(эссе)
1-ШІ БӨЛІМ. МӘҢГІЛІКТІҢ УАҚЫТЫ: КОСМОС ЖАРАТЫЛЫСЫ
Интернет – ғарыш. Бір нүктеден шыққан әлем бір нүктеге қайта кіреді. Электронды кеңістік, негізінде, нүктелер жиынтығы. Біз жіберген хат электрондардың ілгері ұмтылған тобы. Кеше дыбысты қаріп таңба белгілесе, енді бүгін ақпаратты аса сезімтал ұсақ бөлшектер бейнелейді. Ғалам тарихы мәліметсіз мәңгілік шақтан, нүктенің нығыздық кезеңінен, алапат жарылыстан, ғарыш түзілісінен және Жер бетінде тіршілік қалыптасуынан тұрады.
Мәліметсіз дәуірді былай қойғанда, шексіз кеңістіктің шежіресі ғарыштардан басталып ғарыштармен аяқталады.
Ғылыми ізденістер бізді шексіздік ұғымына үйретіп келе жатыр. Шексіздік – бүгінгі ойлау жүйесінің негізгі әрі басты категориясы. Орталық ұғым-түсінік. Тіпті, әлемнің үлкеюі бір сәт аялдамайтын шексіз үдеріс, десек те, ол ешқашан қол созған мұратына жетпейді. Жеткен күнде тоқтамайды, ары қарай ғарыш ақырындап ірілене береді. Ірі көлемді физика, алапат жарылыс кезінде, кеңістіктің көлемі алғашқы секундтың ондаған бір бөлігінде қазіргі шекарасына жеткені туралы дәлел келтіреді, содан бастап біртіндеп жайлап үлкейіп келе жатыр.
Шексіздік, тегінде, дамылсыз алға ұмтылған, шет-қиыры жоқ ұшан-теңіз кеңістіктің шетіне талпынған екпінді қозғалыс, оны теңдеулерде анық белгілейді. Дүние қарама-қарсы екі бағытта шексіз созылған, жеткізбейтін жол, тарқатылған жіп тәрізді, таусылмай, жалғаса, ұзара береді.
Әлемде Алапат Жарылысқа тең бір ғана уақиға бар, ол Жер бетіндегі тіршіліктің қарапайым түрлері дами келе, күрделі нұсқаларына ұласып, адамның пайда болуы.
Дүние жаратылысы уақытты тудырды. Біз уақытты санай бастадық, ол мәңгілік шексіздіктің ұйыған тыныштығынан мыңжылдықтардың белсенді уақиғаларына көшті. Рет тізбегі санауды үйретті. Біз уақытты дер кезінде емес, ес жиғанда таныдық. Сана уақыттан соң қалыптасты. Мәңгіліктер заманында аспан меңіреу еді. Ғарыштар (кейбір теориялар бойынша әлем біреу емес, шексіз көп, яғни санында есеп жоқ), ақпарлар алмасып жатқан шақ болатын. Мәлімет Қара құрдым құдығында сақталды.
Кейбір данышпандар түбіне ешқандай құрық бойламайтын терең де тұңғиық шыңырауларды түрлі кеңістіктерді бір-бірімен жалғап қосқан көпір өткелдер сияқты таныды. Бұл мезгіл, бүкіл әлем ұлы күштің әсерінен, сол бір нүктеге ағысы қатты судай, төңкеріліп, құйылып жатқан. Содан, шексіз нығыздалған қара ноқат, кернеуі артып, қысымы аса қатты жоғарылап, дағдарысқа ұшырайды.
Түнек жайлаған қара суық маусымды, расында, бейнелі түрде айтсақ, шуақты күндері, шұғыла сәттері таусылған, жарықты қара дақ жұтқан тас қараңғы сәт алдында, кеш батқандай көремін. Ымырт жабылып, ақшам жамыраған, қызыл іңір түсіп, апақ-сапақ орнаған, қиын уақ еді.
Арпалысқан нүкте алапат еді. Мәңгілік уақытын күтті. Бақидың перзенті – уақыт. Нүкте көкірегін кернеген қуат күшіне шыдай алмай жарылды. Ұрпағы жарылыста, жанталаста туды. Бір, екі, үш, төрт, бес...
Бұл нешінші мәрте, оны Бір Құдай біледі. Біз әлемнің ішіндеміз. Қандай өлшемге, қандай амалға жүгінсек те, теңдік құра алмаймыз. Өйткені біз әлемнің ішіндеміз.
Дүниені көрдік. Тұлғасын.
Яғни, мәңгілік құрған есепте көрініс таппаса да, санаға ол туралы мағлұматтар қалыптасқан күнінен бастап жөнелтіліп жатты. Уақыт туғанда сана топыраққа түсіп, тамыр жарған, өскін беріп, бүршік атқан ұрық болды. Ұрықтан сан қилы саналы ғұмыр жаратылды. Санада ес пайда болғанда, мәңгілік ұғымы түсініксіз категория еді.
2-ШІ БӨЛІМ. УАҚЫТ АДАМДАРЫ
Адамның дүниеге келуі таным мен ойлаудың қалыптасуына әкеп соқты. Ғалам енді санада кейіптеліп, ғұмырдағы түпнұсқадан қол үзген, өз бетінше өмір сүре алатын абстрактілік формасын тапты. Жан жаратылысы сана болмысына ұласты. Жан мақұлықта да бар, сана – тек адамның бойында ғана өмір сүретін рухани құбылыс.
Филогенез онтогенезді қайталайтын еді.
Ақылы кірген Homo sapiens палеолит дәуірінде ұзақ эволюциялық мерзім аралығында, Африканың қолайлы жылы аймақтарында қалыптасты.
Homo erectus мыңдаған жылдар бойы қарапайым еңбек қаруын пайдаланып келді. Содан соң барып қана күрделене бастады. Әуелі тіл дамыды. Сосын, тілмен қатар өнердің алғашқы белгілері көрініс берді. Палеолит дәуірі – адамзаттың толық көшпелі уақыты. Адам баласы тұтастай көшіп жүрді. Осы кезеңде өлген адамдарды көміп, басына белгі орнату дәстүрі жүйелі қаралы салтқа айналды.
Адамдар біртіндеп Африкадан шығып, Еуропаның мұздан босаған жасыл аймақтарына көше бастады. Тіпті, Солтүстік Америка мен Океанияға жетті. Ақырында мұз дәуірінің соңына қарай, яғни он екі мың жыл бұрын, көшпелі адамзат Жер шарының барлық аймақтарына тарап үлгерді. Ылғалы мол, құнары жеткілікті топырақ еуропалық жазық дала, бетпақ түз, сулы белдеулерді өсімдіктерге толтырды. Орман-тоғай тығыз өсіп, қалың қау, өлең шөп атаулы түр-түрімен қаулап шықты.
Аң аулады. Жеміс-жидек, қорек жинаған тайпалар да болды. Кейін бәрі, азық табу мақсатында, ірі ауыл шаруашылық топтарына бірікті, ұжымға қосылмағандар аштан қырылды немесе аңшылық, терімшілік кезеңінде қалды, дамуы тоқтады, олар, тіпті оқшауланған өңірлерде қазіргі күнге шейін қоңыр тіршілігін трактор бұзғанда, там үйлері сырықтары құлап, тозығы жеткен жұлым-жұлым киімдерінен денелері жарқ етіп, соқалар алдында үрпиісіп, көздеріне үрей, қорқыныш ұялап, бала-шағасымен тегіс сопиып тізіліп тұрады.
Мезолит дәуірі осыдан он мың жыл бұрын басталды. Кейбір жылы аймақтарда бұл мерзім қысқа болды, ал кейбір жақтарда, керісінше, ұзарды, себебі, жайма-шуақ, жайдарлы ұзақ жазы, жанға да, малға да жайлы қоңыр салқын, жылы ауа райы артық еңбекті қажет етпеді.
Неолит, яғни тас дәуірінде тенологиялық өркендеу ұжымдық еңбек, қоғамдық топтарға бірігуіне алып келді. Тоғыз мың бес жүзінші жылдары топ жарып Таяу Шығыс алға шықты, олар – адамзат тарихындағы алғашқы шаруалар. Егіншілік, малшылық жеті мың бес жүз жыл бұрын басталды, әуелі Инда өлкесіне тараған кәсіп алтыншы мыңжылдыққа қарай Көне Мысырға жетті. Бесінші мыңжылдықта Қытайға өтті, екі жарым мыңжылдық бұрын Месоамериканы жаулады.
Бұл дәуір діни таным, Тәңір түсінігі қалыптасқан кезең болды. Көкті құдыреттей көру, Күнге табыну, Айға құлшылық ету, діни сана-сезімнің жүйеленуіне жол ашты. Қоғамды абыздар биледі.
Адамдардың тығыз орналасуы бірігудің мемлекеттік сипат алуына ұласты.
3-ШІ БӨЛІМ. КІСІЛІК ЖӘНЕ КІТАПТАР
Алғашқы өркениеттер пайда болды. Технологиялар дамыды. Түсім артты, табыс көбейді. Ой еңбегі бөлініп шықты. Нәтижесі – білім, таным туралы деректер топтастырылған кітаптардың алғашқы нұсқалары.
Кітап кісіліктің айрықша белгісі еді. Адам кісі болды. Хауа ана серігіне жарады. Бүкіл тарих аталмыш осы екі нәсілдің арасында өтті.
Кітап бүгінгі күнде әр тілде әртүрлі аталады, бірақ түп тамырына үңілсек, бір түпнұсқадан шыққандығын аңғарамыз. Латынша liber ағаштың қабығы дегенді білдіреді. Ағылшынша бук деп қолданып жүрген сөзіміз, шын мәнісінде, солтүстік Еуропада өсетін ағаштардың бірінің атауы. Орыс тіліндегі книга көне түркілердің кюинг немесе кюин сөзінен шыққан, ол өз алдына қытайша цзюань, яғни орама (свиток) деген мағынаны береді.
Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықта қытайлар шүберектен қағаз жасай бастады. Бірақ, көп жерде әлі папирусте жазатын еді. Тростниктен жасалған папирусті оқуға, пайдалануға қолайлы болсын деп парақтарын бір-біріне ұзынынан жалғап, орап-орап жинап қоятын.
Бұл ең алғашқы кітаптар еді. Біз жыл санауымызға дейінгі екі мың төрт жүз жыл бұрын өмір сүрген Нефереркар перғауынның билігі жүріп тұрған кез.
Месопотамия балшық тақталары мен Үндістан жазған пальма жапырақтары, бәрібір, папирустарға қарағанда әлдеқайда ыңғайсыз еді. Папирустар, негізінен, тек Мысырда өндірілгендіктен, қымбат тұратын, халықаралық қарым-қатынас қағаздарын, аса маңызды құжаттар жазғанда ғана қолданылатын. Еуропа да тақтаға қалам тартқан тұс еді.
Жыл санауымызға дейінгі тоғызыншы ғасырда финикиялық Библ (Bibl - Bible) қаласынан басқа аймақтарға көпестер папирус тасып шығара бастады. Кейін грек тілінде Библия, библиотека (Biblio) деген атаулар берген аса қасиетті шаһар. Жұрт бұл заманда орама қағаздардан жасалған кітаптарды жинақтап, библиотека құрай бастады. Библиофил патша Птолемейдің бұйрығымен құрылған Александрия кітапханасында жеті жүз мың папирустық орама кітап сақталған деседі.
Көне Грекия заманында жыр жинақтары, пәлсапалық еңбектер, тарихи очерктер жарық көре бастады. Ал Рим (Roma) дәуірінде романдар басылып шықты. Roman деген сөздің өзі римдік (римский) деген мағынаны білдіреді.
Кітап оқу сол кезде аса кең тараған дәстүр еді. Көшеде, далада, бақтарда, сәкілерде, тіпті, қонақта, моншада, кезекте кітап оқыла беретін. Сондықтан кітаптың оқуға жеңіл, түптеуге жақсы, қолға ұстауға ыңғайлы түрлері іздестіріле бастады. Енді папирус жапырақтарын кесіп, теріден мұқаба жасап, оған парақтарын тікті. Сөйтіп, кітаптың бүгінгі формасы дүниеге келді.
Христиан діні кітап өндірісін, тіпті, тездетіп жіберді. Бабылды жаппай көшіріп санын көбейткен жанкешті монахтар көшірмешілер мамандығын қалыптастырды. Бірақ, үшінші ғасырда Александрия кітапханасын өртеген де осы діндармандар еді. Олар Тәңіріне қарсы, Құдайға тіл тигізген библиотекадан, яғни кітапханадан Библия кітабын құтқаруды ойлады.
Кітаптың өмір жолы, тағдыр-талайы адам баласы кешкен сүрлеу-соқпақтай тарам-тарам, күрделі, аласапыран болды.
Папирусты тасымалдаудың қиындығына байланысты еуропалықтар пергаментті пайдалануға көшті. Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырда Пергам қаласында дүниеге келген пергамент жануарлардың терісінен жасалатын еді.
Пергамент папирустары сапалы әрі берік, сонымен қатар, құс қанат қалам парақтың екі жағына да қатар жаза алатыны жұрттың оқу-жазуға деген ынтасын оятты.
Мәтін маңыздылығын жойса, өшіріп тастап қайта жазуға болатын еді. Мамандар әктің қоюына былғап сиыр, қой және ешкі терісінен жасаған пергаменттерді тапсырыс түскен күннен бастап екі аптаның ішінде даярлап қоятын. Дайын болғанда бор салып түрін ағартып тазалайтын. Түсі бүгінгі қағаздардың ақтығынан кем емес, бірақ көтеріп жүруге ауыр пергаменттерді басын құрап біріктіріп, ағаш тақталармен қапсырып, былғарыдан жасалған қайыстармен бір шетінен түйіп байлап, мықтап бекітіп тастайтын.
Бір пергамент кітапқа алты-жеті сиырдың терісі жұмсалатын. Ең қымбат пергамент жаңа туған бұзау терісінен дайындалды.
Орта ғасырларда, шіркеулерде жиырма-отызға тарта монахтар шынтақтаса қатар-қатар тізіліп отырып қасиетті кітаптарды көшірумен айналысты. Біреуі дауыстап оқып, қалғандары мәнерлеп оқыған дауысынан жолма-жол көшіріп жазып алып отыратын. Әр көшірмеші еңбегінің өнімділігі күніне төрт беттен аспайтын. Сондықтан, еңбек бөлінісі енгізіліп, бірі көшіріп жатқанда, екіншісі бас әріптерді каллиграфиялық суретпен бейнелеп салып жататын.
Әдемі кітаптар қымбат тұратын еді. Бургундия герцогы жоғары талғам, асқан шеберлікпен әдіптелген бір кітап үшін бір шаһарды беріп жібергені бар.
Он екінші ғасырға дейін кітап ісі шіркеу ішінде жүргізілді. Діни әдебиет шыққан кітаптардың басты тақырыбы болды. Бірақ, рыцарь туралы романдардың жұрт қызығушылығын арттыратынын байқаған кітап өндірушілер проза, поэзия, тарихи кітаптарды көптеп шығара бастады. Кітап шіркеудің табалдырығынан сыртқа аттады. Діни мазмұнға өнер туындылары қосылды. Байсалды тақырыптар қатарына ерлік, батырлық туралы, ермек, сауық мақсатында, белгілі бір кәсіптің насихаты тұрғысында жазылған шығармалар енді. Бұл қадам тіршіліктің судан топырақты жерге көшуімен, өмірдің алып мұхиттардан алапат құрлықтарға ауысуымен бірдей, бара-бар құбылыс болды.
Франция королі Екінші Филипптің жүз жиырма том кітабы болған деседі. Алғашқы Еуропа университеттерінің кітап қоры, тіпті, таңқаларлық есеге жеткен.
Ұрлықтың жаңа түрі қалыптасты. Орташа салмағы он кг тартатын кітаптарды ұрлап сататын алаяқтар шықты. Кітапханалар аса құнды, қымбат бағалы нұсқаларын ауыр шынжырлармен үстелдердің аяқтарына мықтап бекітіп байлап тастайтын.
Кітапханаға деген сұраныс артқан сайын қара таныған елдің қатары да көбейе түсті.
Еуропаны тағы бір жаңалық күтіп тұрған еді. Батыс мемлекеттерін дүрліктіріп Қытайдан қағаз келді. Бірақ, Қытайдан шыққан қағаз ең әуелі араб елдеріне жетті. Кресшілер жорықтары аяқталып, Тау Шығыстан отандарына қайтқанында қағаз деген жаңалықты, жақсы хабарды өздерімен бірге үйлеріне ала келді.
Он бірінші ғасырда тағы бір техникалық революция жүзеге асты. Кітап басу технологиясы ашылды. Қағазды тапқан Қытай кітап басу өнерін де ашты.
Алтыншы ғасырда аса сабырлы қытай шеберлері ағаш тақталарға иероглифтерді қашап түсіретін еді. Әріптер кері таңбаланатын. Елу-алпыс қаріпті ғана басуға жететін құралдары содан кейін бедері бұзылып, тегістеліп қалатын. Жетінші ғасырда меттал марицалар дүниеге келді. Бір мың қырық бесінші жылы Би Шэн (кейбір деректер бойынша Ши Пэн) ұзақ еңбек, ауыр бейнеттің жемісін татты, технологиялық ірі қадам жасап, тәуекелге барды, баспа ісі күрделене түсті, кәсіп жаңа мүмкіндіктерді игерді, өнер ілгері озды. Ол әріптерді жеке құя бастады. Бір дерек металлдан, бір дерек көздері фаянстан жасады деген ақпар келтіреді. Бұл технология әмбебап құрал-жабдықтан тұратын құрылым еді. Енді жеке дара құйылған қаріптер кез келген мәтінді басып шығара алатын, шашылып, қайта құрала алатын қасиетке ие болды.
Қытайдың ұлы жаңалығы Еуропаға толық, өз мәнінде, дер кезінде жеткен жоқ. Тіпті, Еуропа қытайлық баспа өнерін түсінген жоқ десек те болады. Сондықтан, бір мың төрт жүз қырық бірінші жылы Иоганн Гутенберг барлық әріптерді қамтыған литердің бес түрлі көлемдегі нұсқаларын адамзат тарихында қайтадан, өз бетінше жасап шықты.
Ең алғашқы басқан кітабы жүз сексен таралыммен жарық көрген, жұрт “Гутенберг Библиясы” атап кеткен басылым болды.
Бір бөлігі қағазда, енді бір бөлігі пергаментте басылды.
Фуст деген өсімқор (ростовщик) кітап басуға берген ақшасын сылтауратып жүріп Гутенбергті дағдарысқа ұшыратты, тіпті, бірінші баспагер деген атақты да тартып алғысы, өзі иеленгісі келді. Берік металл – мыс – қорғасын: бұл Гутенберг технологиясының қарапайым кезеңдері болды.
Кері кейіп-нұсқада берік металлдан әріптік пунсондар кесіліп алынады да, оны мысқа батырып ізін түсіреді, кейін қаріптік қуыстарға қорғасын құйылады. Сөйтіп, өзіңізге керек бояу жағып, қажетті мәтіндерді басып шығара бересіз.
Кітап басу өнеріне қарсы көшірмешілер бас көтерді. Бұл кезде Нострадамустың альманахтары қырық-елу мың таралыммен жарық көре бастаған. Тауар тез сатылып кетіп отырды.
Кәсіби жазушылар қалыптасты. Бір Францияның өзінде он мың түрлі кітап шықты.
Готика қарпін жақсы, оңай оқылатын бүгінгі шрифтерге ауыстырған италиялық Вильд Мануций еді. Бұл он алтыншы ғасыр болатын.
Баспа және баспа фабрикалары қалаларда орнықты. Олар өкіметтің рұқсатымен, цензура бақылауында жұмыс істеді.
Сол жылдары Голландия кітап басу өнерінің орталығына айналды. “Эльзевир” баспасы түрлі көлемде үлкенді-кішілі кітаптар баса бастады. Құйтақандай кітаптар үшін арнайы жасалған, кеңінен қолданылатын миниатюралық шрифтер – петит мен нонпарельді – ойлап шығарған да голландықтар болатын.
Кітап культі артты. Ықпалы, әсері күшейді. Бір мың алты жүз алпыс сегізінші жылы Ольденберг деген неміс бір кінәздің өмірін памфлетте бейнелеп көрсеткені үшін, жұрт оны қинап, жазған кітабын пісіріп өзіне жегізгені бар.
Мың сегіз жүз отыз алтыншы жылы испандық монах дон Висенте он кісіні өлтіргені үшін жазаланды. Ол өз қорындағы сирек кітаптардың бірін библиофилге сатып, кейін оны өлтіріп, кітабын қайтып алып отыратын-ды. Бірақ, бір өкініштісі, ол өз кітапханасындағы туындылардың бірін де оқымаған екен, тек сиректігі үшін ғана қызығып, қылмысқа барса керек.
Он жетінші және он сегізінші ғасырдан бастап, бәрімізге белгілі, әдебиеттер дәуірі басталды.
XVIII-XIX ғасырлар – кітаптар тарихындағы ең алтын кезеңдер, бұл екі ғасырда авторлар абыздар дәрежесіне жетті. “Полубог” деп жазды еуропалықтар.
Джонатан Свифт ақыл-ойдың перзенті деп атаған “Дидро мен Д’Аламбер Энциклопедиясы” кітап тарихындағы ең көп сатылған басылым болды. Ағылшындық “Британдық”, француздық “Лярусс”, орыстың “Брокгауз бен Ефрон” энциклопедиялары ілім-білімнің, ғылымның құдыретін жырлаған, оқу-тоқуға шақырған дүниелерге айналды.
Он тоғызыншы ғасырда детектив, фантастика және әйелдер романы көркем әдебиетті көпшілік өнер, поп-арт дәрежесіне көтерді. Бірақ, олар кітапхана сөрелеріне жетпей өмірі аяқталатын, оқылған соң қоқыс сауыт түбінде арзан мұқабасы екіге айырылып, беттері жұлым-жұлым жыртылып, шашылып жатушы еді.
Қазіргі таңда оқырмандар саны жылдан жылға азайып, көркем әдебиет сатылымы төмендеп келеді. Алайда, түсініктемеліктер, энциклопедиялық сөздіктер, техника-технологиядан сыр шерткен кітаптар, бизнес-кеңес оқулықтары, керісінше, көбейіп жатыр.
4-ШІ БӨЛІМ. АЛМАТЫ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ
Қешелері, өнерқұмар, кітапсүйер қазақ елі түсінігінде, Алматы атауы әдебиеттің сыңары, ал қаланың өзі ақын-жазушылардың еркелеген, бақытты өмір сүрген алып шаһары болды. Бүгінде Астана Тәуелсіздік жылдары туған алаш әдебиетінің Отанына айналды.
Қазақ прозасы өткен ғасырда, аз уақыт ішінде қалыптасып қана қоймай, өркендеп дамып, адамзаттың ұзақ жолын бір ғасырда жүріп өтіп, әлемдік деңгейге көтерілді.
Жалпы, тарихи тұрғыдан қарасақ, зады, әлемдік масштабта шежіре тізіміне ілінген көркем әдебиеттің ұлттық, аймақтық және өлкелік үлгілері мифологиялық аңыз-әфсаналар нұсқаларынан басталып, проза және поэзия жанрында жазылған, бірде үздік, бірде қарапайым, енді бірде орташа дәрежелі немесе әлсіз шығармаларға ұласқанын байқаймыз.
Жылнамашы қаламы сол өңірде елеулі құбылыс, ықпалды туындыға айналған роман-әңгімелер, өлең-жырларды қалт жібермей, ұмыт қалдырмай, қағаз-кітабына айғақтап тізіп отырды, кейін ғылыми-методологиялық әдіс-тәсілдің кешенді тұжырымдамасына енген, талабына сай бұл мәтіндер әдебиеттің әлемдік шежіресін құрады.
Сан-сала аймақтық бөліктерден тұратын дүниежүзілік құрама әдебиет, тегі, сонау көне замандардан бері, тарихи ұзақ жолы, алыс сапарында, бірдей құлпырып, қатар өркендеп, бәріне ортақ бір низаммен жүріп, тегіс бір тәртіптің талабына бағынып, тіпті, тығыз байланыста, аралас-құралас өмір сүріп, бірге дамыған жоқ.
Әрбір ұлт әдебиетіндегі жеке нұсқалар сапа тұрғысынан, көркемдік дәреже-деңгейі жағынан, бір-біріне ұқсамаған біртекті құбылыстардай, ала-құла болды. Бірақ, ерте оянған Еуропа өз көзқарасы, төл мәдениеті, оқшау мұрат-мүддесіне орай, бүгінгі барлық ізденістердің іргетасына айналған өлкелік шарттарын бұрын қалыптастырды.
Батыс шарт қойды, біз қабылдадық.
Яғни, дүние жүзілік әдебиет тарихы Жер шарын мекендеген барлық халықтың рухани өмірін, күрделі әдеби-мәдени процестерін тұтастай қамти алған жоқ десек те болады.
Кітаптың мұраты әуел бастан сауық, ермек, оқу-ағарту, танымдық ізденіс, түсініктеме-кеңестік түрінде өмір сүрді.
Қазір де сол ниетінен айныған жоқ, десек те, Қайта Өрлеу дәуірінен бастап, ақын-жазушылар абыздар дәрежесіне көтерілді, әділ сөз, кесімді пікір айтатын, қоғамға ықпал ете алатын топқа айналды.
Кезінде, он жетінші, он сегізінші ғасырларды айтпағанда, соңғы екі жүзжылдықта Виктор Гюго, Лев Толстой, Эрнест Хемингуэй, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтер сондай дәрежеге жетті, енді бүгін кітап оқылмайтын жаңа заманда, технологиялық жетістіктер, компьютердің ілгері дамыған сайын ашылған жаңа қасиеттері әдебиеттің бұл ықпалын жойды.
Оқырмандар азайды. Таяу жылдары гаджеттер мен смартфондар көркем әдебиетті жойқын жеңіліске ұшыратып, түбегейлі жеңіп шығатынына сенімім мол, себебі, заман өзгерді, қоғам жаңа асулардан асты, жаңа биіктерді бағындырды.
Қайғырудың қажеті жоқ, әдебиеттің тас, темір, жез, мыс, күміс, алтын, платина, жауһар замандары өтті, інжу-маржан қарапайым сөз қалпына түсті, сөздің күші жойылды, бұйрық түріндегі шаблондар мәдениеттің қасиет-тегіне айналды, сондықтан да бұл процестерге қарсы күресе алмайсыз, бірақ түскен жолын, ұстанған бағытын өзгертуімізге, өз мақсат-мұратымызға бағындыруға жол ашық.
Тарихи бастауына көз салсақ, жез дәуірінде, яғни үшінші мыңжылдық пен төртінші мыңжылдықтың тоғысқан заманында, Месопотамия мен Ежелгі Мысырда жазу-сызудың пайда болуы әдебиеттің дамуына негіз болды, бірақ, бізге танымал алғашқы әдеби үлгілер жыл санауымызға дейінгі XXVII-XXVI ғасырларда дүниеге келді.
Әдебиет тарихы Көне замандар әдебиетінен, Антикалық әдебиеттен, Орта ғасырлар әдебиетінен, Араб-мұсылман кезеңінен, Ренессанстан, Он жетінші ғасырдан, Жаңа заман әдебиетінен, Он тоғызыншы ғасырдан, Модернизм дәуірінен, Постмодернизмнен тұрады.
Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары ұлттық әдебиет жаңа табыстарға қол жеткізді.
Тоқсаныншы жылдары жас толқын өнімді, табысты еңбек етіп, жаңа шығармалар жазылып, жаңа буын қалыптасты. Әмірхан Балқыбек, Маралтай, Жарас Сәрсек, Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева, Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Жанарбек Әшімжан, Дархан Бейсенбекұлы, Данияр Саламат, Бақыт Беделхан, Ақеділ Тойшанұлы, Ермұрат Зейіпхан, Мадина Омарова ...
Көне Мысыр мен Месопотамия дәуіріндегі құрамға Шумер, Ассиро-Вавилон, хетттіктер, хуриттер, угарит-финикиялық әдебиет енді.
Классикалық Көне Шығыс әдебиетіне көне-қытай, көне-үнді, көне-парсы, көне-яһудей кезеңдерінде туған шығармалар жатады.
Антикалық дәуірге Жерорта теңізі жағалауында, Балқан және Аппенин түбектерінде орналасқан Ежелгі Грекия мен Рим туындылары кіреді. Грек диалектері мен латын жазуы шығармалардың басым көпшілігі жарық көрген негізгі әдеби тілдер болды.
Аңыз-әфсаналардың басты қаһармандары Прометей мен Геракл әлі күнге шейін ел арасына кең тараған, халықаралық атақ-дәрежеге жеткен кейіпкерлер екені даусыз. Олимп иесі, бас Әмірші – Зевс. Ол Гефест тұрғызған сарайларда өмір сүрді. Өнердің қожайыны – Аполлон еді. Тоғыз Муза-қарындастары, Гера деген жары, Афина-Паллада есімді қызы болды.
Б.ж.с.д. мыңжылдықтың басында әдебиеттану мен көркем әдебиеттің еуропалық үлгілері мен жанрлары қалыптасты. Аристотель эпос, лирика, драма жанрлары туралы жазды (VI-V).
Орта дәуір әдебиеті мерзімдік тұрғыда V-XVI ғасырлар аралығын қамтыды. Францияда “Роланд жыры”, Испанияда “Сид туралы жыр” дүниеге келді.
Сонымен қатар, адамзат ақыл-ойы үстем шыққан сол замандарда (340-397 жж.) өмір сүрген Амвросия шығармашылығы жаңа табыстарға жетті, Қасиетті Августин (410-428 жылдар аралығында) “Мінәжат”, “Тәңір сүйген шаһар” шығармаларын жазды.
Иероним (410 жылы) Бабылды латын тіліне аударды. Қайта өрлеу (XIV-XVI ғғ.) тұсында Франсуа Рабле, Уильям Шекспир, Лаураны жырлаған Франческо Петрарка, Джованни Бокаччо, Мигель де Сервантес Сааведра мәңгі өшпес туындыларын жарыққа шығарды.
Он жетінші ғасырда “Сид”, “Гораций”пьесаларын жазып Корнель ықпалды қаламгерге айналды. Мольер, Лафонтен Жаңа дәуірдің символы болды.
Қазақ сақарасында ауыз әдебиеті қарыштап дамыды. Қазтуған жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Жиембет, Бұқар жырау, Махамбет, Нысанбай, Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Қалиолла Өскенбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан, Сұлтанмахмұт, содан соң... Бейімбет, Сәкен, Ілиястар келді.
Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Хамза Есенжанов, Әбу Сәрсенбаев, Тахауи Ақтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дихан Әбілов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғали, Жүсіп Алтайбаев, Сапарғали Бегалин, Бауыржан Момышұлы, Әди Шәріпов, Қапан Сатыбалдин, Қасым Қайсенов, Мұқан Иманжанов, Ілияс Есенберлин, Сафуан Шәймерденов,
Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Мұқтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Дүкенбай Досжан, Софы Сматаев, Роллан Сейсенбаев, Қабдеш Жұмаділов, Смағұл Елубаев, Әкім Тарази, Ақселеу Сейдімбек,
Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Жұматай Жақыпбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Иран-Ғайып, Кеңшілік Мырзабекұлы шығармалары Маралтай, Жарас, Әмірхан Балқыбектер туындыларына жалғасты.
Рухани-мәдени әлем кеңістігінде жүрген ұзақ тартыста кітап жеңіліп, көркем әдебиет алдына жылдам ақпар-мәлімет, күнделікті жаңалықтар тізбегі шықты.
Қаламгер екінші қатарға, кітап кейінге шегінді.
5-ШІ БӨЛІМ. ИНТЕРНЕТ: НҮКТЕДЕГІ ҒАЛАМЗАТ
Ақпар-мәліметті тарату және сақтау мақсатында құрылған, компьютерлік тораптардың біріккен бүкіл әлемдік жүйесін біз, әдетте, Internet (International Net) деп атасақ та, World Wide Web (www), яғни Ғаламтор сол интернеттік жүйе негізінде жұмыс істейтінін, сонымен қатар, жұптасқан қос нәрсенің қызметін, айырым-белгісін, қолданыс барысында, ажырата бермейтініміз де рас.
Бірі (InterNet) – қаланың инфрақұрылымы, екіншісі (www) – қалалық су құбырларына, тоқ желілеріне қосылған, тіркеме ғимараттар жиынтығы, хостинг (Hosting) – үй басқармасы, домен немесе сайт (www.didaramantay.kz), (www.gmail.com), (www.facebook.com) – үлкен парақша (әлеуметтік желі), жеке бетіңіз немесе электрондық поштаңыз – блог, сонда бір-бірімен хат жазысқан, тіл қатысқан үй тұрғындарының бір-бірінен алабөтен жасырған, әкетіп бара жатқан бір құпиясы жоқ, бәрі көз алдымызда, тасада қалған, қалтарыста тұрған кісіміз, әрі-бері ақтарсаңыз, интернеттің қоймасында, Google, Yandex, Chrome, Opera, Explorer тәрізді ғаламдық іздеу жүйелерінен құтылғанына шат көңілде алаңсыз, жайбарақат қыдырып, ән салып жүреді, жасырынбақ ойыны тәрізді, тығылып-тығылып қайтып келесіз, яғни, бәрібір, ойын соңына қарай іздеген жұрт Сізді тауып алады.
Біз жеке электронды мекен-жайымыздың беріктігіне сенеміз, адресіміздің қорғанын алынбайтын қамалдай көреміз. Бірақ, біз, өкінішке қарай, жалаңаш отырмыз, жапқан пердеміздің еш көмегі жоқ, бүкіл әлем бір-бірінен жасыра алмайтын шілтеріден көрпе жамылып отыр.
Интернетке түскен із ешқашан жоғалмайды. Сілемі қашанда сұлбаланып тұрады.
Кез келген интернетке жүйрік епті маман қоқыс сауыттан керек адамын, із шалған әккі аңшыдай түбінде, бәрібір, бір белестен күні-түні аңдып іздеп жүріп кездестіріп қалады. Құпиясы сол жерде ашылады. Бүгінде адам да жоғалмайды. Ол барлық салада, бүкіл есепте түрлі сандармен таңбаланып тұр.
Кісінің есебі Интернетте. Цифрлы дәуір адамнан цифр жасады. Шифр цифрға айналды.
Әрбір әріптің сыртында бір-бір цифрдан тұр. Яғни, бір мәлімет – бір сан. Бір белгі.
Қараңыз, 2015 жылы пайданаланушылардың қарасы 3,3 млрд адамға жеткен екен. Бұл Интернетке кіре алатын ұялы телефондардың 3G & 4G стандардтарының нұсқалық үлгілері кең таралуының, әлеуметтік желілердің көбеюі және ағымдық трафик бағасы арзандауының әсері.
Тегінде, өткен ғасырда, қазір етіміз үйренген, қалай, қайтіп тасымалдайтынына бүгін біз мән бермейтін, тіпті, бір сәт ойланбай, лақтыра салатын шағын хабарламаларды жылдам жеткізу мәселесін түпкілікті шешкен, зерттеу жұмыстарын жүргізген тұңғыш ұжым – Бірінші зерттеу бағдарламасы тобы мен осы топты басқарған Джозеф Ликлайдер (Joseph Carl Robnett Licklider ) болатын.
Ол 1962 жылы алғаш рет компьютерлік торап туралы кешенді тұжырымдаманы “Galactic Network” еңбегінде жариялады. 1961-1964 жылдары аралығында Леонард Клейнрок (Leonard Kleinrock) хабарламадағы ақпар пакеттерін коммутациялау арқылы жеткізу теориясын қалыптастырды. RAND Corporation қызметкері Пол Бэран (Paul Baran) 1962 жылы “On Distributed Communication Networks ” атты баяндамасында біріккен компьютерлік тораптар жүйесінде барлық қатысушы бір-біріне тең, сырттан бүкіл үдерісті басқаратын ешқандай күшті компьютердің қажеті жоқ деген тұжырымдама ұсынды. Яғни орталықтанбаған шеңберлі байланыс қажет, әрбіреуі өз алдына дербес құрал, тетік, сондықтан тораптық жүйенің бір тұсы бүлінгенде, оның қалған бөліктері қызметін жалғастыра береді.
Бұл тұжырымдама арқасында күн тәртібіндегі екі мәселе шешілді. Егер белгісіз бір себептерге байланысты компьютерлік жүйе бұзылса, онда, торап, сынған-бүлінгеніне қарамастан, түзу, жарамды тұстары өз беттерінше, өзара байланыста, қашанда әрі қарай тұрақты жұмыс істей береді және, сонымен қатар, әр компьютерге таралып кеткен мәліметтер жоғалмай, ақпарат қорында сақталып қалады.
Бірте-бірте аналогтық нұсқа орнына цифрлық үлгі келді. Информация пакеттерге бөлініп, бәрі бір уақытта жіберілетін болды. Адресатқа жеткен кезде пакеттер қайта бірігіп толық ақпаратқа айналды.
1965 жылы Ларри Робертс (Lawrence G. Roberts) ARPA-ның екі компьютерін бір-біріне қашықтан жалғауды ұсынды. ARPANet атты ең алғашқы компьютерлік торап жасалды. Бұл ізденістерге қатар, ағылшын Дональд Дэвис өз жобасын қалыптастырып, аралық байланыс мәліметті ғана емес, сонымен бірге, түрлі есептік, таңба-белгілік жүйе мен тілдерді өз стандарттарына ауыстырып, түсіне алатын болуы керек деген қосымша талап қосты.
Файлдар фрагменттерін пакеттер деп атауды осы ағылшын маманы енгізіп еді.
Әуелі, Лос-Анджелестегі Калифорния университеті (UCLA, University of California, Los-Angeles), Стэнфорд зерттеу орталығы (Stanford Research Institute), Юта университеті (Utah State University) және Калифорния штатындағы Санта-Барбара университеті (University of California, Santa-Barbara) араларында арнайы кабель тартылады. Сосын, BBN Фрэнк Харт (Frank Hart) мамандары ARPANet (Advanced Research Projects Agency Network) торабының техникалық мәселелерін шешуге кіріседі.
Жобаны АҚШ Қорғаныс Министрлігі қаржылық тұрғыдан қолдап отырды.
1969 жылы 29 қазанда ARPANet арқылы бір-бірінен 640 км қашықтықта жатқан Лос-Анджелестегі Калифорния университеті мен Стэнфорд зерттеу орталығы арасында байланыс орнатылды. Билл Дювалль екі компьютер арасынддағы байланысты телефон арқылы растап отырды. Бұл күнді Интернеттің туған күні деп айтуға болады.
Интернет туғанда, өмірге әлемді өзгертетін алып та алпауыт күш келгенін ешкім түсінген жоқ. Адамзат қоғамы коммуникациялық дүмпу, алапат жарылыс алдында тұрды.
Көрші галактикалардан өзгепланеталықтарды күтіп жүрген адамзат, ғаламтор қоғамды жаулағанда, оның күші қандай екенін білген, таныған жоқ, кейін түсінгенде кеш еді, қоғам қазіргі таңда, интернетке тәуелді адамдарды құтқару жолдарын шарқ ұрып іздестіріп жатыр.
Кейбір кездері маған, ұялы телефондарсыз бір сәт өмір сүре алмайтын ұрпағына әлем әдебиетіндегі ұлы романдарды оқыта алмай қиналған, тоқмейілсіген адамзатты, саналы ғұмырында, мыңжылдықтар бойы серік боп қасында жүрген кітаптың киесі атқандай көрінеді де тұрады.
5-12.11.2017
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.