Мық шегедей Мылтықбай
Кез келген атауда сиқыр күші бар деседі. Адам түгілі жанжануарлар да өзіне қарата айтылған сөзді естігенде бойында белгісіз бір діріл ойнап, құлағын тікірейтіп айналасына қарайды. Ал сана иесінің өз атын әр естіген сайын ата-анасы мен айналасының жарық дүниеге келген сәтінен бермен қарайғы өзіне деген ерекше ықыласы мен бөлекше үмітінің арғы-бергі астарына айрықша ой жүгіртіп, толғанары түсінікті. Әсіресе, сәт сайын тылсым дүниенің тағы бір тосын құпиясын аңғарып қалам ба деп алабұртып отыратын ақындардың жоғарыдағыдай жәйттерге басқашалау баға беріп, елеуреп тұрары күмән туғызбайды. Мылтықбай. Неге басқаға емес мылтыққа бай? Әлде соғыс өрті жалмаңдап тұрған жалмауыз кезеңде туған ба? Бұлай деп қорытынды жасайық десек, Мылтықбай соғыс өрті әлдеқашан өшіп, күлтөбеге айналған жаралы жерлерге әлдеқашан гүл өскен беріректегі бейбіт күні дүние есігін ашыпты. Ендеше, әкесі мылтыққа кедей болмасын деп не үшін ырымдаған?
Тегі біздің қазақта ырымның неше түрлі атасы бар. Мылтық – жеті қазынаның бірі. Осы жеті қазынаның бірі қолда болса, қазақ тарығар ма? Оның үстіне мылтық – қорғаның. Жолда шаршасаң сүйеніп жүрер таяғың. Құрсақ көтерген әйелдер түсінде мылтық көрсе жаужүрек ұл тумақ. Елбасымыздың Мырзашөл жырлары Мылтықбай Ерімбетов балалық шағынан түсірілген фильмнен де көріп жүрміз, оның анасы құрсақ көтергенде теңіз ішінен мылтық алып шы ғады. «Қасиетті, қошқардай ұл табады екем» деп қуанады ана. Президентіміз Н.Назарбаев бүгінде бүкілдүниежүзі мойындаған тарихи тұлға. Ал, Мылтықбай Ерімбетов ше? Енді Ерімбетовтің де жөні бөлек. Асқақ жырлары орыс, украин, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған. Демек, Қазақстанда Мылтықбай есімді қайсар ақын барын олар там-тұмдап болса да біледі. Бірінші курста өлеңдері ұнаған Мылтықбай шәкіртінің көптеген кітаптары шыққан кездегі аяқалысына риза болған ұстазы Зейнолла Қабдоловтың: «Мен Мылтықбайды наган кезінен білемін» деген жақсы көріп айтқан қалжыңы қанатты сөзге айналғалы қашан?! Ал, біздің білетініміз... Біздің білетініміз ерінбейтін Ерімбетовтің елден ерек ерен еңбекқорлығы. Мық шегедей мықты Мылтықбайдың тіршілігі анау-мынау нардың өзінің белін қайыстырғандай... Баспагер КСРО деген алып кеме күйреп, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кезеңінде біз білетін Мылтықбай елімізде алғашқылардың бірі болып баспа ашты. Баспа дегеніміз – өндіріске баратын қолжазбаны дайындау. Ал, Мылтықбай мырза «М-Талант» атты баспаға қоса шағын баспахана ашты. Дәл осы баспаханасында өзінің «Мырзашөл», «Аманат», «Ғұмырнама», «Бай болғың келе ме?», «Пайғамбарнама» және т.б. кітаптарын шығарып, оқырмандарына ұсынды. Бүгінде Мылтықбай өзінің 25 томдық еңбегін жинақтап үл герді. Баспадан соның төрт томдығы жарық көрді. Олар – «Мырзашөл балладары» өлеңдер жинағы, балаларға арналған «Балқаймақ» кітабы, «Мырзашөлге сапар» деген атпен Д. Қонаев туралы хикаяттары, «Нарком Нұрбаев» деректі туындысы. «М-Талант» баспасы 360 Қазақстандық, Өзбекстандық қазақ ақын-жазушыларының кітабын шығарды. Соның ішінде жерлестері Қайыпназар Айтпенов, Әлібек Мейірбеков, Серқұл Сүлейменұлы, Ақылбек Төребеков, Махамбет Сапармұратов, Жетпісбай Кершиев, Тұрды Әлсейітов, Ергеш Сүлейменов, Төлемырза Балтабаев, Ағман Сабырханов, Мұхтар Құралов, Бөрі Иса, Зікіра Қожаев, Жұмабек Мұқанов, Әнуарбек Жақыпбеков, тағы басқалардың жинақтары бар. Жаңғыртушы Мылтықбайдың тағы бір қасиеті сонау қадым замандарда Жетісай өңірінде өмір сүріп, соңына өшпес мұра қалдырған дара тұлғалардың есімдерін жаңғыртуы десек, қателеспейміз. Айталық, осы аймақта кезінде Қаз ЦИК-тің мүшесі болған, Сәкен Сейфулиннің үзеңгілес досы Оразкелді Бәткей Зұлмұханбет Тайманов деген азамат өткен. Ал, Қаракөсе Оспан Бапышев мұсылмандар арасында бірінші атты әскер ұйымдастырушы. Осы азамат Түркістан үкіметі тұсында Ташкент қаласында (1919 жылы, қаңтарда) Осипов бүлігі бұрқ ете түскен тар жол, тайғақ кешу кезінде Т.Рысқұловты құтқарып қалады. Құрманәлі Асабай Мамытов 28 жасында генерал болған. Ол Қазақстан Жоғарғы сотының алғашқы төрағаларының бірі. Халық қомиссары Байлар-Жандар Мырзақадыр Нұрбаевтың да өмірі арпалысқа толы. «Ұзын ата» мешітінің шырақшысы, ақын Молдамұса Жұманазарұлының, Кенжеқожа, Молла Әкім, Досмұрат Жұматайұлының құмда шашылып қалған өлеңдерін, тарихын тірілткен де біздің Мылтықбай. М.Ерімбетов жоғарыдағы тарихи тұлғалардың еңбек терін халыққа қайтарумен бірге, олардың есімдерін де жаңғыртушы. Бүгінде Мақтаарал ауданында жоғарыда аты аталған есімдері елеулі азаматтардың атында мектептер мен көшелер бар. Мысалы, тележурналист Қынабай Аралбаевқа Жетісайда көше беруге ат салысты, ол туралы кітап жазды. Аманқұл Әбдіраманұлы екеуі жазып шығарған «Сары би» кітабы «Даланың даналары» атты үлкен томдыққа және заң факультетінің билер ережелері туралы оқулығына енді. Осы тұрғыда жазушы, ақын һәм журналист Мылтықбайдың жаңғыртушылық қыры айқындалады.
Жоқшы
– «Мен Оңтүстіктің осы бір жағын көп білмегеніме өкініп жүрмін...» – деп Мұхтар Әуезов 1959 жылы 4 қазанда Мырзашөлге келгенде айтқан, – дейді Мылтықбай. Жаугершілік дәурен құрған тұста жоқшылар көп болатын. Бүгінгінің бір жоқшысы – Мылтықбай. Ол не жоғалтты? Әрине, жанынан жоғалтқаны аз. Оның жоғалтып жүргені – Жер. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап келген жердің бір мысқалын да басқаға қиғысы жоқ. – Тек, Швейцарияға алмастырмас менің Мырзашөлімнің аты шөл болса да заты шөл емес екенін, халықтық өнер қазынасы жиналусыз шашылып жатқанын, бүгін біреу керек қылмаса да ертеңгі ұрпақ сезініп, осы кітаптарды ұсынып отырғанымды түсінсеңіздер болғаны! – дейді тағы да ақын. Осы ретте Мылтықбайдың Ресейдің, Өзбекстанның аумағында қалып кеткен жерлерімізді жоқтап жазған өлеңдері, мақалалары екіүш томды еркін құрайды. «Осы жұрт Мырзашөлді біле ме екен?» деген «Жас Алаш» (№53, 9 шілде, 2013 жыл) «Қазақ үні» (4 наурыз, 2010 жыл) газеттерінде жарияланған мақаласы кезінде үлкен резонанс тудырды. Енді «Мырзашөл» атты этнографиялық журналын 2 мың таралыммен шығаруда.
Оқытушылар қамқоршысы
Мылтықбайдың ендігі бір айта жүрерлік еңбегі – оқытушыларға қамқорлығы. Айталық, қазір жоғары оқу орындарында оқулықтар жетісе бермейді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыруға Мылтекең азды-көпті үлес қосып жүр. Ол Жетісайдағы «Сырдария» университетіне бірнеше оқулық шығарып берді. Мысалы, Бөрі Исаның «Нота» деген оқулығы «М-Талант» баспасында басылды. Мамасейіт Рүстемовтің «Мырзашөл тарихы» атты монографиясы Мылтықбайдың қолынан өтті. Ибадулла Үмбетаевтың экономика тақырыбына жазылған «Азамат жолы», Бегім Серікұлының «Мақта өңдеу технологиясы» оқулығы да «М-Талант» баспасынан жарық көрді. Бұл қатарда Мұқан Әліпбековтың балаларға оқулығы, Әбдіманап Жолдасбековтың «Туризм», Гүлфайруз Еркебаеваның «Орыс тілін оқыту», Жақсылық Күзембайұлының «Автомобиль жабдықтары», Сәлима Рахымжанованың «Кітап тарихы», Камал Смаиловтың «Қазақ киносы» Қуандық Ералиннің «Қазақстан бейнелеу өнері» оқулықтары бар. Бұлар туралы кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде Сүлеймен Мәмет хабарлама жазды. Аудармашылығы Отыз жыл бұрын социализмде өмір сүріп ек, коммунистік партия саясаты қаламды қалай қозғауды үйрететін – енді капитализмнің жыңғыл тоғайында жол іздеп жүрміз. Бұрынғының бәрі жаман емес, қазіргінің бәрі бірдей жақсы емес. Өлең, әдебиет, мәдениет түгілі, кез келген нәрсеге көзқарас өзгере бастады. Бірақ, болған тарихты, өткен өмірді, мейлі ол бір қоғамдыкі немесе жеке адамның өмірі болсын, өшіріп, сызып тастай алмайсың және басынан бастай да алмайсың. Мылтықбай Ерімбетовтің аударма, өлеңдер, әңгімелер, мақалалары жақында «Достар күлкісі» атты үлкен кітап болып жарық көрді. Автордың бұл кітабында бұрынғы Одақ және дүниежүзінің жүздеген қаламгерлерінен аударған шығармалары еніп отыр. Олардың дені көпшілікті адалдыққа үндеп, адамгершілікке, достыққа тәрбиелейтін, парасаттылыққа жетелейтін ойлы, ұғымды болып келеді. Қазір түрлі мемлекеттерге бөлінгенмен әр ұлт қаламгерлерінің шығармаларында рухани тұтастық және уақыт үндестігі байқалады. Тағы да Г. Жандосованың «Күзгі жапырақтар», О. Высоцскаяның «Қар қояны», Г. Тәжімбетованың «Шын жүректен» атты өлең кітаптарының аудармасы жеке-жеке жарық көрді.
Балалар ақыны
М.Ерімбетовті бүгін бірнеше бөлшектерге бөлгенде оның бір тармағы «Балалар ақыны» деген тарауға тоқтайды. «Балқаймақ», «Отырартөбе», «Қар қояны», «Айналайын анашым», «Бастау», «Баспалдақтар». Міне, бұлар Мылтықбайдың қаламынан туған балаларға арналып жазылған кітаптар. Осы кітаптардағы бірқатар өлеңдер мектепке дейінгі мекемелерге арналған оқулықтарға еніпті. Орыс тілінде балаларға арналған Мырзашөл жырлары Мылтықбай Ерімбетов кітапшасы жарық көрген. Теледидарда бүлдіршіндер хабарларында Мылтықбай өлеңдері пайдаланылады. Бұдан соң Мылтықбайды балалар ақыны демей көр енді. Оны қаламгер редакторлар Оразақын Асқар, Байбота ҚошымНоғай, Талғат Айтбайұлы, Бақыт Мәжитұлы да растайды. Ай аралап шыға тын «Жыл он екі ай» альманағында, «Балдырған» журналында, «Ұлан» газетінде ақынның бүлдіршіндерге арналған тартулары жарияланып келеді.
Хаттар... хаттар...
Бүгінде жастарды хаттармен таңқалдыра алмайсыз. Олар хат жазуды білмейді де. Ал, Мылтықбай Ерімбетовтің жеке мұрағатында бір сандық хат жатыр. Ақселеу Сейдімбеков, Асқар Сүлейменов, Марат Отарәлиев, Тәкен Әлімқұлов, Дүкенбай Досжанов, Мұқағали Мақатаев, Исраил Сапарбаев, Есенғали Раушанов, Жәнібек Кәрменов, Шәмші Қалдаяқов, Нармахан Бегалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Қасымхан Бегманұлы, Төрегелді Байтасов, Әбілда Аймақ, Әмзе Қалмырзаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев. Бұл тізім жалғаса береді. Таңғаларлығы сол, Мылтықбайдың жеке мұрағатында жоғарыда аты аталған адамдармен әр кездері жазған хаттары күні бүгінге дейін мұрты бұзылмаған күйі сақтаулы. Хаттар күнделікті күйбең тірлік жайлы жұмған аузын ашпайды. Әдебиет жөніндегі ой-толғамдар, пікірталастар толы 10 том студенттік күнделіктер өз алдына жеке кітап болып шығуға сұранып-ақ тұр. – Мен күнделік жазуды 100 том жазған Мариэтта Шагиняннан үйрендім. Ол атақты «Ульяновтар семьясы» романының авторы және 99 жасында мұздай суға шомылған адам, – дейді Мылтықбай. Ерінбейтін Ерімбетов күнделіктерін де қолға аларына сендік. Айтпақшы, осы архивтің ішінде көптеген суреттер жүр. Ақын-жазушыларымыздың студенттік шақтарынан сыр шертетін сарғайған суреттердің де айтары көп.
«Күй ойнайды қазағымның көгінде...»
Мырзашөл өңірі дәулескер күйшілерге де кенде болмапты. Осы аймақта Ақбала, Данай бастаған көптеген белгілі күйшілер өткен. Қайыпназар Айтпенов, Шағдар Ақылбеков, Аралбай Хожабеков, Бөрі Исаның орындауында осы күйшілердің күйлері бүгінге жетті. Міне, осы күйлерді нотаға түсіртіп, жеке күйтабақ етіп шығару Мылтықбайдың кезекті – арманы. – «Әрбір Мырзашөлдегі қазақтың көкірегі күйге толы. Осы күйлерді жазып алу керек» – дейді ол. «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп Мұхаң айтты дейтін Асқар Сүлейменов. Сол рас сөз, – дейді Мылтықбай.
Мырзашөлге сапар немесе журналистік ерлік
Өзбекстанда тұратын бір топ қазақтар Жызақ обылысында болған 1992 жылдың 6 қарашасындағы Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ш. Рашидовтың 75 жылдығына келген Димекеңмен кездесулер әсерін әлі ұмыта қойған жоқ. Мырзаның шөліндегі қазақ бауырларының жүрегін Димекең сол келісінде де нұрға толтырып кетіп еді. Бірақ, соңғы сапары екенін ешкім де сезбеген-ді. Кейінірек, ардақты адам дүниеден өткен соң баспасөзде жарық көрген Қазақстан Республикасы Президентінің «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысын Өзбекстандағы қазақ жұртшылығы да қуана қуаттады. Ел – Қонаевты әлі жақсы көреді, ұмытпайды, мәңгілік сүйеді. Д.Қонаевтың Ташкент, Самарқан, Жызақ, Мырзашөл сапарлары, Президент Каримов айтқан сөздер, Рашидов әйелі Хурса Найдың сөздері, өзбектердің Қонаевқа алғыстарын бірде-бір қазақ газеттері жазбады. Ал өзбек газеттері хабарлама күйінде берді. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Мылтықбай Ерімбетов – Мырзашөлдегі Димекеңнің сегіз күнінен жүздеген сурет жинап, жиырма баспа табақ кітап етіп жазып шығарды. Ол толықтырылып, қайта басылымға әзірленуде. Мұны журналистік ерлік демей не дейміз?! Мырзашөл жырлары Мылтықбай Ерімбетов Бір сырымды айтайын... Ол былай деді: 1864 жылдан бастап Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Шымкент, Ташкентті басып алғаны, ары қарай Қоқанға жорық жасағаны тарихтан белгілі. Сонда Ресей патшалығы Ташкент губернаторлығына Фон Кауфманды бекітті. Ғылымға икемді кісі екен. Сырдария, Ташкент губернияларының қазақтарының тұрмыс-тіршілігі туралы этнографиялық мәліметтер жинатқан. Сол тігінділер мен 15 томға жетерлік «Аристократическая каста рода Конырат» деген папкалар Кауфман қайтыс болған соң архивте (Ташкентте) қала берген. Кеңес өкіметі кезінде онымен ешкімнің жұмысы болған жоқ. Тек, ұлтжанды ғалымдар Рахманқұл Бердібай мен Мырзантай Жақып қана бір-екі томын ақтарып көрді...Қазір өзбектер көрсетпейді, не ақшаға сатып аласың. Тарихты өздерінен бастап қайта жазып жатқан ала тақиялы ағайындарға қажетсіз. Өртей салуы да мүмкін.... Қазақстан әл әзірге керек етпей тұр. – Ташкент кітапханасына керек емес архивты өзбектер шығарып өртеп тастамақ. Мен соның көшірмелерін сатып алып жатырмын... Бір қызығы онда Ризенкамфтың Мырзашөл даласын суландыру және Шардара ойпатына су әкелу туралы жазбалары бар. Біз бұл мәселені Ленин көтерген деп алғыс айтумен жүрдік. Ол жазбалар, қазір Петербургте Ризенкамфтың отбасылық архивінде. Хат жазып ем, жауап келмей жатыр. ...Мен Мырзашөл аудандық «Достық» газетінде істеп жүргенде Өзбекстандағы түбі қазақ көп молдалардан, жай мұсыл мандардан арабша қолжазбалар жинадым. Кейбірінен Майлы қожа, Шәді төре өлеңдерін тауып алдым. Жызақтың Замын ауданында Шәді Төре Жәңгіровтың аштан өлгенде асығыс көмілген қабірі барын білетін ем. Жүсіп Қожа Шайхислам ұлынан кейін ең көп кітап шығарған осы кісіні біз білмейміз. Арабша кітаптарды ұмытылып кеткен кісілер арқылы Бұхара, Ташкент, Қазаннан шығарып, біздің өлкеге таратқан. Кеңес өкіметінен қорқып, қолжазбаларды тыққан, көмген. Шардарадағы Ұзыната мазарында көп кітап көміліп жатыр. «Комсомол» совхозының директоры Нартай Сапаров ашуға ниеттеніп еді, көлік апатынан қайтыс болып аяқсыз қалды. Енді, қолдан әркімнен алған соның біразы менің үйімде. Араб әріпінен тасбақа аяңмен оқып көшіріп жатырмын. Қытайдан келген найман, керей туысқандар бір бет оқыған шала арабшасына бір қыздың құнын алады. Уақыт жеткізе алмай жүрген арманым-ай. ... Мәкең арабша, ескі өзбекше қолжазбаларды сипап қойды. – Ұлы Отан соғысында майданнан жолданған марқұм жауынгерлер хаттарын да жинап ем. Кеңес одағының батырлары Жолдыбай Нұрлыбаев пен А. Әбуовтің өлең-хаттары көп. Қарауға уақыт жетпейді.
Музей-адам
Алматының «Ақсай» шағынауданында Мылтықбай Ерімбетов тұрады. Міне, біз ақынның үйінде шәй ішіп отырып, оның жеке мұрағаттарын ақтарып тауыса алмаудамыз. – Көп білемін деме – көптен артық білмейсің. Рас сөз. Көне кітаптарға көз салсақ көнермейтін сөз табамыз. Аттың жалы, түйенің қомында жүрген аталарымның жазуға уақыты болмапты. Сондықтан, Радлов, Шоқан, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Шайхиисламұлы, Мүрсейіт, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Ақселеу Сейдімбеков сынды асыл жүректі азаматтардың халықтың шашылған қазынасын жинауда, жұртшылыққа қайта жеткізуде атқарған қыруар бейнеті алдында басымды иемін, – дейді ақын толқып. – Мынау Нартайдың шәкірті Құтбай Дүрбайұлы ақынның қолжазбасы, мынау даусы бар лента. Алматыға бір-ақ рет жолы түскен. Ұлы Мұхтар Әуезов өзіндік дауысы бар әнші, композитор, ақынға қайран қалыпты, – дейді Мылтықбай, – Құрастырмалы домбырасы Жетісайда, өкіл баласы Оразқожа Бекахмет ұлының төрінде ілулі тұр. – Ахмет Жұманазаров пен Кенжеқожа ақындар да кезінде «халық жауы» атанып, атылып кетті. Екеуінің де сүйектері Шымкенттегі «Албастысайда» жатыр. Молда Мұсаның Ахметтің ұлы Әди ақсақал «Намаз» кітапшасын зейнетақысына шығарды. Қалған еңбектерді де жарыққа шығарар күндер келеді. Өз қаржыма болса да Кенжеқожаны шығарамын, – деп ақын әңгімесін сабақтады. Ғалым Қыдырәлі Саттаров та көп Мырзашөл жырлары Мылтықбай Ерімбетов нәрсе әкелді. Марқұмның өзі зорға шығарғанынан бөлек тағы да дастандар бар. Қайыпназар Әйтпеновтің 2 томы жарық көрді. ҰҚК-нен алған арабша қолжазбаларын мен бердім. Толып жатқан қолжазба, суреттерді көріп «Мылтықбайдың бір өзі – бір музей екен-ау» деп ойладым. Мылтықбай маған арқалы ақын Төлеген Айбергенов, Марат Отаралиев, Мұқағали Мақатаев туралы зерттеу еңбектерін, Әуезов, Жансүгіров, Қ.Аманжолов, Шәдітөре Жәңгіров, Өмірзақ Қожамұратов, Совет Оразаев туралы елден жинаған естеліктерін көрсетті.
Сазгерлігін де айтайық...
Сегіз қырлы, бір сырлы Мылтықбайдың сазгерлігі де бар. Осы күнге дейін 28 ән шығарған. Әндерін әсіресе жастар сүйіп орындайды. Оның әнге өлең жазатыны да бар. Мәселен, марқұм Ержан Серікбаевтың «Алға, қазақ жігіттері» атты әніне сөзді Мылтықбай жазған. Р. Байқоңыров, Ә. Телғозиев, М. Жүнісова, Л. Жолдасов, т.б. композиторлар ән жазған. Термелері де орындала бастады. Тәшман Шекеров, Каналбай Сейілбеков, Асан Пердеш, Құнанбай, Жақып, Сәкен Сабырхановтар орындауында Шымкент теледидарының Уәлихан жүргізген «Ғибратнама» хабарында бірнеше рет берілді. Тұрсынай Оразбаеваның «Сарданагүл» әндер жинағын, Бөрі Исаның «Желтоқстан» күйлер кітабын да Мәкең шығарды. Тарау-тарауға бөле берсек, Мылтықбайдың сан түрлі өнері шыға беретіндіктен бірқатар қасиеттерін осы бөлімге сыйдырып отырған жайымыз бар. «Жалын» баспасы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитеті сыйлығының лауреаты Мылтықбай Ерімбетовтің 20-дан астам жинағы жарық көріпті. Енді біздің «Музей-адам» деп әспеттеп отырғанымыздың да рет себебі осы. Ерінбейтін Ерімбетовтің ертеңдері тындырар еңбектері әлі де көп екеніне талас жоқ. – Басқадан бағасы артық жанкешті адамдардың үлгісі мен жолын қуып, өз ауылым, елім, жерім – Мырзашөлге табаны тиген жақсылардың деректі ғұмырнамаларын жидым. Сыйтабақтан дәм татып, керегін аларсыз, қажетсізін тастарсыз, қатесін кешірерсіз. Көптен артық білмейтінім ақиқат, – деп қорытты ойын ақын жаңа кәсіпкерлік, қаржыгерлер туралы «Бай болғың келе ме?» деген кітабын сыйлап тұрып. Ауданға көп жақсылық жасаған Меценат Қалаш Серікбаев туралы естеліктерді, Мырзашөл өңірі көкпаршыларының дерекнамарын әзірлеп біттім. Енді баспаханаға қатесін оқып, өткізу керек, – деп асығыстығын аңғартты. Журналист қаны бойымызда бар халықпыз ғой, ақынның туған топырағы төңірегінде титімдей ғана тауарихнама алғымыз келіп кетіп, титтей сауал тастадық. Ақын ойланбас тан: Туылған жерім – Шымқорған, Арнасай, Өскен жерім – Мақтарал, Жетісай. Қазіргі қонысым – Алматы, Ақсай, Барар жерім – Тәңірия -Аспантау, Кеңсай, – деп термелетті. Қара жер қашан тойған дейсің, Мылтеке. Алда атқарар ауқымды істерің көп қой, аман бол!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.