Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Біржан Ахмер. Көкірек көзіндегі жарқыл

30.05.2019 591

Біржан Ахмер. Көкірек көзіндегі жарқыл

Ықылым заманнан ақын-қоғам-билік үштағанының бір-бірімен қайшыласқан, «ырылдасқан», кей сәтте түсініскен кезеңдері жағаны шайған толқындай теңселіп келіп басылып жатты. Басылып қана қойған жоқ, артына із тастады, торықтырды, ойландырды, түзетті де. Осылардың ішінде қоғам жайында көп сөз қозғалып, «дүдәмал қоғам», «дүмше қоғам», «лас қоғам» деген сан қилы түсініктер елесі санамызды сан-саққа жүгіртіп, тек қоғамды кінәлаумен келдік. Рас, қоғамның күнәлі де, кесірлі де, «жалаңаш» екені де шындық. Бірақ ол өзін түзететін тұлғаларға, елдің сөзін сөйлейтін ерлерге мұқтаж. Жұрағаттың жоғын іздеп, жыртығына жамау болатын ұлт жанашырлары үнсіз қалса, қайтпекпіз? Қазаны қақпақсыз, батыры бассыз қалған жаралы халыққа сөзі сүбелі, санасы ояу тұлғалар ауадай қажет. Мұны бүгін болмаса да, ертең сезінерміз.

Жалғыз басының шаттығын емес, қалың қазақтың қамын ойлап, баба сөзінің байырғы киесін болашаққа жеткізсем деген ілкі арманның жетегінде жүрген ақын, драматург Бақыт Беделханның өлеңдері «көптің» емес, кемелдінің көкірегін қозғап, көңіліне шапағат болып төгілгені шындық. Хәкім Абайдың «қорадан шықпай қор» болатын боталы түйесі секілді ұлағаты жоғалған ұрпаққа ұзын сөздің қысқасын қайыратын, сөзтанымымызды жаңғыртқан адам ретінде бұл ақынның қазақ әдебиетіндегі орны ерек. Бәлкім, ол Алаш арыстарынан дарыған өткір мінез, екі сөйлеймейтін ерліктің арқасында елдің «етегін» жидыруды армандайтын да болар. Бәлкім, бір ғасыр бойы бұзылған ұяттың ұясын қайта көтергісі келе ме? Кім біліпті. Әйтеуір қолына қалам алып, қамшының сабындай қысқа ғұмырды өзінше жырлап, дүниеге өзінше баға береді. Толғанады, ойланады, ең бастысы ойландырады...

***

Ақын жаны – құстың қанатындай таза, қорғасындай ауыр, алдаспандай өткір болса, ондай жүректен шым-шымдап түскен сөз тамшылары да шынайы болары сөзсіз. Рухани шөліркеген жұрттың риясыз сеніп, құлшына іздейтіні де осындай тазалық пен мөлдірлік. Ал егер қоғам шындығын жоғалтса, онда ақын бұған үнсіз тұра алмай, өзінің барын білдіріп, парасат биігінен тіл қатары белгілі. Көкіректегі сөз – қапастағы қыран сыңайлы. Оның саңқылын түсінген адам тұмшалап ұстамайды, бірден босатып жібереді. Шын мәнінде, босамаған сөз – бәрінен де қауіпті құбылыс.

Мұндағы бар шындық өтірік,

Бос әуре... жалғанның іші.

Саф алтын торында отырып,

Сайрайды арманның құсы.

Көкіректе беу-беулеген арманның ақжарқын құсы осылайша ақын қаламынан төгілген. Төгіліп қана қоймай бүгінгі заманмен бірге біте қайнасып, қоғамның айнасындай кейіпке түскені көрініп тұр. Адамнан адалдық жоғалса, тұла-бойын айуандық билейді. Ал асқақ арман жоғалса, тордағы тоты құстай торығады. Десе де, жылт етіп көрінген жарықтың да күллі өмірге үміт сыйлар қасиеті барын ұмытпайды ақын. Бәрі де «бос әуре» болғанымен, үкілі үміттің болмысы – жүректі тірілтер жалғыз дауа. Сол өмірлік дауаның әсерінен адам адам қалпын сақтап қалған. Кісіліктің шыңы – көкіректің ішіндегі осы арманға қанат бітіруде жатқанын бір сәтке ойлап көрген де жөн.

Жабыққан сәттерде, шаршаған,

Шарлағым келеді көкті.

Алтын тор аз ба? – деп ал саған,

Ауырттың неге жүректі?!

Балалықтың балауыз шамдарын жағып, ақжаулықты әженің, ақсамайлы атаның алдында қиял тербетер құнды ертегілерді құлағына сіңіріп, көкейіне тоқып өскен ақынның әу бастағы дүниетанымы әлі күнге жадында, әлі күнге өзегінде от боп маздап тұр. Кейде бұл ой шайырды жеті қат көкке, кейде жеті қат жерге түсіріп, ерекше шабытқа бөлейді. Есенғали Раушановтың «Аяғыма қараймын – шідерім жоқ, / Неге қақсай береді жіліншігім?», - деп толғанатыны секілді Бақыт ақынның да поэзиясында жан, сөз, ар бостандығы екінші фонның ар жағынан елеңдеп қарайды. Біздегі науқаншылдық дертін, намыссыз ерлердің орындалмаған сертін айшықтап, ашып, өзіне қайтара көрсетуге құлшынған ниеттің барын білеміз осы өлеңнен. Қоғам ұсынған «Мынау аз болса, мынаны жұтып көр» деген кері пайымның соңынан ілескісі келмей, ақын жаны өзгеше жолды, басқаша сүрлеуді қалайтындай. Хәкім Абай: «Мен ішпеген у бар ма?» деп оқырман-сырласына салмақты сұрақ қойса, Б.Беделхан осы сарындас кейіпте «өгейсінген» өз қоғамына «Ауырттың неге жүректі?» деп ішкі бұлқынысын білдіреді. Расымен де, қаламгер қанша мінезді болғанымен, түбінде өзінің сезімталтығын, әр сөзді нәзік қабылдайтынын түсіну қиын емес. Бір жағынан мұның өзі ғұмырлы өлең жазылуына септігін тигізуі ғажап емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Абай Мауқараұлы. «Сол қол сатып аламын!»

***

Б.Беделхан поэзиясында ұлттық тамырға оралу, байырғы баба сөзін қайтару мақсаты жиі көрініс табады. Стиль тұрғысынан келсек, ақын классикалық бағыттан айнымай, қазақы қара өлеңнің мөлдір қайнарынан қанып ішкені, оны шығармашылығының айнасы еткені оқырманның үдесінен шыға білді десек, қателеспеспіз. Мұзбалақ Мұқағали, Тұманбай, Қадырлардан жалғасқан әдеби дәстүр сабақтастығы қаламгерге аманатталып, классикалық бағытта өлең жазу мәнері дарыған. Иә, ұлттық иммунитеттің басты құралы да, бағдары да, бағыты да – сөзімізде һәм өлеңімізде. Ендеше, оны өлтірмеу, келесі ұрпаққа таза, саф күйінде жеткізу – аса жауапты аманат.

Жалына тақтың жармасып өлген,

Көкесі,

қарғаны жазғыра көрмеші!

Қарға тамырлы қазақпыз ғой,

Үмітімді үшке бөлмеші!..

(«Қарға тамырлы қазақпыз»)

***

Тәңірім бағын қиған күн,

Еңсемді тіктеп, ес жидым,

...Табалдырығы құйма алтын,

Есігінен еңкейіп кірер ескі үймін!

Жоқ іздеп кеткен арманның

Мен қашан сүйіншісін естимін?!

(«Тобыр түбі – топалаң»)

Осы секілді ұлағатты өлең жолдары Б.Беделханның «Жыл қайыру» туындысында да тұнып тұр. Болымсыз фантазия, қиялдан жасалған күйкі әлемнен гөрі осындай мәнді поэзияның өміршең екеніне тағы да бір көз жеткізгендей боласың. Бабалардан қалған «Қарға тамырлы қазақпыз» деген тағылымды сөзі бір арнада тоғысқан тағдырлардың, үміт-армандардың ұшқын атып, ұлаң-ғайыр мекенге жайылуын қалайтын ақын жүрегі санаға сіңген салтымызды сақтаудың жолын іздейтіні анық. Әйтпесе, «Үмітімді үшке бөлмеші» деп тағдырға несіне жалынады? Әрине, қаламгерге керегі – қазақтың бүтіндігі. «Аққу, шортан һәм шаян» (А.Байтұрсынұлы) секілді үш тарапқа бөлінсек, бөлініп қана қоймай бір-бірімізбен арбассақ, ынтымағымыз ыдырап, күліміз көкке ұшпай ма? Ендеше, ой салу – міндет, ойлану – парыз.

Құдайы қонағы ат байлайтұғын мамаға.

Адасқан адам

түнеп қалмайтын далада.

Қазаны оттан түспеген қазақ едім ғой,

Тәңірім өзің қалдыра көрме табаға!...


Расымен де, біздің қазақ – қонағын құтқа балап, қадірлеп, қастерлеген жұрт. Қонақты сыйлау, оған арнайы дастархан әзірлеп, күтудің жөн-жоралғысын ұсынудың орны ерек. Көшпелі мәдениеттің ең жарқын үлгісінің бірі һәм бірегейі де – осы. Қадыр ақын: «Адамдар арасында ғұмыр кешіп, / Адаммен араласпау – азап оған», - деп қазақтың ақжарқын, ақжарма көңілін сипаттағандай, бұл шумақта да қазақтың ежелгі қонақжай ғұрпы көрініс тауып тұр. Бүгінгі заманда мұндай үрдіс, қасиет жоғалып бара жатыр ма деп жорамалдайсың. Қаламгер де осыған алаңдап, «Адасқан адам түнеп қалмайтын далада» деп астарлы сөзбен алаштың қонақжай мінезін меңзеп өтеді. Мұның өзінде «біздің бабамыз осындай еді ғой» деген ниет жатқаны белгілі. Қара шаңырақтағы қазанның ұлт ғұмырдариясындағы айрықша ролі де кестелі жыр, кемел оймен өрнектелгенін де байқап отырмыз. Асылында, қазанда – қазақтың молшылығы, жомарттығы мен жайсаң мінезі жатыр. «Сен» деспей күн кешкен салқынсыз көңілдің адамзатқа үлгі боларлық ата дәстүрі ұмыт болмаса игі еді.

***

Жатыр-өмір-бақи – адамзат баласының тылсымға толы жалқы жолы. Сәби жатырда жатқанда оның болашақ өмірі жазылып қойылады дейтін толғам бар діни наным-сенімдерде. Сол пенденің қуанышы мен шемен-шері, сүрінуі мен самғауы, бай-қуатты немесе пақыр-кедей болуы да Тәңірдің жазуымен болатын іс. Б.Беделханның ойынша, бұл – «Құдай қойған драма». Өмірлік философияның ең биігінде Құдайға қатысты пайымдар шоғырланады десек, аталған шығарманың қаншалықты маңызды екенін түсінеріміз хақ. Әдебиеттегі мәңгілік тақырыптардың бірі де – осындай ой қорытудың нәтижесінде пайда болады. Себебі Құдайын іздемейтін қоғам да, адам да жоқ. Сондықтан пенденің ішіндегі ең ұлы құндылық – Құдаймен тілдесу, жүректегі кірді тазарту. Бірақ пенде – қаншалықты қауқарсыз болғанмен, соншалықты Құдайға жақын, яғни небір қасиеттерге бай тұлға. Оны өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Бұ дүниенің сахнасында,

Құдай қойған драмадай күрделі.

Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі.

Кісендеулі жүрегіме қарамай,

Мен сүйемін өмір дейтін түрмені.


Ақын жүрегінен атқып шыққан ғаламат махаббат құдіреті өзін де, өзгені де шарпып барады. Сол ұлы махаббаттың арқасында ол жан дүниесін «кісендеген» қиындықтарды елемей, жарыққа ұмыталады, өмірді бәрінен қаттырақ сүйеді. Тіпті, осындай асаулығымен: «Сипатпаған сайтан менен періге, / Не болады жанға бітсе қанатым?», – десе де, ақынға жарасып-ақ кететін секілді. Таңның бозынан ақшамның қызыл-күрең мезетіне дейінгі әр күннің сыны көп сықпыты мен сұрағы көп сабаз тірлігінің айшықты айнасы да – «кісен» сүймес кісілікте шығар. Кім білген...

Хош, енді біз өлеңдегі «Бұ дүниенің сахнасынан» «О дүниенің сахнасына» жылыстап көрелік.

О дүниенің сахнасының

Шымылдығы ашылғанда-ақ, «Аллалап!»

Төрден төмен бір бас түсті домалап.

…Кеудесі жоқ бастың соры түк емес,

Ал, басы жоқ кеуделерге обал-ақ…


Кісінің кемелді тұлға болуы үшін алыстағы «Күнге» құрық лақтырудың қажеті шамалы. Керісінше, Күннің – баста, ал кісілік – кішілікте болуы шарт болса керек. Ғаламдық дамудың алғашқы сатылары да сұрқия қулықпен емес, саналы қылықпен өлшенген. Сірә, бұл пайымнан бейтарап қалған «бассыздардың» құны қаперлінің илеуінде, қазынасы қайраттының қанжығасында кетіп бара ма деп жорисың. Түсінде таланға түскен тіліңді, өңіңде өзегі кепкен өлермен рухыңды көрсең, бабаңның басына бағыштар дұғалардың сарқылып біткені ме деп уайымдайсың. Әйтпесе, Махамбеттер кекті қайтара алмай өлген жоқ, текті қайтара алмай о дүниеге айттанды, білем. Ұлтының ұстынына қарамай, санасына жаттың діңін, жағымпаздың уын сіңіріп бұл қоғам қайда барады? Басы қайда? Денесі қайда?..

***

Хош, қазақтың сөне жаздаған отын, жоғала жазған қасиетін жырға қосып, жалпақ жұртқа ұлттық нәрді сіңіруге барын салуда ақын. Бүгінгі оқырман аспандағы ажарсыз ойға, қиялы қырық түрлі мәнсіз өлеңге қажалып бітті. Оларға тазалық тұнған шынайы поэзия керек. Ұлттық рух керек. Баба ырымын күстаналаған кәуірдің ғұрпы емес, құндақтан басталған сөзтанымның қазақы болмысы қажет. Б.Беделханның шығармашылығы мұнымен ғана шектелмейді. Бұл – көңілге әсер еткен оймақтай ой ғана. Сондықтан салмақты туындылар, сыршыл өлеңдер – болашақтың еншісінде.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар