Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Алашорда және ұлт баспасөзі...

14.03.2019 11489

Біржан Ахмер. Алашорда және ұлт баспасөзі

Біржан Ахмер. Алашорда және ұлт баспасөзі - adebiportal.kz

Тарихтың ақтаңдақ беттері талай сырды бүгіп жатыр. Әсіресе, өткен ғасырдағы елеулі оқиғаларды әлі күнге дейін толық қарастырған жоқпыз. Дәйекті деректердің аздығынан емес, сол деректерге қолжетімсіздіктен туған осы кедергінің жойылар тұсы жақындағандай. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында архив ісін жетілдіру, мұрағаттағы маңызды материалдарды жарыққа шығару, әрі оларды цифрлық жүйеге көшіру айтылған еді. Осыған байланысты «Архив-2025» бағдарламасын әзірлеу де тапсырылды. Бағдарламаның негізінде Алашорда дәуірі жаңа серпіліспен жан-жақты зерттеледі деген сенім бар. Әсіресе, сол замандағы ұлт басылымдары, арыстардың хаттары, деректі мақалалар өткеннің еншісінде емес, бүгінгі жас ұрпақтың санасында менмұндалап тұруы тиіс. Енді осыған тереңірек тоқталсақ.

XX ғасырдың басында қазақ баспасөзі қалыптасып, ұлт зиялыларының үні газет-журналдар арқылы халыққа тарап отырды. Осындай басылымдардың ішінде «Қазақ» газетінің орны бөлек. Себебі азаттық пен теңдіктің ақ дидарын аңсаған «Алаш» партиясының ақтаңгерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаевтар осы газеттің негізгі әрі белді өкілдері еді.

1917 жылы 21-28 шілдеде Орынбор қаласында өткізілген Жалпықазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылды. Араға уақыт салып, осы жылдың 5-13 желтоқсанда аталған қалада екінші Жалпықазақ-қырғыз съезі өтті. 82 өкіл қатысқан бұл құрылтайдың күн тәртібіндегі он мәселенің ішіндегі ең маңыздылары – ұлттық автономия құру, милиция жасақтау, Ұлт кеңесін ұйымдастыру болатын. Бұл мәселелер бойынша қоғам қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, Ж.Досмұхамедов баяндама жасап, съезд қаулысында: «Ұлттық жер автономия болсын, қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын, Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын, Алашорданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы», – делінеді ( «Сарыарқа», 1918 жыл, 25 қаңтар). Құрылтай соңында Алашорданың төрағасы болып саяси қайраткер, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов сайланды. Бұл жайында Әлімхан Ермеков былайша баяндайды: «Желтоқсанның 12 күні, түс ауа сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қонысы қонып шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды!».

«Қазақ» газеті

Сол кездегі саяси жағдайға байланысты және Түркістан губернияларындағы қазақтардың Алашордаға қосылуын күтіп, Ұлт кеңесі Алаш автономиясын ресми түрде жариялауды бір айға кейін шегерді. Осы жөнінде «Қазақ» газеті: «Түркістан қазақтарын Алаш автономиясына қосу жайы жөнінде сөйлеуге Алашорда тарапынан жіберілуге тағайындалған Б.Құлманов, М.Дулатов, Т.Құнанбаев, Түркістан шаһарында болатын Сырдария қазақтарының областной съезіне баруға 30 декабрьде жүріп кетті», – деп жазды (31 желтоқсан № 257).

Алашорда автономиясын жарияламас бұрын Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт қайраткерлері ең әуелі Ресей мемлекетінің жалпы құрылтайында Алашорда Ұлт кеңесін үкімет ретінде ресми түрде танытпақ болады. Бірақ зор үміт артқан Бүкілресейлік құрылтайды 1918 жылдың 5 қаңтарында Ленин бастаған большевиктер бір ауыз сөзге келместен мылтық атып, найза кезеп, күштеп, таратып жіберді. 18 қаңтарда Орынборды большевиктер басып алып, ақыры автономия өзінің дербестігін уақытында ала алмай қалады. Бұл жағдайды А.Байтұрсынов 1919 жылы жариялаған «Қазақтар және революция» мақаласында былай негіздеді: «Қазақтарға Февраль революциясы қаншалықты түсінікті болса, Октябрь социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді... Россияның орталық аудандарында большевиктер қозғалысының қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлық өкімет билігімен қатар жүргізілді. Егер бұрын патша чиновниктері аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді большевик-коммунистердің тобы жүргізіп отыр» («Жизнь национальностей» журналы, 1919 жыл).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қалихан Ысқақ. Тектінің мінезі

Алашорда үкіметі Семей қаласының Заречная слободка бөлігіне 1918 жылы қаңтар айында келіп орналасты. «Алашорда Алаш қаласына келіп, қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек», – деп Халел Ғаббасов хабарлады («Сарыарқа», 1918 жыл, 22 қаңтар). Азаттық алу жолында алмағайып күй кешкен Алашорда Кеңес өкіметін мойындамай, 1918 жылы жазда басталған азамат соғысы күреске шыққан күштермен (атаман Дутов басқарған Орынбор казачествосымен, адмирал Колчак басқарған Сібір үкіметімен, Орал казачествосымен, т.б) одақтасады.

1918 жылы маусымның 12 күні Алашорда заңдық күші бар бірнеше қаулы-қаралар қабылдады. Бұл жөнінде Жүсіпбек Аймауытов: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр» («Абай» журналы). Сол секілді «Сибирская речь» газеті былай деп хабарлады: «...Семейге қырдан нұсқаушы-орыс офицерлері басқарған қырғыз отрядтары келді. Сәрсенбі-маусымның 6 (19) күні кешкі сағат алтылар шамасында олар қалаға кірді. Никольск шіркеуінің қасындағы алаңда оларға салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Уақытша Сібір өкіметінің өкілі Давыдов құттықтаулар айтты. Кездесу кезінде алаңға белгілі ұлттық қайраткері Бөкейханов келді. Оның құрметіне подполковник Тоқтамышевтың ұсынысымен салт аттылар «Алла» деп жар салды. Ақ жалауларға қырғыз тілінде: «Жасасын Бүкілроссиялық және сібірлік құрылтай жиналысы», «Жасасын Отанның адал ұлдары» деген ұрандар жазылған!», – деп жазды.

«Сарыарқа» газеті

Жер, автономия, мемлекеттік тіл, ғылым-білім, оқу-ағарту, ұлттық әскер, ауылшаруашылық экономикасы, билік құрылымы мәселелеріне барынша күш салып, Алашорда бастаған күштер және большевиктер соңына ерген күштер баррикаданың қарама-қарсы жақтарында қалып, өкімет үшін ашық күреске шықты. «Қай болыс, қай қала болсын большевик өкіметі алмаған жер қалған жоқ. Советтен совет шығып жергілікті мекемелердің бәрін төңкерді, иледі, биледі» («Сарыарқа», №15, 1918 жыл). Біресе қызылдардың, біресе ақтардың ойранына түскен Семей қаласы соғыс майданына айналды. Алашорда үкіметі екеуімен де келісімге келуге ұмтылғанмен, оларды тоқтатуға әскери күші жетпеді. 1919 жылы атаман Анненковтың атты казактары Семей қаласын басып алып, Алашорданың барлық қайраткерлерін жазаға тартуға бұйрық берді.

Осындай тақсіретті уақытта «Буржуазияшыл-ұлтшылдардың үні» деген атақ тағылып келген, бірақ ел болашағы үшін маңызды мақалаларды жариялап тұрған ұлт басылымдардың бірі – «Сарыарқа» газеті еді. 1917 жылы «Қазақ» газеті жаңа гезетке сәттілік тілеп: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің 1 нөмері келді. «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз», – деп жазды. Газеттің алғашқы саны 1917 жылы 15 маусымда жарық көрді. Газет беттерінде Алашорда үкіметінің қаулы-қараларына, құжаттарға, алаш жаңалықтарына, жұртшылықты ғылымға, мәдениетке үндеген көптеген мақалаларға орын берілді. Онда басылған әрбір материал халықтың жүрегінде намыс шоғын үрлеп, жігер отын лаулататын пафоспен жазылды. Саяси және мәдениет қайраткерлері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, Т.Құнанбаев, Б.Сәрсенов, М.Тұрғанбаев «Сарыарқа» газетінің беттерінде көптеген өзекті мақалаларын жариялағаны туралы деректер бар. Мәселен, С.Торайғыровтың «Алаштың әнұраны», «Сарыарқаның жаңбыры», «Шәкірт ойы», «Жас жүрек», «Е, дүние» өлеңдері, «Ғалиханның Семейге келуі» әңгімесі; Ж.Аймауытовтың «Сарыарқаның сәлемі» өлеңі, «Тұр бұқара, ашыл кедей, ұмтыл жастар!» мақаласы, «Ғашықтық», «Жынды», «Айна» әңгімелері мен «оқшау сөздері» және саяси мақалалары жарияланды. М.Әуезовтің «Адамның негізі – әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Қайсын қолданамыз?» деген публицистикалық мақалалары оқырманың үдесінен шығып, рухани азығына айналды.

Осы қиын-қыстау мезетте жұртшылыққа қолдан келгенше дем беру, көмектесу мақсатымен Семейде «Жанар» ұйымы дүниеге келді. Бұл ұйым қараша халықтың қасіретін азайтып, даланы жайлаған ашаршылықты мейлінше басып, жоқ-жітіктің жағдайын жақсартуға бағыталған еді. Осы мәселеге алаңдаған М.Дулатов былай деп пікір білдірді: «Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім.... Әлі жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап, қозы көш жерге жүруге жарамай, кез келген жерде жығылды, жығылғаны тұрған жоқ, өлгені тірілгені жоқ. Аш, жалаңаш қазақ бауырларға жұрттан жеткілікті жылу жинап, рулы елімізді өлімнен аман сақтап қалу мақсатымен, Семей облысының Алаш қаласында қазақ комитеті Һәм жастардың «Жанар» ұйымы басшылық етіп, қауым жасады. 5 наурызда қауым ортасынан іс басқаратын бес кісілік комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы Ә.Бөкейханов, комитет төрағасы М.Дулатов, орынбасары Ж.Аймауытов, хатшысы М.Әуезұлы... Мәжілісте 7000 сомдай жылу жиналды. Комитет қазір іске кірісті» («Абай» 1918 жыл, №3). Ұйымның негізгі мақсаты – қиын кезеңде халыққа көмектесу, оқыған жастарды бір мүдденің төңірегіне топтастыру болды. Көзі ашық, көкірегі ояу жас азаматтарды саясатқа тарту, ұлт бостандығы үшін күресу болатын.

«Уақ қарыз серіктігінің» қаржысымен «Абай» журналы 1918 жылы ақпан айынан сол жылдың қазан айына дейін Алаш қаласында шығып тұрды. Бұл туралы «Сарыарқа» газеті: «Абай» қазақша ғылыми, әдеби шаруашылық журналына жазылу ашылды, журналдың жобасы кең, жазушылары сай, нағыз қазақ тілінде ай сайын екі рет шығады. Ылғи жазып тұрушылар: М.Тұрғанбаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Дөнентаев, Сейітбаттал Мұстафин», – деп хабарлады (1918 жыл, №26). Бұл журналды шығарушы, тұңғыш бастамашылар – Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болды. 1918 жылы қаламгер М.Әуезов «Абайдың өнері һәм қызметі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Япония», «Қазақ әйелі» секілді 15 мақала жариялады. Бұл алғашқы өрлеуінде Мұхтар көбінесе журналист-публицист, ойшы-сыншы, философ ретінде көрінгені анық.

1918 жылы 15-13 мамырында М.Әуезов Омбы қаласында өткен Жалпықазақ жастар съезіне Семейдегі «Жанар» ұйымының атынан қатысып, жиылысқа төрағалық етті. «Абай» журналында (№6, 1918 жыл) Әуезов қол қойған «Бірінші жалпы жастар съезі», «Жастар ұйымдарына ашық хат» деген екі мақала жарияланды. М.Әуезов «Абай» журналында жарық көрген мақалаларында халықты ғылым, білімге шақырды, мәдениет пен әдебиетке үндеп, олардың мән-маңызын тереңдете түсіндірді, ағартушылық-демократтық бағыт ұстанып, біршама өзекті тақырыптар қозғады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бексұлтан Нұржекеев. Тұңғыш

1918-1919 жылдары «Сарыарқа», «Алаш», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналы ұлтшылдық туын көтерген басылымдар ретінде айыпталып, большевиктердің күшімен біртіндеп жабыла бастады. Алашорда үкіметі таратылып, билікті Кеңес өкіметі өз қолына алды. Осы кезде қазақ зиялыларының алдында екі түрлі жол тұрды. Біріншісі саясаттан мүлдем іргені аулақ салу да, екіншісі жаңа саясатпен айналыса жүріп, ел болашағына қызмет ету. Алаш арыстарының көпшілігі 1919 жылы 4 сәуірде Бүкілроссиялық Орталық атқару комитетінің Қазақстандағы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің басшыларына кешірім жасау туралы шешіміне қарай екінші жолға түсуге мәжбүр болды.

Байқасаңыз, ұлт тағдырына қатысты мәселелерде газет-журналдардың жауапкершілігі жоғары болғаны анық. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болған» қаламгерлер бұл майданда тек қана жазумен ғана емес, өз қайратын нақты әрекетпен көрсетуге тырысты. Дегенмен, сұрқия саясаттың алып күші бір мүддеге біріккісі келген қазақ зиялыларын жойып тынды. Әдебиет пен мәдениетті, саясат пен тарихты насихаттаған ұлт басылымдарын әлі де тереңірек, жан-жақты зерттеу – бүгінгі жастардың басты парызы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар