Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фантастика – әдебиеттің түп атасы...

11.05.2023 2496

Фантастика – әдебиеттің түп атасы 14+

Фантастика – әдебиеттің түп атасы - adebiportal.kz

Баланың санасын өсіру үшін әдебиет оқу өте маңызды. Мұны әдебиетшілер де, психологтар да айтады. Әдебиеті құлдыраған ел ерте ме, кеш пе күйрейді. Наталья Солженицына бір сөзінде: «Егер мектепте әдебиетті тереңдетіп оқытпаса, филологиядан басқа мамандық таңдағандар әдебиетті сол күйі терең танымай, мүлде білмей өтуі әбден ықтимал. Мектеп әдебиетті сүюге үйрететін алтын бесік», - дейді. 

Әдебиетті оқымаған адамнан жартылай робот жасап алуымыз мүмкін, ол адам шала сауатты болып қоғамға кірігеді. Кітапты оқу бір бөлек, кітапты сауатты түсініп оқу мүлде басқа. Әдебиет жай пән емес, адам болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы. Осы ойды тереңдетсек, әдебиет ұлттың діңі болып шығады. 

Ал баланың зердесін толыстыратын фантастикалық әдебиеттің орны тіпті ерек. Баланың жастайынан қиялын ұштайтын ертегі, қисса-дастан, жаңылтпаш, жұмбақ жаттап өсуі өте маңызды екенін бәріміз білеміз. Мәселе балаға кітапты қалай оқыту қажет дегенге тіреледі. Қазіргінің баласы дайын мультфильмді көрген соң кітап оқуға бейімін жоғалтып жатыр. Дегенмен жазушы, аудармашы, педагог, журналист Марина Аромштамның айтуынша: «Балаға кітап оқытуды үйретудің бірізді тәсілі жоқ. Балаға күнде дауыстап кітап оқып беруден бастаңыз. Балаңыздың көзінше кітап оқыңыз. Баланың көз алдында, өмірлік тәжірибесінде кітап оқу мысалы болуы тиіс. Кем дегенде балаға аудиокітап тыңдату маңызды. Ең пайдалы амалдың бірі баланы жастайынан театрға апару. Театр – тіл ұстарту өнері. Мұнда бәрі шешен, бүкіл қимыл сөзге байланған. Кинода визуал маңызды болса, театрда сөзіне басымдық беретініміз рас».

Қазіргі таңдағы мәдениетте фантастика ерекше рөл иемденіп отыр. Ойдан шығару, қиялға ерік беру – ғылыми, әлеуметтік, техникалық, ақпараттық өзгерістерге мейлінше ықпал етіп отырған сала. 

Жалпы фантастикаға кімдер мүдделі болады деп қарастырсақ, көбіне көп өзінің мәдениетіне көңілі толмайтын елдер мүдделі болады екен. Себебі, фантастика бір жағынан адам бойындағы қорқыныш пен ешкімге тіс жармайтын жұмбақ тілектерінің проекциясы болса, екінші жағынан мәдениет мәжбүрлеген кемшіліктер адам тілегі мен үрейін басып тастайтындықтан, солардың орнын шығармашылықпен толтыру үшін қолданылады. Фантастика ойлау жүйесінің синкреттілігін бұзғанда қиялдан туған ой, рационалды ой және рухани ой бірікпей қалады. Фантастика жаңа заманды тудырушы күшке айналады. Фантастиканың мәдени-тарихи контекстіне қарасаңыз, оның сонау мифологиядан бастап постмодернизмге дейінгі аралықта адамзат мәдениетінде зор рөл атқарғанын байқауға болады. Фантастика адамзатқа шынайы өмір мен қиял өмірдің шегін байқауға, қалыпты дүние мен қалыпты еместі айыруға, ықтимал мен мүмкін еместі танытқанын ескеруіміз керек.

Негізінде ХХ ғасырда фантастика мәдениеттің бөлінбес бөлшегіне айналған. Өнерде – әдебиет, кинемотография, сурет мысалдары көбейді. Әлеуметтік салада – түрлі субмәдениеттер қалыптасты. Ойын кеңістігінде – фантастикалық мазмұнға бай рөлдік ойындар, компьютерлік ойындардан аяқ алып жүргісіз. Неге ХХ ғасырда фантастика тез дамыды? Оған демография да, жаһандану да, түрлі мәдени трансформациялар да әсер етті. Фантастика тек өнер ретінде ғана дамып қоймай, «ғылыми фантастиканы» да жетілдірді. Виртуалды әлемге аяқ басып тұрғанымызға қазір ешкім таң қалмайды.

Фантастика ересек адам үшін де, бала үшін де өте маңызды. Қазіргі таңда мектептен ғылыми-фантастикалық әдебиетті жетік біліп шыққан бала өскенде ғылыми жаңалық ашуға бейім келеді екен. Мұны атақты жазушы-фантаст Нил Гейман атап айтып жүр. Ол тек мультик көргеннен эмоционалды интеллект дамып кетпейтінін айтады. Қазіргі заманның кинемотографиясы, анимациясы қатты дамыған. Алайда дайын суретті көрген баланың қиялы жетілмей қалады. Ал, баланың болашақта өмірлік шешімдер қабылдауы үшін қиялын жетілдіру үлкен мәнге ие. Гейман бір мақаласында: «2007 жылы Қытайға жол түсті. Партия мақұлдаған ғылыми фантастика мен фэнтези конвентіне қатыстым. Бұрын Қытайда фантастиканы қолдамайтын. Мен билік өкілінен «Неге бұл жолы фантастиканы қолдап жатсыздар?» - деп сұрадым. Бұл өзгеріс нені білдіреді деп ойландым. Жауап өте қарапайым болып шықты. Билік өкілінің айтуынша: «Егер қытайлыққа дайын схема берсеңіз, сол бойынша бәрін тап-тұйнақтай етіп жасап береді. Бірақ өз бетінше соны жақсартып, өз дүниесін ойлап табуға бейімсіз. Ғылыми жаңалық ашуға қабілеттері жетпеді. Соның сырын білмекке АҚШ-қа: Apple, Microsoft, Google-ге делегация жіберіп, келешекті ойлап тапқыштар не оқиды, не ойлайтынын біліп келуді тапсырдық. Міне, солардың көпшілігіне ортақ ұқсастық: бала күнінде ғылыми фантастика оқығаны екен». 

Ненің себебі болса-дағы, қазіргі таңда фантастикалық әдебиет оқырман үшін ең танымал, көп оқылатын әдебиеттің түрі. Фантастика «ешқашан болмаған және болмайтын» дүниені сипаттаса да, сол фантастикалық шығармаларда суреттелетін заттар, құбылыстардың дені болашақта орындалып жатқанына куә болып жүрміз. Яғни, фантастикалық әдебиетке еліктей отырып, ғылыми фантастика жүзеге асып отырады. Фантастикада гипербола, гротеск кең қолданылады. Әр түрлі нысандар мен тіршілік иелеріне қатысты қасиеттерді түрлендіріп, араластырып, бәрін қиындатады. Ғылым білмейтін құбылыстарды атап көрсетеді. Еш жерді мекендемеген елдерді бар қылады. Табиғатқа жаңа заңдылықтарды енгізеді. Адамға тән емес қасиеттерді телиді. Фантаст жазушылар біздің шынайы өмірімізге кереғар бүтін әлемді ойлап таба алады. Сонысымен ерекше. Сонысымен сананы қозғайды. Басқа ғаламға жетелейді. 

Расында да әлемге әйгілі миллиардер Илон Маск бала күнінде фантастиканы көп оқығанын мақтан тұтады. Баланың санасы үшін қиял-ғажайып дүниені оқу, оны ары қарай өз қиялымен жетілдіру жалпы келешектің сипатын көркемдеуге көп үлес қосады. Баланың қиялы шексіз. Қиялы шексіз адамдар әлемнің келешегін жасап жатқанын ұмытпайық. Мультфильм баланың санасына дайын суреттерді жаттатса, кітап оқу қиялды шексіздікке сүйрейді. Дайын сурет адам миын жетілдірмейді. Адамның миын өз бетінше қиялдануы дамытады. Кітап оқу адамның өзін сондағы сюжетке араластырады. Ми үздіксіз жұмыс істеп тұрады. 

Фантастикадағы нонсенс пен абсурдтың арасында логика болады. Яғни, сюжет, шиеленіс, конфликт, жүйелілік қажет. Қазіргі шынайы өмірді қайта өңдеуді мақсат тұтатын тәуір деген фантастика нақты құбылыстардың мағынасын жалаңаштап көрсетіп, қажетсіз дүниелер тек тенденция ретінде ғана дамитынын, ал ықтимал нұсқада – дүниетануды басқа қырынан тәпсірлеуге болатынын көрсетіп жатыр. Сондықтан фантастиканы бұл фәниді түсіну мен танудың жаңа түрі деп қабылдауға да болады.

Мәселен, Америкада фантастиканы жаппай қолдану, кең тарату өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басталған. Содан бері Американың қарыштап дамығанын көреміз. Фантастика дамыған соң оны зерттейтін ғалымдар да көбейді. П.Никколс, Р.Скоулз, Гэри К.Вулф, М.Анжено және басқалары фантастиканың адамзат тарихындағы рөлін кең зерттегендер. КСРО кезінде Б.В.Ляпунов, Е.П.Брандис, А.Бритиков, Ю.Кагарлицкий, Т.Чернышева, В.А.Ревич сияқты ғалымдар осы салаға мол еңбек сіңірген. Қазіргі таңда кей ғалымдар өздері фантастика жазып, өздері соның теориясын да қоса зерттеп жүр. Мысалы, И.Ефремов, К.Булычев, А.Казанцев, С.Лем, А.Азимов, Дж.Р.Р.Толкиен, Г.Ф.Лавкрафт және т.б. 

Біздің заманда фантастика өнердің шегінен асып кеткенін көріп жүрміз. Қазір ол әлеуметтік мәдени феномен. Соған көптеген өнер салалары кірігеді. Сондықтан мәдениеттану фантастиканы зерттеуде басты рөл атқаратын сала болып тұр.

Нил Гейманның тағы бір атап өтерлік ойы бар. Түрмеге қатысты. Америкада қазір жекеменшік түрме салу қарқынды дамып жатқан тенденция. Ол түрмелер не үшін қажет? Қанша түрме қажет? 15 жылдан кейін түрмеге отыратындар саны өсе ме? Осының бәрінің жауабын табу оңай болыпты. Америкалықтар 10-11 жасар балалар арасында кітап оқитын, оқымайтындар санын анықтап, сол сауалдаманың қорытындысы бойынша шешім қабылдап, болашақ түрмелер санын көбейтуді көздеп отыр. Яғни, кітап оқымай өскен ұрпақ қылмыс жасауға бейім болатынын айтып отыр. Бұл да ұлттың келешегі үшін маңызды аспекті. Мұндайды назардан тыс қалдыруға болмайды.     

Мен атап отырған Нил Гейман – атақты британдық жазушы-фантаст, сценарист, графикалық романдар мен комикстар авторы. Алмаған асуы, қолы жетпеген марапаты жоқ. Солардың арасында фантаст жазушыларға арналған Хьюго премиясы, «Небьюла» премиясы, Брэм Стокер премиясының бірнеше дүркін лауреаты, Ньюбери меделінің иегері. Нил Гейман «Sandman» (Құм адамы) комиксінің 12 томын жазған, сол еңбегі үшін 1991 жылы World Fantasy Award марапатын алды. «Ізгілік нышандары», «Америкалық құдайлар», «Жұлдызды шаң», «Коралина», «Зират басындағы хикая», «Скандинав құдайлары» атты танымал туындыларын ағылшынтілді орта жақсы біледі. 

Жалпы Нил Гейманның қозғайтын тақырыптары ауқымды. Оның шығармаларында персонаждар өте көп, сюжеттері үсті-үстіне қабысып жатады. Сан алуан ақпарат алып үлгересің. Жер үсті, жер асты әлемдерді түгел зерттеп, адамды ғажайып дүниені тануға ынталандырады. Қарапайым өмірлік қағидаларды қиратып, әзілмен адамгершілікке жетелеп отырады. Ертегі әлемге сендіріп, қиындықты жеңуге сендіреді. Оқырманын бейжай қалдырмайтын ізденімпаз жазушы. 

Болашақ кітап оқуға тәуелді боларына сенетін Нил Гейман кітап оқудың маңызына жиі тоқталады. Тек балаға ұнайтын кітабын тауып беру қажет. Кітап оқу сауатты ұрпақ өсірудің бірден бір жолы. Жалпы көркем әдебиет адамның эмпатиясын оятатын құрал. Баяғыда Альберт Эйнштейннен баланы ақылды ету үшін не істеуге болады деп сұрапты. Оның жауабы өте қарапайым болған: «Балаңыз ақылды болсын десеңіз, ертегіні көбірек оқыңыз», - депті. Шамасы, Эйнштейн кітап оқу мен қиялдың арақатынасын жақсы түсінген болу керек. 

Фантастика өскелең ұрпақты ғылым мен білімге ынталандыратын іргетас. Қоғам болып кітап оқудың маңызын түсінуін түсінеміз, бірақ дамытуға енжармыз. Көркем әдебиетті насихаттау мен мектептегі бағдарламаны тиянақтауға мән беру қажетін ұмытпасақ. Кемел келешек – шексіз қиялдан туады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар