Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Біржан Ахмер. Постмодернизммен үндес ақ өлең...

04.05.2019 6626

Біржан Ахмер. Постмодернизммен үндес ақ өлең

Біржан Ахмер. Постмодернизммен үндес ақ өлең - adebiportal.kz

Әдебиеттану – поэзиядағы ырғақ, ұйқас, буын, бунақтарды зерттеп, бізге теориялық тұрғыдан анықтама беретін ғылым. Бірақ кей тұста осындай «талаптарға» бағынбайтын сәттердің болатыны шындық. Бұл, әсіресе, шалқар шабыттың әсерінен туындайтын дүние. Арынды өзен секілді аяқ-астынан «көтерілген» шабыттың ақыл-ойға әсері, өлең тууындағы өзіндік үлесі – қалыпты жағдайдың өзгеруіне, біртекті, біртұтас парасаттың жан-жаққа ыдырауына себеп болады. Санадағы ой ыдыраса, еркін көсілудің, еркін жазудың есігі айқара ашылатындай. Осы кезде ешқандай ырғақ пен ұйқастың қажеті болмай қалуы мүмкін. Бұл – заңды қорытынды емес, десек те поэзияның жан-жақты әдісін ұғыну – ақынның поэтикалық қуатын арттырып, көркемдік-эстетикалық дүниетанымын байытады.

Ұйқас – өлеңнің соңындағы сөздердің үйлесуі, үндесуі. Қазақ әдебиеттану ғылымында: қара өлең, кезекті, аралас, егіз, шұбыртпалы, шалыс, ерікті ұйқастар қарастырылып келеді. Шыны керек, бұл ұйқастардың түрі де уақыт өте келе жаңарып, дамып, жетіліп отырған. Асылында, әр елдің өзіне тән ұйқастары да бар. Мәселен, Еуропалық ақындар ақ өлең (ерікті) ұйқасына көбірек ден қойса, орыс шайырлары кезекті, ал қазақ қаламгерлері қара өлең ұйқастарын «меншіктеп» алғандай. Бұл – бір қарағанда ұлттың дүниетанымымен һәм салт-санасымен байланысты құбылыс. Бірақ ақ өлең (ағылшын тілінде blank – «ұйқасты өшіру, жоғалту») қазақ әдебиетіне, қазақ қаламгерлеріне де таңсық емес. Керісінше, қазақ поэзиясы әу баста ақ өлеңмен дараланған еді.

Көнетүркілік жазбаларда ақ өлең сарынымен жазылған жыр-дастандар жиі кездеседі. Бұл өлеңдердің көбісі жауынгерлік рухты, асқақ мінезді, елдік пен ерлікті дәріптеп, дұшпанның сесін қайтаруға арналған-тұғын. Түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, қасиетті жерін қорғаған түркілердің жазу, ойлау, армандау мәнері де осы тақырыпта өрбіді. VI ғасырда «Тоныкөк», «Күлтегін», «Білге Қаған» сынды эпикалық жыр-дастандар жазылып, олардың үзінділері тасқа қашалды. Көнетүркілік жазбалар Моңғолия-Сібір мекенінен Еуропадағы Чуваш, Венгрия даласына дейін таралған. Жоғарыда айтқандай, бұл таңбалар көбінесе ақ өлең түрінде жазылып, насихатталғаны туралы деректер бар. Мәселен, «Күлтегін» жырында батырдың тұлпарға мініп, дұшпанға шапқан бейнесі былайша суреттеледі:

Күлтегін ақбоз (аты) Азманға мініп,

Шабуылға ұмтылды.

(Жаудың) алты батырын шаншып,

Жекпе-жекте жетіншісін қылыштады.

Бұл шумақта ұйқас пен бунақтың жоғы анық байқалады. Автор (Иоллығ-тегін) ұйқас пен ырғаққа бағынбай, батырдың бейнесін ашу үшін еркін жазуды ұйғарады. Бұдан Көнетүркілік сарын, дәстүрлі поэзияның жарқын көрінісін аңғару қиын емес. Демек, ақ өлеңнің сыртқы және ішкі формасы біздің әдебиетімізде көнетүркілер заманынан бері қалыптасып, болмысымызбен, жазу үрдісімізбен біте қайнасып кеткен.

Ақ өлеңнің, яки рифмасыз жырлардың таралуына ықпал еткен басты фактор – адамзат санасының, мәдениетінің өзгеріске ұшырауында жатыр. Осылайша, еркін ойлау – еркін жазуға жетеледі. Алайда, өлеңнің мәні, симфониялық, силлабикалық ырғағы жоғалмай, түпкі қалпы сақталуы қажет. Онсыз оқырманның үдесінен шығу қиынға соғады. Ұйқасы болмаса да, өлеңнің көркемдік-эстетикалық мазмұны ұлы үйлесімділікке негізделгені жөн.

***

Ақ өлең – драма жанрында айрықша орынға ие. Өмірдің күңгірт әрі күнгей тұстарын бейнелеуде ақ өлеңмен жазылған шығармалар санаға мейілінше жеңіл қабылданады. Бұл тәсіл пьессаға интонациялық реңк беріп, кейіпкерлердің еркін диалог жасауына мүмкіндік тудырады. Ақ өлеңнің драматургияда дамуына Уильям Шекспир («Гамлет»), Мұхтар Әуезов («Айман-Шолпан»), Әбділда Тәжібаев («Жомарттың кілемі»), Ғабит Мүсірепов («Ақан сері-Ақтоқты»), Александр Пушкин («Борис Годунов») ықпал етті. Пьессалардың көбісі трагедиялық туындылар қатарына жатады. Бір әулеттің оқиғасы арқылы бүкіл ұлттың, одан асып адамзаттың трагедиясы бейнеленіп, сахнадағы қайғы мен қуаныш, азап пен ләззат көрермендерді түпсіз ойға жетеледі. Осылайша, ақ өлең иірімдері санаға сілкініс жасап қоймай, көрермендерді белгілі бір мөлшерде тәрбиелей білді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Стефан Цвейг. Психoлoгтың құштарлығы туралы

***

Өлең мен өнерде шекара жоқ. Әлемдік ойлар көркем әдебиетте тоғысып, адамзаттың ақыл-ойын, қиялын уақыт өткен сайын биіктетіп келеді. Қазіргі таңда өзге ұлт ақындарының өлеңдерін оқу, шығармашылығымен танысу қиынға соқпайды. Бүкіл әлемді жаулаған ғаламтордың қуаты дүниежүзі қаламгерлерінің тілдесуіне, әдеби байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы тұста аударма мәселесі де менмұндалайтыны анық. Жазба әдебиеті қалыптасқаннан бастап аударма ғылымы жаһан жұртшылығының қызығушылығын тудырғаны белгілі. Шетел қаламгерлерінің идеясын, поэтикалық шеберлігін білу – көңілдің көкжиегін кеңейтері анық.

Әлемге танымал үнділік ақын қыз Рупи Каурдың өлеңдері жаһан оқырмандарын еліте түсуде. Әдебиет сыншылары оған «Жас ұрпақтың дауысы» деп те баға берген. Адам санасының тұңғиық түбіне жету үшін ақын көп ізденіп, ақ өлеңнің «сиқырын» толық меңгергенін айта кету керек. Кейбір баспагерлердің қарсы болуына қарамастан Рупи Каурдың кітабы шексіз танымалдылыққа ие болды. Оның туындылары қыз бен жігіттің қарым-қатынасы, отбасындағы құндылықтар, рухани еркіндік секілді ұғымдарға негізделеді.

«үндеме» дейсің бе сен маған,

үкілі үмітті тұмшалап,

кеудеңнің қуысын әйгілеп,

бірақ мен,

іштегі жалынмен жаралғам,

өшіріп қайтесің?

өшірме,

ойымды...

темірден қаттылау,

жібектен жұмсақтау,

Көңілім!

қарашы,

терезе сыртында тоңып тұр,

құмсағат...

Өлең ішіндегі психологиялық иірімдерде адамның жан дауысы, еркін болмысы айна-қатесіз, боямасыз суреттеледі. Кеудесінде «тұншыққан» сөз самалын шығаруға тырмысқан адамды түсінбей, үнсіз қалған серігі қандай қатыгез еді. Иә, адамды құртатын да, құбылтатын да осы – үнсіздік. Алайда ақын қыз «іштегі жалынмен» жаралған. Ол мұндай үнсіздікке шыдамайды. Керісінше бұлқынады, ішіндегі сөзді шығаруға тырысады. Осындайда Абайдың «Ішінде кімнің оты бар, Қар жауса да сөнер ме?» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Жалпы, адам баласының ғұмырлық бағыты үкілі үміттің, қажыр-қайраттың арқасында жетіліп, өз арнасын табары анық. Онсыз жасаған ісі қайырымсыз, талабы нәтижесіз болуы бек мүмкін. Ал терезе сыртында құмсағаттың «тоңып» тұруы – баянсыз ғұмырдың біртіндеп жылжып бара жатқанын, өмірдің сан түрлі қалтарыстарын автор астарлы сөзбен меңзеп тұрғандай.

сүю де – өмір ғой,

сүйе біл,

сезініп,

сағынып,

жалғыз-ақ білерің сол ғана,

кешкі іңір орнаса, бәрі де,

мәнсізге айналар:

сөзі бар қағаз да,

ғалам да,

атақ та,

бәрі де мәнсіз боп қалады,

алайда

Махаббат өлмейді!..

сүйетін жақының бар кезде,

сүйейтін адамың болғанда,

қорықпа,

дүлейден,

үрейден,

жаулаған жаның мен

қаланы...

Пенденің әу бастағы жаратылысы, тіпті тұтас ғаламның жаратылысы мейірім мен махаббаттан бастау алатыны ақиқат. Жыбырлаған жәндіктен ғаламат ғарышқа дейінгі Ұлы үйлесімділікті «уағыздап» тұрған да осы махаббат. Екі адамның арасындағы сезім ұлғая келе сенімге, одан кейін сыйластыққа жетелейді. Сондықтан біреуді сүюдің астарында өзіңді сүюдің формуласы жатыр. Осы жолда қолдың кіріне айналған дәулет пен мансаптың түкке тұрғысыз болмашы зат екенін бір сәтке түсініп қалғандаймыз. Адамның ішіндегі екі үлкен эгоның қасиетті махаббат алдында кішірейіп, рухани тілдесуі, сыйластықпен түсінісуі – сарқылмас сезімнің айғағы екенін мойындауымыз керек.

азаппен туғанбыз,

сол азап арқылы әлемнің бөлшегі болғанбыз,

сол азап арқылы шынайы болмысты сезіндік,

сол азап арқылы іштегі ғаламды таныдық,

сол азап арқылы адамның қадірін түсіндік,

сол азап арқылы баянсыз ғұмырды байқадық,

Жүрегім!

азапты аттауға бола ма?

болмайды,

білемін...

Кісінің, я болмаса кез келген дүниенің қадірін танытатын нәрсе – қиыншылық екені даусыз. Жарық Дүниені көргеннен бастап біз қиыншылық пен рахаттың арасында сенделіп келеміз. Шәкәрімнің: «Анадан алғаш туғанымда, Жыладым неге дабыстап?» деген салмақты сұрағының бір ұшқыны көрінеді осы тұста. Иә, өмірде ақ пен қараның алмасып тұруы – адамды кемелдендіреді және ойлы, саналы болуға бір табан жақындатады. Осындай қиыншылықты көріп барып кісінің кішілік қасиеті оянады.

Міне, жас ақын Рупи Каурдың шығармашылық шеберханасы, өмірге деген көзқарасы мен дүнитанымының бір парасы осындай.

***

Қазақ сахарасында Т.Әбдікәкімұлы, С.Рахметұлы, А.Нұрғазы, А.Сүлеймен, Е.Дүйсен т.б. ақындардың шығармаларында ақ өлеңдер кездеседі. Әлбетте, олардың алдыңғы қатарында XXI ғасырдың «табалдырын» аттап, дүниеден өткен Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсыновалар бар. Әр ақын өлеңнің осы формасына ден қойып, қазақ поэзиясында жаңашылдықты дәріптей білді. Расымен де, поэзия – жан-жақты болу керек. Ал талғампаз оқырман шын өлеңді сұрыптап, теңізден маржан тергендей классикалық туындыны жазбай тануы қажет.

Хош, ақын парасатты поэзия арқылы рух пен болмысқа әсер етеді дейміз. Сол әсердің астарында үлкен мағына жатса, қанекей.

Бір анығы, ақ өлең – сиқырлы сөздің симфониясы. Оның үнін есту ақылдың ғана емес, жүректің де ісі.

Өлеңдерді орыс тілінен аударған автор

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар