруі және қайтуы бар. Бұл – мыңжылдыққа созылған ғалам заңдылығы. Асылы, біз поэзиялық туындыларды оқи отырып, мезгілдің жұмбағын шешуге мейлінше жақындай түсетін секілдіміз. Мәселен, ақын Т.Әбдікәкімұлы: «Қақпақылдап тынымсыз жел уақыт, / Қаңбақ-күндер келмеске домалаған», – деп уақытты жырға қосқан. Ақынның «қаңбақ-күндері» – бір-бірлеп шексіздікке сіңген адам өмірінің айнасы. Осындай жоғары философиялық тұжырымның нәтижесінде ақын адамды ғана емес, әлемдік трансформация, метафизикалық ғаламаттарды айшықтап тұрғандай. Жалпы, Т.Әбдікәкімұлы поэзиясында бұл тақырып жиі қозғалады.

Әр адам өзіне белгіленген уақытпен кеңістікке із қалдырады. Сондықтан уақыттың қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін бір сәт адам өзіне, айналасына, ғаламдық процестерге үңілген абзал. Ақын С.Ақсұңқарұлы: «Күнді айналу – Мұңды ойлану, / Көз жастағы көліңменен», – деп уақытқа жаңа реңк береді. Уақытты «сораптап ішкен» кеңістіктің, Күн мен Жердің, ғарыш кереметтерінің бәрі де бір-ақ нәрсеге тәуелді. Ол – Құдірет басқарып тұрған мігірсіз, мүлтіксіз жүйе.

Уақыттың қадіріне жету қиын. Біз әр сәтті жүйелі, жоспарлы түрде пайдалануға бейім болсақ та, бәрібір белгілі бір оқиғалардың ығына жығылып кетеміз. Сөйтіп, жоспарымыз өзгереді. Атар таңды, келер сәтті, бұлыңғыр болашақты болжау адам қолынан келе ме?.. Шынында да, осы «Бізде қанша уақыт бар...?» (Б.Қарағызұлы).

***

Р.Отарбаевтың «Ыссық көл» (Ыстық көл) әңгімесі алдияр оқырманға таныс болар. Сол туындыда өткен мезгілдердің бірінен кейін бірі ауысуы шебер суреттелген. Әңгіменің басындағы елес образы, одан кейін «мәңгіліктің тұңғиығынан көрінген» Манас, көл жағасына ордасын тіккен Абылай, қастандық пен қасиетсіздіктен ғазиз басы құрбан болған Кенесары, жағада тұрып жарлы қазақтың жай-күйіне алаңдаған Әуезов бейнелері шығарманың көркемдік-эстетикалық құндылығын арттырып тұр. Дәуірлер арасында саяхат жасау, оларға тарихи баға беру – Р.Отарбаевтың суреткерлік шеберлігінің айғағы. Қаламгердің ойы да, астарлы идеясы да осы «уақытпен», тарихтың ақтаңдақ беттерімен сабақтасып тұрғандай.

***

Шетел әдебиетінде уақыт және өмір туралы жазылған шығармалар баршылық. Әр роман өзінің тың идеясымен, өзгеше сюжетімен қызықты. Мұндай шығармалар көбінесе фэнтези жанрында жазылған. Мысалы, америкалық қаламгер А.Азимовтың «Мәңгіліктің соңы» атты фантастикалық романында кейіпкерлер кез келген уақытқа саяхат жасайды және уақытты басқару үшін олар «Мәңгілік» құралын ойлап тауып, бүгіннен өткенге, тіпті болашаққа да сапар шегеді. Бірақ әр нәрсенің шегі, ақыры бар. Техникалық эволюцияның қуаты адамның мәңгі өмір сүруіне мүмкіндік бере алмайды. Автордың айтар ойы – бастауы бар нәрсенің соңы да бар дегенге саяды. Осы сарындас тағы бір фантастикалық оқиғаны неміс жазушысы К.Гирдің «Меруерт кітап» романынан оқи аласыз.

Уақыт. Түс. Кеңістік. Үшеуі де біз толық тани алмайтын тылсым құбылыстар. Әлемде бұдан бөлек ғажайыптар көп. Дегенмен, осы құбылыстармен біз күнделікті тіршілікте ұшырасамыз және сонымен өмір сүреміз. Қазіргі әдем әдебиетінің ірі өкілі, француз жазушысы Б.Вербердің «Алтыншы түс» әңгімесі шебер әрі тартымды жазылған. Жиырма сегіз жастағы Жак Кляйн түсінде өзіне бет-бейнесі ұқсайтын қырық сегіз жастағы бір адаммен аяқ-асты кездесіп қалады. «Кімсің?» деген сұрағына әлгі адам: «Жак Кляйнмын» деп жауап қайтарады. Біраз уақыт диалогтан кейін бұл адам – қырық сегіз жасындағы болашақ өзі екенін түсінеді. Өз бейнесімен бетпе-бет кезіккен Жак оған сан түрлі сауалдар қояды. Романның басты шиеленісі осы тұста анық көрінеді. Расымен де, адам өзінің болашақ болмысымен жолықса, не істеуі мүмкін? Қандай сұрақтар қояр еді? Міне, жазушылық өнердің азабы мен рахаты – осында, кейіпкердің тағдырын «қолмен» жасауда болса керек.

***

Уақыт – адам өмірінің маңызды бөлшектерінің бірі. Уақыт тоқтамайды және оны тоқтатуға ешкімнің қауқары жоқ. Бұл ғұмырда дамылсыз жүріп бара жатқан сағат тілінің тықылынан асқан ащы дауыс жоқ...

Біз – уақыттың, уақыт – біздің ішімізде.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар