Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Есенғали Раушанов туралы 10 дерек...

21.02.2019 11304

Есенғали Раушанов туралы 10 дерек

Есенғали Раушанов туралы 10 дерек - adebiportal.kz

Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов (1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келген) — белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

***

1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 ж.ж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.

***


1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры.

***


Өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Е.Раушанов тәржімасымен сөйледі.

***


Белгілі қаламгердің «Бастау» (1980), «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1986), «Ғайша бибі» (1992), «Қара бауыр қасқалдақ» (1995), «Періштелер мен құстар» (2005), «Бозаңға біткен бозжусан» (2006), «Құстар біздің досымыз» (2007) секілді бірқатар жыр жинақтары жарық көрген.

***

Шығармашылығы. Ұлттық дәстүрдің тамырын анықтағанда сол халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, шаруашылық сипаттарына баса назар аудару керек екенін ескерсек, Е.Раушанов өлеңдерінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы түгелдей көрініс тапқан. Халық мифологиясы, «Нұх пайғамбардың кемесі», «Түн деген – Көрұғлы», «Қызық емес оқиға» өлеңдерінде осы бағыт айқын бедерленсе, ауыз әдебиетіндегі Қыдыр, Әзірет Сұлтан, Қазығұрт бейнелері ақын шығармашылығының бір парасы екенін аңғарамыз. Сонымен қатар, Е.Раушанов жыраулар мұрасын меңгеріп, олардың көркемдік дәстүрін терең, жан-жақты, жаңа үрдіспен дамытқан ақын.


***

Е.Раушановтың жастар туралы пікірі: «Қазір лауреат емес жастарды сирек кездестіресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыпты жағдай деп түсінеді. Бұған үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәрайлар мен жарыстарды қосыңыз. Содан келіп көп жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Ә.Нұрпейісов, Т.Әбдік, Д.Исабековтардың кітаптарынан көп. Төленде көп болса алты-жеті кітап бар, ал әлгі «толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің» алды он бес кітап шығарып үлгерген. Біздің әдебиет қазір «сан болса, сапа да болады» деген жаңсақ принциппен дамып (егер дамығаны рас болса) келеді. «Жоқ, әуелі сапа керек!» деген заманға да келерміз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? «Қолда бар алтынның қадірін білейік» дегенді қайталап айтқымыз келеді. Біз жастарға сұраған еркіндігінің бәрін бердік, бірақ бұл оларға нашар жазу еркіндігі, бетімен кету, еріншектік, бекер мал шашпақтық, даңғойлық та қоса берілді деген сөз болмасын».


***

Ақын әр ай туралы циклды мақалалар жазуда. Табиғат пен ұлт дүниетанымынан сыр шертетін бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Соның ішіндегі «Желтоқсан» толғамынан үзінді келтірейік: «Түлкінің аңшы біткенді ерекше еліктіретін кезі осы кез. «Түлкі түгінен жазады» дейді халық. Әсте бұл о баста, қате айтылған мақал. Олай дейтініміз, түлкі тамақ іздеп жортуылда жүреді. Күздегідей өріп жүрген тышқан жоқ. Балапан құстар әлдеқашан есейіп, жылы жаққа ұшып кеткен. Содан «түлкідейін түн қатып» дейтін күндер басталады. Түк таппаған соң жазған түлкі жаңа жауған қарда із кеседі, сол кезде қыран, бүркіттің, ұшқыр тазының не берен мылтықтың қарауылына ілігеді».

***

Ақынның қанатты сөздері:

- «Поэзия» – ертеректе жа­зылған өлең. Кітаптарыма енбей қалып жүрді. Жоғалып кет­ті, кейін қайта тауып алдым. Басқа себебі жоқ. Жоғалтқаны көп адаммын ғой мен. Басқасын қайдам, өлеңге адал болдым. Егер шынымен жастардың ме­ні жақсы көретіні рас болса, ол бәлки, менің ғажап ақын болғандығымнан емес, өлеңге адал­дығымнан шығар деп ойлай­мын.

- Мен қадірлеп, қастерлейтін, құр­меттеп, басымды иетін дүние ол – Өлең. Поэзияның асқақ бол­ғанын ұнатамын. Өлең деген туған анаңдай қадірлі болуы керек.



- Жазушылардың өздері жасап алған «жекеменшік жерұйықтары» яки сүйікті бір мекендері болады. Мысалы У.Фолкнердің Йокнапотафасы, К.Паустовскийдің Мещеры, Ә.Нұрпейісовтың Аралы бар. Бұл-дағы суреткердің өзі ғана түсінетін және өзін түсіндіре алатын өз әлемін іздеуден туатын болса керек.


***

Е.Раушановтан бір өлең

Календарьға түзету

Бірінші қаңтар жаңа жыл емес,
Жаңа жыл емес наурыз да.
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Несі таң екен аспаннан ақ қар төгілсе,
Несі таң және қылтиып көк шөп көрінсе?..
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Күл мейлің...
Бұзылып кенет нілдей күн,
Еңсеңді басса зілдей мұң.
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Неге екенін білмеймін...


adebiportal.kz


Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар