Гоголь мен Ленин көшесі бар Қарағандыда Абай мен Әлиханның, Жақып Ақбайдың көшесі жоқ. Қазақтың Керей мен Жәнібек бастаған хандары ше?! Сәкен мен Қасымның өзін Михайлов шағын ауданына қаңтарып қойыппыз... Жалғыз Қарағанды ғана емес, ел көлемінде етек алған кілтипан. Қарағандының шығысында, қаланың дәл іргесінде 5 мыңға тарта халқы бар Доскей ауылы жатыр. Доскей – Арқаға аты шыққан ақын, әнші, сазгер. Бізді мазалаған мәселе – осы ауыл мектебіне таңылған Елтай (Ерназаров) есімі.
Елді мекен, көше атауларын өзгерту жұмыстарына жарияланған мораторий жойылғалы қашан?! Айылымызды жимай әлі отырмыз содан бері. Өткенге салауат, бүгінге қанағат қылар өрелі елдің баласы өйтпесе керек-ті. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, ауыл-аймақ, көше аттарын ұлтқа тұғыр, жұртқа пана – тұлғалар есіміне еншілер еді. Ол – жоқ. «Көзінен басқа ойы жоқ» (Абай) бәз-біреулер «осы ауылдың 40 жыл қойын баққан» деп әкесінің атына, әйтпесе, сайда саны, құмда ізі жоқ қайдағы бір қулардың есіміне әперу жолында әуре. Қолында қызметі барлар белге басып жақын-жуығына бүгін әпергенімен, ертең-ақ есі дұрыс саналы ұрпақ келіп әшкерелеп, масқарасын шығарып жатса, біздің елдігіміз қайсы?
Анығында, ауыл-аймақ атауы қашаннан халық санасына сіңген қазақы ұғымда қалуы тиіс. Мәселен, Ақтау, Қызылтау, Ақадыр, тіпті, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау сияқты қала аттарына шейін кезінде атам қазақ қойып кеткен көне атаулар. Атам заманнан келе жатқан осындай атаулар ләзім әрі жарасымды ғой. Керісінше, Қарағанды облысындағы Осакаров (аудан), Молодежный (кент), Приозерсклер (қала) ана тілімізде жарасымды атауын тапса – құба-құп емес пе? Қазір қоям десе, қазақ тұлғаға кенде емес. Орайы келсе, сол топырақтан шыққан елге белгілі, еңбегі сіңген тұлға есімін, болмаса, облыс көлемінен алып ныспыласын. Ақыны бар, жырау, би, батыры мен қажырлы қайраткері бар, қазақта тұғаға кенде ме?
Гоголь мен Ленин көшесі бар Қарағандыда Абай мен Әлиханның, Жақып Ақбайдың көшесі жоқ. Қазақтың әз Жәнібек бастаған хандары ше?! Сәкен мен Қасымның өзін Михайлов ауданына қаңтарып қойыппыз... Облыс орталығы бұлай болғанда, өзге өңірлерге не сор?!
Сөз орайында ойға түседі. Алыптар есімін ауыл, ауданға бергенмен, ауыл көшелеріне қою – қаншалықты қисынды осы? Есімдерін тұтас бір төңірекке таңып, ныспыламасақ, төмендетіп алмаймыз ба деген ой қылаң береді? Ауыл көшелеріне аудан, аймақ көлеміндегі тұлғалар есімін еншілейік десе, істеп отырғанымыз жоғарыдағыдай – әркім өз атасына тартады. Мектеп, мәдениет үйі болса, әңгіме басқа.
Қарағандының шығыс иекартпасында бұқарасы 5 мыңға тарта Доскей ауылы жатыр. Доскей – Арқаға аты шыққан ақын, әнші, шешен, сазгер де өзі. Менің мазамды алып, санамды соғып, ойымды ойран еткен – осы ауыл мектебіне таңылған Елтай (Ерназаров) есімі. Және бұл Қарағанды аймағында ғана емес, Елтай есімі берілген мектептер Қазақстанның түпкір-түпкірінде орын тепкен. Ғаламторға «Елтай Ерназаров атындағы мектеп» деп салып келіп қалсаңыз, бірінен соң бірі жыпырлап шыға келеді алдыңыздан.
Көзі қарақты кейінгі жұртқа Елтай (Ерназаров) есімі несімен таныс? Ф.Голощекинмен Қазақстанда кіші қазан төңкерісін ұйымдастырып, қолдан аштық жасаушы тақыршекенің (Ф.Г) қолшоқпары. Шаласауатты оны Ресей 1927-1934 жылдары ҚА КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы етіп қойғандықтан, ел арасында «Елтай ағам оқымай-ақ ел басқарған» деген кекесін сөз қалған. Аштық жылдарының азабын өзінше байыптаған кейінгі ұрпақ көзімен қарар болса, ақын Жанат Жаңқашұлының «Мешін» триптихына үңілсе, Елтай образы «ашыла» түсердей.
«Бір кеші әрең алмастырып бір кешін,
Қызыл іңір қанға бояп іргесін.
Ібіліс кеп ойнақ салған ірітіп,
Мешін жылы билік құрды бір Мешін.
Қырғынымен жалмап алып кіл ерді,
Аспан-ана алабұртып түнерді.
Көк Тәңірі шынжырынан босатып,
Алашыма албастысын жіберді.
Көз алдыма көрінеді күйік боп,
Дидарыма тозақ жақтан тиіпті от.
Ашыққанның алып қашып арманын,
Ақша бұлттар жөңкіледі киік боп.
Саусағымен санап беріп бес күнін,
Тірі өліктер жер бетінде кешті күн.
Ту биенің тулағынан нәр алып,
«Кер биенің» мүжіген кез төстігін.
Сөнбейтұғын неткен сұмдық елес ең?
Тұл болар ең тулақ турап жемесең.
Ертөстікке жерік болмай күллі әйел,
Елтай туды демесең,
Ел есен!
Қырғыннан соң басты залым аптығын,
Құзғындардың көргем сонда шаттығын.
Қалжыраған қаймананың көзіне,
Қып-қызыл боп, күлше құсап батты күн.
Тағдыр қаққан жүрегіме бір шеге,
Қарғыс айтып келем әлі дүмшеге.
Батар күнге қызығамын,
Бәлкім сол,
Қол жетпеген күлшеге...»
Басқасын айтпағанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатында аштық жылдарындағы тәркілеуге қатысты құжаттың бәрінде осы "Елтай көсемнің" қолы бар көрінеді. Қалтай Мұхаметханов «Шәкәрім» атты мақаласында ақын мен Елтайдың Шыңғыстаудағы кездесуін көзімен көрген Аюбай Кенесариннің (1906 жылы туған) мынадай естелігін айтады:
«Осы ауданға Қазақ үкіметінің бастығы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шәкәрім сол кісіге кіріп, әңгімелесіп, шығып тұрғанда көрдім. Жаздыгүні болатын. Елтайға арналып, Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше үй тігілген-ді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай, күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты.
Бір кезде Елтай отырған үйден Шәкәрім де шығып келіп, тұрған халыққа: «Малдан айрылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар» – деп атына мініп, жүріп кетті. Осы кездесудің белгісіндей мынадай өлең жолдары бүгінге жетті:
…Қазақтың басшы баласын
Сөйлестім, көріп шамасын.
Қалайша қалап қойған ел
Сезімсіз, ойсыз шаласын,
Түк келмейтін қолынан?!
Ел мұңын ондай ұға алмас,
Бастық та болып тұра алмас.
Мансапқа өзің мақтансаң,
Еліңнің басы құралмас,
Адасар айқын жолынан…».
Елтайыңыздың сыйқы – осы. Әулие ақын Шәкәрім күдер үзген Елтай атын біз қасиетті білім ошағына қоямыз. Мектеп атын жаңартпасақ, өзімізді өзіміз тірідей жерлеген болмаймыз ба? Мұны мен азаматтық парызым болғасын, Бұқар жырау аудандық және Доскей ауылдық әкімдігі мен қасиетті халықтың назарына қарата айтып отырмын. Алланың бір аты халық екені рас болса, бұл мәселе жерде қалмауы тиіс қой...
Жәнібек ӘЛИМАН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.