Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Сүйікті етші, сүйіктім...

15.04.2024 2371

Сүйікті етші, сүйіктім

Сүйікті етші, сүйіктім - adebiportal.kz

Өткен аптада Астанадағы Жастар театрында Ақлима Исмаилдың «Сүйікті етші, сүйіктім» атты лирикалық драмасының премьерасы өтті. Қоюшы режиссер Нұрфат Вахитовтың қойылымның драматургиясы мен режиссурасына аса мән беріп ізденгені байқалады. Қойылым ерлі-зайыптының арасындағы диалогтан, онда да адам жаны елжірейтін ыстық ықыластарына куә болудан емес, бір-бірінен көңілі қалғандардың ұрыс-керісінен басталады.  Актерлердің рольдеріне  сендіріп, барынша шынайы ойнағанынан шығар,  тап осы сәтте өзіміз танымайтын бір шаңырақтың құпиясына ойламаған жерден еріксіз куә болғандай сезімде болдық. Ерлі-зайыптылардың өзара керісі  көбіміз үшін кәдуілгі жағдай  десеңіз де, бұл бәрібір басқаша әсер етеді. 

Ескірмейтін тақырып

Қойылымда Болат пен Айнұр бейнесі көрермен назарына ұсынылған. Бастапқыда бұл қойылым сол ерте үзілген ғашықтарға қатысты ма екен деп ойлағанымызбен, ғашықтар бейнесі бұл жерде тазалықтың, сенімнің, беріктіктің символы ретінде екені анықтала берді. Жалпы қойылымдағы бейнелер, музыка, оқылған өлеңдер бірігіп, некені ұстап тұратын әлдебір ережелер емес, ерлі-зайыптының бір-біріне деген ықыласы, сүйіспеншілігі екенін, оған сенім мен қолдау ғана нәр беретінін, бұл бір тарап емес, екі жақтан да нәзік қарым-қатынасты қажет ететінін жеткізуге көмектесіп отырды. Қойылымда ақын Исраил Сапарбайдың өлеңдері пайдаланылған. 

Сақта мені!

Көгершіндей көңілім аппақ еді...

Алып кетіп жүрмегей әлдебіреу

Жан баспаған белігісіз жаққа мені...

Бір жыл бойына қызығын басқа жақтан тауып жүрсе де өзін сол үшін әйелі Жамалдың алдында кінәлі сезінбейтін, жұмыс істеп, бала-шағасын асырағанының өзін міндетсінген, кінәсін мойындамау үшін екі әйелдің алдында бірдей өтірік айтатын, жеме-жемге келгенде бұған сенген көңілдесі Алинаны да жарты жолға қалдырып кете берген Жомарт (Елдос Шайкенов); күйеуге шыққалы үй, бала, күйеудің жағдайы деп өзіне қарауды да ұмытқан, тек   үй  шаруасындағы әйел образынан шықпай, өзін дамыту, жетілдіру дегенді жылы жауып қойып, содан да жан әлемі күңгірт тартып, күйеуінің опасыздығына көзі жеткеннен кейін барып құрбысының қолдауымен қайратына мініп, өзгеруге күш салған, өмірдің қиын сабақтарынан қиналып кетсе де сол өмірді басқаша қырынан танып, түптің түбінде күйеуіне деген махаббатынан жеңіле отырып, ақыры отбасын сақтап қалған Жамал (Шехназа Қызыханова); жас өмірін оқуға, қызметке, материалдық жағдайын жақсартуға жұмсап, көн етіктіге мұрнын шүйіріп, көк етікті тағы кездеспей, сөйтіп отбасылы еркектің ермегіне айналған, сонысына еш қысылмай, бірақ, түптің түбінде оған да керексізін сезінгеннен азап шегетін Алина (Әсем Жорабек);өмірді жайбарақат кешіп, әр сәтінен, достарымен кездескенінен де, олардың ортасында отырып ән салғанынан да, желмен жарысып мотоциклмен қаланы кезгеннен де ләззат алып, еркін ұшқан құстай күн кешіп жүрген (сахнаға шыққан сайын өзімен бірге бір жеңілдік әкелетін) Асхат (Әбутәлі Әміре); бүгінгі трендтегі «жан ілімін» меңгерген, қалай өмір сүруді жеп-жеңіл, дайын формуламен түсіндіретін, өмірді аса қиындатпайтын, бірақ, қалай болғанда да құрбысына жақсылық ойлаған Сәния (Мадина Май) – олардың бәрі біздің өзімізге немесе айналамыздағы адамдарға ұқсайды. Былайша айтқанда, көрермен сахнадан дәл осы уақытты, қоғамды, бізге сіңісті түсініктерді көріп-танығаны анық. 

 Бұл жерде көрермендердің драма авторы Ақлима Исмаилдың көп әйелдің ішіндегіні жеткізген батылдығына қол соққаны рас. Мысалы, Алинаның айтатын сөзінің жаны бар, «жігіттер «отызда орда бұзады», «қырықта қамал алады», елуде "ердің жасына» шығады, алпыста – «тал түсі», ал қыздар отыздан асқанда «неге кетпейсің, қашан тұрмысқа шығасың» деп көзге шыққан сүйелдей түртпектеу басталатыны рас қой. Ал шындығында, әрине жақсы адамға жолықса қыздардың бақытын тапқанына бәріміз қуанамыз, бірақ, отырып қалды деген сөзден қашып, бағасына жете бермейтін көрінгенге күйеуге шығып, кім көрінгеннен бала тауып, сосын өмір бойы тірліктің арбасын жалғыз сүйреп, махаббаттан да, басқадан да көңілі қалған, жаны қатайып кеткен қыздарды көрген сайын ойланып кететінің рас қой. Немесе Жамал «біреуді күтіп отырмын» дегенде Жомарттың әуелі: «Саған кім қарайды, сен балаларыңмен кімге керексің?» деп мұқатып, артынша «сен әйел емессің бе, әйел өйтпеуі керек, әйел ондай болмауы керек» деп тұқыртып сөйлейтіні – патриархалдық қоғамның сіңірген түсініктері. Біз, әрине,  аталарымыздан бері жалғасқан отбасылық модельді құптаймыз, шаңырақтар шайқалмасын дейміз, ажырасудың санаға салмақ болатыны да, әсіресе, ерлі-зайыптының балалары мен әке-шешесінің жүрегі ауыратыны анық нәрсе. Дегенмен, ақыры бір сынған шыны құралмайды екен, соның өзінде әйелге келгенде неге тым қаталмыз (қалыптасқан түсінікке салсаңыз, біздің әйелдер күйеуі тастап кетсе сорасы ағып, күйзеліп, өкініп отырсын, ары қарай бақытты болам демесін, «күйеуімде кінә жоқ, ол мен нашар болғаннан, өзіме қарамағаннан сөйтті» деп бар кінәні тек өзінен іздеп, бір күні күйеуі «жаздым, жаңылдым» деп қайтып келсе, түк болмағандай кешіріп, қабылдауы керек, міне, патриархалдық қоғам үшін сондай әйел ғана жақсы әйел саналады)?

Ерлі-зайыптылар бір-бірін бағаласа екен

Премьера өткен соң көрермен тарапынан Жастар театрының әлеуметтік желідегі парақшасына бірталай жылы лебіз қалдырған екен. Тіпті бір көрермен: “Астанаға көшіп келгелі, босанғаннан кейінгі депрессиямды спектакльден алған әсерім басып тастағандай, содан жаным тынышталғандай болды” депті. Бұл қойылымның көрермен көңіліне әсер еткенінің дәлелі. Қоюшы-режиссер үшін бұл тақырып несімен қызық болды екен, соны білгіміз келді. 

Нұрфат Вахитов, қоюшы-режиссер:

-Тақырып іздедім, ұзақ жүріп қалдым. Көңілден шығатын материал таппадым. Театрдың актерлік құрамының потенциалы көтере алатындай, өзіміздің Жастар театрының стиліне сай келетін пьеса табу қиын болды. Үш режиссер бармыз ғой, маған көркемдік кеңес тарапынан биылға бір ғана қойылым қою тапсырылды. Көркемдік жетекшіміз аз уақыт берді. Негізі жаңа қойылымды күзге жоспарлап жүргенмін. Екі ай ғана уақытым болды. Тыпырлап жүріп материал тауып, көп ұзамай бастап кеттік. Тақырыпты таңдауға қоғамдағы атышулы отбасылық, әлеуметтік мәселелер, ажырасу, қателесу, үйде жұмыссыз отырған күйі күйбең тірлікке батып кеткен әйелдердің күйзелісі себеп болды. Ал шындығында он-он бес жылдан соң Жұбайлар арасында махаббат отының сөнуі, өзімнің достарымның арасында кездесіп жатты. Талай рет достарымызға барып араларында сызат пайда болса, шамамыз келгенше тігісін жатқызып, ымыраға жүрдік. 

Мына пьеса несімен ұнады? Мұны жазған тіс қаққан драматург емес, бірінші рет жазған яғни драматургия құрылымына қарағанда сөз ойынына басымдық беретін адам екені байқалды. Сонысымен де ерекшеленген сияқты. Әр картина қысқа жазылған және 3-4 оқиғаны баяндап, құбылтып отырады екен. Артық қысқартулар өте аз болды. Пьеса авторы қоғамдағы өткір мәселені қозғаған. Яғни төрт таған болады десек,  тақырып, драматургия, режиссура, актерлік шеберлік -   қойылымда осының бәрін қамтуға тырыстық. Әлі толықтырып отырмаса, режиссура актерларға кейін қызық болмай кетеді. Сондықтан әлі көп қосылады және нақты өзгеріс болып отырады. Көрермен Жастар театрының парақшасында көп әсерлі коммент қалдырған. Әрине, көрерменге эмоциялық жағынан әсер ете алсақ - мақсатымыздың орындалғаны. Махаббатты бағалауымыз керек. Ол бәрінен құдіретті, кейде оның біз қорқатын өлімнің өзінен құдіретті көрінетіні бар. Соңғы сәтте де бір-бірінің қолынан ұстаған күйі су түбіне батқан, осыкүнгі махаббат символы ретінде есте қалған Болат пен Айнұрдың махаббатын кірістіріп, режиссерлық қадамды анықтауымыз керек болды. Бұл да өзінше мән. Бір-біріне қолы жетіп үйленгендер осы бақыттарын, керемет сәттерін бағаламай, сезімдерін суытып алып жатады, ал Болат пен Айнұр осындай бақытқа жете алмай кетті. 

Біздің сұрақ

Драмада драма болды, актерлер ойыны да иланымды, тек соңында қашанғыдай қазақ әйелі жеңілгендей, онда да қалыптасқан түсініктің алдында жеңілгендей көрінді. Махаббаттың өлгенін және қайта тірілгенін көрдік. Бірақ, бұл жерде өлген де, тірілген де әйел.  Ал ер адамның сезімі ше? Көріп отырып, ойланып отырасың. Егер әркім өз қалауынша ойнап-күлетін болса, онда неке не үшін керек? Отбасы құндылығы дегенді біз неге осылай жамап-жасқаған өтіріктер арасына орап-шымқап тастаймыз? Қасындағы сыңарын басқа біреумен алмастыру туралы ойдың өзі сол қасындағы адамға көңіл толмаудан шықпай ма? Әйелдер неге жылағанын ұмыта салады, әсіресе, қазақтың әйелдері? Тіпті сүйікті күйеуі тастап кеткен әйелдердің өзі осы бір нашар түс секілді кезеңін ұмытуға тырысатыны бар ғой, ал қызық қуып кетіп қалған, сыңарының жүрегін қанын сорғалатып жарақаттап кеткенін толық сезінбеген еркекті бір айнала беріп кешіріп үлгерген әйелдің комплексі көп пе,  сырты жас болғанымен, өмірді қабылдауы, көзқарасы кәрі ме, әлде шынымен әлсіз әйел ме, деп ойлап қалғанымыз да бар. Сөйтсек, мұның мәні басқаша екен. Бұл жайында «Сүйікті етші, сүйіктім» драмасын жазған Ақлима Исмаилдың пікірі біз үшін қызық болды. 

Ойлана келіп, екеуінің қосылғанын құп көрдік 

 

Драманың авторы Ақлима Исмаил өзінің алғашқы пьесасы туралы былай дейді:

- Әдебиетке кеш келдім. Білімімді толықтыру мақсатында курс іздедім. Құрбым, әдебиеттанушы Айнұр Төлеуден «Олша» әдеби курсы жайлы естідім. Ол курсқа түсу үшін конкурстан өту керек болды. Бос уақытта әуестеніп жазып жүрген әңгімемді проза бөліміне, пьесаны драматургия бөліміне жібердім. Солай драматургия бөліміне қабылдандым. Ол осыдан екі жыл бұрын болатын. Драматургия бөліміндегі ұстазым Дина Махметовадан алты ай сабақ алдым. «Сүйікті етші, сүйіктім» пьесасы сол жерде жазылған алғашқы пьеса.  Бұл пьеса республикалық «Ұлы дала» конкурсында екінші орынды иеленді. Пьесаның екі рет оқылымы болып, сонымен цифрлық сандықта жатты. Бір күні жазушы, драматург досым Әлібек Байбол сол пьесаны сұрады. Оқығысы келген шығар деп жібердім. Ол режиссерлерге жібергенін айтқанда аса мән бермедім. Артынша, Астана жастар театрының режиссері Нұрфат Вахитов хабарласып, пьесадағы тақырыптың өзекті екенін, оны қойғысы келетінін айтты. Пьесаның алғашқы атауы «Бумеранг» болатын. Онда әйел ерін кешірмей, өз бақытын тауып кетеді, яғни ер азаматтың жасаған айыбы айналып алдына келеді, бірақ режиссермен ақылдаса отырып, біз екеуінің қосылғанын құп көрдік.

Қазір, өкінішке орай, ажырасу көп. Қазақта ажырасу атымен болмаған. Қазақ әйелін қаңғытып, баласын басқаның бауырына бермеген, ұрпағын ұясында қалдыру үшін әмеңгерлікті де ойлап тапқан. Қазір заман басқа. Өкінішке орай, шаңырағы ортасына түсіп, оты өшіп жатқан отбасылардың саны күн сайын көбейіп келеді. Оның себебі көп, соның ішінде жиі кездесетін мәселе махаббат үштігін пьесаға арқау еттім. Кейіпкерлердің қателескенін, қиналғанын, өкінгенін, соңында түсініп, барын бағалағанын көрсеткіміз келді. Бір тарапты ақтап, екінші тарапты даттағым келген жоқ, жалпы шығармашылықта моральдің болғанын қаламаймын. Екі жақтың да жанайқайын жеткізгім келді. Әйелдердің тіршілікке тұмшаланып қалуын қаламаймын. 

«Әйел өзінің әйел екенін ұмытпауы керек» деген астары бар пьеса. Прозамда да әйелдер мәселесін көп көтеремін, өйткені әйелдің жанын әйелден артық ешкім түсіне алмайды. Менде осының барлығын режиссер аша ала ма, тұрмыс тұтқыны болған әйелдің күтпеген жерден қиындыққа тап болған сәтіндегі сергелдең күйін актер тереңінен алып бере ала ма деген сұрақ тұрды. 

Қойылым өзім күткендей болды. Режиссердің айтқым келген дүниелердің тамырын тап басқанына риза болдым. Екі ай бойы күні-түні дайындалып ойнап шыққан актерлердің шеберлігіне тәнті болдым. Олар ойнаған жоқ, олар сахнада өмір сүрді. Әрқайсысы өз роліне еніп, өзгені сендіре алды.  Біз режиссермен үнемі байланыста болдық, музыкасын, өлеңдерін бірге таңдап отырдық. Автор мен режиссер шығармашылық байланыста болу керек деп ойлаймын, әйтпесе пьеса түпкі айтар ойынан ауытқып кетуі де мүмкін.

P.S. «Сүйікті етші, сүйіктім, - осы уақыттың туындысы. Бүгінгі өмірге соншама жақын, диалогтарынан тез өзгергіш, құндылығын тез ауыстыратын бүгінгінің адамы анық көрінетін, параллельсіз, аллюзиясыз,  музыкаға толы дүние. 

 

Отбасылық дағдарыс кез келген шаңырақта болуы мүмкін, бірақ, содан кім қалай шығады? Балалар үшін деп, елден ұят болмасын деп қана одақтың бүтіндігін сақтап жүрген, сырт көзге «махаббат пен үйлесімнің» бейнесін көрсетіп жүрген қаншама жұп бар? Бұл фарс кімге керек? Бұл ойландыратын, көріп отырып ішіңде сұрақ пайда болатын дүние. Ал кез келген шығарманы көтеретіні сол тұсы. Шынымен де екі адамның өзара құрған одағына тазалығы, сүйіспеншілік пен сенімге қылау түсірмеу, некені сақтау, отбасылық драма - мәңгілік тақырыптардың бірі. Демек, көрермен ой алып кетеді деген сөз. Премьера құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар