Адамзат өркениетінің дамуына тікелей әсер еткен маңызды факторлардың бірі – жазу мен сызу, соның нәтижесінде кітаптың пайда болуы. Уақыт керуені алға жылжып, жаңа технологиялар дамығанымен, кітап өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Кітаптың шығу тарихын зерттей отырып, адамзат ой-сананың да жетілуін тануға болады. Ежелгі Шығыс елдері, Рим, Грекиядан бастау алған жазу өнері (қыш текшелеріне, папирусқа жазу) өркениет пен мәдениетті қалыптастырып, белгілі бір деңгейде дүниетанымымызды өзгертті. Осы өнер туралы тың әрі дәйекті деректермен танысу үшін елордамыздағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Кітап мұражайына табан тіреген едік. Сол жөнінде бірер сөз.
Қазіргі уақытта әлемнің 100-ден астам елі кітап мұражайы, кітап басып шығару, баспа ісі, баспа техникаларын, кітап өнерінің дамуын, соның ішінде кітаптың формасын және материалдарын, тарихын, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайдағы кітаптың әлеуметтік рөлін анықтау барысында жіті көңіл бөліп, жұмыс істеуде. Бүкіләлемдік баспа өнері мұражайлары Гутенберг (Швейцария), Неміс кітапханасы (Германия, Лейпциг), Корольдік кітапхана (Бельгия, Брюссель), Британ кітапханасы (Англия, Лондон), Ресей мемлекеттік кітапханасы (Ресей, Мәскеу) және т.б. елдерде орналасқан.
Біз барған кітап мұражайының айтарлықтай айырмашылығы болмаса да, бұл шаңырақ – қазақ жазба тарихына қатысты еңбектердің бір жерге шоғырланған сирек қорымен құнды. Мыңжылдық жазба тарихы бар алаш елінің алтын қазығы сонау Алтай тауларында болса, сол бір сырлы дала шежіресін қағазға түсірудің түрлі тәсілдері - болашақ үшін таптырмас асыл мұра болып қалғаны шындық. Музей табалдырығын имене аттап, даналықтың дара жұпарына бірден еліте түстік. Себебі мұнда – шексіз де, шетсіз алаш атырабында ғұмыр кешкен көзі ашық, көкірегі ояу, асыл сүйекті бабаларымыздың қолы тиген, оқыған, жазған, ізденісте болып, сан рет ақтарған кітаптары тұр. Сол еңбектерге бас көзімен емес, ақыл көзімен қарап, іштей тілдесудің сәті түсті. Бұл бір ғажап әсер! Адамзат баласына Құдай тарапынан берілген өлшеусіз құндылықтың бірі кітап болса, оны зерделемеуге, мән бермеуімізге қақымыз жоқ. Сарғайған сарғыш парақтардың ішінен сарқылмас сағынышты, оқуға ұмтылған озық ойлы тұлғаларымыздың оңашалығын, ізденісін көрдік. Шаң басып, бір-бірімен «иық тіресіп», қабаттасып, сығылысып жатса да, бір беті – бір дәуірдің тынысы мен болмысын арқалап, көпті көрген көнекөз қариядай үнсіз ғана телміреді бізге. Музей қызметкері айтқан деректерді қағазға түртіп, кейде бас шайқап, кейде жаңа деректі құлшына тыңдап, әр сөзіне жеке-жеке тоқтап, ойланып қалыппыз.
Ескі заман мен естілердің көзі
Музей қызметкерінің айтуы бойынша мұражай «Терең ғасырлар тарихынан», «Таңбадан кітапқа дейін», белгілі ағатушы, реформатор Ы. Алтынсаринге арналған «Кел, бабалар оқылық!», қазақтың бас ақыны А.Құнанбайұлына арналған «Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы», ағартушы, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы», қазақтың ауызша және жазбаша әдебиетінің көптомдығына арналған «Бабалар сөзі», 1928-1941 жылдары аралығында латын графикасында шыққан қазақ кітаптарына арналған «Латын графикасы» және тағы сол сарындас бірнеше бөлімдерден тұрады. Музейдің екі залы бар. Бастапқы кезеңде бір ғана зал болса керек. Қазіргі таңда екі залға бөлінген. Біріншісі – қолжазба, екіншісі – қазақ жазба тарихы. Алғашқы бөлімде 1900 жылға дейінгі көне кітаптар, қолжазбалар қойылған. Ескере кететін жәйт, бұл кітаптардың ішінде әлі де тыңғылықты зерттеуді талап ететін еңбектер жетерлік екен. Жас әдебиеттанушыларға, әсіресе қазақ жазба тарихын жан-жақты зерттегісі келетін ғалымдарға бұл музей – таптырмас мүмкіндік сыйлап тұр. Музейдің осы бөлімімен таныса жүріп, мынандай қызық дерекке жолықтық. «Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, – дейді экскурсовод, – Сәрсенбі Дәуітұлының Мәшһүр Жүсіп туралы кітапқа басылып шықпаған деректері бар. Десе де, Павлодардағы Нартай Қуандықұлы бұл жазбалармен таныс, бірақ дұрыстап тәпсірлеу керек. Енді осыны жан-жақты зерттеу – жас ғалымдардың парызы». Міне, баспа бетін көрмеген тың дерек жөнінде жан-жақты сұрастырғанымызда, бұл мәліметтердің әлі де сүзгіден өтіп, көптің талқысына түсу керек екенін білдік. Себебі Н.Қуандықұлы бұл жазбалармен таныс болса, оны неліктен шығармады? Міне, әңгіменің ауаны осы жаққа бұрылып, көңілімізді жұмбақ күйге бөледі. Дегенмен, бұл деректің ашылар тұсы әлі алда. Содан кейінгі ерекше әсер еткен кітаптар – екі Құран болды. Бұл кітаптар ең алғаш шыққан Құран ретінде бағалы. Бұдан бөлек, 1800 жылы шыққан кітаптар және сол жылғы қолжазбалар музейдің салмағын арттырып тұрды.
Келесі бөлімде қағаз инсталляциясы қойылған. Ішінде XIX ғасырдағы қағаздар бар. Оларды ұстап көруге, оқуға мүмкіндік бар. Немесе бұл бөлімді «адамзаттың жазу эволюциясы» деуге де болады. Әуелі адам баласы сүйекке, тасқа, папирусқа жазған. Одан кейін ой-санамыз дами келе қағазға көштік. Қазіргі таңда пернетақтамен жазамыз. Яғни, мектеп оқушыларына осылайша түсіндіру – тиімді тәсілдің бірі. Шыны керек, баланың қиялында шек жоқ. Олар көру арқылы көп нәрсені есте сақтайды. Содан кейін алтын жіппен тігілген картиналар, Италия елшілігінің берген «Құздағы қала» сыйлығы, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жасалған арнайы сыйлық көпшілікке ұсынылған.
Діндар мен ділмардардың көзі
Алаш танынымының көкжиегін кеңейткен, оқу мен сызуға әсер еткен ислам өркениеті қанша ғасыр өтсе де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. «Көкжиегімізді кеңейткен» деп дабырайтып айтқанымызбен, дақпыртқа жол жоқ. Дегенмен, қазақ ислам өркениеті жайылмай тұрып-ақ сауатты болған. Бірақ бұл сауаттың ерекшелігі – дала мәдениетінің озық заңдылығында, ауыз әдебиетінің алтын қорында, домбыраның ішегінде, қобыздың шерінде жатыр. Табиғатпен «тілдесе» отырып, сөз саптауды, сөз тыңдауды, сөз сөйлеуді, ең бастысы – сөзге тоқтауды үйренген асыл бабалар. Ал сөзге тоқтау – байырғы қазақ болмысының айшықты көрінісі, бұлжымас заңы, өмірлік ұстанымы болды. Осы арқылы жеті қат көк пен жеті қат жердің ғажайыбын танып, тылсымына еліте түсті. Асылы, жазу, сызу өнерінің алғашқы баспалдағы – адам қиялында. Адам баласының қиялы қаншалықты биік болса, соншалықты толысқан адам болады. Ал қиял – аңыз-ертегілер арқылы бала болмысына сіңіп, ерекше ойлауға, жаңаша пайымдауға септігін тигізері сөзсіз.
Ислам өркениеті қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқаны ақиқат. Жалпы, кейбір сөздеріміз осы дін арқылы санамызға сіңіп, солай жатталып қалды. Өйткені біздің төл мәдениетіміз дінмен тікелей сабақтасып кеткен. VIII ғасырда мұсылмандар мен қытайлар арасындағы «Атлақ» шайқасында түркі халықтары мұсылмандарға көмек береді. Сөйтіп, біз IX ғасырда ислам дінін қабылдадық. Араб тілінен енген кірме сөздерге мысал келтіретін болсақ, олар: тәрбийә (тәрбие), әлеф-бә (әліппе), кәмелет, дәфтәр (дәптер), мәктәб (мектеп), кәләм (қалам), мәдәнийәт (мәдениет), фәнн (пән) секілді бірнеше сөздер. Әсілі, Ислам әлемінің белгілі тұлғалары Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, әйгілі ұстаз Әл-Фараби, алғаш «конституция» ұғымын әкелген Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқаридің түркі мәдениетімен тікелей қатысы бар. Осы орайда ең алғашқы қазақ тіліндегі кітап (шағатай графикасында) типографиядан 1807 жылы жарық көргенін айта кету керек. Бұл кітап «Сейфілмәлік» деп аталады. Ішінде атақты «Мың бір түн» дастаны жазылған.
Музейдегі ислам өрнениетіне, дініне қатысты кітаптар – тағы бір көрменің сәніне айналған. Мұндағы ең ескі кітап 1869 жылы Ташкентте шыққан Құран кітабы. Хижра жыл санауы бойынша 1887 жыл. Ал жалпы кітапхана бойынша ең ескісі – IX ғасырға тиесілі. Аталған Құранның тәпсірі парсы тілінде жазылған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде парсы тіліндегі тәпсірлер көп болғанымен, түркі тілінде аз кездеседі. Түркі тіліндегі тәпсірлер Еуропа елдерінде көптеп таралғанын тілге тиек еткеніміз жөн. Бұл кітаптар музейдің сирек қорынан, жекелеген тұлғалардың сыйға тартуынан келген. Бір қызығы, осы сөремен таныса отырып, Кармовтер баспаханасынан шыққан кітаптардың жылдары жазылмайтынын білдік. Өйткені ол кезде салықтың ақысы көп болған көрінеді. Қазақ баспасөзінде көбінесе Алаш дәуірінің кітаптары солай басылды. Бұл бөлімде тек Құран кітабы ғана емес, зікір, таспих, тарауих та бар. Олар жүйелі түрде: пайғамбарлар, сахабалар, мұсылмандық шарттар деген үш бөлікке бөлінген. Бұл сөреде түпнұсқамен қатар, көшірмелері де жұрт назарына ұсынылған. Мәселен, әлемге аты мәшһүр шығыс шайырлары Физули мен Науаидің қолжазбасының көшірмесін көруге болады. Ал Али Резолланың қолжазбасының түпнұсқасы (шағатай тілінде жазылған) экспозицияда көрсетілген. Интернет кеңістігінде бұл автор туралы мәлімет жоқтың қасы.
Қожа Ахмет Яссауи еңбектерінің көшірмесі. Түпнұсқасы Түркістандағы музейде.
Келесі бұрыш танымал академик, ғалым, абайтанушы Зәки Ахметовке арналған. Хәкім Абайдың ең алғашқы жинағын Әлихан Бөкейханов шығарса, одан кейінгі деректердің барлығын зерттеп, жинақтап, абайтану ғылымын дамытқан осы Зәки Ахметов еді. Бұл ғалымды тіл мен әдебиет саласының мамандары жақсы білгені болмаса, жалпы халық жіті таниды деп айту қиын. Оны 14 жасында жоғарғы оқу орнына түсірген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов болды. Яғни, ғалым – Мұхтар Әуезовтің ізін басқан шәкірті. «Абайдың эстетикалық көзқарасы» деген тақырыпта журналистика факультетін бітіріп шығады. Одан кейін С.Маловтың жетекшілігімен «Абай және Лермонтов» деген тақырыпты зерттейді. Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деген өлеңін Лермонтовтан аударғанын дәлелдеп береді. Сонымен қатар, бас ақынның «Масғұт» поэмасы Тургеновтың «Восточная легенда» шығармасынан аударылды деген болжам жасайды ғалым. Дегенмен, Тургеновтың өзі «Мың бір түннен» аударылғаны анық. Зәки Ахметовтың кітап қорын қарастырғанда кітаптардың барлығында қолтаңба бар екенін көрдік. Олардың ішінен Петросян, Ламентьев, Ә.Марғұланның қолтаңбаларын кездестіруге болады.
Әлкей Марғұланның қолтаңбасы
«Қазақ жазба тарихы» бөлімінде латын, төте жазу, араб, көне түрік, шағатай графикасы негізінде жарық көрген қазақ тіліндегі кітаптар қойылған. VI-VII ғасырларда көне түркі (руна жазуы), одан кейін IX ғасыр бойы араб жазуы, XXII ғасырларда төте жазу болды. Бертін келе 1928 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы, одан кейін кирил графикасына көшкен едік. Енді, міне, Тәуелсіздік тұсында 2017 жылдан бастап қайтадан латын графикасына көшуді ұйғардық.
Түркілер мен тектілердің көзі
Адам болмысының ең бір күрделі қасиеті – өз ата-тегін іздеуі. Яғни, қан арқылы келген гендік кодтарға жақындап, соның сырын ашуға талпыныс жасаудың маңызды екенін түсінеді адам. Түркі әлемін зерттеушілердің көбісі түркі жұртының қайсарлығы мен тектілігін мақтанышпен айтады. Ондай «дүбір» мен теңіз шайқалтар тегеурін болмаса, бір шеті сонау Еуропамен, бір шеті Алтай, Гималай тауларымен шектеспес еді. Әуелдегі сол бір батырлар рухын оятатын да, оятып қана қоймай, дұшпанның сесін басатын да – осы сөздің қуаты-тұғын. Көкірек тұсы көлдей тербеліп, келесі Түркі залына қадам бастық, мінекей.
Залда көрермендерге 10 экспозиция ұсынылған. Алғашқысы – Моңғолияның Орхон өзенінің бойынан табылған Күлтегін тасының көшірмесі. Ғалымдар бастапқыда бағана тастағы алғашқы екі-ақ жазуды оқи білген. Олар: «Тәңірі» және «Түркі» сөзі. Кейіннен сондай жазуы бар балбал тастар қазақ жерінен де табылады. Оны «Талас» жазбалары деген. Яғни, атауына орай Талас, Шу бойынан табылғаны белгілі. Барлығы он бес тас. Қазіргі таңда сол он бес тастың бесеуі Қырғызстанда, ал оны Эрмитажда көрінеді. Музейде Қырғызстандағы тастың нөмір төртінші макеті қойылған. Таста көне түркі графикасымен: «Оның аты – Чур. Оның отыз баласы бар. Әйелдері жесір қалды», – деп жазылған. Сөзіміздің дәлелі ретінде 1892 жылы түркітанушы В.Радловтың Орталық Азияға жасаған арнайы экспедициясын атауға болады. Ол Моңғолиядағы тастардың көлемі, ені, тарихын зерттеп, зерттеу еңбектерін шығарған еді. Одан кейін бір жыл өткеннен соң белгілі ғалым В.Томсон түркітектес мемлекеттердің тарихын жинап, әліппесін әзірлеп, жазу графикасын зерттегенін білеміз. Сонда 65 пайыз қазақтар бұл тастағы жазуларды аудармашысыз түсінетін болып шыққан. Яғни, бұдан қазақ тілінің VI-VII ғасырдан бастау алғанын аңғарамыз.
Бабалардың көзі
Бұл бөлімде «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзі» көптомдығы экспозицияға қойылған. 2004 жылы бірінші том, 2014 жылы жүзінші томы шыққан бұл жинақтың рухани мұрамыздың алтын қорына айналғаны анық. «Төте жазу немесе араб тілін оқи алмайтын адамдарға бұл көптомдықтың берері көп. Себебі мұнда барлығы да бізге ұғынықты кирил графикасымен қазақ тілінде жазылған. Бұл кітаптар – Қазақстанға ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріне қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін танытатын бірден бір бағалы құндылық. Бұл кітаптың ішіне Хандар шежіресі 10 том, ғашықтық дастан 15 том, батырлар жыры 17 том, діни аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер және тағы басқа көптеген материалдар енген», – дейді музей қызметкері. Осындай деректі дәптерімізге түртіп алып, біртіндеп Едіге батырға арналған сөреге қарай жылыстадық.
Кеңес үкіметі бізге Едіге батырды оқуға рұқсат етпегендіктен, біршама материалдар қараусыз қалып қойған еді. Тәуелсіздік тұсында соларды шаң басқан архивтерден тауып, қайта шығарудың, насихаттаудың мүмкіндігі туды. 2018 жылы Едіге батырдың 600 жылдығын түркі халықтары атап өтіп, айтуы шараларды қолға алған болатын. Біздің ғалымдар да сол мерейтойда батыр туралы көптеген зерттеулер жүргізіп, жан-жақты еңбек етіп, ізденгенін біреу білсе, біреу білмес. Қазақ сахарасында Едіге батырды алғаш зерттеген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Оның еңбектерін Милеранский тауып алып, 1905 жылы Санкт-Петербургтегі баспаханадан басып шығарады. Одан кейін бұл істі А.Диваев қолға алған. Тіпті, осы ісі үшін А.Диваев қамауға да алынғаны туралы деректер бар. «Бабалар сөзінің» 39-шы томы толықтай Едіге батырға арналғанын атап өту керек. Онда Едігені зерттеген адамдар, Баба түкті Шашты Әзиз, Едігенің Тоқтамысты өлдіріп таққа келуі, Едігенің қым-қуыт өмірі - барлығы сонда жазылған.
Алаш арыстарының көзі
Қазақ тарихының мұңлы да, мәнді кезеңі – Алаш арыстарының ұлтқа еңбек етіп, қан мен терін қатар төккен мезгілі. Қайран, қазақ! Бір-біріне демеу бола алмай, дегбіріп қалған заманда баспасөз, газет, журнал шығару ісі кенжелеп барып, керегесін көтерген-ді. Ұлттың сауатын ашуға Ресейдің белді оқу орнында білім алып келген алаш қайраткерлері ағарту жұмысына білек сыбана кірісті. Сөйтіп, әр қайраткер қазақ руханиятының шоқ болып сөнбей, от болып маздауына ықпал еткен еді. Жоғарыда айтқандай, біз төте жазудан кейін латын графикасын қолдандық. Латын графикасында «Ә» мен «Ө» дыбыстарын таңбалап берген ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсарин болды. 1928 жылы Бакуде өткен конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы латын графикасына енудің маңыздылығын атап өтеді. Бірақ оның идеясын қолдамаған Кеңес өкіметі ғалымның конференциядағы сөзін сылтау етіп, жазықсыз қамауға алады. Дегенмен, бұл жобаны одан кейін Ілияс Жансүгіров қолға алып, ақыры латын графикасындағы қазақ жазуын бекітеді.
Одан кейінгі 8-ші сыныпқа арналған «Көркем әдебиет жинағы» сөренің шырайын кіргізіп, тарихтан сыр шертіп тұрды. Ілияс Жансүгіров пен Сәкен Сейфуллиннің кирил графикасымен жарияланбай қалған өлеңдері осы кітапта бар. Мысал ретінде І.Жансүгіровтің «Канфеске» өлеңін алуға болады.
1933 жыл
«Бұлданғанда Алатау,
Бұлқынғандай ақын су,
Жолағанда мың дауыс,
Топыр-топыр, топыр жан,
Тозаң-тозаң шыққан жан,
Дала, дала, бұл не дауыс?»
І.Жансүгіров
Өкінішке қарай, тәркілеу (конфискация) кезінде көптеген кітаптарымыз жойылып, біраз әдеби мұрамыз қазіргі заманға жетпей қалды. Сөреде тұрған кітап авторларының есімдері қара сиямен сызылып тасталған. Өйткені егер есімі жазулы тұрса, міндетті түрде жойылар еді. Ал бұл жинақтар қолдан қолға жасырын түрде жеткені анық аңғарылып тұр. Соның ішіндегі бір кітапқа назар аударып, мұқият қарасақ, мұқабасынан «Ақмола» деген жазуды көзіміз шалды. Мұның сырын музей қызметкерінен сұрап едік, ол былай деп жауап қайтарды: ««Ақмоланы» ешкім зерттемеген. Кирил графикасында жоқ. Көбісі башқұрттың ақыны деп айтады. Ал Зәки Ахметов: «Ақмола – қазақтың ақыны. Әкесі ишан болған. Қызылордадан ноғай жеріне барған кезде қаза тауып, анасы Ақмола облысы арқылы қайтқанда, бір татар жігіт қалыңдық қылып алып қалған. Содан бастап татар, башқұрт ақыны болып кетті», – деген».
Сөренің тағы бір ерекшелігі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көзі тірісінде, 1930 және 1933 жылы жарық көрген кітабы қойылған. Ішіндегі деректерді салыстыра отырып, бұл Сұлтанмахмұттыкі екенін білесіз. Өйткені онда «Сұлтан Махмұт Торайғыр ұлы» деп жазылған тұсы бар.
І.Жансүгіровтың «Балаларға базарлық» жинағы. Мұқабасында «Ілияс» деген есім ғана жазылған. Толық аты өшірілген.
Түйін
Көне кітаптар – бабаларымыздың көзі, қағазға түскен ішкі дауысы. Сондықтан да әрбір сөреге ынта қойып, ерекше ықыласпен кітап парақтарын ақтарғанда – құлағымызға есте жоқ ескі заманның қоңыр сарыны келгендей болды. Бұл сарын кейде ащы, кейде зарлы, кейде шаттыққа толы еді. Осыдан қалың қазақтың түпкі мұраты мен болмысы, арман-тілегін аңғарғандай болдық. Түркі заманынан бүгінге дейінгі қазақ жазба тарихының есігі аталы сөздің киесін ұғынуға тырысқан кез келген арлы ғалымға ашылары белгілі. Тек көкірек көзімен білім көкжиегін барлап, ойлылыққа, оқымыстылыққа жақындай түсуі тиіс.
Суретке түсірген: Арман Мұхатов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.