Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Дәуітәлі – дәуір...

03.05.2021 4767

Дәуітәлі – дәуір 18+

Дәуітәлі – дәуір - adebiportal.kz

Өткен ғасырдың жетпіс екінші жылының жазы еді. Сол кездегі үрдіс бойынша орта мектепті бітіріп, екі жыл әскери міндетімді Карелияда өтеп жүрген едім. Елге он тәулікке демалысқа келіп, Алматы арқылы қайтарда бұрын өлеңдері арқылы сыртынан таныс Дәуітәлімен жолығысып, дәмдес болып қалдым. Әскерде жүргенде анда-санда артымыздан сәлем-сауқыт келіп тұратын. Менің поэзияға ынтықтығымды білетін Үміт пен Қадиша әпкелерім «Жұлдыз», «Жалын» сияқты журналдарды да посылкаға салып тұратын. «Жалынның» бір санынан Дәуітәлінің суретімен бірге басылған бірнеше өлеңін қызыға оқып, тіпті біреуін жаттап та алған едім.

Түскі ас кезінде Панфилов паркінде кафеде отыр едім, қасында бір азамат бар Дәуітәлі кіріп келіп, мен отырған столға жайғасты. Мен оны бірден танып, дәм ұсынып, поэзиясын бағалайтынымды айтып, «Сүйем ғой сені, сүймейтін сонша несі бар» деп басталатын өлеңін оқып жібердім. Ол әдемі жымиып:

- Жырды жақсы оқиды екенсің, өзің қай жақтансың, қайда қызмет атқарып жүрсің? - деп сұрады. Мен Семейдің Аягөз өңірінен екенімді айттым. Ол бірден:

- Ой, керемет! Қозы-Көрпештің жерінен екенсің ғой -, деп риза болып қалды. Қасындағы ол кезде өрімдей жас, қазіргі танымал филолог-ғалым Серік Негимов:

- О, Дәуке, сенің жырыңды қиыр шеттегі солдат та жатқа біліп отыр, түбі мықты ақынсың, алысқа барасың - деп көтермелеп қойды.

Арада бір-екі жыл өткенде жас отау болып, Алматыға тұрақтап, жақын туысым Несіпбек ақын арқылы Дәукеңмен үй-ішімізбен жақын араласып, дос, туыс болып кеттік. Тіпті балаларымыз да бауырласып кетті. Аға-інідей бірге жүрген жылдарда Дәукеңнің дыз етпе шапшаң мінезіне әбден етім үйреніп кеткен. Қандай дызылдақ, ашуланшақ болғанымен өте әділ еді және аузынан ешқашан біреуге ғайбат сөз айтқанын, немесе сөз арасында болсын боқтық қосқанын естіген емеспін, және осы қасиетін бас ие бағалайтынмын. Бірдеңеге қатты ашуланғанда, ернін жиыра, желке шашын сілтіп тастап:

– Аспанда бұлттар, жерде қырттар! - деп жүріп кететін. Өз ортамызда осы теориясын Сәулебек пен Сыздық марқұмға жиі бағыттайтын.

Бір жылы Алматыға Ленинградтық Сергей Макаров деген жас ақын келіп, Несіпбек пен Дәуітәлінің тағы бірқатар ақындардың өлеңдерін аударуға кіріскен.

Шіркін, Алматының бал сырасы кімдерді табыстырмайтын! Онымен де достасып, кезек-кезек қонақ етіп қолпаштап жүрдік. Барған үйімізге қона жататын кедей жомарт кезіміз ғой. Қайда отырсақ та ән-күй, домбыра, Сергей есі кете елтіп тыңдайды. Біз бірімізден соң біріміз домбыраны қаққылап әнге басатынбыз. Дәукең арқа әндерін ерекше баппен, беріле айтатын. Дауысы жағымды еді. Кей-кезде менің зайыбым Сәнәт марқұммен бірігіп, «Гаухартас», «Япур-ай» сынды әндерді төгілте салатын. Фәрида екеуі бірігіп, «Еркетайым» деген әнді керемет айтатын. Әншілігіне қоса домбыраны да бабымен шертетін.

Бір күні Несағаның (Несіпбектің) үйіне қонып шықтық. Несағаңның күні бүгінге дейін күндізгі оннан ерте тұрғаны сирек. Түнімен өлең жазып, таңға қарай сұлайтын. Сергей екеуміз сағат тоғыз мөлшерінде Дәукеңе звондап өзіміздің сүйікті сыраханамызға бет алдық. Көп күттірмей әдетінше сықиып киініп, галстугін тағып Дәукең де жетті. Марқұм сыраханаға да галстугін тағып, сыланып-таранып келетін. Бұл енді туа бітті дегдарлығынан болса керек. Оның үстіне татари тиянақты Фәрида ханым да үлесін қосатын шығар, әйтеуір әдемі, таза киініп жүретін, марқұм-ай.

Келсек сыраханаға таңғы шөлмен Қазақфильмнің біраз таныс жігіттері жиылып қалыпты. Анадай жерде түбі Қиыршығыстан шыққан бір қысық көз тапал қара дойбы тақтасын жайып қойып, қарсылас біткенді қоғадай жапырып, ұтысына екі саптаяқ сыра алдырып шайқап отыр. Онымен қоймай қасындағыларға, «Еркін ішіңдер, тартынбаңдар бұл қалада мені дойбыдан ұтатын әлі ешкім тумаған» деп елеуреп, алқынып отыр. Айналасы жыпырлаған сыра толы саптаяқтар.

Мұны көрген намысқой Дәукең алдындағы саптаяқты босата сап, мені апыл-ғұпыл қолымнан сүйреп, сыртқа шығып бара жатып, әлгіге:

– Ты не уходи, я тебе сейчас чашешнего Бога приведу -, деп Несағаңның үйіне алқына кіріп, ерке қылықпен оның қарсыласқанына қарамай төсектен сүйрей тұрғызып, трикосын шала-шарпы кидіріп домашний тәпішкесімен сыраханаға сүйрелеп әкелді. Несіпбектің студент кезінде дойбыдан Алматы қаласы бойынша чемпион болғанын біледі ғой.

Несағаң келе сала әлгіні тыпырлатты дейсің, бас көтертпей бес партия қатар ұтып, бос тұрған столға сыра толы саптаяқтарды қаптатты-ау. Тегін сыраға біздер қарық. Айызы қанып, арқаланып алған Дәукең елден ерек асқақтап алған. «Тағы, тағы, еще одна партия» - деп өзеурейді. Анау сасқанынан дойбысын тастай қашты дейсің.

Беу, қайран жас дәурен-ай, қай қызығыңды айтып тауысарсың, сенің!

Мен сонда Сергейге Несіпбек пен Дәуітәлінің бірнеше өлеңдеріне подстрочный перевод жасап берген едім. Ол өлеңдерді Сергей Ленинград баспасынан «Пулковские звезды» деген атпен жеке кітап етіп шығарып, бізге бір-бір данасын жіберіп еді. Ішінде маған арнаған өлеңі де бар. Әлі күнге өткен өмірдің жарқын беттеріндей кітапханамда сақтаулы тұр.

Шәкәрім қажы айтқандай «Сауық сайранға толы» күндеріміз көп еді. Жақсы жырды іздеп, таңдап оқитын құштарлығым басылған емес. Бірде Дәукең екеуміз әдетімізше тобылғы торы сусынымызды толқыта оның сиясы кеппеген жырын тыңдап отырғанбыз. Мен адвокаттық кезекті бір гонорарымды алып Ірбіт шапқан байлардай болып отырып:

– Ой, Дәуке, биылғы жаз қандай керемет, шіркін екеуміз бір пойызға отырып, ортамызға бір жәшік «жигули» сырасын қойып, сен жыр оқып, мен тыңдап дегендей, мына қапырықтан шығып кетсек қой -, дедім әзілдеп. Ол бұйра шашын сілкіп тастап:

- Оу, оның несі қиын, давай кеттік, Фәрида мен Сәнатқа звондай саламыз, әй, бірақ қайда барамыз, қай жаққа жүреміз? - деді. Мен оның жол жүруге бекем болып тұрғанын құптап:

- Давай Таңсыққа тарттық, Қозы мен Баянның басына барып қайтамыз - дедім, қуаттап.

Айттық бітті, табанда шешетін кезіміз, Әсет ақын айтқандай, «тайсалып көріп еді көңіл неден» дегендей орнымыздан тұра салып екінші Алматы вокзалына таксилеттік. Жолдан жаңағы айтқан қимасымыз, сол күні құйылған бір жәшік «жигули» сырасын өңгере вокзалға жетіп, енді Семейге жүргелі тұрған жүрдек пойызға жолсерікпен келісіп, бармағына лениннің басы бар бір күлгін қағазды батырып, жеке купеге орналастық. Пойыз қозғалған соң сыртын қырау басып тұрған бір-бір шөлмек суық сыраны ашып алып, кенеттен үзілген әңгімемізді жалғадық дейсің!

Дәукең беріле жырларын оқып, мен тағы да Әсет ақын айтқандай «Қасында хазіреттің шәкірт едім, осы өлең адастырды-ау ақтық жолдан» дегендей бар ынтаммен тыңдап, таң ата сырамызды сарқып, Таңсық бекетінен түстік.

Темір жолдан шамамен алты шақырымдай батысқа қарай Таңсық ауылы көлбеп жатыр. Бұл Ұлы Шоқанның ізі түскен жер – Аягөз өлкесінің бойы. Ауылдан ары біраз жерде Аягөз өзені ағып жатыр. Осы ауылда кеңшар партия ұйымының хатшысы Байдылнұр Баймұхаметов деген ағамыз тұрады. Түскі ас кезінде ағаның шаңырағында түстеніп отырмыз. Бұл Горбачевтің ішімдік біткенге тиым салған атақты 1985-тің «Июнь жарлығының» қақап тұрған кезі. Дастарханға бір шөлмек шампан шарабын қойып, отағасы:

– Жігіттер, барға риза болыңдар, бұдан күштірегі болмай тұр. Таяуда рабкоопқа бір жүк машина арақ келген екен, шөп шабу науқанына кесірі тиер деп қайтартып жібердім -, деді ақталғандай болып. Осы сәтте Дәукеңе қарап едім, әдеттегідей қабағы түйіліп, ерні қымқырыла бастапты. Мен мінезін білем ғой, ішімнен ойпырмай, «Аспанда бұлттар...» - деп қалмаса екен деген қауіппен жалт қарап едім, жоқ ол сәл жымиып:

- Ой, ағасы бекер істепсіз, ол дегеніңіз аулыңызға келген бір машина дәм, ырыс емес пе еді -, деді күле қарап.

Түскі астан соң парторгтің Уаз көлігімен өзен бойына барып, Қозы мен Баянның мазарына кіріп, тәу еттік. Дәукең сыртқа шыққан соң мазардан анадай жерге барып ұзақ қарап тұрып маған:

- Қап, фотоаппарат ала шықпағанымыз-ай! - деді, қынжылып. Қайта өзенге келіп, тереңдеу тұсына мейлінше шомылып, кеш қайта пойызға отырып, Алматыға қайттық. Жол бойы Дәукең әлденеге қапа болғандай тұйықтау отырды. Осы сапардан оралғаннан соң «Махаббат мұнарасы» дастанын жазған еді, жарықтық.

Арада біраз жылдар өткен соң Дәукең қатты ауырды. Сырқаты қатты меңдеген тұста санаулы ғұмыры қалғанын көре тұрып, көңілін аулап Қалқамандағы ауруханада істейтін белгілі уролог Балтабек Макеев бауырыма апарып жатқыздым. Бұл Дәуітәлі досымның, ағатайымның соңғы күндері еді.

Белгібай Сахариев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар