Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ілия Жақанов 85 жаста...

06.05.2021 9343

Ілия Жақанов 85 жаста 12+

Ілия Жақанов 85 жаста - adebiportal.kz

Жазушы, композитор, музыкатанушы, аудармашы, суретші Ілия Жақанов 85 жасқа толып отыр. Сегіз қырлы бір сырлы, талантты тұлғаны мерейлі күнімен құттықтай отырып, Ілия Жақановтың өмірі мен шығармашылығына байланысты деректерді ұсынып отырмыз.

Жазушы, композитор, көсемсөзші, суретші, этнограф, музыкатанушы, аудармашы Ілия Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында, Ақтоғай аулында дүниеге келген.

Орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап шығады.

Халық сүйсіне тыңдап, шаттана тыңдайтын тамаша әуенді әндерді бірінен кейін бірін тудырған Ілия Жақанов музыка мамандарының назарына ілінеді. Оған музыкалық білімін шыңдап, консерваторияға түсуге кеңес береді. Сонда қазақ музыка өнерінің білгірін Евгений Брусиловский: «Бұл жігіттің әндері нағыз қазақтың халық әндері сияқты. Біз бұл жігітті оқуға түсірсек, өзінің таза қазақы ұлттық дәстүрде жазып жүрген бағытынан айырылып қалады. Біз оны басқа жанрға бейімдеп жібереміз. Сондықтан сал-серілер үлгісімен дала әнін жаза бергені дұрыс», - деген пікір айтады. Мұның дұрыс пікір болғандығы – композитордың ұлттық бояуға бай, халықтық дәстүрлердің заманауи үлгісіндей әндері екендігі анық.

Филолог мамандығын игеріп шыққан Ілия Жақанов алғашқы қызметтік қадамын республикалық басылымда журналист ретінде бастайды. 1959-1963 жылдары республикалық балалар басылымы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Болашақ шығармашылық жолында тәжірибе жинақтайды.

Туған өлкесі Сарысуға барып жүріп ауыл жастарының мерекелік концертінде болашақ жары Тиыш Әлтайқызын жолықтырады. Қырғыз әнін орындаған жас арудың өнеріне сүйсініп, өзіне ғашық болған жас сазгер мен жергілікті ақын, журналист Дулат Шалқарбаев екеуі түнімен бірі сөзін, бірі әнін жазып, ертеңінде әнші арудың өзіне жаттатып орындатады. Бұл – «Меңді қыз» әні еді. Осылайша ән тууына себеп болған арумен көңіл жарастырған Ілия Жақанов 1961 жылы 11 сәуірде Тиыш Әлтайқызын босаға аттатады.

1961 жылы Алматы қаласының «Тастақ» шағын ауданындағы екі бөлмелі жалдамалы пәтерде үйлену тойын жасайды. Осы тойға жиналған қазақтың болашақ марғасқа тұлғалары арасында композитор Шәмші Қалдаяқов та болады. Шәмші біраздан бері шығарып, қырнап-жонып дайындаған «Бәрінен де сен сұлу» әнін екі жастың махаббатына арнап тарту етеді. Ән тұңғыш рет сол тойда шырқалады.

Белгілі жазушы Толымбек Әбдірайымның «Меңді қыз» деректі әңгімесінде белгілі ақын, драматург Мақсұтбек Майшекиннің бұл ән сөзінің бір танымал ақындыкі екенін, із-түзсіз жоғалмасын деп әдейі алғандығын екі інісі Шәмші мен Ілияға айтқандығын жазады. Бұл да болса кісілік қой. Мақсұтбек ақын да Мағжан ақынның түптің түбінде халқымен қайта қауышарын сезген болар, бәлкім! Осылайша Шәмші Қалдаяқов сазын жазған «Бәрінен де сен сұлу» әні Ілия-Тиышкүлдей жұбайлық өмір жолына қанат қаққан екі жастың махаббатының символындай саз әлеміне қанат қағады.

Ілия Жақанов қазақ теледидары мен радиосында ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істейді. Қазақ КСР-і Теледидар және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін 1963-1984 жылдары атқарып, тыңдармандар мен көрермендерге ұлттық руханиятқа суарылған өнімдер ұсыну жолында үлкен еңбек сіңіреді. Қазақ ақпараттық әлемінде радиопьеса жанрының негізін қалады. Жазушы композитордың радиоспектакльдерін ХХ ғасырдың тыңдарман қауымы асыға күтетін болған.

1984 жылдан бастап бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан шығармашыл тұлға Ілия Жақанов қаламынан қазақ және қырғыз өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеу еңбектері, тарихи-танымдық шығармалары, әдеби көркем туындылары, аудармалары мен эссе-баяндары жазылып жарық көрді, деректі фильмдері көрермендерге ұсынылды.

Бала кезінен сурет салуға жаны құмар болған Ілия Жақанов Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, 78 жасында «Жерұйық» тақырыбында жазған цикльді суреттері бойынша диплом қорғап, ойдағыдай бітіріп шығып, суретші мамандығына ие болды. Суретшінің туындылары кәсіби түрде жазылған деп лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі атағы берілген.

Ілия Жақанов – «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдердің авторы. Сондай-ақ ол Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Мәди Бәпиұлы, Майра Шамсутдинова, Балуан Шолақ Нұрмағамбетұлы, т.б көптеген сал-серілер мен Қазақстан композиторлары Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған.

Жазушының сүйікті жыл мезгілі – күз екен. Бұл жөнінде «Жүрек пернесі» лирикалық эсселер кітабында былай дейді: «Мен алтын күздi сүйем. Күз келбеті жас кезiмде қиялымды қозғап, сурет салуға ұмсындырды. Оның көз жауын алатын алуан түсті бояуын бейнелеуге тіл де дәрменсіз. Фредерик Шопеннің «Сөз біткен жерден музыка басталады» дейтіні де содан болуы керек. Күз көркін этюд, картина етіп жазған суретшiлерге қатты қызығатын едім. Сүйтіп жүріп, майлы бояумен пейзаж да жазып көрдім».

Ілия Жақановтың «Теміртау түні» әні осы қалада отбасын құрып, жастық шағын өткізген Елбасы Н.Ә.Назарбаев отбасына арналған. Осыған орай Нұрсұлтан Әбішұлы мынадай жазу жазылған конвертті өз қолымен табыстаған екен: «Құрметті композиторымыз Илья Жақановқа! Леке, өзіңізді және әндеріңізді аса құрметтейтінімді Сіз білесіз. Қуанышы да, ауырлығы да мол осы Тәуелсіздік жылдарында әр уақытта қолдау көрсетіп, жанымда болдыңыз. Зор рахмет! Бұл Сіздің елге, Отанымызға істеген еңбегіңіз деп білемін. Әндеріңіз басылған табақшаны алдым. «Теміртау түні» әнін бізге (жанұямызға) арнапсыз. Рахмет! Аман-сау болыңыз. Әлі де талай тамаша әндер күтуші Н.Назарбаев.

15.Х11.2004 ж. Астана»

Ілия Жақановтың шығармашылық әлемі бірнеше саланы қамтиды. Ең бірінші, Ілия Жақанов – өнер зерттеуші. Ол күллі қазақ даласын, соның ішінде қазақтар мекендеген шетелдерді аралап, қазақтың музыкалық мұраларына қатысты деректерді жинады. Қазақ өнерінің белгілі қайраткерлері өмірін зерттеу негізінде «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі дүниелері жарық көрді.

Ілия Жақанов – өнімді еңбек еткен танымал композитор. Ол 1956 жылы жиырма жасында ең алғаш «Түн ортасы болғанда», одан соң университет қабырғасында жүргенде «Салтанат» атты әнін жазғаннан бергі уақытта екі жүзден астам ән шығарып тыңдармандарына ұсынды. Олардың арасында халық арасына кең тарап айтылып жүрген «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Асылым», «Толағай», «Даниярдың әні» қатарлы туындылары бар.

Ілия Жақанов – тарихи танымдық туындылар жазған қаламгер. Тама руынан шыққан әйгілі Қарабура әулие жайлы «Қарабура» туындысын, әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туралы «Ықылас» зерттеу-танымдық еңбегін, сыныптасы әрі досы, әдебиеттанушы ғалым, күйші, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков туралы «Дүние-шіркін» еңбектерін жазды.

Ілия Жақанов – қаламы жүйрік кәсіби жазушы. Көлемді туындысы «Ықылас» (қырғызшасы – «Кертолгоо») (1989), романын жазған жазушының әр жылдары «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) хикаяттары мен «Жүрек пернесі» (2015) лирикалық эсселер жинағы қазақ тілінде «Вальс любви: Рассказы о музыке» (1987)еңбегі орыс тілінде жарық көрді.

Ілия Жақанов – аудармашы. Ол қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтің «Сынған қылыш» дилогиясын қазақ тіліне аударды. Қырғыз халқының белгілі қаламгерлерімен, өнер адамдарымен тығыз рухани байланыста болуы нәтижесінде «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Әселім – әнім», «Бибіжан» қатарлы әндер жазды. Сонымен қатар қазақтың әйгілі күйшісі Ықылас пен қырғыз қияқшысы Күреңкей шығармашылығы туралы «Кертолгоо» («Кертолғау») романын жазды. Қазақ радиосында қырғыз манасшылары туралы тоғыз шығарылым жасады. Қырғыз бен қазақ халықтарының рухани достығына дамытуға қосқан үлесі үшін Қырғыз Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстанның «Дәнекер» орденінің иегері атанды.

Ілия Жақанов – көптеген атақтар мен марапаттардың иесі. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1990); Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1994); Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері (1997); «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері.

Ілия Жақанов – Атырау облысының, Жамбыл облысы Сарысу ауданының, Атырау облысы Ақжайық ауданының құрметті азаматы.

Арғы ата-бабаларының түп мекені Еділ мен Жайық өңірі болып келетін Ілия Жақанов 1981 жылы ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне әйгілі «Еділ мен Жайық» атты ән жазған. Ұлтсүйер азамат, Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың арнайы шақыруымен арғы ата-бабасының кіндік қаны тамған Еділ-Жайық өңіріне біржола қоныс аударып, 2000 жылдан бері Атырау қаласында тұрып жатыр.

Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы талантты ұлы, абыз ақсақалы Ілия Жақановқа Жамбыл жәкемнің жасын тілей отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар