Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Гаэтано Доницетти «Қоңырау, немесе Дәріханашының а...

12.04.2024 1342

Гаэтано Доницетти «Қоңырау, немесе Дәріханашының алғашқы неке түні» 14+

Гаэтано Доницетти «Қоңырау, немесе Дәріханашының алғашқы неке түні» - adebiportal.kz

Кешеден бері «Астана Опера» театрында Гаэтано Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының алғашқы неке түні» атты комедиялық операсы өтіп жатыр. «Қоңырау» - шағын қалашықтың дәріханасында өрбитін махаббат пен шиеленіскен қарым-қатынас жайлы хикая. Оқиға желісі бойынша барлық назар қарт дәріханашыға тұрмысқа шыққан және онымен алғашқы неке түнін өткізуге дайындалып жатқан бойжеткенде болады. Есіктің қоңырауын үздіксіз баса беретін Серафинаның жас ғашығы Энриконың пайда болуымен ерлі-зайыптылардың рақат өмірінің шырқы бұзылады. Энриконың әрбір келуі нағыз моноспектакльге айналып, көрермендердің таңданысын тудырып, күлкіге қарық қылады. Осы спектакль туралы «Астана Опера» театрының мамандарын сөзге тартқанды жөн көрдік.

«Astana Opera» халықаралық опера академиясының атқарушы директоры, Айсұлу Тәни кезекті опера туралы былай деді: “Жалпы опера қою бұл -  Халықаралық опера академиясы оқу үрдісінің ішіндегі міндетті жұмысы. Биылғы жылға бұл екінші опера. Бірінші опера - ақпан айында қойылды. П.Чайковскийдің «Иоланта» деген операсын үлкен залда қойдық. Ендігі операмыз Гаэтано Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының алғашқы неке түні» деген операсын қоймақпыз."

- Бұл опера камералық залда өтеді. Әрине, біздің академиямыздың солистеріне ол жаңа бағыт. Өйткені камералық опера мен үлкен залда қойылатын опера екеуінің айырмашылығы бар. Себебі, оркестр кіші құрамда алынады, бұның өзі камералық операның өз ерекшелігі. Қазір бізде опера қоюдан басқа, академияның оқу үрдісі де өте күрделеніп келеді. Актерлік шеберліктен тыс, қосымша неміс тілі, француз тілі, итальян тілі секілді тілдер де өтіліп жатыр. Ол аз десеңіз, биылғы жылдан бастап біз хореографияны да қостық. Аптасына бір рет біздің солистер станоктың жанында балет  залында хореографиядан өтіп жатыр. Одан басқа тағы да жоспарларымыз бар. Ал дәл қазіргі уақытта, осы жұма тығыз жұмыс аптасы болғалы тұр. Өйткені он бір, он екісі біздің солистер екі құраммен «Қоңырау, немесе Дәріханашының алғашқы неке түні» операсын орындап шыққалы тұр.

- Бізге италиядандық коуч пианист Алессандро Бенини осы ақпан айының аяғында келген. Ол кісінің қызығушылығын оятқан - қазақтардың итальян операсын қалай орындайтындығы болды. Біздің даусымызды ол кісі қатты ұнатып кетті. Сондықтан бұл кісіні екінші мәрте шақырттық. Тоғызыншы сәуірден жиырма жетінші сәуірге дейін ол кісі қайтадан Астана қаласында болады. Осы жолғы ол кісінің шеберлік сыныптарының тақырыбы «Любовный напиток» операсы. Ол біздің солистердің биылғы академияны бітіргенде орындайтын операсы болмақ.  Оны сахналау жиырма алтыншы, жиырма жетінші маусымға жоспарланып отыр. Сол операмен академияны биылғы солистер тәмәмдайды да, шілде айының басында өздерінің сертификаттарын алады. Сондықтан да Алессандро мырзаны біз екінші мәрте күтіп отырмыз,- деп өз сөзін түйіндеді. 

"Астана Опера" театрының дирижері, спектакльдің қоюшы дирижері Баймурзин Руслан Талғатұлы да спектакль туралы өз пікірін білдірді. 

- Бұл операға біз шамамен екі айдай дайындалдық. Өйткені Гаэтано Доницеттидің осы операсы оның ең жарқын операларының бірі болып саналады. Өзі формасы кішкентай болғанымен, өте қызықты, юморға, мелодикаға толы опера. Сонымен қатар бұл операның жанры опера фарс деп аталады. Фарс дегеніміз - комедия деген ұғымды білдіреді. Сол себепті бұл опера басынан аяғына дейін комедияға толы болып келеді. Сонысымен бұл опера өте қызықты, өте көңілді, - деді дирижер.

Ал,  музыкаға тоқталып кетсек Доницетти өзі музыка жазумен бірге драматург болған. Либреттолардың көбісін өзі жазды. Сол себепті гармониялық тұрғыда өте қызық. Драматургиялық тұрғыдан алғанда да сондай өте тартымдылығы жоғары опера болып саналады, - деді сөзін түйіндей келе.

- Енді оркестрге тоқтала кетсек: Опера қанша шағын сахнада орындалды десек те, оны орындап шығу үшін өте салмақты дайындалу керек болды. Сол себепті оркестрде шамалы бір қиындықтар болды. Өйткені бұл опера негізі үлкен сахналық  оркестрге жазылған шығарма. Енді біздің театр Piccolo театрының аясында болғандықтан, оны орындау үшін оркестр құрамын қысқартуға тура келді.  Себебі, опера үлкен залда емес камералық залда қойылады. Ол жерде оркестр толық құраммен қатыса алмайды, тек камералық құраммен болғандықтан орындаушыларды да қысқартқан едік. Оны жасаған біздің аранжировкашы Әлихан Ыдырысов. Енді менің ойымша, бүкіл операның мазмұнын ең  қызықты, ең керекті нәрселерін сақтады деп санауға болады, - деп сөзін жалғады.

Енді әншілерге тоқталып кетсек. Қазір біздің жастар өте талантты. Бірнеше опера, бірнеше концертке қатысып үлгерген, тәжірибе жинаған әншілер. Сол себепті біздің осы жаңа жобамыз, жаңа шығармамыз операға келетін көрермен көңілінен шығатынына күмәнім жоқ. Бізде бұл опера осылай кіші құраммен осы камералық залда орындап отырған төртінші опера болып саналады. Сонымен қатар, осы камералық залдың опералары өте қызықты болады. Олардың артықшылығы: оркестр әртістер мен көрермендер өте жақын, тығыз байланыста болады. Сол себепті көрермендердің әртістердің іс-қимылдарын, мимикасын жақын әрі анық көре алады. Бұл операның артықшылығы сол деп есептеймін, - деп бұл жолғы қойылымның не үшін камералық залда болатынын түсіндіре кетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар