Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қабылданың ажалы - қара бие

31.05.2018 1499

Қабылданың ажалы - қара бие

Аштық құрбандары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өткен сайын атамнан естіген осы бір оқиға ойыма орала береді.

Арғы атамыз Әлменнен үш ұл – Қабылда, Жүмекен, Қасым туады. Ұрпақ тарағаны менің атам Жүмекен ғана.

1932 жыл, әйгілі тас мешіннің жылы. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі жердің бәрін жайлаған аштық Торғай бойын жағалай қонған елді де титықтатып біткен кез.

Ол уақытта біздің әулет Байғабыл өзенінің жоғарғы жағындағы Тарау деген қыстауды мекендейді екен. Жұрт жанбағыс үшін зорман аулап, ит-мысықты қуалап жүріпті. Тоқшылықта қолына қармақ ұстамаған адамдар қыстыгүні Байғабылдың мұзын шұрық-тесік қылып ойып, балық аулаған. Шамасы келгендер ғана балық аулай алған, шамасы келмегендер тал, бұтаның, тобылғы, жусанның арасында көмусіз қала беріпті. Көлігі барлар күңгейге қарай ауа көшкен, жаяулар өлімін үйінде күтіп қала берген.

Құдайбергеннің Әлмені жасынан еңбекқор, жер өңдеп тары еккен әрі өзі туған ауылдың ұстасы болған адам екен. Ол кісінің көзін көрген әжелеріміз «Ұста атам» деп отыратын. Сонымен қатар қобызшылығы да болған екен. Тіршілікке, өмірге бейімділігінің арқасында бала-шағасы мен туыс-туғандары аса қинала қоймаса керек. Қорасында сауын сиыры, көліктен өгіз бен биесі болыпты.

Әлменнің қайын жұрты – Қызбел тауының баурайын жайлаған, Сарықопа табанын қоныстанған мадиярлар. Қысқаша айтқанда Жақаңның (Міржақып Дулатов) елі. Аштықтан есеңгіреген ел-жұрттың жағдайын біліп келу үшін үлкен ұлы Қабылданы Қызбелге жібереді.

Жас, балаң жігіт Қабылда қара биені ерттеп жолға шығады. Биенің жүрісі жанға жайлы, суда жүзген қайықтай сырғып келе жатады. Қыбырлаған тіршілік жоқ иен дала адамды жалықтырып жібермей ме! Әлден уақытта Қабылданың көзіне ұйқы тығылады. Жолда Сүйіндік қопасы деп аталатын қалың қоға өскен жер бар. Сол төңіректегі жабайы, жыртқыш аң біткен осы қопаны мекендейді.

Жүгірген аң, жортқан жәндік таусылып, аш адамдар енді бірін-бірі аулай бастаған. Топ болып, жол торып, қарақшылықпен айналысып жүрген бір тобыр Қабылданың қарасын алыстан байқайды. Көздері қарауытып, ауқаттан басқаны ойлаудан қалған. Қолдарында шоқпар, мылтық, сойылы бар аш-арықтың көзіне қара бие түседі. Қалғып кеткен жолаушы қоға арасымен өтетін сүрлеумен желіп келе жатады. Бейқамдығын пайдаланған қарақшылар Қабылданы шоқпармен ұрып құлатады. Кейін мылтықпен аяусыз атқылаған. Осы айуандықтың бәрі қу құлқынның қамы үшін жасалған. Жасын ғұмырды қаршынынан қиып, қан арлас етке тойған.

Әлмен атамыз ұлының қазасына қатты қайғырыпты. Күніне сан рет қолына қобыз алып күңіренеді екен. Көз жасы тарам-тарам болып солқылдап жылапты. Қабылданың денесіне мылтықтың бытырасы 32 жерден тиген дейді. Мәйітті жуғанда шұрық-тесік денені көргендер шошыған деседі. Сананы тұрмыс билемейді деп осыдан кейін қалай айта аламыз?!

Міне, аштықтың біздің әулетке тартқызған зардабы осындай.

Нұрболат Әлменов,

Көкшетау қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар