Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Даласындай дарқан дарын...

28.10.2022 3323

Даласындай дарқан дарын 14+

Даласындай дарқан дарын - adebiportal.kz

ІЛИЯ ЖАҚАНОВ ЖАЙЫНДА ОЙ-ТОЛҒАМ

 

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

университетінің оқытушысы,

Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Құстың қос қанатындай қазақ әдебиеті мен музыка өнерін қатар сермеп, қазақ руханиятының көгінде қырандай самғаған көрнекті композитор, қарымды қаламгер, ыждаһатты өнер зерттеушісі, кәнігі суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановтың есімі дара аталады.

Мақалада халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, қайталанбас талант иесі Ілия Жақановтың композитор, жазушы, өнер зерттеушісі ретіндегі ерекше еңбегі, ұлттық музыка жауһарларын түгендеп, Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де лирикалық, сыршыл әндерімен танылған сазгердің Арқаның ән мектебін зерттеуге қосқан сүбелі үлесі жан-жақты сөз болады.

Ілия Жақанов!

Туған халқымыздың ән, әншілік өнерін өзекжарды өбектей сүйген, сүйіп қана қоймай, сол ұлы да ұлық өнерге өлшеусіз олжа салып келе жатқан кесек тұлға Ілия Жақановтың ардақты есімі бізге Біржан мен Ақандай, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтай, Әсет пен Естайдай, Иманжүсіп пен Жаяу Мұсадай, Жарылғапберді мен Ғазиздей Мұхит пен Исадай аса қадірлі де қымбат. Өйткені тұла бойына тума табиғат сан қырлы, мың бір сырлы өнер атаулыны соншалықты жомарт мырзалықпен сыйлай салған Ильяның зерделі зерттеулер арқылы тарихтың шаң басқан қазыналы қоймасынан сілки аршып алып, тот баспас сом алтындай бізге қайта жарқырата ұсына білген біліктілігі шексіз разылық сезімге жетелейді. Бұл орайда Ілия Жақанов өз бойының тұмба тұнығы іспеттес сыршыл лиризмге бай композиторлық қуат күшінің арқасында синкретті өнердің көшбасында тұрған Біржанның да, Ақанның да, тағы басқа Арқа ән өнерінің небір дүлдүлдері мен бұлбұлдарын бір бірімен шатастырып, алмастырмас ерекшеліктерін жыға танып, шебер ажырата отырып, сахи дала саңлақ сазгерлерінің ғажап әндік, әншілік дәстүрін жібек талды арқандай мінсіз өріп түсіреді, төгілдіре терімдеп кетеді. Жазу, сызуы жоқ ықылым заманнан бермен қарай көш-керуен үстінде келе жатқан сан мың әуенді музыка өнерінің өрісті де өскінді қалпын қапысыз қарпып қамтыған сөйтіп өз бойына сіңірген Ілия Жақанов ұлы әншілердің әндік стихиясына бойлаған сайын небір ғажап сырларға тап келіп, солардың сиқырлы кілтін тапқандығына әрі тәнті, әрі сүйсіністі хал кешесің.

Арқаның әншілік мектебі аталатын орта орнықтырған жауһарлы жәдігерлері тақта-тақтасымен қатталып жатқан қазыналы күміс көмбенің көзін ашқан Ілия бір ғана зерделі зерттеу еңбектерімен-ақ өз әріптестерінен, яғни музыка тарихын зерттеушілерден оқ бойы озық тұрғандығы атқан таңдай ақиқат. Оның қаламынан ақ қағаз бетіне інжу-маржандай төгіліп түскен сан арналы зерттеулерге желі тартқан «Аққу қонған айдын көл», «Үзілген ән», «Қайта оралған ән», «Еділ-Жайық» деректі кітаптарына үңілсеңіз, болмаса ұлы күйші, киелі қыл қобыздың құдіретті иесі Ықыласқа арналған романын парақтасаңыз Ілия Жақановтың музыка әлем-айдынына терең бойлап барар жан сергектігі мен қиял-болмысының кереге қанатты қырандай зау биікке қапысыз самғап шыққан шырайлы шабытынан арайлы сәуле ашар едіңіз. Ілекеңнің бұл тұстағы деректі негізде жазылған ерен еңбектерінен оның ірі де іргелі зерттеулерге байыппен батыл бара білер білімдарлығы мен музыканың сиқырлы, сырлы құбылыс қалтарыстарын жыға таныр тектілікті аңдарыңыз сөзсіз. Бұл зерттеулер қасаң баяндаудан ада, қызығы мол құмарта түсер көркемдігімен оқшауланады.

Өзіміз кезінде куәсі болған ұлы Біржан салдың өлмес өмір реквиіміндей естілер «Айбозым» әнін іздеп тапқан Ілия аға ұлы Леонардо да Винчи, Рафаэль, Микеланджелолардың сыны кетпесе де сыры кеткен суреттерін қайра қалпына келтіруші итальян рестовраторларындай жанкешті еңбегін білетін едік. Есте жоқ ескі күндерден үзік-үзік болып құр сүлдесі қалып жеткен ұлы сарынды байыппен тамсана тыңдаған ол Шаймұхан қарттың жарықшағы мол мүкіс үнінен аршып алған, сөйтіп ән мінезіне лайық қайырма қосып, ине жіптен жаңа шыққан масаты кілемдей жарқырата жасандырып берген Ілия өнері ірі талғам мен талғампаздықтың қасиетті жиынтығын танытқандай еді.

«Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым, // Ел шалғай, жүре алмадым, жалғыз өзім», – деп егілген қарт Біржан келмеске кеткен думанды күндерін сағынған сәттегі жан тебіренісін сездірер жүрек лүпілін ән әуенімен осылайша жеткізе алған-ау дейсің. Одан әрі күйікті сезім сағыныш жарасына у қотарғандай хал кештіріп келіп: «Сүйікті сүйіскенді сағынғаннан, // Талады қарай-қарай екі көзім. // Өзіңнің теңдес құрбың болмаған соң, // Өтеді енді кімге айтқан сөзің», – деп болдырып барып, босаң тартып, мына тұрлаусыз тірліктің жалғандығын мойындағандай жаны жасып қалады, сен де ұлы әншімен бірге егіліп, жас болып төгіліп-төгіліп кетесің «Паһ-шіркін!» деп құсалық халге түсесің. Осы күйікке Ілекеңнің өзі қосып жіберген ащы зарлы қайырма келіп қосылғанда ет жүрегің тілімделіп өксікті күймен от кешесің, Біржекеңнің бастан өткерген өксікті нала зарын сен де терең сезініп, күйзелесің.

Міне, ән құдіреті, өлшеусіз өнер өктемдігі деген осы. Сөйтіп Ілия Жақановтың енді болмаса мүлдем ұмытылып, ел есінен шығып қалар хал кешкен атақты «Айбозым» әні жалғанның жарығына осылай келді. Кәрі құлақ Шаймұханнан есітіп жазып алып, белгілі әнші Қайрат Байбосыновқа үйреткен Ілекең бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок қыстағындағы қоңыр үйдің сандығында сақталып келген ұлы туынды өмірге қайра келді. Жай келген жоқ, ұлы Біржанға ғана тән текті туындымен, өмірден баз кешкен ұлы әншінің ақырғы аманат арманымын деп келді. Қазақ даласын шарлап кетті бұл күнде.

Осы орайда Ілия Жақановтың естелігінен мына бір тұсты тағы бір қайталасақ еш артықтық етпесе керек. «... Шаймұқан ақсақалдың орындауында жазылып алынған негізгі нұсқа, оған ілесе Қайрат Байбосыновтың «Айбозымы» шырқалды. Новелла біткен сәтте телефон шылдыр ете түсті. Тыңдай қалдым. Халық композиторы Сыдық Мұқаметжановтың ойлы, қоңыр үні.

- Новелланы тыңдадым. «Айбозымның» қайырмасы жоқ дейсіз, жоқ емес, бар! Біржан салдың өз рухы, өз лебі, ол. Ал, бұл қайырма қайдан шықты? Мен Сыдыққа бар шынымды айттым.

- Ә, бәсе, солай болу керек. Біржан салдай ән ардагерін түсінген жүректің ісі, ол. Табиғи қиысып, астасып жатыр, тұтас құйылған бір, асыл дүние болыпты. Адалдық деген осы! – деді Сыдық».

Міне, Ілекеңнің Біржан бабасы алдындағы адалдығын, ән мінезін одан әрі байытып, байсалдандыра түскен еңбекке ұлы композитор Сыдық Мұқаметжанов осылай баға беріп отыр. Берілер әділ баға да осы ғой. Бұл аз олжа емес еді. Егер де Ілекеңнің жоғарыда аталған зерттеу еңбектерінің басын құраған көркемдігі келісті деректі новеллаларын тағы бір сүзе, елей екшей оқыр болсаңыз есімдері еленіп, еленбей келген он сан өнерпаз әншілердің тағдыр талайына тап боласыз, олардың әндерінің шығу тарихын жыға танитын боласыз, автордың зерделілігінен тоят табасыз. Мәселен Ақан серінің «Балқадишасының» тууы Үкілі Ыбырайға жасалған қысастық, Иманжүсіп тағдыры, Жәлмендінің Пышаны, Әсеттің белгісіз «Ардағын» іздеу тарихы, Бүркітбай, Сұлубай батырларға қатысты соны деректер, Шортанбайдың «Жиырма бесі», Шама, Ноғайбай соқыр, Тоғжан соқыр, Құдайберген, көкшелік ірі әнші Жаналы Қалиевтен жазып алған «Есіл өзен» әні тәрізді мол мұраларды тірнектеп жинаған Илья Жақановтың жанкешті ұлан-дәрия еңбегін ойымыздың мизам таразысына тартар болсақ баға жеткізгісіз құндылықтар екендігі ақиқат. Бүгінгі ұрпақ, қазақтың әндік, әншілік мәдениетінің уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен ұлылы-кішілі тұлғаларды өмірге екінші рет өлместей етіп әкелген Ілекеңнің зерткерлік зерделілігі үшін бас иеміз.

Бір әннің тарихын танып, білсем, туған жұртымның кәдесіне жаратсам деп қазақия даласын сүзе аралай кезген мыңдаған шақырымдар мен ұбақ-шұбақ сапарлар, шөмеледен сынық ине іздегендей хам-харекеттер, он сан адаммен пікірлесу, солардың көкірегінде қалып қойған әуен сілемдері, әуез жұрнақтарын жиыстырып алудағы ұлан асу, ұлы еңбек тек Ілекеңнің қарым қуатымен, темір топшылы тегеуірін, төзімділігімен ғана жүзеге асқан-ау дейсің. Көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев Ілия Жақановтың «Үзілген ән» кітабына жазған алғысөзінде «Ілия әр әннің қыбын тауып, әлеуметтік мәнімен қатар суреттелер кезін, әншінің ақжарқын бейнеде ұтымды көрінер сәтін жіті бақылай біледі. Осымен оқушысын тұмырықталған тайлақтай жетелеп, айтқанына көндіреді, тыңдатады, сендіреді», – деген болатын. Бұл жазушы Ілекеңе, зерделі зерттеуші Ілекеңе, өзін іңкәр еткен әншілерге деген құрметкер Ілекеңе, қазақтың ән, әншілік өнерін зерттеуге мол олжа салған Ілия Жақановқа берілген әділ де оң баға деп есептейміз. Біз салған жерден Ілекеңнің композиторлығынан бұрын зерттеу, ән тарихын, оның иелерін іздестіру жолындағы еңбектерін ауызға алдық. Өйткені бүгінгі қазақ иісті ағайын Ілия Жақанов кім десеңіз, оның «Еділ-Жайық», «Жалғыз қайық», «Әсел», «Жайлаукөл кештері», «Бозқарағай», «Ағады Ертіс», «Алматы кешінде», «Балқантау», «Нені ойладың», «Толағай» тәрізді он сан әндердің авторы деп біледі. Ол заңды да, әйтсе де Ілекең тәлімі мол зерттеулері арқылы өлмес мұра өрісін ашты емес пе? Бізді де қатты қызықтырғаны, жұрт көңілін осы тұсқа құлатсақ деуіміз де содан. Сөз жоқ, Ілия Жақановтың композиторлық таланты төңірегінде толғанар болсақ оның сыршыл мінезге толы, Еділ мен Жайықтай мамырлай жылжыған мақпал толқындай немесе Жайлаукөл кешінің жан сергітіп, қиялыңа қанат байлар жібек самалындай қоңыр қалыпты сырлы сазды әндерінің авторы ретінде Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Сыдық Кәрімбаев, Бекен Жамақаев, Әбілахат Еспаев, Бақытжан Байқадамовтар бас құрайтын ұлы кагортаның бел ортасында тұрғандығын ақиқаттайды. Құлақ кесер ащылықтан ада, сезімнің шыңыраулы тереңінен шымырлай шығатын шырайлы әуен алпыс алты тамырыңды қуалап келіп жүрек басына барып байланып алады да бой балқытар қалпымен әлдилей береді, тербете береді. Бір ғана «Еділ мен Жайық» әнінің шығу тарихына үңілейікші. Сөзін ақиық айбынды ақын Жұбан Молдағалиев жазған. Өйткені осы қос өзеннің көктей ағып өтер өлкесінде туып, өскен Жұбан ағаның Еділ мен Жайыққа деген ықыласты іңкәрлі сезімі ерекше екендігі сөзсіз. Әйтсе де Ілекең әнмен қоса оның текстіне де терең талап талғаммен қарайтындықтан ақын ағасын әлденеше азапқа салып қинаған жайы бар. Өзінің жан сарайын керней ақтарылғалы тұрған текті әуенге лайық текст табылар емес. Жұбан ақынның бір емес бірнеше өлеңі нұсқасын жаратпай тастаған. Жаратпағаны емес, ән әуенінің ажарын ашып, мазмұнын тереңдете түсер сөз тумай тұр. Тәкаппар ақын ашуға басты, жазбаймын деп тулап бақты. Бірақ Ілия өкшелеп қалар емес, жазасыз, жазып бересіз деп жаналқымға алды. Ақыры шығармашылық азаптың шырғалаң шынжырын үзіп, бұзып жарып, жарқыраған жаңа текст өмірге келді: «Құлпырады дала, гүлдейді орман, // Емізеді егіз Еділ мен Жайық. // Ақ шағала айдын, ақталған арман, // Тербеледі кеме, ойнайды қайық. // А-а-а, ағады шалқып, // Аққулары қалқып, // Еділ мен Жайық! // Шырқалады әндер, жан жүрек іңкәр, // Сылқылдайды сұлу Еділ мен Жайық. // Әуелейді адам, самғайды сұңқар, // Шығандарға, шыңға қанатын жайып».

- Саған ешуақытта өлең жақпайды екен, Ілия!» – деп бір кезде қағазды умаждай лақтырған Жұбан ақын «Еділ-Жайықты» тыңдап отырып, «Мына әнмен сен, Ілия, талай жерге барасың. Рухы зор ән екен!», – деп адал бағасын берді емес пе? Міне, өз шығармашылығына соншалықты қатал сыни тұрғыдан қарай білетін қайратты талант әннің өлең текстіне соншалықты парасатты пайыммен қарайды, азуын айға білеген Жұбанның өзінен де қаймықпай ойнақы да отты, ішкі ырғағы әнге сұрана үйлескен өлеңнің тууына тікелей себепкер болды. Күлді-бадам бірдеңелерді әнге тықпалайтын «текстовик» ақындарға осы мысалдың өзі-ақ біраз жағдаятты аңғартса керек дейміз.

Осы орайда ИІлияның ақын Еркеш Ибраһимнің «Жалғыз қайық» өлеңіне жазған сыршыл да мұңшыл көңіл пердесін дөп баса алған ғажап талантын ерекше разылықпен еске алу керек дейміз. Ән тексті дегеннен шығады, Ілекең бұл орайда да аз олжа арқаламаған талант. Оның «Даниярдың әні», «Әсел», «Едірейдің еркесі», «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме», «Сырымбет», «Қыземшек», «Шолпан жұлдыз» тәрізді бірінен бірі өткен әндерге өзі өлең жазды. Солардың ішінде терең сырлы, қоңыр мақпал әуенді, мөлдір сезіммен тербетер «Толағай» әнінің жөні бөлек, сырлы сымбаты оқшау! Ән құдіретін оның сыңғырлы сазын қағаз бетіне түсіру мүмкін емес, оны тыңдау керек...

Толағай таудың түнгі кеші, мақпал самал жан сергітеді, қиялың дала кезеді, жас жігіт еркесін күтіп елегізеді. Жылқышы жігіт қол бұлғап шығарып салған еркесін елеңдеп іздейді, сағына, сарғая тосады. Мөп-мөлдір мақпал сезім жан тербейді. Осы бір жан жадыратар сұлу суретті өлең тілінде қапысыз жеткізген авторды ақын демей көріңіз. Осы бір ғажап суретке ғашық көңілдің арманды аңсарын тоғыта тербете, тебіренте жеткізе алған ән құдіретін қосыңыз. Жобасы Ілекеңнің «Толағайы» «ауылынан аттанып кеткенде ақ боз үйге сүйеніп» қала берген «Баянауыл» әніндегі сұлуды еске түсіреді-ау деймін. Мөлдір сезімнің сұңғатты сипаты, тоғысқан көңілдің көрікті көрінісі осындай-ақ болар дейсіз.

Синкретті өнердің құдіреттілігі де осындай болмаққа керек. Ендеше Ілекең де осынау өнердің синтезді қосындысындай синкретті сипат сырын терең сезіне алғандығымен, сахи даланың өнер саңлақтарының үзіліп қалмас заңды жалғасын бүгінгіге есен-аман алып келген ірі талантымен сүйсіндіреді. Осы орайда Ілия Жақанов әндерінің киіз туырлықты қазақ жұртына несімен жақын, неге қымбат деген сауалға жауап іздесек, ең алдымен Ілекең әндерінің қазақтың төл тума тарихи таным, түйсігімен, дәстүрлі ұлы қазыналы әндік мұрасымен қойындасып жатқандығынан деуге толық негіз бар. Даланың ұлы әншілерінің дәстүрлі әншілік, әндік мектебінен мол мұра иеленіп, үйреніп, кемелденіп өскен Ілияның басқа тұсқа бұра тартуға, болмаса европалық даңғазалы какафониялы әуенге әуестігі жоқ қалпын сақтай білген мөлдірлігі оның бабалардан қалған әндік, әншілік сипаттарды соны сапалық деңгейге көтеріп кете алды. Бұл, әрине, оңай жүк емес-ті. Дей тұрсақ та Ілия әндері өзгелерге ұқсамайтын өзіндік әуен, әуездік әрлілігімен, ішкі қуат күші сыртқа тепсінген тегеурінді нәрлілігімен дараланатындығын бөле-жара айтқан ләзім. «Даниярдың әні», «Әселім» қырғыз топырағына қатысты десек те бұларда да қазақи топырақтан кіндік үзіп кетпеген, қайта екі бауырлас халықтарға ортақ әуен пернесін дөп басқан ықылым дәуірден жалғасып келген текті қасиеті мол құбылыс деуге саямыз.

«Дарқандығы даладай» дейтін ұғым аясында сөйлер болсақ Ілекеңнің шығармашылығында қадау-қадау ұстын діңгектей өз орны бар «Толағай», «Сырымбет», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Еділ-Жайық», «Жайлаукөл кештері» әндерінің бойына сол даласынан дарыған дарқан дарындылықтың нұрлы сипаттары мол сіңген. Бұл әндердің қайсысы болсын туған топырақ, оның сұлу табиғатына деген іңкәрлі сағыныш сезіміндей мөлдірей қалған моншақ реңктес қалпымен қатты қызықтырады әрі жан сезіміңді сұлу сазымен елітеді. Ән басталады, аяқталады, ал сен болсаң басталған сол ән аяқталмаса екен, жалғасып кете берсе екен, сонау бір көз ұшында көлбеңдей жатар көкжиектен әрі асқанша айтыла берсе, шырқала берсе екен дейсің. Ал көкжиектің жеткізбейтіндігін, сен ынталана ұмтылған сайын ұзай түсетіндігін білесің. Біле тұра Ілекең әнін ұзақ, тым ұзақ тыңдай бергің келеді, жеткізбес көкжиегін қуалай сенің де жан сезімің ән әуенімен әуелей самғап биіктей береді.

Тағы да Сыдық Мұқаметжановтың: «Мен «Ғасырлар үні» ораторияма «Елім-айды» негіз етіп алып едім. Ораторияны ұстап тұрған сол ән. Ал, сен «Еділ-Жайық» арқылы «Елім-айдағы» қаһармандық мұңды халықтың аңсаулы арманы етіп патетикаға көтердің» деген бағасы ойға оралады. Бұл қызғаныш, қазымырлығы жоқ аға әріптесінің Ілекең талантына берген әділ бағасы ғой. Бұдан асырып не айтуға болады.

Көкшетауға толғанысты сағынышпен келген сайын қауышып қалар ағамыз әр келісінде үлкен жаңалық ала келетіні бар. Өткен бір жылы келгенде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен «Сал-серілер» мектебін ашып бергеніне куә болып едік.

Сонда Ілекеңнің: «Көкшетау Біржан мен Ақанды, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақты беріп қана қойған жоқ, оның бүгінгі ұрпақтары сол сал-серілер дәстүрін үзбей жалғастырар талантқа да бай. Ендеше бұл мектеп сонау Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері дәстүрлерін одан әрі жалғастырып, Арқадағы ән мектебінің дәстүріне қылау түсірмес деген ойдамын», – деген жүрек тебіреністі сөзі әлі есімізде.

Ілия Жақанов! Бұл аяулы есім біз үшін, туған халық үшін аса қымбат. Себебі ол өз бойындағы ғажап талантын, сол таланттан туған әуезді әсем әндерін, зерделі зерттеу еңбектерін мәдениетіміздің мәнді де мазмұнды дамуы үшін сарқа жұмсап келеді. Ал тума таланттың туған халқы алдындағы еңбегі сол халқының ұлы аңсар мұраттарына қызмет етіп жатса, одан артық бақыт бар ма?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар