Он төрт жасқа толған балаларға арналған
Колумбиялық жазушы Г.Маркестің «Бәлкім, бұл әлемде сен біреу үшін жай адам боларсың, бірақ біреуге әлемнің өзі болуың мүмкін» деген әйгілі сөзі бар. Иә, құмырсқадай қаптаған адамдар ішінде өзіңді көрсету немесе бір адамның көкжиегін кеңейтіп, оның тұтастай дүниетанымына әсер ету – маңызды екені рас. Қолына қалам ұстап, ақын һәм жазушы болып жүрген белгілі тұлғалардың әуелгі миссиясы не еді? Осы сұрақтың жауабын іздеп қаламгер жаны қаншалықты күрделі процестерге ұрынды десеңізші. Психологиялық көңіл-күйдің, тұрмыс-тіршіліктің, өмірдегі жағдаяттардың барлығы да – болашақта жазылар шығарманың алғашқы «дәні». Сол дән санада көктеп, сонда гүлдейді. Жазушы ең алдымен өз ортасын қағазға түсіріп, өзін әрі жан дүниесін жан-жақты аша алатыны анық.
XX ғасырда бүкіләлемдік урбанизацияның қарқыны күшейіп, дала жұртшылығы қалаға көшкен заманда жаңа идеяларға толы шығармалар жазыла бастады. Содан-ақ қоршаған ортаның әдебиетке қандай әсер тигізетінін білдік, сездік. Өткенге көз жүгіртсек, қала прозасы осындай тарихи жадтың өзгеруіне әрі елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы немесе құлдырауына қарай ыңғайланды. Қаладағы қорғансыз қайыршылар, жоқ-жітік, жетім-жесір немесе керісінше менменсінген бай-шонжарлардың образы талай классикалық туындының «шымылдығын» түрді. Бұл шығармалардың басты прототиптері: психологиялық күйзеліске ұшыраған, таң атқаннан кеш батқанға дейін тоқтаусыз қайталана беретін бір қалыпты өмірге еріксіз еті үйренген, сөйте жүріп көп ішінде жалғыз қалған қала тұрғындары еді. Қаламгерлер жоғарғы интеллектуалдық ойлау нәтижесінде осындай проблемаларды көріп, оны оқырманға ұсынды. Әлем әдебиетінде мұндай мысалдар жетіп артылады. Мәселен, Мадрид туралы сыр шерткен Эрнест Хемингуэйдің жазбалары, 1918 жылғы азаматтық соғыс кезіндегі Киев тұрғындары туралы жазған Михаил Булгоковтың «Ақ гвардия» шығармасы, Стамбул туралы жазған Орхан Памуктың «Сезім музейі» романы, Нью Йорк шаһары жайында қалам тербеген Джонатан Фоердің романдары қала прозасының дамуына айрықша ықпал етті. Мұндағы әр қаламгер қала өміріне өзінше баға беріп, бұқара байқамаған көлеңкелі элементтерді «тірілтті», сонымен қатар осы қалада ғұмыр кеше жүріп, соғыс пен бейбітшілік, сатқындық пен озбырлық, сүйініш пен күйінішті жан тәнімен сезіп, дүниеге деген көзқарасы өзгереді.
Ал орыс әдебиетінде Ф.Достоевский, А.Чехов, М.Горький, М.Булгаков қала прозасының негізін қаласа, XX ғасырдың 60-70 жылдарында бұл жанрды дамытып, жаңа сипат берген М. Чулаки, С. Есин, В. Токарева, И. Штемлер, А. Битов, В. Маканин, Д. Гранин болды. Асылы, жазушылар орыс қалаларын жан-жақты дәріптеп, ондағы қала өмірінің қайнаған тіршілігін қалың оқырманға жеткізуге тырысты. Публицист, жазушы Юрия Трифонованың «Студенттер», «Шөл басу» («Утоление жажды») романдары мен «Айырбастау», «Басқа өмір» повестері оқырман қауымға таныс болар. Мұндағы «Шөл басу» романында автор Түрікменстан еліндегі су каналының құрылысы кезінде өрбіген шытырман оқиғаны негізге алады. Шығарманың басты идеясы – қала тұрғындарының шөлі арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі шөлді астарлы сөздермен меңзеген. Осындай салмақты туындылардың көптеп жазылуы – орыс қауымының арасында Юрия Трифонованың абыройын асырып, есімін белгілі етті. Жалпы, бір оқиғаны немесе жалғыз ғана детальді негізге ала отырып, біршама идеяларды айту – бұрыннан бар тәсіл. Әсілі, көркем әдебиеттің эстетикалық талғам деңгейі – дала мен қала прозасының беталысына, дамуына тікелей байланысты құбылыс. Екеуін екі бөлек қарастырғанымызбен, олардың мәңгі бітіскен, жанасқан процестерін жоққа шығару мүмкін емес.
***
Қазақ әдебиетінде мұндай тақырып кең ауқымда қолданылмаса да, толымды әрі жан-жақты қамтылған шығармалар баршылық. Әрине, көшпелі өмірге, көшпелі тұрмысқа бейімделген қоғам үшін бұл жанр әуелде жат болып көрінді. Дегенмен, заманның өзі қала мәдениетін, ондағы қайнаған елең-алаң тіршілікті жазуға, дәріптеуге итермелегені шындық. Көне шаһарлардың жаңа қалыпқа еніп, өзіндік әлем болғанын мойындау да ерлік еді. Алыстағы ауыл, әйел теңдігі, барымта, жер мен жесір дауы секілді таптаурын тақырыптар біртіндеп өз қызығын кетіре бастады. Қылышынан қан тамған кеңес одағының тұсында әдеби еркіндік, жаңаша ізденіс болмай, аталмыш тақырыптардың аясында ғана қалам тербеуге мүмкіндік болды. Десе де, М.Әуезов секілді астарлы оқиғалармен қазақтың құнарлы даласын, өршіл мінезін, саф алтындай таза салтын еске салған қаламгерлер де бартұғын. Еуропа мәдениеті біртіндеп ене бастаған XX ғасырдың бас кезіндегі ахуал анағұрлым керемет болды деу – қисынсыз болар. Бірақ заманның өзі қазақ жазушыларына идея мен оқиға тудырып берді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы қазан және ақпан төңкерілісі, 1921-22 және 1931-32 жылдардағы ақсүйек ашаршылық, 1937-38 жылғы репрессия, Ұлы Отан соғысы қала прозасының, жалпы прозалық шығармалардың дамуына негіз болды.
Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» әңгімесі – қалалық жазу мәнерінің айқын көрінісі десек, артық айтпаспыз. Шығармадағы қала бейнесі жазушының айтар ойымен сабақтасып, соны ізденіске жетелеген. Әңгіме былай басталады: «Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы – қымыз, ойын-сауық – «кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем, Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл... Сырнай-керней... Қызық думан... Қайткенмен сергек қала». Туындының басты кейіпкері – Әмірқан (прототипі Ә.Қашаубаев). Әңгімеде Әмірқан күміс көмей, жез таңдай нағыз өнер иесі ретінде суреттеледі. Әмірхан мен Ақтамақтың арасындағы жылт еткен сезім оты да шығармаға арқау болған. Ең бастысы – бұл оқиғалар тарихы терең, шежірелі Жетішатыр (Семей) қаласында өрбиді. Жоғарыдағы мысалдың өзінен орыс мәдениетінің сол қалаға қалай енгендігін сезуге болады.
«Әнші» әңгімесінен тағы бір үзінді: «Ар жақ — қазақ даласы. Өзен өрлей салынған екі мешітті, бір шіркеулі, ығы-жығы тайпақ қала. Ағашы, кірпіші, төбесі, тоқалы жапырайған тәукеншік үйшіктер: «Бізді қазақтан басқа кім мекендесін?» дегендей, бет-аузы қисайып, көздері сығырайып, кемсеңдеп тұрған іспетті». Иә, әуелгі бөркін аспанға лақтырған шат-шадыман көңіл-күй жоқ бұл сөздерде. Мұнда – қаланың екінші образы тұр. Көлеңкелі образы. Мәтіндегі ащы шындық қазақ тұрмысының қаншалықты төмендегенін дәлелдейді. Әуелгі шаттыққа толы мәтін астарлы сөзбен орыстарға арналса, мұнысы өзі айтқандай қиыншылық қысқан қазақтардың күйі еді. Міне, Ж.Аймауытов екі мәтіндегі көзқарасты қарама-қарсы қою арқылы қала образын айшықтап, екі ұлттық жағдайын ашық әрі батыл суреттегенін көреміз.
***
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ». Белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Казино» әңгімесі осылай басталады. Бас кейіпкер – санасына өткен күннің уыты жайылған, сөйтіп сергелдеңге түскен Жошы мырза. «Өткен күн» дегеніміз бекер емес. Ол жас шағында әкесі рұқсат бермей, сүйген қызына қосыла алмай қалған. Міне, сол кезден бастап бойына біткен ашу мен ыза, кек пен қатігездік өмірден орын таппай, қаланың әр бұрышында сенделіп жүруіне себеп болған көрінеді. Автор Жошы арқылы қаланың ащы өмірін, қалтарыс бұлтарыстарын, сол секілді тағдыры таланға түскен көптеген азаматты мысалға келтіргендей. Жошы үйленбеген. Бірақ ара-тұра казиноға келіп, көңіл қосатын Есілай атты «сүйіктісі» бар. Есілай Жошыға тұрмыс құрғысы келеді. Бірақ Жошы бұған көнбейді.
— Сен неге «басымды көңге байлағам» дедің? Сол қыз үшін бе?
— Иә, сол қыз үшін болатын. Ол кезде... ал қазір басқа үшін... Сен оны түсінбейсің!
Екі кейіпкердің диалогында өмірдің өзі, яғни оның боямасыз бейнесі жатыр. Қол-аяғы балғадай, төрт көзі түгел, бауыры бүтін, дені сау адам неліктен басын көңге тігеді? Бұл дерт пе, әлде даңғойлық па? «Сау» дейміз-ау, шынымен сау ма? Жоқ. Жошы – жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың типтік образы. Қаланың қай көшесіне зер салсаңыз да, сауна, казино, ойын-сауық орталықтары «жайнап» тұр. Табалдырығын аттасаңыз, төбесіне көтеріп, сізді уақытша «хан» сайлайды. Не үшін? Бәрі де ақша үшін, әрине.
Әңгімеден тағы бір үзінді: «Қала ішінде қыстыққан көңіл де көтерілейін деді. Бірімен-бірі жарысқан көлік ағыны алысқа шақыратындай. Бірақ бар болмысын билеп, санасын иелеп алған сұмдық қатыгездік сезім сейілер емес. Ол жүректің ең бір әлсіз жеріне бекіп, беріш боп байланып қалған».
«Бір-бірімен» жарысқан көліктер – бәсекелескен қоғамның нақ өзі. Санасына қатігездік орныққан қоғам көші асығыстыққа, немқұрайлыққа құмар. Тіпті, оған да емес, құлқынға құл. Адам ақша үшін ағайынынан, өскен ортасынан, ең қиыны отбасынан жырақтаған кезде, көңіл күзге, өмір түнекке айналады. Пенденің «әлсіз» жері – рухани кеңістігі. Сол кеңістікті құлқынға толтырса, құлдыраудың алғашқы «шымылдығы» ашылары сөзсіз.
***
Қала прозасының атмосферасын білдіретін туындылардың қатарына жазушы Мирас Мұқаштың «Шырғалаң» әңгімесі де енеді. Бұл шығарма – бүгінгі таңдағы ең өзекті әрі шытырман оқиғаға толы реалистік шығарма десек, қателеспеспіз. Оқиға елордада өрбіп, басшы мен қызметкер, әке мен отбасы арасындағы әртүрлі ситуациялардан құралған. Басты кейіпкер – Рүстем. Оның тағдыры мен астананың ақ боранын үйлестірген автор жалпы қала тұрғындарының ахуалын айшықтап, шешілмей жатқан біраз түйіткілді меңзеп кеткендей. Расымен де, әңгімені оқып отырып бір сәтке өзімізді, әрі бізді қоршаған ортаны аяп, еріксіз терең ойға батасың. «Түлкідей бұлаңдаған қу заманның заңына көну керек, қасқырша айбар шегіп, аюдай ақыру керек» деген аға буынның «ақылы» да осы әңгіменің астарында менмұндалап тұр. Өз есебімен, қала тәртібімен ғана жүретін ауқатты, «зиялы» қауымның қарапайым жұртшылыққа менсінбей қарап, кекете күлетініне жаны сыздаған жазушы «ащы тіл, улы сиямен» қоғамдық проблеманы бір әңгіме арқылы бере білді. Шығарма басталғаннан-ақ еліте түседі.
«...Әлбетте, түсінікті ғой, ұшқыр заманның талабы солай, алып шаһарда діттеген межеңе уақытылы жетіп, тиісті үлесіңді қармап үлгермесең аузың аңқиып, бармақ шайнап қала бересің». Иә, бағзыдағы байыпты мәдениеттен үзіліп қалған қала тұрғындары құмырсқадай құжынап, таң атқаннан кеш батқанға дейін қара бастың қамы үшін не істемеді? Нендей тәуекелге бармады? Бір күндік емес, бүкіл ғұмырдың қамын ойлауға уақыт тапшы. Сондықтан да санаға сіңіп қалған әдетпен адамдар бір-біріне қонақ болып бару түгілі, қол алысып амандасуға да уақыты жоқ. Автор Рүстемнің қимыл-қозғалысына, іс-әрекетіне осындай асығыстықтың жан ауыртар кейпін сыйдырған. Алайда, Рүстем барлығынан да қажиды, ызаланады. Бірақ амалы қанша, өмір бір орында тұрмайды.
Елордадағы ең өзекті мәселелердің бірі – тіл. Мұнда «Ана тілің – арың бұл» дейтін Қадыр ақынның өлеңі ұмытылғалы қашан...
«...Рүстем енді сыртында қозғалақтасып, кезек күткендердің біріне ренжи бастайды.
– Сен де итермелей бердің-ау, айналайын. Кішкене кимелемей әрірек тұршы. Кіресің ғой.
Ол да бір пәле іздеп қалған пәтшағар екен, шақ ете түсті:
– Ағай, что вы толкаетесь?
– Какой я тебе «ағай»? Мне тридцать четыре года.
– Вы выглядите как мой папа...
– А ты выглядишь как моя бабушка.
– Хам...»
Рүстеммен дауласқан кейіпкердің тілі дәл осылай жазылуы заңдылық еді. Өйткені реалистік тұрғыдан қарасақ, тура осындай оқиғаның куәгері болып жүрген адамдар баршылық. Соқыр сананың нәтижесінде Рүстем қақтығысқан келіншекті долы, ызалы қылу арқылы М.Мұқаш қайнаған тіршілікті ешқандай қоспасыз оқырманның өзіне ұсынып тұр ма дерсің. Енді таңдау мен ойлану, сараптау – алдияр оқырманның өзінде. Дегенмен, мұндағы басты ұстанымды ысыра тұрып, жазушының оқиғаны қалай иіріп әкететіне назар салу керек. «Ол да бір пәле іздеген пәтшағар екен» дейді автор. Оқиғаның кілтипаны осы сөзде болуы тиіс. Бір қарағанда бұл сөзде ешқандай астарлы ой жоқ секілді болып көрінгенімен, ащы шындық осында. Пәле іздемеген адам сабырлы, салмақты, мейірімді болады. Бұл заңдылық. Ендеше, эстетикалық талғамның құлдыруының нәтижесінде зиялылар тобырға, тобыр «пәленің» пәрменіне сіңген. Мұны тоқтатам деу ақымақтық, бірақ әшкерелеу, оны айту – ұлт алдындағы міндет.
***
Қазақ әдебиетінде қала прозасының бейнелері кезігетін шығармалар мұнымен шектелмейді. Танымал қаламгерлер Кәдірбек Сегізбаев, Мұхтар Мағауин, Ерболат Әбікенұлының шығармашылық шеберханасында аталған тақырып ауық-ауық бой көрсетіп қалатынын білеміз. Әсіресе, жас жазушылардың қарасы көп. Жаңа стиль, жаңа образ, жаңа оқиғалары бар, елең еткізіп, еліктіріп әкететін туындылардың әлі де жазылатынына күмән жоқ. Сөзіміздің түйіні ретінде М.Мұқаштың жоғарыдағы әңгімесінен үзінді келтірейік.
«...Ұзамай әкесі байғұс бір қарасын сойып, тиісті қаржыны салып жіберген. Бұл іштей қатты қынжылса да, ағасының дегеніне көнбеске амалы қалмапты.
Содан бір күні әкімдіктің су жаңа жас маманы болып шыға келді».
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.