ӘЗАҒАМЕН ҚАЖЫҒҰМАР ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕМ
Ауыл қарттарын жағалағыш шәкірт кезімде (3-сыныпта шығармын) олардан естіген «қызық» сөздерімнің бірі – «Айдың да, жылдың да өліарсында қиыншылық, ауыртпалық болады». Өзіме түсініксіз ондай сөздер әрқашан әжемнің алдына барады. Сол жолы да:
– «Өліара деген» не, түсіндірші! – деп жүгіндім. Әжем:
– Ол – «екі айдың арасында, екі жылдың арасында» деген сөз, – деді.
– Онда «арасында» демей, неге «өліара» дейді? «Өлі» дегені несі?
– Балапаным-ау, ол шалдар да сендей бала кездерінде естігендерін айтады ғой, өздері ойдан шығарды дейсің бе? «Өлара» ма, «өліара» ма, - білмеймін, Оны ертең сол шалдардың бірінен сұрашы, содан соң маған айтарсың. Жарай ма?
Апамның білмейтіні жоқ деп ойлайтын мен оған сонда сене қоймадым, ал шалдардан сұрауға дәтім жетпеді. Бірақ өмір жолымда сонау «өліара» тегін емесіне, өзімде, туыстарымда, дос-жолдастарымда сол аралықтарда ауыр жағдайлар болғанына көзім жетіп жүр. Мысалы, 2010-2011-жылдар алмасқан айларда біздің әдебиет ауылымыздан он шақты қаламгер бақиға аттанып кетті.
Әз-ағаны жербесігіне жатқызып келіп, «Жұлдыз» дәмханасында отыр едік, жанымдағы Уахап Қыдырхановтың қалтателефоны сыңғырлады. Алып тыңдаған Уахап телефонын жасыра қойғысы келген кісіше қалтасына тез салып, өңі қуқылдана қалды. Секем алып:
– Не болды? – дедім, ақырын ғана. Ол маған абыржып қарап:
– Қаж-аға да көз жұмыпты, – деп нали күбірледі.
– Кім? Қажығұмар Шабданұлы ма?
– Иә...
«Қайран Қаж-аға!.. Туған жеріңізден топырақ бұйырмады-ау!.. «Еліме алдырыңдаршы! Жасым сексеннен асты, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде. Сүйегім атамекенімде қалса екен!» деп Қытайдағы Сіз неше мәрте тілек хат жазсаңыз да, Қазақстандағы біз Сізді сан мың болып қанша қостасақ та, амал не, кереңқұлақты безжүректер естімеді ғой, қайтейік!» деп іштей үгіліп біраз отырдым да, Уахапқа еңкейіп:
– Қазір, микрофон босағанда, Әз-аға туралы сөйлеп, соңында Қаж-ағаның қазасын айтшы, бәрі естісін, – дедім.
– Жоқ, сөйлей алмаймын. Бір қазаны ауырлап отырған жұртқа екінші ауыр қазаны жүктеуге дәтім бармайды, – деді, дауысы құмығып.
Екі жылдың өліарасындағы және бір ауыр, өте ауыр қаза Қаж-ағаның да бақиға аттанғаны, сүйегі жат елде, жат жерде қала бергені болды.
...Әз-ағамен көзбе-көз де, телефонмен де әңгімелесе беретін күндерімнің бірінде:
– Қытайдағы Қажығұмар ақсақал... – деп сөз сабақтаған едім.
– Қажығұмар саған ақсақал шығар, ал маған іні, менен үш жас кіші, –деп әзілдей лекіте күлген Әз-аға жат елде тұратын қаламдас інісінің өмірінен өзі білетін біраз мағлұматты айтып өтіп:
– Отыз бес жылын тастүрмеде, бес жылын үйқамақта өткізсе де, әсте жасымаған, қайта шамырқана қарсы тұрып, нешеме кітап жазған Қажығұмар нағыз қаһарман екен! – деп сүйіне сөйлеген.
– Қаһармандығы даусыз, бірақ, амал не, туған еліне, ата-бабасының жеріне жете алмай, хаттан соң хат жазып жатыр, ал зарын түсінетін, тілегін құптайтын біз жоқпыз. Неге екенін білмеймін, басшылар жағы ләм демейді, -дедім. Әз-ағаның ең жоғарғы басшылармен де қарым-қатынасы түзу екенін білетінімді аңғарттым.
– Ғаббас-жан, не нәрсенің де бір себебі болады ғой, бәрін біле береміз бе, бір күні сәті түсер, кім біледі, – деді.
ӘЗАҒАМЕН АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҒЫМ
Иә, әр нәрсенің сәті бар. Әз-ағамен алғаш танысуым да сол сәттің орайластыруымен болған. Бір күні қызметтегі бөлмемнің есігі ақырын ғана ашылып, Әзілхан Нұршайықов кірді.
– Рұхсат па екен? – дейді жымиып. Бүкіл Қазақстанды шарлап, жастарды да, жасамыстарды да тамсантып жүрген «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітаптың авторымен бұрын жүзбе-жүз кездескен, сөйлескен емес едім, еріксіз абыржып, ұшып тұрып:
– Төрлетіңіз, төрлетіңіз! – дедім. Ол жымиған қалпы қолын ұсынып:
– Сәлеметсің бе, қалқам? Түр-әлпетің әкеңнің келбетінен айнымайды екен, ол кісінің өзін көрмесем де, портретін Асыл апайыңның альбомынан көрдім. Иә, қалайсың? Шаруаң шырайлы ма? – деді.
Екеуміз он минөт шамасы сөйлестік. Атамнан бастап, аға-апай, іні-қарындас, бала-шаға дегендей, баршамыздың аты-жөнімізді, жасымызды, қызметімізді сұрап біліп:
– Бәрекелді, Қабыш ақсақал тамыры тереңде, бұтағы көп бәйтеректей екен, бәрекелді! – деді. Өзі туралы қысқаша ғана айтты.
– Сізді сырттай бәріміз де жақсы білеміз, кітаптарыңызды құмарлана оқимыз, – дедім.
– Солай ма? Бәрекелді! Ендеше, Ғаббас-жан, мен жаңадан бір кітап жазбақшымын, соған сендердің көмектерің керек, соны айта келіп отырған жайым бар.
– Айтыңыз, аға, айтыңыз!
– Кешегі Ұлы Отан соғысымыздың тарихында «Брест қорғаны» деген тарау болмақ, мен соны жазыссам деймін. Өзің де білетін әйгілі Брест қамалын фашистерден қорғауда қыршынынан қиылған жауынгерлердің қатарында біздің қазақтар да болған және аз емес, менің долбарымша бес жүздің о жақ, бұ жағы. Брестке барсам, солар туралы жазсам деймін. Соған он бес күнге командировка берсеңдер жөн болар еді.
– Берейік, аға, берейік. Өтініш жазыңыз, секретариатқа ұсынайын, ешкім қарсы болмас.
Жазушылар одағымыздың құзырындағы Әдеби қордың әжептәуір бастығы болып жүрген кезім. Әз-ағаның өтінішін одақ басқармасының үшінші хатшысы, біздің қор алқасының төрағасы Қалаубек Тұрсынқұловқа алып барып:
– Қалеке, кеше Әзілхан ағамыз мына өтінішін қалдырып еді, тағы бір ғажап кітап жазғалы жүр екен, қолдайық, – дедім. Қалаубек өтінішті оқып шығып:
– Он бес күн аз болады-ау... қаржы жағың қалай, бес-он күн қосып берсек қайтеді? – деді.
– Андағы тақырыпты көздеген кісіден несін аяймыз, қаржы табылады! – дедім.
Сөйтіп, Әз-ағамен танысып, табысып кеттім. Әңгімеміз жарасып, екі үйдің аяқ-табағы араласты.
Жазушылар одағындағы жиын, ондағы-мұндағы той-томалақта бас қосуымыз өз алдына, көбінесе Алматының о тұс, бұ тұсындағы үлкенді-кішілі кітап дүкендерінде жиі кездесіп жүрдік. Бәйбішесі Халима апай екеуі қолтықтасып, егіз қозыға ұқсап келе жатқаны. Сондай кездесудің бірінде сөз арасына:
– Әз-аға, «Ақиқат пен аңызыңызды» іздеумен бәтіңкемнің ұлтаны үлдіреп қалды, – деп әзіл қыстырдым.
– Үйбу!.. Саған сыйламаған екенмін ғой?! Әй, Халима-ай! Сен, Ғаббас-жан, енді іздеме ол кітапты, іздеме, өзім сыйлаймын, – деп бәйек болды.
– Ағаң шалдарға кітап сылауды ұмытпайды да, інілерін ұмытқанда оны менен көреді, – деп Халима апай іліп қалды. Әз-аға қолын сермей мәз болып күліп:
– Рас, рас. Расты мойындау керек. Ал кітапты, Ғаббас-жан, сылаймын, – деді.
Сол кітабын мынадай қолтаңбамен сылады:
«Қымбатты Ғаббас! Осы айдың басында өзіңмен кітап магазинінде кездескенде бұл кітапты сылаймын деп уәде еткен едім. Содан кейін өзіңді екі рет көрдім, екеуінде де кітапты ұмытып кеттім. Оған ғафу өтінемін! Бұл басылымда біраз қосымшалар бар. Алғашқы басылымға бірінші болып сен пікір айтып, жылы лебіз білдірдің. Соған ризашылығымның белгісі үшін сылаймын бұл дананы. Әз. Н. 26. 04. 1979 жыл. Алматы».
Жалпы Әз-аға сылаған кітабына қолтаңбаны қысқа жазбайтын. Өзіме сылағандарына қарай айтып отырмын. Әрбір қолтаңбасы бірер қайырым әңгімеге ұқсайды. Енді бір мысал келтірейін («Қаламгер және оның достары» кітабындағысы):
«Қымбатты Ғаббас-Ғабеке! Өткен жолы өзің құрастырған, Әнуар Әлімжанов туралы естеліктер жинағыңа байғазы беріп жіберіп едім, бірақ, менің қолыма «Әлем таныған Әнуармен» бірге «Екі хикаят» деген өз кітабың қоса келді. Оның байғазысын кейін берермін деп телефон арқылы өзіңе уәде еткенмін. Сол тамаша туындыңның байғазысы осы «Қаламгер...» болсын. Қабыл ал, бауырым. Зор құрметпен Әз. Нұршайықов. 20. 08. 2000 ж.».
Байғазы демекші, әу баста Әз-аға менің не нәрсені жақсы көріп, жинап жүретінімді сұраған. Мен қаламсаптың түр-түрін жинайтынымды айтқанмын. Содан былайда ресми мерекелердің, туған күнімнің алдында маған жап-жаңа қалапсап сылайтын болды. Балаларының бірінен беріп жіберіп, телефонмен құттықтайды. Бірде: «Саған бұл жолы қайтер екен деп ескі қаламсап беріп жібердім. Ұнатпасаң өзіме дереу қайтарарсың», – деп күлді. «Ескі» қаламы: «Ғабеке! Бұл өзім жазып жүрген қаламдарымның бірі еді. Сізге сыладым.Әз. Н. 21. 04. 2001 ж.» деген тілхат ала келіпті. Маған бәрінен қымбат сол қаламы болды.
Әз-аға кішіпейіл, қарапайым еді. Өмір, әдебиет жайында әңгімелесуді ұнататын. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Сәбеңнің бәйбішесі Мәриям апай, Қаныш Сәтбаев, Мұқан Иманжанов, Мәриям Хакімжанова, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Хакім (Михаил) Есенәлиев, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев туралы тұщына сөйлейтін. Баукең хақында айтқанда ерекше шабыттанып, «бұным кітапта жоқ» деп алып, Батыр ағаның мінез-құлқындағы қызық жәйттерді айызы қана әңгімелейтін.
Республикамыздың қай тұсына барсам да, Сәбит Мұқанов ақсақалымыз есен-сау кезде жұрт алдымен Сәбеңді сұраушы еді. «Сәбеңнің денсаулығы қалай екен? Не жазып жүр? Біздің жаққа қашан келетінін білмейсің бе?» – деп, әсіресе қарттар жарыса сұрақ жаудыратын. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов туралы сауал да аз болмайтын. Өздері естіген жәйттерді пысықтап та отыратын. Мені Алматыда тұрады, өзі жазушы болған соң жазушылардың не істеп, не қойып жүргенін түгел біледі деп ойлайды ғой.
Әз-ағаның «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» кітаптарын оқымаған қазақ аз шығар. Атым жеткен жердің бәрінде 2-3 таныс-білісім бар әңгіме-дүкен құруға кіріскенімізде олар сөзді әдеттегі сұрақтарымен бастайды да, сәлден соң кітаптағы оқиғаларды, кейіпкерлерді айтып, құдды кітапты толықтырғылары келгендей, кейбір оқиғаны әсірелеп те жібереді, пәлен кейіпкер болып сөйлеп те кетеді. Әз-ағаның облыстарды аралап, қайсыбір кейіпкерлерінің прототиптерімен кездесіп жүретінін де біледі. «Прототип» дегенді «бүкбейне немесе бүкпебейне» деп айтса болмай ма?» деп сұрақ қойғандары да есімде. Сондай кездесулерден кейін: «Анау қанмайданнан аман-сау оралып, Халима апайдай ақылды жар сүйіп, бала- немерелерінің қызығын көріп, мұншама көп оқырманының құрметіне бөленіп жүрген Әз-аға қандай бақытты!» деп қуанатынмын.
Халима апайымыздың жаратылысы жайсаң еді. Әйелдің әулиесі деуші едім. Әз-ағаның, өзінің де жүрегі сыр беріп, аурухананы жиі төңіректеп жүргенінің өзінде қабақ шытқанын көргем жоқ. Жылы жымиып, байыпты сөйлеп, сырқат деген пәлекетті өзі де ұмытып, көңіл сұрай барған бізге де ұмыттырып, Әз-ағаның, оның дос-жолдастарының бір қызық жәйттерін айтып отыратын. Ардақты апаймыздың көңілін көтеріп бағайын деп барған менің өзім көңілденіп қайтатынмын. Ғажап жаратылыс еді-ау!
Бірде қос аққудай екеуі ауруханаға бірге түсіпті. Іздеп барып, хал-ахуал сұрасып отырғанымыздың бір әредігінде Әз-аға маған жымыңдап қарап:
– Ғабеке, кітап дүкенін аралаудан жалықпайтын қыдырмашысың ғой, маған бір керемет кітап керек болып тұр, «Последняя любовь Нельсона» деген, соны тауып бересің-ау деймін, – деді. Сонда Халима апай:
– Әзеке, ол жағынан өзіңнен асқан қыдырмашыны көре алмай жүрмін ғой? – деп еді, ағамыз:
– Бәрекелді, сен ұпайыңды арттырдың! – деп қол соға күлді. Апай екеуіміз қосыла күлдік.
Тапсырған кітабын төрт күннен соң тауып, өзім әлдебір жаққа баруға асығыс болдым да, кенже ұлым Әзизден беріп жібердім. Екі күннен кейін күйеубаласы хат алып келді. Мына хат:
«Қымбатты Ғаббас!
Жіберген кітабыңды («Последняя любовь Нельсона») ауруханада оқып бітірдім.
Азаптанып іздеп, ақыры тауып бергеніңе рахмет!
Осы кітаптың бірінші бетіне жазған тілегіңді (ендігі жастарға арнап, махаббат жайында жаңа роман жазып беру туралы), амандақ болса, орындауға тырысармын.
Бірақ одан бұрын «Боздақтар» деген (101-нші атқыштар бригадасы туралы) бір әскери роман бітіруім керек.
Зор құрметпен, ризалықпен, - ағаң Әз. Нұршайықов.
P. S. Кітапқа жазып берген бұл автографыңды да үйдегі қолтаңбалар картотекасына кіргізіп қойдық. Бұл маған жұрт сылаған алты жүзден аса автографтың қатарына қосылды (бұрын берген автографтарың тағы бар ғой!).
P. S. п. Зада келін мен Әзекең мырзаға сәлем айт! Әз. Н.
15. 03. 1994 жыл.
Республикалық кардиологиялық
Орталықтың ауруханасы,
2-кардиология (аритмия) бөлімі,
№17 палата.
Бүгінгі жастар туралы жаңа роман жазуын өтінген себебім іздеттірген кітабының атына орай болатын, «Поледняя любовь» сондай бір ойға жетеледі ме екен деп жорамалдағанмын.
Хатында атаған «Әзекең мырза» – менің кенже ұлым. Жолымды қуып, менен асып, түріктің ұлы әзіл-сықақшысы Әзиз Несиндей болсын деген тілекпен «Әзиз» атағанмын (Несинмен 1981-жылы Мәскеуде, жазушылар съезінде танысып, біраз әңгімелескенбіз). Бала перзентханадан үйге әкелінгенін ести сала Әз-аға мен Халима апай көрімдіктерін алып жеткені ғой! Нәрестенің атын ырымдап қойғанымды айтқанымда Әз-аға:
– Пәлі, ойың орындалсын, тілегің қабыл болсын. Ендеше, бұл мырзаны «қазақтың №1 Әзекесі» деп жүрейік! – деді.
– Жо-жоқ, қазақтың №1 Әзекесі – Сізсіз! Бұл күшік аман-есен өсіп жетілсе, нөмірін өзі тауып алар, – дедім.
– Солай ма? Олай болса, айналайын Ғабеке мен Зәке, бұл баламызды №2 Әзеке дейік те, кейін №1 Әзеке болуын тілейік! – деді Әз-аға. Сөйтіп, кенжеміздің өзімен сөйлескенде де, біз арқылы сәлем айтқанда да: «№2 Әзеке» деп жүрді. Халима апай да солай атайтын болды.
ӘЗАҒА АСА ҰҚЫПТЫ ЕДІ
Әз-аға аса ұқыпты еді. Қайда, қандай жағдайда болсын сөйлейтін сөздерін мәшинкадан өткізіп алып жүретін. «Мұныңыз қызық екен?» дегеніме: «Кейін керек болады» деп жымиятын.
Хат жазуға да ерінбейтін. Маған жолдаған бірнеше хаты қолымда...
Халима апай мен Әз-ағаның өзара ерекше жылы, ілтипатты қарым-қатынастарына қызығатынмын. Сол сезімнің әсері болар, екеуінің мерейтойы алдында «ақындығым қысып» жазған мына арнау өлеңімді сыйладым:
ТОЙЛАРЫҢЫЗ ТОЙҒА ҰЛАССЫН!
Әулетімізге аяулы Әз-аға мен Халима апай! Егер мен ақын болсам, бүгінгі торқалы той иелері – Сіздерге арнап мынадай бірер шумақ өлең жазар едім:
Қатардағы көптің бірі, түзу тірлік пендемін,
Қанағатпен қабыл алған тәңірінің бергенін.
Қашан болсын қарт пен жасқа тілейтінім – тазалық,
Қарапайым адал еңбек етіп жүрсе кім де кім.
«Қарапайым». Осы бір сөз қасиетті маған да.
Қалайда мен осы сөзден бір тиянақ табам да,
Қарап жүрем жан-жағыма көзіменен жүректің,
Қатарынан озған, қалған алыс-жақын адамға...
Қай мезетте, қайда болсын көретінім қос бейне:
Қатар тұрған қос қайыңдай сыр ұғысып төскейде.
Қатар жүзген қос аққудай айдынында Ертістің.
Қатар ұшқан қос көгершін «күбірлесіп» кей-кейде.
Қатар жүрген қос құлындай, қос бота да тәрізді.
Қай жағыма көз салсам да, көргім келмес жалғызды.
Қуанамын: сол қос бейне – Хал-апай мен Әз-аға.
Құдай қосқан қос тағдырда тұтас жатыр жан ізгі.
Қиқуы жоқ, қаңқуы жоқ, жұлындырған жыны жоқ,
Қулық саумас, сұмдық саумас, аталмаққа «жақсы» боп.
Қасиеті: дос іздейді өзіне де, басқаға.
Қасиетсіз болған емес, екіараға жағып от.
Қос бейненің: Хал-апай мен Әз-ағаның осы бір,
Қазекемде көп кездеспес көркемдігін тұтып пір,
Қуанып шын, қалтарыссыз тілейтінім бұл сәтте:
Қос ғажайып! Енді отыз жыл ғажайып боп жүре тұр!
Іні-бауырларыңыз – Ғаббас Қабышұлы.
«Жазшы!» деген – Әзиз Ғаббасұлы.
Қол қойып бекіткен – Зада Әзизшешесі.
1992 жылғы қарашаның 28-нші күні.
– Нөмірі екінші Әзекеңнің әкесі, сенің «Сағыныш сазы» кітабыңды оқып шықтым. Мен білсем, бұл – қазақ прозасындағы тұңғыш реквием-жинақ! Титульный листтегі тақырыбының астына «Реквием» деп қосымша тақырып қою керек еді, ескермегенсің ғой. Мен қатты толқыдым. Кейде көңілім босап кетіп, көзіме жас келді, мен өзі ол жағына босаңмын. «Қазақ әдебиеті» газетіне пікір-мақала жазуды жөн көрдім, – деді бір кеште телефон шалып.
– Әз-аға, оны өзіңіз біліңіз, – дедім. Шынымды айтсам, «реквием» дегені не екенін білмедім және «Ол не сөз?» деуге ұялдым. Біраздан соң «Шет ел сөздері сөздігінен» іздесем, ол латын сөзі екен: 1/ заупокойное католическое богослужение; 2/ заупокойная месса; 3/ муз. произведение траурного характера для хора с оркестром.
Сонда менің марқұм қаламдас аға-інілерім, құрдастарым туралы естеліктерімнің жинағы немене болды? Жоқтау ма?.. Жоқ! Ол – менің оларды сағынғанда қайта оқып жүруім үшін жазған естеліктерім. Сағыныш сазы, оған қосымша тақырып керек емес.
...2011-жылдың ақпаны туа Әз-аға телефон шалып:
– Ғаббас-жан, сенің Өскеменіңе барып келдім, жігіттер сәлем айтты! –деді көңілдене сөйлеп.
– «Азиаданың» алауын алып кетті деп естігенмін, қалай болды, шаршап қалған жоқсыз ба?
– Жоқ, шаршаған жоқпын. Көпшіліктің құрметі кісіні тыңайтып жібереді ғой. Иә, «Азиаданың» алауын тік көтере топ бастап, бір жасап қайттым.
– Өзіңіз айтатындай, «Бәрекелді!», Әз-аға! Енді осы екпініңізбен тоқсанның төбесіне ту тігіңіз!
- Тігемін, қалқам, тігемін!..
...Тіге алмай кетті. Жазмыштан кім озған... 89 жас берген тағдыр кенет тарынып, 90-ның табалдырығынан аттауды қимады. Бір «жұмбақ» жәйтті еске алдым: Әз-ағадан екі апта бұрын атақты әнше апамыз Роза Тәжібайқызы Бағланова да, сонау жылы даңқты партизан-жазушымыз Қасым Қайсенов те 90-ның есігін қағып, бірақ ашып үлгермей кетті...
Әз-ағада орындалмаған арман болды ма екен?..
Қаралы қауым алдында шәкірт шөбересі аяулы атасымен қоштаса сөз сөйледі. Таза да әдеби қазақ тілінде ересек қазақша жоқтады. Әлде Әз-ағаға өзінен қалар қалам осы шөбересіне бұйырарын біліп, бірақ оның тырнақалды туындысы газетке шыққанын көре алмай арманда кетті ме, кім білсін...
Менің білетінім: Әз-ағаның әдеби мұрасын қастерлейтін қазақ көбеймесе, әсте азаймайды!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
2013 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.