Сана-сезімнің білім деңгейіне болмыстың түпкі мақсатын іздеп, оған жету жолын іздеген адамдар көтеріледі. Нәтижесінде олар толық білімге ие болып, заттық әлем мен рухани әлемнің байланысын түсінеді. Бұл оларға жетілудің сара жолына түсуге мүмкіндік береді.
Болмыстың түп негізі туралы Шәкәрім көп ойланып, көп толғанған. Осындай толғанысын ойшыл ақын былай деп білдіреді:
Келді, кетті,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп өнді қайтадан.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме?
(«Келді, кетті»)
Осылай ойшыл болмыстың түпкі мәніне үңіледі. Кереметтей үйлесімділікпен жасалған болмыс көрінісі түк білімсіз күшпен жаратылды ма, әлде бір естінің ісі ме? Жан құпиясы неде жатыр? Ол мәңгілікті ме, әлде өле ме? Мүмкін жан мәңгілікті болып, тәні өлген сайын жоғары өрлеп, дене жөндеп, сонан кейін «мен» деп қайта келер?
Көріп отырмыз, бұл сұрақтар тек қана заттық әлемді қамтыйтын жарым сұрақтар емес, бүкіл болмыс сырын қамтыйтын толық сұрақтар. Оларға жауап беретін білім де толық білім болуға тиісті. Шәкәрімнің бұл сұрақтары бүкіл әлемді жаратқан Ғазиз Жан мен шыбын жан туралы, олардың қасиеттері мен өзара байланыстары, табиғаттың, іс-әрекеттің сырлары туралы мәселелерді қамтыйды, яғни рух пен материяны түгел қамтыйды. Кезінде бұл сұрақтарға данышпан ақын өзінің шығармаларында толық жауап берген.
Данышпанның бұл терең философиялық толғаныстары бүкіл әлем құпияларын қамтитынын көреміз. Және, бір қызығы, ойшыл бұл сұрақтарды қоя отырып, оған дұрыс жауапты адамның өзінің табуына мәжбүр етіп отырады. Ойшыл әуелі ғаламның келіп-кетіп, толып-семіп өзгелене отырып, сонымен бірге туады-өледі, жанады-сөнеді, бірақ қайтадан өршіп өнеді деп ғаламның сипатын бере келеді де, әрі қарай негізгі сұрақтарға көшеді. Осы ғаламды дөңгелетіп қозғалысқа келтіре отырып оны өңгелетіп жаңартқан түк білімсіз күш пе екен? Әлде бұл тіпті мінсіз, кемшіліксіз есті қылған іс пе екен? Әрине, ақылы дұрыс адам бұл сұрақтарға мінсіз, кемшіліксіз жасау ессіздің емес, тек қана естінің қолынан келеді, сондықтан, бұл — білімсіз күш емес, есті қылған іс деп жауап беруге тиісті. Басқа жауап жоқ. Ғасырлар бойы ғаламның жаратылуы туралы дау толастамай келеді. Жаратылыс себебі адамзат үшін негізгі мәселе. Адамзаттың бір тобы, материалистер деп аталып, ғалам ешбір мақсатсыз, өзінен өзі, кездейсоқ жаратылды десе, ал екінші тобы, идеялистер деп аталып, бұл сұраққа — жоқ олай емес, ғаламды есті Жаратушы бар және ол жаратылуда көркем үйлесімділік пен үлкен мақсат бар деген ой тастайды. Шәкәрім бұл мәселені өзінің «Үш анық» шығармасында талдап, толық қарастырған.
Сонымен, әркім ең әуелі өзі үшін бұл мәселенің түйінін шеше білуі керек. Болмыстың негізгі сұрақтары жауап күтеді. Бұл сұрақтарды Шәкәрім былай деп қояды:
Неден бармын? Не қылған жөн?
Жоғала ма жан өлген соң?
Бұл үш ойды елемеген,
Талап, ойсыз, есер, бәңгі-ай!
(«Жылым — қой, жұлдызым — июль»)
Өмірдің терең сырларына үңілген ақын адамзат алдындағы сұрақтарды былай деп анықтай түседі:
«Келіп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қаламын ба мола боп сайда?» —
Деген ой тырнаған көңіл! —
(«Баяғыда жас бала едің сен»)
Осылай Шәкәрім өзіне-өзі ой салып, оның жауабын іздеген. Өзінің жазуы бойынша, қырық жасынан кейін осы сұрақтардың жауаптарына үңіліп, өмірдің мән-мәнісін түсініп, оны келешек ұрпаққа қалдырамын деп әрекетке кіріскен. Соның нәтижесінде қарапайым адамның ой-өрісі жете бермейтін әлемнің көптеген сырын ашып, шешімін тауып, оларды көпшілікке түсіндіруге ұмтылды. Болмыс сырын дұрыс түсіну үшін толық білім керек.
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгіл разы болмай алтыға да, —
(«Жасыңда араластың малтымаға»)
деп Шәкәрім де осыған меңзейді.
Ғылымсыз адам — айуан,
Не қылсаң да, ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма-жыл.
Сана-сезімнің білім деңгейіндегі адамдарға ойшыл «Ғылымсыз адам — айуан, не қылсаң да ғылым біл» деп ғылым-білімнің маңызын баса көрсете келіп, «Ғылымға да керек жан, ақылсыз болса, ғылым тұл» деп ғылымның рухани деңгейін білдіре келе, бұл деңгейге әркімнің көтеріле алмайтынын, ол үшін еркін ойлы адам болу керек екенін білдіреді.
Білім алғанда оны бекітіп отыру керек. Бекітудің түрлі әдістері бар. «Қайталау білім анасы» деп тегін айтылмаған. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда 24 сағаттың ішінде бір рет қайталанбаған білімнің 80 пайызы ұмытылады екен. Егер жеті күннен кейін оны ойға қайта салып, қайталаса адамның жадында қалады. Қайталау ең кемі үш рет болу керек. Қайталаудың, әсіресе, рухани білім алуда маңызы үлкен. Себебі, рухани білім ой-өріске ғана емес, жүрекке жетіп, адамның болмысына айналуы керек. Рухани жолға толық түскен сопылардың Алла тағаланы сипаттайтын есімдерін күні-түні үздіксіз қайталаудың терең сыры бар. Алла тағаланың қасиетті сипаттарын үздіксіз қайталағанда олар санаға тереңінен еніп, адамның болмысын өзгертеді. Осылай көркем Есімдерді қайталағанда адамның болмысы тазарып, Ұлы Жаратушының болмысына жақындайды.
Жалпы алғанда, сана-сезімнің бес деңгейіне байланысты білімді бес түрге бөлуге болады. Білім деңгейі өскен сайын адамның алатын ләззәті де өсе береді.
Біріншісі, таза материалдық, эмпирикалық білім. Бұл — тәндік деңгей, өмір сезім мүшелері арқылы ғана қабылданып, тән құмарлығын қанағаттандыруға бағытталады. Бұндай адам ең әуелі өзінің бақытты болуы үшін өмір сүреді. Білім деңгейінде тән қамы үшін жүргендер ауыртпашылық түскенде ғана қорғаныс сұрап, Алла тағаланы есіне алады. Ауыртпалық жоқта ол Құдайын толық ұмытады. Олар үшін Алла тағаланы қабылдау себебі — қорқыныш, үрей.
Екіншісі, ой-өріс деңгейі. Бұл деңгейде бақыт сезімі тереңдеп, адам өзі ғана емес, өзін қоршаған адамдармен, қоғаммен, тіпті бүкіл әлеммен бірге өмір сүріп, басқалармен бірге бақытты болғысы келеді. Сондықтан бұл деңгейдегі білім мораль-этика, материалдық әлемнің жалпы заңдылықтарына бағытталған. Ой-өріс деңгейінде жүргендер қоршаған табиғат сырларына ұмтылып, барлығын білгісі келеді. Белгісізді білуге ұмтылу барлық саяхатшылардың табиғаты. Бұл оларға күш-қайрат беріп алға сүйрейтін негізгі қуат. Олар Алла тағаланы жарылқаушы, өздерінің Жаратушысы ретінде қабылдайды. Олар үшін Алла тағала Қожа, Құдырет, Қорғаушы, ал Құдайды қабылдау себебі — құмарлық.
Үшіншісі — толық білім деңгейі. Бұл деңгейде адам бұл өмір ғана емес, келесі өмірді де ойлайды. Ол бұл өмірден өткеннен кейін жұмаққа барып, келесі өмірде де бақытты болғысы келеді. Сондықтан ол заттық әлем білімі ғана емес, сонымен бірге, Алла тағала туралы білімге ұмтылып, рухани білім де алуға кіріседі. Рухани білім зат пен рухты біріктіретін болғандықтан, ол толық білім болып табылады. Бұл деңгейдегі адам Алла тағаланың шексіздігі мен мейірімділігін сезіп біледі. Ол үшін Жаратушы қорқыныш көзі және оның керегін беруші. Сондықтан көптеген діни қағида бойынша жамандығың үшін Жаратушы жазалап, тозаққа жібереді, ал жақсылығың үшін Жаратушы өзінің мейрімділігімен жұмаққа жібереді. Мұндай қағида адамды жаман істен алыс болып, жақсылыққа ұмтылуға, өмір ағымымен құлдырамай, адамдық қалпын сақтауға мүмкіндік береді.
Төртіншісі — жанның өзін-өзі тану деңгейі. Бұл деңгейдегі білім тек қана ақпарат-хабар ғана емес, сонымен бірге, оны түйсініп, сезініп, бойға сіңіріп, адамның болмысына айналдыруды да қамтыйды. Бұл деңгейде адам Абайдың «Алла тағала ғаламның ішінде» деген қағидасын толық сезіп, қоршаған табиғат түгелдей жанды, Алла тағаланың түрлі көріністері, сондықтан оның өзі де Жоғары Жаратушының бір бөлігі екенін түсінеді. Ол бұл тіршіліктің қызығына байланбай, оның жекеленіп, қоғамнан кетіп жалғыздыққа бой ұрады. Өзінің рухани болмысын толық танып, білімнің бұл жоғары деңгейіне жеткенде Ахмет Яссауи, Шәкәрім, Л.Н. Толстой тәрізді рухани жетілгендер осылай жасаған. Толық білім және жанның өзін-өзі тану деңгейлерінде Алла тағала барлығын көріп-білуші, барлығын басқарушы.
Бесіншісі — толық ләззат деңгейі. Бұл деңгейдегі білім адамға өзінің рухани болмысын сездіріп қана қоймайды, сонымен бірге, оны іске асырып, сол білім бойынша өмір сүруге мәжбүр етеді. Яғни, бұл деңгейдегі жан иесі өзінің шыбын жан екенін біліп қана қоймай, Ғазиз Жанмен бірігіп, өз болмысын Оның болмысына толық бағындырады. Яғни, Абайдың берген «Алла тағала бір, ғалам Алла тағаланың ішінде» деген екінші қағидасын іске асырады. Бұл деңгейдегі адам өзін Абсолюттің бір бөлігі ретінде түйсініп, Онымен толық бірігеді. Алла тағалаға құлшылық жолына толық түседі, оның одан басқа мақсаты жоқ. Шыбын жан мен Ғазиз жан тікелей қарым-қатынаста болады. Білімнің бұндай жоғары деңгейінде адам сөзбен жеткізуге келмейтін толық ләззатқа бөленеді. Бұндай рухани деңгейдегі адам білімді тек қана жүрек арқылы қабылдайды. Алла тағаламен бірігу дегеніміз осы. Ләззәт деңгейінде Алла тағала — дос, сүйікті жар. Олар барлық Себептердің Себебіне құлшылық жасайды, сондықтан оларды басқа құлшылық түрлері қызықтырмайды және оларға міндет емес. Оларға басқа ештеңенің қажеті жоқ, олар — матаудан ойды азат қылған, барлығына қолы жеткен ең бақыттылар. Бұлар туралы Шәкәрім көп жазады. Бұл деңгейде Алла тағалаға ұмтылыс себебі — сүйіспеншілік.
Шәкәрім ілімі бойынша осылай білімнің түрлі деңгейлерінде тұрған адамдар Алла тағаланы өздерінше қабылдап, Онымен түрлі қарым-қатынаста болатынын көреміз. Бұл қарым-қатынастың түрі көп. Осылай Алла тағала біреу, жалғыз болса да діннің көптеген түрлері пайда болады. Жаңа пайда болған діндердің барлығы да алғашқы қалпында тазалыққа ие. Бірақ көпшілік қауымның сана-сезімі ол дінді алып келген пайғамбарлардың деңгейлерінен төмен болғандықтан, заман озған сайын діннің алғашқы таза мәні өзгеріп, фәнилік деңгейге түсіп, алғашқы таза бағыты өзгеріске түседі. Шәкәрім мен Абайдың үйретуі бойынша мұндай қателіктен құтылу жолы — діннің сыртқы салт-дәстүріне ғана емес, ең бастысы — оның ішкі мағынасына баса көңіл аудару.
Білім Алла тағаланың қуаттарының бірі. Білім адамның жүрегін тазартып, оған қуат береді. Алла тағаланың бұл қуатын Абай отыз сегізінші қара сөзінде ғылым, басар (түсіну, білу, қабылдау) деп атайды. Яғни, Алла тағаланың бұл қуатын қабылдау сана-сезім деңгейінде білім деген түсінікке сырттан келген ақпарат қана емес, сонымен бірге, адамның түсіну, оны қабылдау қабылеттері де жатады. Толық білім алған бұл деңгейдегі адам өмірдің барлық сыр-сипатын, болмыс сырларын жақсы біледі. Бірақ ол өзінің бұл білімін әлі өзінің ішкі болмысына, өзіндік қасиетіне айналдыра алған жоқ. Сондықтан ол біліп тұрса да, ол білімді толық қолдана алмай, өмірде қателіктер жіберуі де мүмкін. Ол әлі өзінің нәпсісінің ықпалында. Жан құмарын толық біліп, соның мүддесі үшін өмір сүрсе де, тән құмарын толық жеңбегендіктен кейде жанды тән жеңіп кететін жағдайлар болады. Ол әлі рухани жолда аяғында нық тұрған жоқ. Бірақ ол тура жолды дұрыс түсініп, өмірде соны таңдаған, оның алды ашық. Бұл жол сопы ілімінде «шариғат» деп аталатыны белгілі. Жүрек көзі ашылып, кеудесінде сәуле пайда бола бастаған бұл деңгейдегі адам білім іздеп шарқ ұрады, рухани білім іздеп қасиетті кітаптарды ақтарады, дүниені кезіп саяхат жасайды. Шәкәрімнің өзі осы мақсатпен Араб еліне, Түркияға сапар шекті. Бірақ ғылым іздеп шарық ұрған жанды дене байғұс төмен басып, кедергі жасай береді. Бұл туралы Шәкәрім қажы былай деп жазады:
Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбінде өлмек үшін.
(«Басында жан мен дене екі басқа»)
Осылай данышпан ақын білім іздеу жолында жан мен дененің алатын орны мен олардың қасиеттері және өзара байланысын да анықтап береді. Жан мәңгілік қасиетте ғана емес, сонымен бірге, ол білімге толы, сондықтан жан үнемі талпыныс-ізденісте. Бірақ дене байғұс салмақ болып басып, жанға бөгет бола береді, себебі, ол мәңгілікті емес, түбінде өлмек үшін жаралған. Бұл жан мен тәннің үздіксіз күресі — жан білім іздеп мәңгілік өмірді аңсап, алға тартса, ал тән надандыққтың ықпалымен зардапқа, өлімге тартады. Ақын білім іздеу жолындағы жан мен дененің байланысын көркем сөзбен осылай өрнектеп береді.
Болмыстың рухани жағы да, заттық жағы да бар. Болмыс туралы білім толық болып, рух пен материяны бірдей қамтуы керек. Сондықтан біз білім деген ұғымға оның материяны ғана қамтыйтын үйреншікті мағынасы емес, оның кең мағынасы — материя және рухтың біріккен мағынасын айтып отырмыз. Толық білім құрамына бес ақиқат кіреді: а) Жаратушы және Оның сипаттары; ә) жан иелері және олардың сипаттары; б) табиғаттың түрлері мен сипаттыры; в) қалай дұрыс іс-әрекет жасау; г) уақыт. Егер білімнің рухани жағын, яғни Жаратушы туралы білімді алып тастаса, онда ол толықтығынан айырылады. Осылай ол материалдық білімге айналады.
Шәкәрім ұғымы бойынша рухани негізден айырылған материалдық білім адамзатты тығырыққа әкеп тірейді. Материалдық білім қолдану мақсатынан айырылған құрал тәрізді. Ондай құралды жақсылық пен жамандыққа бірдей қолдануға болады. Білім ақылды күшейтеді. Абай «Ақыл мен қайрат жол табар, қашқанға да қуғанға» деген. Біліммен күшейген ақылды жасампаздық үшін де, не болмаса, құртып-жою үшін де қолдануға болады. Осылай адамдар білімді пайдаланып үлкен пайда келтіретін атом электр станциясын да, бүкіл тіршілікті жойып жіберетін атом бомбасын да ойлап шығарды. Ғылым нәтижесін дұрыс пайдаланудың маңызы туралы ақын былай деп жазады:
Шын залымға берме ғылым,
Ол алар да оқ қылар.
Қаруым дер, кісі атып жер,
Ол ғылымды айла етер.
Қарғысына сен қаларсың,
Елді алдап ол алар.
Ақылы жоқ, малы көптің,
Бірталайын еңіретер.
Дүниені түзетуші
Һәм бұзушы — бір ғылым.
Әрі залым, әрі ғалым,
Ел түбіне сол жетер.
(«Сен ғылымға болсаң ынтық»)
Шәкәрімнің осы сөздері қай заманға, қай халыққа болса да үлкен ескерту емес пе? Бұл шындық дамудың алғашқы сатысында тұрған елдер үшін де, жоғары дамыған елдер үшін де бірдей екені өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қоғам өмірінде өздерінің білімін пайдаланып жоғары лауазымға көтерілген кейбір адамдардың арсыз қылықтары мен қоршаған табиғатта материалдық білім қорының шексіз жиналып, дұрыс қолданбаудың әсерінен бүгінгі күндері қоғам өміріне көптеген қауіп туып отыр. Шәкәрім білімді дұрыс пайдалана алмаудың салдарын жақсы білгендіктен ол бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп, оны сынға алады. Білімді дұрыс пайдалана алмай, оның зардабын шегіп жүрген елдерді Шәкәрім былай деп суреттейді:
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда.
Кей-кейде: «Түзелейік, кел», — деседі,
Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.
Айласы артық, қаруы сайы жеңіп,
Мақтанып: «Бар ма біздей ел?» — деседі.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,
Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?
«Білімділер сөз жазып, зарлағанда»)
Бұл өлең 1915 жылы жазылған. Шәкәрімнің жүз жыл бұрын жазған бұл өлеңі бүгінгі күнді сипаттап отырған тәрізді. Осылай ойшыл рухани болмысынан айырылған жарым білімнің адамзат үшін үлкен қауып екенін білдерді. Ұлы ойшыл ілімінен шығатын қорытынды — адам өмірін пайдалы өткізу жолы толық білімге ұмтылу және ол толық білімді адамның қадір-қасиетіне айналдырып, оның табиғатын өзгерту болып табылады.
Сурет kk.psichiatria.org сайтыннан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.