«Сыр – Алаштың анасы» деп дәріптелуінің діңгегі тереңде жатыр. Жер кіндігінен жеті қат көкке жол ашылған артықшылығын айтпағанның өзінде киелі топырақтан кім туылып, кім түлемеді? Басқаны былай қойғанда, ананың ақ сүті, бабаның ақ батасы, даланың дарқан иісі қай қазақтың да қасиетіне қасиет қоспаса көңіл сарайын бір мысқал кеміте қойған жоқ. Әсілі, сырбаз Сырдың сарқыты көп, мұнда шығармашылықтың шоқтығы бір төбе, шабытқа шоқ, жүрекке от сыйлап, көкірек көзін ашқан «таудай талап, бармақтай бақ берген» әсерін «жыр елі» деп жалпы атауға жинап тұр.
Әдебиет деген ұлы майдан. Бірақ қарулы емес. Тауып жазса – береке, таппай жазса – келеке. Мұны жалпы оқырман талқысы дөп басып айтады.
Біздің буынның көркем әдебиетке деген құмарлығы ерекше болатын. Мектептің маңдайалды кітапханасын місе тұтпай, ауылдық деген аты бар кітапхананың дүниесіне құмарлау болдық. Өйткені бала қиялы өсіп, ой әлемі ордасы кең кеңістікті шарлаған тұста кесек-кесек тұлғалардың кітабын оқыған ұнамды еді. Сексенінші жылдардың басында «Қызыл алма» әдеби-сын мақалалар жинағымен қауышуыма түрткі болғанына, сыншы Сарбалаевпен сырттай таныстырған ауылдық кітапхана екеніне әліге дейін қуанамын.
Өмір берсе, дәм бұйырса, мүмкіндік тисе уақыттың сабақтастығы көп нәрсеге қол жеткізеді екен. Мен үшін сәтті кезеңдер сыйы аз болмағанын айтқаным ләзім. Жан шуағы жылытып, айқын шырағы адаспас жол көрсеткен жақсы адамдарға жолыққанымды, олардың өмір мектебіндегі орнын үнемі үлгі тұтамын. Әсіресе, әдебиет әлемі арқылы әсерге толы шақтардың шоқтығы бір бөлек. Бақыт ағамен үш арнада тоғысқан жолым бар. Алдымен, оның әдеби ортасын тапқан Алматыда мен жоғары білім алсам, ал, түлеп ұшқан Н.Гоголь атындағы педагогика институтында ұстаздық еттім. Ол туып-өскен Жаңақорған ауданында қызмет ету мүмкіндігі тиді. Анығын айтқанда, көрнекті ақын ағамыз Шәкизада Әбдікәрімовтың арқасында жазушымен етене жақын танысуымның реті осы еді.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев биыл мамыражай мамырда жетпіс жасқа толады. Жақын күнде қарымды қаламгерді туған жері – Сыр елі оқырмандарымен, руханият өкілдерімен жүздесуіне түрткі болып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы шақырту жасап отыр. Бұл өз кезегінде шығармашылыққа қолдау, қаламгерге құрмет деп ойлаймын.
Ол 1947 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Қызыл Жұлдыз» кеңшарының «Жайылма» ауылында дүниеге келді.
Н.Гоголь атындағы педагогика институтын тәмамдағаннан кейін туған ауылындағы мектепте сабақ береді. Сонан кейінгі уақытта Алматы облысындағы Іле аудандық «Ильич жолы» газетіне жұмысқа орналасады. Республикалық «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманахында жемісті қызмет атқарады. Сол жемісті жылдардың маңдай тер, мол мехнаты Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
1982-1986 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында аға редактор болды. Ұлт басылымы «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары, халықаралық «Қазақ елі» газетінің, «Сын» журналының бас редактор лауазымдарын атқарды. Оның халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы секілді қоғамдық қызметі де ел өркениетіне үлкен үлес, септігі мол болды.
Қаламгер Бақыт Тұрсынұлының 1981 жылы «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағы жарық көрді. Мұнан соң «Ел мен Елбасы» атты кітаптары шықты. Жекелеген шығармалары орыс, өзбек, қырғыз, монғол тілдеріне аударылды.
Бақыт ағаның шығармашылық әлеуеті әдебиет сыншысы ретінде биіктей түседі. Әрине, сын – үлкен тез, шығармашылықты ширатуға үйретеді. Оған баруға рухани және біліми күшіне сенген, әдебиет әлемінде терең түсінік, сауатты талдау, тіл ерекшелігі, көркемдік кеңістігі бай қаламгер болуы керек. Сондықтан сыншы болуға екінің бірі дауаламайтыны шындық. Солай бола тұрып, бекем бет бұрған Бақыт Тұрсынұлы өндіріп еңбек етті. Оның «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Жиырма бес», «Бес мүшел», «Шандоз сөздің шаһы» әдеби сын еңбектері жарық көрді. Мәселе – әдеби шығарманың кемшілігінің алдын алып, қазақтың көркем әдебиетін олпы-солпы дүниеден сақтау еді. Міне, кәсіби сыншы Бақыт ағаның мұндай қадамға баруының өзі көзсіз ерлік. Себебі, сыншы бейтарап тұлға, біреудің көңіліне, біреудің биігіне қарау жараспайды. Уақытында заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов шығармашылығын да сын талқысында мүше-мүшеге бөліп, жіліктеп тастау шеберлігін оңай «олжа» емес дер едім.
«Сенің сүйікті жазушың» сериясымен Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров туралы жинақтары, «Н.Нұрлан» шығармашылық портреті оқырман талғамын толтырған, көркем және ізденіс нәтижесін көрсеткен толымды туындылары. Осы орайда бір тоқталатын жайт, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шыққан көптомдық «Сырдария кітапханасы» сериясымен қаламгердің «Көккесене» әдеби-сын кітабы жарыққа шықты. Өте сәтті шыққан туынды.
Кітаптың бұлай аталу себебі де бар. Оның туған ауылымен іргелес Көккесене бейіті тұр. Жаңақорғандық ақын Адырбек Сопыбеков айтқандай, бұл кесене Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынға қойылған. Уақыт озған сайын тозып бара жатқан көне кесене орнына Бақыт аға тарихты тірілтіп, ескерткіш тұрғызғандай болды.
Біз қаламгердің бітім-болмысын, жан сарайын түгел таныдық дей алмаймыз. Олай дейтінім, проза жанрын сөйлеткен, әдебиет сыншысы тұрғысында қалам тербеген туындыларын ғана тақымға бастық. Қаламгердің өлең сөзден де сыбаға тартар ақындық дарыны бар екендігіне күмән жоқ. Демек, әлі де кемел шағында тұрған қаламгердің қолтаңбасы өз биігінде бағалана берер. Әзірге уақыт төрелігіне қалдырып, үмітті екенімізді үкілей түсеміз.
Бақыт аға мінезі тұйық, ал сырласа келгенде үлкен-кішіге бірдей, жібектей жұмсақ кейіптегі кісі. Қарапайымдылығына найза бойламайды. Әдеттегідей, атақ-даңқын салып, тапсырма айтқыштар «тұқымынан» емес, барынша «бетегеден биік, жусаннан аласа». Ауданға келіп тұрып, ауылына апаратын көлік сұрауға жоқ, ілінгенге ілесіп, көптің қатарында жүруге дағды адам. Бұл біле білгенге мәдениеттілік екенін де түсіндік.
Әдебиет маңайында жүрген қаламгерлер рухани бай, етек-жеңі кең келеді. Дегенмен қаржыдан қолы қысқа, нарық заманының көшіне ілесе алмайтын тұстары болады. Өзі ашып айтпаса да кейде қамқорлық күтеді. Жаңақорған жерінде мүмкіндігіне қарай қаламгерлерге қолдау жасаудың қажеттігін перзенттік парыз санадым. Өйткені олар халықтың адамы, ел алдында жүруге тиісті.
Реті келгенде айтқан жөн шығар, көрнекті жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов ағаның да туған жеріне келіп, біреуге міндет артқанын, «жағдай олай еді, жұмыс бұлай еді» дегенін естіген емеспіз. Тұйық, әрі тұңғиық ағаның талантына тәнті көп, ал қарапайымдылығына қайран қалатындар одан көп. Жазушының 70 жылдық мерейтойын атап өтуге өзіне өтініш білдіріп, ауданда бірінші рет ұйымдастырдық.
Бірде ғалым Құлбек Ергөбектің «Кітабы шықпаған ақын» атты мақаласы қолыма тиді. Автор жаңақорғандық ұстаздың ұзақ жылғы шығармашылығы туралы терең толғана келіп, түпкі түйінінде әліге дейін ақынның бір де бір кітабы жарыққа шықпағанын сөз еткен еді. Мұны оқыған бойда Талап стансасындағы мектептің директоры Тұрар Сүлейменов ағамызды тауып алып, қолжазбасымен таныстым. Көп ұзамай Тұрар ақынның «Жүрекке жетсе жыр өлең» атты кітабын баспадан шығардық. Ақынды көзі тірісінде қуантқанымыз да бір біткен шаруа болды.
Жаңақорған ауданында қызмет атқарған кезімде Бақыт Тұрсынұлына деген құрметімізді қалай жеткізсек деген ой жүрді. Оның орайы өздігінен табыла кетті. Қазақстан Жазушылар одағынан ұсыныс түсіп, біз депутаттар корпусымен ақылдаса келе қарымды қаламгер, кәсіби сыншы Бақыт Сарбалаевқа «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдадық. Бұл жерлестерінің бұған дейін әдебиет әлемінде талай марапаттар мен атақтардан кенде болмаған қаламгер құрметіне білдірген шын пейіл бағасы, әділ шешімі еді…
Руслан РҮСТЕМОВ,
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.